ҰРАНЫМЫЗ – ҰЛТ СӨЗI

ҰРАНЫМЫЗ – ҰЛТ СӨЗI

ҰРАНЫМЫЗ – ҰЛТ СӨЗI
ашық дереккөзі

"Түркiстан" газетi түрлi пiкiрлер тоғысының алаңы. Сиыр жылы газетiмiздiң бетiнде белгiлi қоғам қайраткерлерi, саясаттанушылар мен ғалымдар қазақ тiлi, қазақ мәселесi, қазақ ұлты, жалпы халықты мазалаған мәселелер жайында кеңiнен сұхбат берiп, қоғамда пiкiр қайшылығын туғызған түйткiлдерге өз ойларын бiлдiруге тырысты. Барыс жылының басында өткендi таразылап, келешекке сабақ ету мақсатында өзектi ойларды тамызық ретiнде оқырман қауымға таразылап ұсынып отырмыз.

МЕМЛЕКЕТТIҢ ҚАЗЫҒЫ – ҚАЗАҚ БОЛУЫ КЕРЕК
 

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Бiзде көптен берi келе жатқан "алдымен экономика, содан соң саясат" деген жалған қағида бар. Сол қағиданың кесiрiн әлi көрiп келемiз. Жиырма жылда өз мемлекетiмiзде отырып, осы мемлекеттiң дiңгегi, ұйытқысы бола отырып, ең көп қиындық көрiп келе жатқан – өз ағайындарымыз. Билiкте отырғандар да папуастар немесе қытайлар емес: өз қазағымыз. Алайда осыған қарамастан, қазақстандықтардың алпыс пайызын құрап отырған бiздер қиналған көпшiлiк кебiн киiп келемiз. Осыған дейiн жүргiзiлiп келген "ұлтаралық келiсiм" саясаты ұлттық мемлекеттi құру, төл мәдениетiмiздi өркендету сияқты негiзгi мәселелердi кейiнге қалдыру, алдыға ысыра беру саясатына айналып кеттi. Бүгiнгi саясат "барша диаспоралардың келiсiмi, татулығы минус қазақ ұлты" формуласына айналып бiттi. Елiмiзде Қазақстан халқы ассамблеясы деген бар… сол ассамблеяның өзiнде ашық талқы жүргiзу керек. Ащы да болса шындық даусы шығып тұрғаны абзал. "Болашағымыз – жарқын, билiгiмiз – дархан" деп өзiмiздi өзiмiз алдап, бiр бiрiмiздi семiрте бергенiмiзбен iс бiте ме? Бүгiнгi күннен аман өтсек тәуба, ертең аштан өлмесек тәуба деп жүре берсек, ұлт бола алмаймыз.
"Түркiстан", №3, 22 қаңтар, 2009 жыл
ЕҢ БАСТЫСЫ – ҰЛТТЫҚ БIРЛIК
 

Ерлан САЙЫРОВ, Мәдениет саясаты және өнертану институтының директоры:

– Қазiргi таңда барлық жерде дағдарыс орын алып жатыр. Дағдарыстың түп-төркiнi неде? Ол материалдық дағдарыс емес, ол құндылықтар мен мәдениеттер дағдарысы. Мұндай дағдарыстар адамзат тарихында 500-600 жылда бiр қайталанып отырған. Бұл мәдени ағымдардың, дүниежүзiлiк геосаяси кеңiстiк санасының өзгеруiне алып келедi. Дәл осындай үлкен бiр дағдарыс осыдан 800-1000 жылдың алдында Рим империясы құлаған кезде орын алған. Сол кезде Еуропада қара түнек орнады, оны қайта өрлеу революциясы құтқарып қалды… Дүниежүзiлiк дағдарысқа төтеп бере алған елдер – Жапония, Қытай, Үндiстан елдерiнiң артықшылығы – олардың экономикасының мәдениетке бағытталғандығы. Қазақстан да осы модельдi таңдауы керек. …"Еуразияны кiм билеп-төстесе, сол дүниежүзiн билейдi" деген ұғым бар. Қазақстан – сол Еуразияның жүрегiнде тұр. Сол себептi де, Қазақстан түркi халықтарының интеграциясын өз мойнына алуы керек. Бұл жердегi мақсат – түркi дүниесiн мәдени тұрғыдан өзектендiру. …Шығыс қазiр менталитет және мәдениет тұрғысынан Батыстан озып бара жатыр.
"Түркiстан", №16, 23 сәуiр, 2009 жыл
ҚАЗАҚТЫҢ УАЙЫМЫ КӨП, БIРАҚ ТIЛЕГI БIР
 

Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы:

– Тәуелсiздiк алғанымызға жиырма жылға жуықтады. Осы уақыт iшiнде елiмiзде ұлттық мәселенi көтерген бiрде-бiр ұлттық қозғалыс, партия болған жоқ. Бiрақ ұлттық мәселелердi қорғауға мүдделi бiр топ болды: ол – қазақтiлдi ақпарат құралдары. Осы жиырма жылда қазақ журналистерi бiзге – саясаткерлерге, сарапшыларға ұлттық мәселе жөнiнде қайта-қайта сұрақ қойып, талап етiп, қазақша айтқанда, түрткiлеп отырмағанда, бiздiң де осы мәселелердi билiкке айтып, талап етуiмiз екiталай едi. Шындығын айтқанда, қазақ журналистерi мен қазақтiлдi ақпарат құралдары 20 жыл бойы ұлттық партияның рөлiн атқарып келдi. Қазақтың уайымы көп. Жер-жердегi қазақтың ойы – әр тарапта. Бiрақ тiлек – бiр. Ол – қазақтың бiрлiгi. Бiзге қазiр жетпегенi – дiнге байланысты ыдырау. Сондықтан осы мәселелердiң бәрiн ашық айтып, басын ашып алғанымыз дұрыс шығар.
"Түркiстан", №43, 29 қазан, 2009
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘР АЗАМАТЫ – ҚАЗАҚ. ТҮБI ОСЫЛАЙ БОЛАДЫ
 

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, саясаттанушы:

– Бiрiншiден, бiрлiк жоқ. Әлi күнге дейiн қазақ ұлтының дамуына бағытталған тұғырнамамыз жасалмаған. Ғылыми және концептуалды тұрғыда нақты қадам жасай алмай отырмыз. "Қазақ" доктринасы", "Қазақ миссиясы" деген тақырыптар толықтай ауқымды пiкiрталастың өзегiне айналмай келедi. Қазақ ұлтының дамуына қатысты ғылыми көзқарас та жетiспей жатыр. Ғылым да ұлттың дамуына толықтай өзiнiң жемiсiн бере алмай отыр. Билiк жүйелерiнде ұлтшылдар кемшiн. Билiк пен қоғам жаппай қазақша сөйлемей, тiлге миллиардтап ақша бөле бергеннен ешқандай нәтиже шықпайды. Әуелi әр қазақ ана тiлiн құрметтеп, бiр-бiрiмен қазақша сөйлеуi керек. Осылай жалпы қоғамның негiзгi қарым-қатынас тiлi – қазақ тiлi болсын! Бұл жерде билiк те бейтарап қалмас. Тiлге деген талапты күшейту керек. Жаһанданудың қазақ болмысына тигiзер керi әсерi анық. Алайда мен батыстық жаһанданудан гөрi орысшылдықтың бiзге қаупi күштi екенiн айтқым келедi. Ресей ақпаратының тасқыны жыл сайын үдеп барады. Бүгiн қызықтап қараған адамның ертең ресейшiл, орысшыл болып шықпауына кiм кепiл? Қазақ мультфильмiне сусап отырған балаларымызға мұның қаупi күштi екенiн ұмытпайық… Шетелдiк балалар фильмдерiн өте жоғары деңгейде аударайық. Сосын мiндеттi түрде ұлттық мультфильмдерiмiздi жасайық.
"Түркiстан", №23, 11 маусым, 2009 жыл
МАҚСАТЫМЫЗ – ҚАЗАҚТЫ КӨПТЕП КӨШIРIП ӘКЕЛУ
 

Қабылсаят ӘБIШЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы:

– "Көшi-қон туралы" жаңа Заң дайындап жатырмыз. Осы заңда "оралман" деген категория бар ғой. Бұл – феномен. Олай дейтiнiм, бұл жекелеген адамның немесе ұлттың атауы емес, сондай-ақ жағымсыз пiкiр тудыратын атау емес. Бұл бiр әлеуметтiк топты айшықтап бөлiп алып, соның статусына байланысты, мемлекет тарапынан жасалатын шараларды айқындайтын құқықтық мәртебе. … Көшi-қон квотасы кейбiреулер үшiн ақшаның көзiне айналған. Баспахананың шарықтап дамып кеткенi соншалық, көшi-қонға қатысты барлық құжаттар қолдан жасалып, өмiрде жоқ Гогольдiң "Өлi жандары" секiлдi адамдарға квота төленiп келген. Әсiресе, Солтүстiк пен Батыста бұл тiптi кәсiпке айналып кеткен.
"Түркiстан", №28, 29, 16 шiлде, 2009 жыл
ЕШКIМНIҢ АЛА ЖIБIН АТТАҒАН ЕМЕСПIН
 

Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткерi:

– ЕҚЫҰ-ға төрағалық тақиямызға тар келмесi анық. Дегенмен, демократия мәселесiнiң мәз емес екенi тағы баршаға аян. Еуроодаққа төрағалық бiздiң мемлекетiмiздi өрге сүйремес, төменге де тартпайды. Себебi демократиялы елдерге үлгi көрсетiп, Еуроодақты уағыздау үшiн демократияны өзiмiзден бастау керек қой. Бұл мүмкiн нәрсе. Қалайша iшкi жағдайды қалыпқа келтiрмей, өзге елдерге ақыл айта алатын дәрежеге жетемiз? Демократиялы ел болу үшiн бұқаралық ақпарат құралдары барлығын бұқпантайламай, бұрмаламай айта алуы керек. Үкiмет басына түрлi партия өкiлдерi қабылданып, ал оппозиция өз ойын тайсалмай айта алуы керек. Ал қарапайым қара халық өз ойы мен құқықтарын бiлiп, әлеуметтiк, экономикалық жағдайын түзеткенде, егемендi, тәуелсiз, зайырлы, демократиялы ел атанамыз. Мiне, сонда өзге батыс қауымына үлгi боларлық елдер санатына кiремiз. Спортта тек қызыл бұрыш пен көк бұрыш қана болу керек. Кейде төрешi мен жаттықтырушының қарым-қатынасына да байланысты бұрмалаушылық болып жатады. Бұл дегенiңiз – спорт қисайды деген сөз. Осыған жеткен кезде ғана спорттың қай түрi болса да жоғары дамитынына күмәнiм жоқ.
"Түркiстан", № 44, 5 қараша 2009 жыл
"МЕМЛЕКЕТТIК МҮДДЕ ЖЕКЕ ТОПТЫҢ МҮДДЕСIНЕН БИIК ТҰРУЫ ҚАЖЕТ"
 

Нәбижан Мұқаметқанұлы, тарихшы:

– Төл деректi зерттемеген тарихшы нағыз тарихшы бола алмайды. Мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасының мақсаты – тарихымыздың деректiк базасын нығайту емес пе? Кейбiр тас бетiне түскен кедiр-бұдыр бедерлердiң өзi тарихтан хабар берiп тұрған шығар. Мәселе, оның құндылығын тани бiлетiн, оның сырын түсiндiре алатын бiлiктi мамандарды дайындауда. … Қытай дiни кiтаптарға, тiптi қатаң қарайды. Әрқандай дiни кiтаптарды сырттан кiргiзбейдi, қажеттi деген буддизм, христиан және исламдық дiни кiтаптарын тек өздерi басып шығарып отырады. Мысалы, өздерi аударған "Құранның" неше түрлi басылымы бар. Бiздегi баспа саласы олардың керiсiнше, шығатын кiтаптардың мазмұны емес, әрiп қателерiн де түзетпей қоя бередi. Қоқсық кiтаптар өте көп. Бәрiн нарықтық экономикаға сiлтей саламыз. Егер кiтаптарды рухани өнiм деп қарайтын болса, оның сапасын азық-түлiк өнiмдерi сияқты тексеруден өткiзу керек қой. Мемлекетiмiз баянды болсын десек, алдымен сырттан келiп жатқан түрлi рухани шабуылдарға мiндеттi түрде тосқауыл қою қажет. … Кез келген мемлекеттiң ұлттық идеологиясы сол мемлекеттi құрушы ұлттың тарихи мәдениетi негiзiнде, заманаға сәйкес жасалады. Өйткенi, мемлекет құрушы ұлт – сол мемлекеттiң негiзгi тiрегi болғандықтан, мемлекеттiң көркеюi де, құлдырап күйреуi де сол халыққа тiкелей байланысты.
"Түркiстан", №8, 26 ақпан, 2009 жыл
ЕНДI ҚАЗАҚ ҰЛТЫН ЗЕРТТЕУ IСIНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУ ҚАЖЕТ
 

Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Әр заманның өз талабы бар. Бастапқы кезеңде экономикалық және әлеуметтiк реформа алға шықты. Ол кезде ұлттық мәселелермен бас ауыртуға ерте болған шығар. Екiншi кезең де экономикалық құрылысқа арналды. Онда да ұлттық мәселелерге көз жұма қаралған шығар. Ендi рухани құндылықтар алға шығуы керек. Қазiр рухани жағынан өте болбыр қоғам пайда болды. Қарынның қамы – ұлттық идеология бола алмайды. …Бiз аса бiр қиын кезеңдердi басымыздан өткердiк. Бiрақ, бiз мемлекетiмiздi қалпына келтiргенiмiздi ұмытпауымыз керек. Алашорда тек азғана уақытқа қалпына келтiрген болатын. Ал, ұлттық мемлекетiмiздiң бастамасы Керей мен Жәнiбек хандарда жатыр. Бiз осы мәселеде бiр тоқтамға келе алмай қойдық. Сол сияқты ашаршылық геноцидi жайындағы ой Жазушылар одағы тарапынан ғана айтылды. Мемлекет әлi күнге дейiн мойындамай отыр. Бiз мемлекеттiк тұрғыдан осы мәселеге байланысты резолюция қабылдап, Ресейдi бұған бола кiнәламайтындығымызды айтуымыз керек едi.
"Түркiстан", № 42, 22 қазан, 2009 жыл
ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒАМЫН ДӘРIПТЕГЕН МЕНДЕЙ-АҚ БОЛСЫН
 

Төрегелдi ШАРМАНОВ, академик:

–Дәрiгердiң алатын жалақысы өте аз. Жылдан жылға үстеме ақша қосылып жатқанмен, мардымсыз. Жетпейдi. Мәселен, Еуропадағы дәрiгерлердiң еңбекақысымен, әлеуметтiк жағдайымен салыстырғанда өте төмен.Амал жоқ, күн көру керек. … Бұл тек медицинаның әлсiздiгiне ғана байланысты емес, сол сияқты ұйымдастыру жағы мен мемлекет тарапынан көмектiң әлi де дұрыс жетiспей жатқандығынан да орын алуда. Дәлiрегiн айтқанда, ана мен бала денсаулығын толыққанды сақтау тек министрлiкке емес, бүкiл Үкiметке жүктелген мiндет.
"Түркiстан", № 26-27, 2 шiлде, 2009 жыл
ҚАРНЫМЫЗ ТОҚ, ҚАДIРIМIЗ ЖОҚ ҰЛТ БОЛАМЫЗ БА ДЕП ҚОРҚАМЫН
 

Амангелдi Айталы, қоғам қайраткерi:

– Елдi алаңдататын мәселе – бұл қазақ ұлтының жағдайы. Жалпы, бiз бүгiн қазақ ұлтына көптiң бiрi ретiнде қарап, қазақтардың өз тарихи отанында, тәуелсiздiк алғаннан кейiн қандай жағдайға қолы жеттi, осы мәселе төңiрегiнде әлi ойланбай келемiз. Бiрiншiден, әр елде де бiр принцип бар: елдiң мемлекет құраушы ұлты – елдiң тiрегi. Басқа ұлттардың тарихи отанында көп мәселе шешiлiп жатыр. Орыстардың мәселесi – Ресейде, украиндардың мәселесi – Украинада шешiледi. Ал, қазақтардың мәселесi – Қазақстанда шешiлуi керек. Сондықтан, ең бiрiншi бiз қазақ ұлтының тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi рухани, әлеуметтiк жағдайын ойлауымыз керек.
"Түркiстан", №46, 19 қараша, 2009 жыл
"ҮКIМЕТ ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН ҒАНА ӘЛЕК"
 

Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист:

– Баға қадағалау мен бақылауға ырық бермейдi. Ешқандай келiсiм не меморандумдар да көмектеспейдi. Себебi, қымбатшылықты ақтайтын себеп бар – девальвация. Бiрiншiден, табысы мемлекеттiк бюджеттен бекiтiлген адамдардың кiрiсiне девальвациядан келген шығынды ескере отырып, индексация жүргiзу қажет. Екiншiден, барлық валюталық несие девальвациядан кейiнгi бағам бойынша өтеле ме, әлде келiсiм-шарт жасалған кездегi пайыздық көрсеткiштер бойынша өтеле ме? Бiрақ ешкiм бұған бас ауыртқысы келмейдi.
"Түркiстан", №6, 12 ақпан, 2009 жыл
"МЕНIҢШЕ, ҚАЗАҚ ПЕН ҰЙҒЫР АРАСЫНА ОТ ЖАҒУШЫЛАР БАР"
 

Юлдаш АЗАМАТОВ, «Ұйғыр авази» газетiнiң бас редакторы:

– Менiңше, қазақ пен ұйғыр арасында ешқандай ренiш те, мәселе де жоқ. Бiздiң тiлiмiз, тарихымыз, дiнiмiз бiр халықпыз. Әрқашан да екi халық қыз алып, қыз берiп туысқан болып кеттiк. Неге екенi белгiсiз, кейiнгi кезде қазақ пен ұйғыр арасында мәселе туындай бастады. Оның себебiн айту өте қиын. Менiң ойымша, қазақ пен ұйғыр арасына от жағып жүрген үшiншi күш бар.
"Түркiстан", № 19, 14 мамыр, 2009 жыл