ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ: ҚАУIП ПЕ, ӘЛДЕ ДАҚПЫРТ ПА?

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ: ҚАУIП ПЕ, ӘЛДЕ ДАҚПЫРТ ПА?

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ: ҚАУIП ПЕ, ӘЛДЕ ДАҚПЫРТ ПА?
ашық дереккөзі

Әлемдiк экономиканы дағдарыстың жаңа толқыны соға ма? Үкiметтердiң дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қашан тоқтатқан жөн? Қытайдың 586 млрд. долларға тең қаржылық қолдауы әлемдiк экономика тұрақтылығына төнген қауiп болса, оның алдын алу шаралары қандай? Дүниежүзiн толғандырған осы мәселелермен бiрге қазақтардың бас қатырған басқа да мәселелерi жетерлiк. Мысалы, ҚР Үкiметiнiң қазiргi «Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы» деп жариялаған құжатын кейбiр маман ат төбелiндей ғана азшылықтың, жекелеген топтардың мүддесiн көздейтiн жобалар жиынтығы деп қабылдайды. Әрi билiктiң бүгiнгi iс-шарасы ұзақмерзiмдiк экономикалық өсiмге емес, қысқамерзiмдiк жағымды көрсеткiштерге негiзделiп отыр. Демек, рецессияның құрығынан Қазақ елi құтылды деп бөрiктi аспанға атқанмен, экономиканы тұрақтандыру мәселесiне қатысты қиындықтар шешiмiн таппай тұр.

«АСЫҚҚАН – ШАЙТАННЫҢ IСI»…

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әлемдiк экономиканың қозғаушы күшi саналатын елдердiң экономикасы 2010 жылға қарай екi есеге дейiн жоғарылайтынын жеткiздi. Ұйым сарапшыларының болжамы бойынша, келесi жылы әлемнiң 30 мемлекетiндегi жалпы iшкi өнiм деңгейi – 1,9 пайызға, 2011 жылы 2,5 пайызға өсетiн көрiнедi. Алайда, дүниежүзiлiк экономика дағдарыстан құлан-таза айығып кетедi деуге әлi ертерек. Өйткенi, тек 2011 жылдың күзiне қарай ғана экономиканың даму көрсеткiштерi 2008 жылдың қаңтар-наурызындағы көрсеткiштерге сәйкес келедi. Оның iшiнде, АҚШ-тағы көрсеткiштер 2010 жылы екi жарым пайызға дейiн көтерiлсе, еуроаймаққа жататын елдерде – бар болғаны 0,9%. Ал Греция (-0,7%), Эстония (-0,8%), Венгрия (-1%), Исландия (-2,1%), Ирландия (-2,3%) мен Испанияда (-0,3%) рецессия келесi жылы да жалғасын таппақ. Сарапшылар пiкiрiнше, дүниежүзi үкiметтерiнiң дағдарысқа қарсы бағдарлама түзiп, атқарылатын шараны бiрiгiп жүзеге асыруы халықаралық экономиканың дағдарыстан кейiн аяғынан қайта қаз тұруына көмектескен. Бүгiнде әлем үкiметтерiнiң көпшiлiгi дағдарысқа қарсы бағдарламаларын мерзiмiнен бұрын аяқтауға ниет бiлдiруде. Алайда, кейбiр сарапшылар бұл жаңсақ қадам деген пiкiрде. Немiс үкiметiнiң экономика жөнiндегi кеңесшiсi Петер Бофингер егер дағдарысқа қарсы шаралардан Берлин мерзiмiнен бұрын бас тартса, 2010-2011 жылдары Германияда рецессияның қайталануына әкеп соғатынын айтады. Үстiмiздегi жылдың екiншi тоқсанында рецессиядан әуппiрiммен әрең шыққан немiс экономикасы еуроаймақтағы ең iрi экономика саналады. Сондықтан рецессияның қайталануы еуропалық мемлекеттердiң көпшiлiгiне керi әсер етерi сөзсiз. 2010 жылдың соңына дейiн Жер шарының барлық орталық банктерi пайыздық ставкаларды көтеруден сақтануы тиiс. Керiсiнше болған жағдайда, сұраныс сапасын жақсартуға қауқары жетпей қалатын пайыздық көрсеткiштер қаржы саласы мен экономиканың басты салаларына керi әсер ете бастайды. Сарапшылардың бұл пiкiрiмен әлемнiң көптеген орталық банктерi келiседi. Сол себептi де пайыздық ставкалардың қазiргi деңгейiн өзгерiссiз қалдыруға мүдделi. Мысалы, АҚШ-тың Федералдық қор жүйесi мен Еуропалық орталық банк ставкаларды АҚШ доллары мен еуроға шаққандағы бағам бойынша 2010 жылдың соңына дейiн көтермейтiнiн мәлiмдедi. Кәрi құрлықтың жетекшi банкi ұстанып отырған қазiргi ставкалық саясат – 1 пайыз. Жапонияның орталық банкi 2010-2011 жылдары иенге шаққандағы пайыздық көрсеткiштердi 0,1% көлемiнде сақтайтынын айтты. Бүгiнде күн санап күшейiп келе жатқан еуроның қарқыны да еуроаймақтағы 16 елдiң дағдарысқа қарсы түзген iс-шараларының нәтижесiне керi әсер етпек. Ал пайыздық көрсеткiштердi 2 пайыздан асырмау инфляцияның төмендеуiне және экономиканың күшеюiне жағдай жасамақ.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҮШIН – 9 ЖЫЛ

Жуырда Дубайдың мемлекеттiк инвестициялық компаниясы – Dubai World 59 млрд. доллар көлемiндегi борышын өтеуге шамасы жетпейтiнiн айтып, кредиторларынан қосымша уақыт беру жөнiнде өтiнiш айтқан едi. Бұл инвесторлар арасында ғана емес, әлемдiк қор нарығында үлкен әбiгер туғызды. Еуропалық қор нарығындағы биржалық көрсеткiштер наурыз айынан берi болмаған деңгейде күрт төмендеп кеттi. Халықаралық сарапшылар дубайлық билiктiң неден мүлт кеткенiн қызу талқылап жатқанда, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң Орталық банкi Дубай банктерiне қаржылай қолдау ретiнде несие беретiн желiнiң ашылғанын жариялады. Қаражат қаржыға зәру барлық банктерге берiлмек. Осы жағымды жаңалық тұрақтылығы шатқаяқтаған әлемдiк қор нарығын сабасына түсiрдi. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының айтуынша, әлемдiк экономиканың қайта күш жинай бастауына Қытайдағы және BRIC (Бразилия, Ресей, Үндiстан мен Қытай) құрамындағы тез дамып келе жатқан өзге үш ел экономикасының өте күштi қарқынмен дамуы да сеп болған. Мысалы, ЭЫДҰ мамандары 2010 жылы аспанасты елiнiң экономикалық көрсеткiштерi 10,2 пайызға дейiн өсетiнiн, Үндiстанда – 7,3 пайыз, Ресейде – 4,9 пайыз және Бразилияда – 4,8 пайыз. Есесiне, 30 елдегi жұмыссыздық деңгейi артып, еңбек нарығындағы ахуал 2007 жылғы көрсеткiштермен сәйкестеледi. Әлемдiк экономиканың тез сауығуына кедергi келтiретiн тағы бiр жайт – ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердiң жалпы iшкi өнiм көлемiнен 100 пайызға артып кететiн қарызы. ЭЫДҰ сарапшылары дүниежүзiне қуанышты хабарын таратып үлгермей жатып француздардың Societe Generale банкiнiң экономистерi әлемдiк экономиканы алда күтiп тұрған жаңа қауiп-қатерлердi тiзбектедi. Олардың айтуынша, қарыздың қайтарымына кепiлдiк беретiн бағдарламаның дәрменсiздiгi дағдарыстың одан әрi де ушыға түсуiне және алдағы екi жылда әлемдiк экономиканы тұралатып тастауға себеп болмақ. «Қауiптен құтылған жоқпыз» деп мәлiмделген арнайы баяндамада банк сарапшылары үкiметтердiң соңғы жылдардағы дағдарысқа қарсы бағдарламалары жеке тұлғалардың проблемасын мемлекеттiң мойнына артып қоюмен шектелгенiн, кешендi түрде iс-шара атқарылмауы себептi, мемлекеттiк қарыз көлемiнiң күрт артуына және борыштардың жалпы iшкi өнiмге шаққандағы деңгейi тiптi, экономикасы жақсы дамыған елдердiң өзiне ауыр тигенi айтылған. Мысалы, Жер шарының мемлекеттiк қарызының жалпы сомасы 45 трлн. доллардан асып жығылады екен. Әрине, мемлекеттiк борыштың өсуi жекелеген заңды тұлғалар қарыздарының да өсуiне түрткi болмақ. Societe Generale сарапшылары АҚШ азаматтарының қаражат қоры 7 пайызға дейiн жетiп, тұрақтанған күннiң өзiнде мемлекеттiк қарыз бен азаматтардың кiрiс деңгейi бiр бiрiне сәйкестелуi (1980-жылдардағы қауiпсiз деңгей) үшiн кем дегенде 9-10 жылдай уақыт керек.

«ҮКIМЕТ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ БАҒДАРЛАМАНЫ ӘЛI ТҮЗГЕН ЖОҚ»

Қазақстанның 2009 жылғы жалпы iшкi өнiмге шаққандағы мемлекеттiк қарызы – 9,5 пайыз. Сондай-ақ, 2010 жылы – 11,9%, 2011 жылы – 13,1%. Үстiмiздегi жылдың 18 тамызында ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев 2009 жылдың 1 шiлдесiндегi есеп бойынша, Қазақстанның мемлекеттiк қарызы 1,346 трлн. теңгеге жеткенiн мәлiмдеген едi. Билiк әлемдiк дағдарыстың қазақстандық экономикаға әсерi мен ықпалы аса күштi болмайтынын, елдiң экономикалық-әлеуметтiк ахуалы жақсаратынын мәлiмдеуден танбай келедi. Жуырда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов 2009 жылдың соңына дейiн Қазақстан экономикасы рецессиядан шығатынын, экономикалық өсiмнiң жағымды көрсеткiштерге қол жеткiзетiнiн мәлiмдеген болатын: «Алғашқы 10 айдың көрсеткiшiне қарап, бiз жыл қорытындысында рецессиядан құтылатынымызға сенiмдiмiз». Министрлер кабинетi жетекшiсiнiң осы мәлiмдемесiне қатысты пiкiр бiлдiрген Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов рецессия аяқталды дегенмен, алда дағдарыстың әлi 3-4 толқыны күтiп тұрғанын және толқындар арасында экономикалық көрсеткiштердiң өсуi экономика түбегейлi тұрақтанғанға дейiн қысқамерзiмдiк сипатта болатынын көлденең тартқан. Оның бұл ойын ҚР Бiрiншi Президентiнiң қоры жанынан құрылған Әлемдiк экономика және саясат институтының аға ғылыми қызметкерi Қанат Берентаев та құптайды. Оның айтуынша, рецессия бiтедi, бiрақ келесi жылдың екiншi тоқсанында жағдай қайта күрт ушығуы мүмкiн. Мұның себебiн экономист ҚР үкiметiнiң дағдарысқа қарсы түзуi тиiс бағдарламасының жоқтығымен түсiндiредi. Билiктiң қазiр жиi жарнамалап жүрген индустриалдық-инновациялық бағдарламасы – дағдарысқа қарсы күресетiн кешендi құжат емес, қандай да бiр шешiмнiң қабылдауына ықпал ететiн көптеген жобалардың құр жиынтығы ғана. ҚР Президентi Н.Назарбаев Үкiметтен ел экономикасын дағдарыстан кейiн дамыту бағытын анықтайтын 2020 жылға дейiнгi бағдарламаны түзудi тапсырған болатын. Қанат Берентаев мырза Президенттiң пәрменiн неге орындамағаны туралы Үкiметке жолдаған сауалдарына ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау, ҚР Индустрия және сауда министрiлiгiнен атқарылып жатқан шаралардың барлығы дерлiк Жарлыққа сәйкес және стратегияны қалыптастыру мақсатында жүргiзiлiп жатқаны айтылғаны жайлы жауап алынғанын алайда, ғылыми-әдiстемелерге негiзделген ұзақмерзiмдiк мақсатты бағдарламаның әлi күнге түзiлмегенiн жеткiздi. Оның үстiне, Қазақстан 2010 жылдан бастап Ресей және Беларусьпен Кедендiк Одақ құратыны белгiлi. ҚР Үкiметi аталған екi елдiң дағдарысқа қарсы түзген бағдарламаларын талқыға сала отырып, келiсiмге келуi тиiс едi. Өкiнiшке қарай, ондай қадам әлi күнге жасалған жоқ.

ПЕКИННIҢ «БАТПАН ҚҰЙРЫҒЫ»

ЭЫДҰ сарапшыларының көңiлiн су сепкендей басқан Societe Generale өкiлдерi дағдарыстың жаңа толқыны доллардың құлдырай түсуi мен жылжымайтын мүлiк нарығындағы тоқырауға әкеп соғатынын ескертедi. Есесiне, 2010 жылы алтынның құны қымбаттап, «қара алтынның» бiр баррелi бастапқы 50 долларға қайта төмендейдi. Нарықтағы үлкен тұтынушылық сұранысқа ие болатын – ауыл шаруашылығы тауарлары, әсiресе, қант. Сол себептi, банк экономистерi дефляциялық спиральдан сақтану үшiн өз клиенттерiне қолдарындағы АҚШ долларын сатып, оралымдық акцияларға жататын технологиялық, автоөндiрiстiк, туризм саласына қатысты құнды қағаздарға салатын инвестиция көлемiн қысқартуға кеңес беруде. Француздардың бұл пiкiрiмен Еуропалық Орталық банк басшысы Жан-клод Трише келiспейдi. Оның айтуына қарағанда, «экономиканы тұрақтандыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар әлдеқайда тиiмдi болмақ. Сонымен қатар сызат түскен сенiмдi күшейту, жұмыссыздық деңгейiн төмендету (бүгiнде еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейi 9,7 пайызға тең), шетелдiк сұраныс деңгейiн арттыру оңайға түседi. Халықаралық нарықтағы мұнай мен басқа да шикiзат құны өсуi әбден мүмкiн. Әлемдiк экономиканың нақты саласы мен қаржы саласы арасындағы жағымсыз әсерлер бiраз уақытқа созыла түсетiнiн жоққа шығармаған Трише протекционизмдiк қысымның күшейе түсуi мүмкiндiгi мен бұзылған жаһандық тепе-теңдiктi (тұтыну, қор жинау мен инвестиция айналымының сәйкессiздiгi) түзетуде әлем жүйесiздiкке ұрынатынын көлденең тартты. Еуропалық шенеунiктер Қытай үкiметiнiң экономиканы қолдау мақсатында бөлгелi отырған 586 млрд. доллары (4 трлн. юань) халықаралық саудадағы дауға түрткi болуы мүмкiндiгiн ескертуде. Яғни, аспанасты елiндегi өндiрiс қарқынының еселенуi дағдарыстың жаңа толқындарын тудыру, анығында, күмәндi инвестициялық жобаларға берiлетiн «нашар» несиелер санының арту қаупiн еселей түспек. Қытайдың Орталық банкi үстiмiздегi жылы пайыздық ставканы 5 пайызға дейiн төмендетуiнен жұрт жаппай қарыз алуға көшiп, нәтижесiнде борышкерлерге таратылған несие көлемi 1,3 трлн. доллардан асып жығылған. Арзан несиеден аузы күйген әлемдiк орталық банктер Пекинннiң «батпан құйрығы» аяғынан әлi тiк тұрып үлгермеген әлемдiк экономиканы қайтадан тұралатып тастамаса деп алаңдайды. Еуропалық Одақ Сауда Палатасының президентi Йорг Вуттке 2009 жылдың алғашқы жартысында инвестиция көлемiн 40 пайызға дейiн арттырған Қытай аса көп мөлшерде өндiрiлген тауарына сұраныс төмен болуының салдарынан 2010 жылы экспорттық тауарлар бағасын барынша төмендетуге мәжбүр болады. Ал оның шетелдiк серiктестерi протекционистiк кедергiлердi енгiзе отырып, отандық тауарлары мен жұмыссыздық деңгейi артып кетпес үшiн iшкi еңбек нарығын қорғауға тырысады. Мамандар қауымы экономикалық ахуалы ушыққан сәтте АҚШ пен Батыс Қытайға юаньдi АҚШ доллары мен еуро бағамына сәйкестендiре отырып, күшейту үшiн қысым жасайтынын айтқан. 2009 жылдың 29 қарашасында еуропалық елдердiң бас қаржыгерлерi ҚХР Мемлекеттiк хатшысы Вэн Цзябаомен кездесiп, дамыған елдердiң экономикасын қалпына келтiруге үлкен кедергi жасап отырған қазiргi арзан юаннiң доллар мен еуроға шаққандағы бағамын көтеруге қолқа салған болатын. Алайда Пекин Еуропалық Одақтың бұл ұсынысын қабылдаудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Аспанасты елiнiң қарқыны жуық арада бәсеңдей қоймайтын сыңайлы. Дүйсенбi күнi ресми Пекин Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiндегi ауқымы жағынан екiншi орынға ие Дубайдың дефолтқа ұшырауы Қытайдың алтын және мұнай активтерiн сатып алуына мүмкiндiк беретiнiн мәлiмдедi. Қазiр Қытайдың алтын-валюта қорының басым бөлiгi – 2,3 трлн. доллары АҚШ-тың мемлекеттiк құнды қағаздарына салынған. Қытай экономистерi билiктi ендi алтын-валюта қорын жер, кен орындары мен iрi компанияларды сатып алу мақсатында жұмсауға шақыруда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ