“ДIНТАНУ” ПӘНI СЕКТАЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ МА?

“ДIНТАНУ” ПӘНI СЕКТАЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ МА?

“ДIНТАНУ” ПӘНI СЕКТАЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ МА?
ашық дереккөзі

Осы жылдың тамыз айында Бiлiм және ғылым министрлiгi орта мектептердiң тоғызыншы сыныптарына биылғы оқу жылының екiншi жартысынан бастап «Дiнтану» пәнiн аптасына екi сағатпен (барлығы 34 сағат) енгiзу жөнiнде шешiм қабылдады. Тәуелсiздiк алған жылдан бастап елiмiзге шетелдерден әртүрлi сылтаумен келген дiни ағымдар мен секталар халқымызға, соның iшiнде мектеп оқушыларына да жағымсыз әсерлерiн тигiзе бастады. Сондықтанда, «ештен кеш жақсы» деп, бұл бастаманы халқымыз жылы қабылдап отыр.

Шешiмнiң басты мақсаты — көпұлтты және көпконфессиялы елiмiзде болашақта ұлтаралық татулықты сақтау үшiн дiни түсiнiк қағидаларын қалыптастыру, жас жеткiншектi қауiптi дiни бiрлестiктердiң ықпалынан қорғау, олардың экстремистiк және террористiк iс-әрекеттерiне қосылып кетуiнен сақтандыру. Түпкi мақсат — елiмiзде қалыптасқан рухани тыныштық пен ынтымақты сақтап, одан әрi дамыту.

Алайда, шешiмнiң қабылдануы мәселенiң бастауы екендiгiн ескеруiмiз тиiс. Пәндi мектепке енгiзу туралы шешiм қабылданған екен, ендiгi мәселе мемлекеттiң саясатына сай пәннiң дұрыс бағытта жүргiзiлуiне жан-жақты жағдай жасау болмақ.

Бүгiнгi күнi осы шешiмге байланысты ең басты мәселе болып отырған жағдай пәндi оқыту және оған дайындық мәселесi. Бұдан туындайтын сұрақтар пәндi кiм оқытады, ненi, қалай оқытамыз, яғни оқушылардың дiни танымы мен көзқарасын қалай қалыптастырамыз деген сұрақтар болып отыр. Осы сұрақтар жөнiнде дiнтанушы маман ретiнде өз ойларымды ортаға салмақпын.

Ең алдымен пәннiң оқу бағдарламасын әзiрлеп алуымыз қажет. Оқу бағдарламасы оқушылардың дiни танымын, көзқарасын қалыптастыратын атрибуттардың ең негiзгiсi. Қалған жұмыстардың барлығы бағдарламадан басталады. Сондықтан пәннiң оқу бағдарламасын дайындау үшiн белгiлi дiнтанушы ғалымдардың басын қосуымыз қажет. Бағдарламада негiзгi тақырыптар және әрбiр тақырып бойынша сабақ өткiзiлетiн сағат саны нақты түрде анықталынып алуы керек. Онсыз сабақ өткiзудiң өзi мүмкiн емес. Осыдан кейiн барып пәндi өткiзуге арналған сағаттың жалпы саны белгiлi болады. Ал, оқушыларға арналған оқулықтар, әдiстемелiк нұсқаулар оқу бағдарламасына сай болуы шарт.

Бұл жерде ескеретiн жағдай «Дiнтану» пәнiн оқытқан кезде тек қана дiндер тарихымен шектелетiн болсақ оқушыларымыз жүйелi бiлiм алмайды. Нәтижесiнде олардың дiни танымы, көзқарасы қалыптаспайды. Керiсiнше, көзқарасы, дiни танымы әртүрлi оқушылар тәрбиеленiп шығуы әбден мүмкiн. Сондықтан оқу бағдарламасында дiндердiң тарихымен қатар олардың негiзгi iлiмдерi мен қағидалары, наным-сенiмдерi мен әдет-ғұрыптары, салт-жоралары мен мейрамдары; дiндердiң ұлттар мен ұлыстардың арасына енуi мен таралу ерекшелiктерi, ұлттық пен дiнилiктiң, дiн мен мәдениеттiң арақатынасы; дiннiң адамның рухани болмысы мен қоғам өмiрiнде алатын орны, дiнге байланысты зайырлы мемлекетiмiздiң ұстанған саясатының мәнi мен мақсаты, дiни бiрлестiктердiң мақсат-мүддесi және iс-әрекеттерi жөнiндегi ауқымды тақырыптар қамтылуы керек. Оқушы сонда ғана дiндер жөнiнде, дiни бiрлестiктердiң мақсаттары мен ерекшелiктерi жөнiнде кешендi бiлiм алуы мүмкiн.

Бұл тақырыптар, бiр жағынан, бүгiнгi оқушы ертеңгi ел азаматының өз рухын, ұлтының рухани мәдениетiн өзгенiң рухани ықпалынан қорғай бiлудi қалыптастырса, екiншi жағынан, өзгенiң де дiнiн, дiни танымын, олардың басқаларға деген көзқарасын анықтап бiлуге, олармен силастық қарым-қатынасты қалыптастыруға мүмкiндiк бередi.

Келесi кезекте бағдарламаға сай оқулық қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалуы қажет. Оқулықтарды да дiнтанушы ғалымдар тобы әзiрлегенi жөн. Сабақты тек қана Бiлiм және ғылым министрлiгi бекiткен оқулықтар бойынша өткiзген кезде ғана нәтижелi болары анық. Себебi қазiргi кезде дiн жөнiнде жазылған кiтаптар жеткiлiктi, бiрақ мазмұндары ала-құла. Олар негiзiнен бағдарламаларға сай келмеуi, сондықтан пәннiң мәнiн бұра тартуы ықтимал.

Сағат мәселесiне қайта оралатын болсақ екiншi жарты жылдықта өткiзiлетiн 2 сағаттық сабақ жоғарыдағы көрсетiлген маңызды тақырыптардың мән-мазмұнын ашып беруде жеткiлiксiз. Екiншiден, сағаттың аздығы дiнтанушы маманды шақыруда, немесе штаттық құрамдағы мұғалiм ұстауда мектепке қолбайлаушылық тудырады. Осыдан келiп кейбiр мектептерде пәндiк сағатты кiм болса соған қосымша сағат ретiнде бере салушылыққа жол ашылуы мүмкiн. Ал, мұндай жағдай ақыр соңында пәнге мән бермеушiлiкке, сапасыз бiлiм беруге алып келедi. Сондықтан пәннiң сағатын оқу бағдарламасына сай келетiндей етiп көбейту жақтарын қарастыру керек.

Пән бойынша белгiленген сағат саны мектептердегi тоғызыншы сыныптардың жалпы санына да тәуелдi болатыны анық. Бiр мектепте бiр ақ тоғызыншы сынып болса, басқа мектепте оның саны екеу-үшеу болуы мүмкiн. Мұндай жағдайда, егер сабақты факультативтiкке айналдырмай, сыныптарды қоспай, әрбiр сыныпқа жеке-жеке сабақ өткiзу жоспарланса сағат саныда екi-үш есеге өсетiнi белгiлi. Нәтижесiнде жарты ставкалық сағат саны шығады. Мұндай жағдайда мектеп үшiн сабақ өткiзетiн маманды жұмысқа шақыру, немесе штаттық мұғалiм ұстау мәселесi шешiледi.

Келесi мәселе пәндi кiм оқытатындығы жөнiнде болмақ.

Шешiмде пәндi қоғамдық пәндер өкiлдерi оқытатындығы көрсетiлген. Шындығында бiлiмдi тек қана арнайы бiлiмi, қолында «дiнтанушы» деген мемлекеттiк үлгiдегi дипломы бар мамандар ғана беруi тиiс. Әзiрге олар бiзде жеткiлiксiз. Сондықтан шешiмнiң мектептердiң қазiргi жағдайын есепке ала отырып қабылданғаны белгiлi. Бiрақ та мектептерде тарихшыдан басқа мамандарды табу қиын.

Сондықтан дiнтанушы мамандар дайындалып, мектепке келгенше салмақ әсiресе тарихшыларға түсетiнi анық. Мәселе осылардың iшiнен пәндi жүргiзетiн мұғалiмдердi iрiктеп алуда. Бұған қоса сабақ берем деушi мұғалiмнiң өзiнiң кiм екенiн бiлуде. Яғни бiр дiни ағымның немесе сектаның мүшесi емес пе, анықтап және оның бiлiм деңгейiн, дiн жөнiндегi бiлiмiн оқушыларға жеткiзе алу қабiлетiн, көзқарасын бiлу қажет. Себебi мұғалiмдердiң, әсiресе жас мұғалiмдердiң арасынан дiни ағымдардың, секталардың шырмауында жүргендерi баршылық. Сонымен бiрге дiнтанушы мамандардың арасында да дiни танымы, көзқарасы әртүрлi қалыптасқан жандар аз емес. Кейбiр дiнтанушылардың ой-пiкiрi, дiни көзқарасы ұлттық дiни танымға, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына сай келмейдi. Бұл әсiресе шетелдерде бiлiм алған дiн мамандарына тән. Олардың оқушыларға өз танымдарын, көзқарастарын насихаттайтындығы белгiлi.

Белгiлi ислам педагогы М.Рифаъи мырза «Ислам мәдениетi» атты еңбегiнде «Бiз дұрыс тәрбие негiздерiн дiннiң қайнарынан алып, тәрбиеге тән ережелердi шариғаттың мызғымас үкiмдерiне негiздеуiмiз керек. Бiлiм беру iсiне жауапты азаматтарымыз үлкен тәжiрибе иелерi болмайынша, әрi ислами тәрбиенiң қағидаттарын жете меңгермейiнше, бұл мақсат iске аспайды» — деген екен. Бұл дiни тәрбиенi қалыптастыру үшiн алдыменен бiлiмдi ұстаз керек деген сөз. Мiне осы қағиданы ұстануымыз қажет. Ол үшiн сабақ беретiн мұғалiмдердi дайындау жұмысын жөнге қоюымыз керек және бұл кезек күттiрмейтiн мәселе. Алға қарай дiнтану пәнiнен сабақ беретiн мұғалiмдердi iрiктеп, облыстық, республикалық мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiру орталықтарында арнайы курстар ашып, сабақ өткiзуге белгiлi дiнтанушы-ғалымдарды шақырып, сол орталықтар арқылы оларды дайындықтан өткiзiп, сабақ беруге рұқсат беру керек. Бұл мәселенi шешудiң бiр жағы. Екiншi жағы, мұғалiмдердi дiнтанушы-ғалымдар шоғырланған жоғары оқу орындары жанынан курстар ашу арқылы дайындау да тиiмдi.

Алға қарай жоғары оқу орындарында дiнтанушыларды дайындайтын арнайы факультеттер де ашылуы маңызды мәселенi шешуге мүмкiншiлiк бередi. Қазiргi кезде дiнтанушы мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындары өте аз. Атап айтар болсақ бұлар Алматы қаласындағы Мысыр-Қазақстан бiрiккен «Нұр-Мүбәрәк» ислам институты, Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi, Астана қаласындағы Гумилев атындағы ЕҰУ. Бұлардан басқа Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi дiнтану бойынша магистрлер дайындайды. Сондықтан облыс орталықтарындағы, әсiресе педагогикалық институттарда осы мамандық бойынша факультеттер ашу сұранып тұрған мәселе.

Дiнтану пәнiн мектептерде жүргiзуге көздеген мақсаттары бар дiн қызметкерлерi де мүдделi болып отырғандары белгiлi болуда. Ал олардың қай дiни ағым мен сектаның өкiлi екенiн кiм бiлiп жатыр? Сондықтанда оларға сабақ өткiзуге үзiлдi-кесiлдi рұқсат етiлмеуi тиiс. Олай болмаған жағдайда, яғни бұл мәселенi шешуге олар араласатын болса, онда Құдайдан мүйiз сұрап, сақалынан айырылған тоқал ешкiнiң күйiн кешуiмiз әбден мүмкiн.

Қазiргi кезде жергiлiктi баспасөз беттерiнде пәнге байланысты көптеген орынды сұрақтар көтерiлiп жатыр. Мысалы, әрбiр оқушының ұстанған дiни көзқарасына қатысты сабақ өткiзiле ме, әлде бәрiне ортақ бағдарлама қабылданып, сабақтар жүргiзiле ме? Бiр сыныпта аралас оқитын әртүрлi дiн өкiлдерiне пән қалай оқытылады? Дiнтану пәнi тек қана тоғызыншы сыныпта ғана өткiзiле ме, қазiргi кездiң өзiнде терiс ағымдар мен секталардың шырмауында жүрген төменгi сынып оқушыларымен не iстеймiз? — деген сияқты сұрақтар. Бұл сұрақтар өте орынды қойылған.

Бiздiң ойымызша барлық оқушылар үшiн ортақ бағдарлама қабылдануы тиiс. Ол бағдарлама елiмiздегi дәстүрлi және дәстүрлi емес дiндер жөнiнде бiлiм беруге бағытталған болуы тиiс. Ал, сабақ бiр сыныпта оқитын әр ұлттың өкiлдерi үшiн оларды топтарға бөлмей ортақ бағдарлама бойынша жүргiзiлуi керек. Бұл сыныптағы оқушылардың тек қана өзi ұстанатын дiнi жөнiнде ғана емес, басқа сыныптастарының да дiни ұстанымы жөнiнде бiлуiне мүмкiндiк бередi. Сонымен бiрге оқушының өзгелерге деген толеранттық қатынасын қалыптастырады. Ал, төменгi сынып оқушыларына байланысты көтерiлiп отырған сұрақтар ойлануды талап етедi. Шындығында қазiрдiң өзiнде терiс ағымдар мен секталардан дәрiс алған төменгi сынып оқушылары ертеңгi күнi «Дiнтану» сабағына бармаймын деп тұрса не iстеймiз?

Дiнтану пәнiн оқыту бойынша сұрақтар көп, алда да бола берерi сөзсiз. Ең бастысы пәннiң мектеп табалдырығын аттап, алдына маңызды айқын мақсат пен мiндеттер қойғандығы. Оны жүзеге асыру тек мектептiң жұмысы емес, ата-ананың, бүкiл қоғамның мiндетi. Сондықтан бәрiмiз қолдау көрсетуiмiз керек.

Шәпиев Бақтығали, Мемлекет тарихы институтының

жетекшi ғылыми қызметкерi, ф.ғ.к., доцент