Атырау облысында зейнеткер ерлі-зайыптының өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Олардың мәйіттері өз үйлерінің аумағынан табылған. Туыстары қылмысты жасыруға байланысты мән-жайлар туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоғалып кеткен ерлі-зайыптыны іздеу жұмыстары 6 қаңтар күні аяқталған. Туыстарының айтуынша, мәйіттер өз үйлерінің ауласындағы сарайдан табылған. Қаза болған азаматтың әпкесі Фаризат Кенжеғалиева қылмыскер немесе қылмыскерлер жерлеу орнын алдын ала мұқият дайындағанын жеткізді.
«Бұл сарайдың ішінде диван тұрған. Сол диванның астынан менің ағам мен оның жұбайының мәйіттерін таптық. Ішінде шамамен 1,2–1,3 метр тереңдікте шұңқыр қазылған. Мәйіттердің үстіне киіз жабылып, оның үстіне екі орындық диван қойылған. Оларды мен жалғыз өзім тапқан жоқпын — бүкіл ауыл болып іздегендіктен, бәріміз бірге таптық», – деді Фаризат.
Туысының айтуынша, сарайда қылмыс іздерін жасыруға әрекет жасалғаны байқалған, алайда барлық айғақтарды толық жою мүмкін болмаған.
«Көптеген тексерулер жүргізілді. Соның нәтижесінде сарайдың ішкі қабырғаларында шашыраған қан іздері болғаны, оларды сүртуге тырысқаны анықталды. Ол іздер әрең байқалатын. Сонымен қатар линолеумге қанға сіңіп қалғаны көрінді. Мұның бәрін тазалап, үстін кілемдермен жауып, жасыруға тырысқан», – дейді ол.
Ведомствоның баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет сараптаманың нақты деректерін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде түрлі нұсқалар, соның ішінде ерлі-зайыптыны тұншықтырған деген болжамдар тарады. Қаза тапқандардың денесінен пышақ жарақаттары — шаншып-кесілген зақымдар анықталды. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама барысында жарақаттардың нақты саны, өлімнің себебі және қылмыстың нақты жасалған уақыты анықталатын болады», – деді баспасөз хатшысы.