ҚАСИЕТТI ҚАЗАҚ КIЛЕМIНЕ – 2500 ЖЫЛ

ҚАСИЕТТI ҚАЗАҚ КIЛЕМIНЕ – 2500 ЖЫЛ

ҚАСИЕТТI ҚАЗАҚ КIЛЕМIНЕ – 2500 ЖЫЛ
ашық дереккөзі

Астана жұртшылығы 8-желтоқсанда «Шежiре» қазiргi заманғы өнер галереясының ұйымдастыруымен Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайының «Атриум» залында «Қазақ кiлемдерi. Ұлы Таудың игiлiгi» атты көрменiң ашылуына куә болды. Көрмеге жеке коллекциядағы 103 кiлем қойылды. Ұлттық өнерiмiздiң озық түрлерiнiң бiрi – қазақы кiлемнiң кереметтiгiн паш етуге арналған бұл көрменi Елорда тұрғындары мен қонақтары 2010 жылдың 28-ақпанына дейiн тамашалай алады.

Ал 9-желтоқсанда осы көрме аясында «Қазақстанда кiлем тоқу өнерiнiң болашағы бар ма?» атты семинар өттi. Аталмыш жиында өнертанушылар мен этнограф мамандар бағзыдан келе жатқан бекзат өнердiң жай-күйiн әңгiме арқауына айналдырып, оның келешегi жайлы ойларын ортаға салды.

Қазақ кiлемiнiң тарихын қаузасаңыз ұзаққа кетедi. Байырғы сақ, ғұн, үйсiн өнерiнде кiлемдер мазмұнға құрылған суреттермен әсемделсе, 5 – 7-ғасырларда ұлттық дүниетанымды ою-өрнектер арқылы бейнелейтiн қазiргi қазақ кiлемiнiң үлгiлерi қалыптасты. Бүгiнгi қазақ кiлемiнiң Пазырық қорғанынан табылған 2500 жылдық кiлемнен өзгешелiгi шамалы. Атадан балаға, анадан қызына мирас болып, осы күнге жетiп отыр.

Кiлемдi жай ғана төсенiш немесе тұтыну құралы деп қарауға әсте болмайды. Түрлi ою-өрнектермен безендiрiлiп, қайталанбас көркемдiгiмен көздiң жауын алатын қазақы кiлемдердi ұлттың мәдени коды жазылған жанды өнер туындысы деп қарасақ қателесе қоймаймыз. Қазақы кiлемдерде қалыпты өлшемдер мен тұрақты ою-өрнек түрлерi кездескенiмен, көбiнесе олар бiр-бiрiн қайталамайды. Қазақ кiлемiнiң өзбек, түрiкмен, парсы кiлемдерiнен ерекшелiгiнiң өзi осында. Қазақ кiлемдерi сатуға, көпшiлiкке саудалау үшiн тоқылмаған. Iсмер аналарымыз әрбiр кiлемдi өзiнiң ұл-қыздарына атап тоқитын болған. Сондықтан да оған аса ыждағаттылықпен қарап, көргенi мен түйгенiн, халқымыздың өткенiн ою-өрнек тiлiмен ұрпағына аманаттаған.

Бүгiнгi күнi қазақ кiлемiне салынатын 230 ою-өрнек түрi мен атауы белгiлi.

Қазақтар ою-өрнек арқылы өздерiнiң әлемге көзқарасын бере бiлдi, дүниенi танудың жаңа символдарын iздедi. Адам ою-өрнек арқылы қоршаған ортамен өзара үйлесiмде өмiр сүредi. Халықтың әуендi әуездерi мен ою-өрнектерiнiң табиғаты да үндес болып келедi. Құдайы қонақ болып келген жан түскен үйiнiң тұтылған кiлемi, төселген текемет пен сырмақ оюларына қарап отырып, сол отбасының қай рудан, қандай әулеттен шыққандығын айтқызбай-ақ бiлген. Ал, әйелдер өю-өрнек арқылы өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгi туралы ата-анасын хабардар еткен.

Кезiнде әрбiр қазақ отбасының үйiнде көздiң жауын алып тұратын қазақы кiлемдер бүгiнде көзден бұл-бұл ұшып бара жатқандай. Өрмек құрып, кiлем тоқитындар ел iшiнен iлуде бiреу ғана кездеседi. Ұлттық өнерiмiздiң осы түрiнiң қыр-сырын жақсы бiлетiн көнекөз қарттарымыз да азайып барады. Қазiргi кезде кiлем тоқу өнерi елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiнде, iшiнара Қызылорда, Маңғыстау аймақтарында сақталған. Сондай-ақ Қытай, Моңғолия елдерiндегi қандастарымыздан да кездеседi. Iсмерлердiң қолынан шыққан ұлттық туындының орнын шеттен келетiн кiлемдер басты. Жайсаң – төсенiш, iлсең – сән болатын қазақы кiлем ұлттық мақтанышымызға айналатын-ақ дүние. Барды бағаламаудың салдарынан, халқымыздың қасиеттi осы өнерi назардан тыс қалып, кенжелеу дамып отыр.

Сол секiлдi кiлемнiң түрлерiн, онда кестеленетiн оюлардың шертер сырын да тап басып айтып бере алатын жандардың қатары селдiреп барады. Бiр кездерi қазақ арасында кiлемнiң – намаз кiлем, жол кiлем, нар кiлем, қоржын кiлем, мақта кiлем, тықыр кiлем, масаты кiлем, жолақ кiлем, түктi кiлем, жiбек кiлем, алаша кiлем, төр кiлем, төсек кiлем, тұс кiлем т.б. сан алуан түрлерi тоқылатын. Қазiргi кезде бұлардың бәрi болмағанымен, денi сақталған. Бұған жоғарыда аталған көрменi тамашалау барысында көз жеткiздiк. Атадан қалған осынау асыл мұраны көздiң қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа шашау шығармай жеткiзу – зор мiндет, қасиеттi парыз.

Әрине, мұны бiрлi-жарым адамдардың ыждағатымен шешу қиын. Қазақ қолөнерiнiң қайталанбас туындыларын ұрпақтан ұрпаққа жеткiзу үшiн әрi нарықтық экономика заманында пайда көзiне айналдыру мақсатында қолөнерiмiздi, оның iшiнде кiлем тоқу өнерiн арнайы зерттеп, оны заманауи техниканың көмегiмен шығаруды мемлекеттiң қолға алғаны жөн. Ұлттың брендiне айналуға лайықты дүниемiздiң бiрi де осы. Бiз қолда бар осы асыл мұрамыздың қадiрiн бiлмей, тиiстi деңгейде дәрiптей алмай жүрмiз. Жоғарыда аталған шарадан бастау алған игi iс сәттi жалғасын тапса ұлтымыздың рухани әлемi бұдан да кемелдене түсерiне күмән жоқ.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ