АУЫР АТЛЕТТЕР АРДАҚТАЛДЫ

АУЫР АТЛЕТТЕР АРДАҚТАЛДЫ

АУЫР АТЛЕТТЕР АРДАҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі

Талдықорған қаласының орталық алаңында Жетiсу жұртшылығы ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанған төрт бiрдей жерлестерiн құрметтеп, салтанатты шара өткiздi. Оңтүстiк Кореяда өткен әлем чемпионатында елiмiздiң жүлде қоржынын алтын медальмен еселеген Майя Майнеза, Зульфия Чин Шан Ло, Владимир Седов және Светлана Подобедоваға қандай құрмет көрсетсе де артық емес дейдi олар.

Осынау шараға Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхамбетов Астанадан арнайы келiп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып, ыстық ықыласын жеткiздi.

«Бүгiн Жетiсу жерiнде үлкен қуаныш, мерекелi, мәртебелi жиын. Сiздердiң жерлестерiңiз Оңтүстiк Кореяда аяқталған ауыр атлетикадан әлем чемпионатында үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Баршаңызды бүгiнгi қуаныштарыңызбен құттықтауға рұқсат етiңiздер. Жеңiстерiң құтты, мерекелерiңiз баянды болсын, ағайын!», делiнген Мемлекет басшысының жеделхатында.

Министр сондай-ақ, мұндай жетiстiкке жетуiмiз облыста спортқа деген көзқарастың оң, қамқорлықтың зор болуында екенiн айта келе, спортты дамытуға қосқан ерен еңбегi үшiн облыс әкiмi Серiк Үмбетовке Қазақстан Олимпиадалық комитетiнiң Алтын орденiн тапсырды.

Ал облыс басшысы өз тарапынан алдағы уақытта зiлтемiршiлердiң көтерiлген биiгi мен шыққан тұғырынан түспеулерiне тiлектестiгiн бiлдiрiп, оған мүмкiндiгiнше барлық жағдайлар жасалатынын жеткiздi. Шара барысында Серiк Әбiкенұлы айтулы бәсекеде елдiң туын көтерiп, әнұранын шарықтатқан батыр ұл-қыздарымызға Талдықорғаннан екi бөлмелi пәтер кiлттерiн және 750 мың теңге көлемiнде ақшалай сыйлықтар табыс еттi. Чемпиондардың бапкерлерi мен Қазақстан құрамасының ауыр атлетикадан бас жаттықтырушысы Алексей Нидың атына да алғыс айтылып, осындай көлемдегi сыйақы берiлдi.

С. САБЫРЖАНҚЫЗЫ