ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРIЛIСI ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК...

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРIЛIСI ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК...

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРIЛIСI ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК...
ашық дереккөзі
673

Кеше Алматыда Ұлттық баспасөз клубында белгiлi ақын, көрнектi қоғам қайраткерi Мұхтар Шахановтың бастауымен бiр топ ұлт зиялылары баспасөз-мәслихатын өткiзiп, Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бiрлiгi доктринасындағы» «қазақстандық ұлт» идеясынан билiк 20 күннiң iшiнде бас тартпаса, Республика алаңында аштық жариялайтындығын мәлiм еттi.

Халық буырқанбасын, егер бұқара ашуға мiнсе оны хан да, қара да тоқтата алмай кетедi. Сол себептi де қай заманғы билiк те халықпен, жұртпен санасуға мәжбүр болған. Тiптi, диктаторлар мен дара билiк иелерiнiң өзi қараның қас қабағына қарай қимылдайтын болған. Бүгiнгiдей авторитаризмнiң күлi көкке ұшқан, тоталитаризм келмеске кетiп, демократия құлаш жайған заманда билiктiң белден басып, өз көзқарасын таңа беруi халықтың ашу ызасын тудыруға алып келiп отыр.

Бүгiнгi халық қарнының ашқанына емес, қадiрiнiң қашқанына жылай бастады. Тәуелсiздiк тұғырын бекемдеу барысында билiктiң естен шығарып алған бiр дүниесi – ең нәзiк мәселе – ұлт мәселесi. Ұлт мәселесi болғанда, ұлттың рухы мен намысын табанға таптау, бұл iсте елдегi мемлекетқұраушы ұлттың есесiн жiберу, елдегi тыныштықты қазақтың есебiнен жасау iсi болып отыр.

Баспасөз-мәслихатына қатысушылар ел билiгi ойлап тапқан «Қазақстандық ұлт» идеясының ұлтты жоюға бағытталған қадам екендiгiн айтады. Мұхтар Шаханов бүгiнгi қазақ қоғамының алдында үш түрлi таңдау тұрғандығын жеткiздi. Ол – билiктiң көн етiгiн мұртымен тазалау, жеке мүддесi мен қарнының қамын ойлап үнсiз қалу, сондай-ақ, ұлт үшiн жан аямай күресу.

– Бұл бiздiң соңғы тұяқ серпуiмiз, егер, «қазақстандық ұлт» доктринасының қабылдануына жол беретiн болсақ, одан кейiн оған қарсы тұрушылар, мемлекеттiң саясатына қарсы адам ретiнде жауапқа тартылатын болады. Демек, ешкiм жұмған аузын аша алмай қалады. Сол үшiн бiз бұған жол бермеуiмiз керек. Ұлт үшiн жан пида. Мен өз басым екi рет инфаркт алған адаммын, маған дәрiгерлер ашығуға рұқсат етпейдi. Бiрақ, ұлттың жойылуын көре тұра, әрекетсiз қалғым келмейдi. Бұны көргенше, өлгенiм артық, – деп ағынан жарылды ақын.

Ақын, аудармашы, Абай мен Мағжан өлеңдерiн орысша сөйлеткен Владимир Акимов ең әуелi жұрттан мемлекеттiк тiлде сөйлей алмайтындығы үшiн кешiрiм сұрай отырып, қазiргi таңда Қазақстанда «ұлт» деген ұғымды керi түсiндiру iсi жүргiзiлiп жатқандығына тоқталды.

– Мен өз басым Қазақстанда 53 жыл тұрамын. Тың игеру жылдарында келген едiм. Бiздiң елдегi ұлттық жағдайды Америка мен Бразилиямен салыстыру iсi қате. Бұл мемлекеттерде мемлекетқұраушы титулды ұлт өкiлдерi жауыздықпен жаншылды. Титулсыз ұлты жоқ елде «америкалық» және «бразилиялық» ұлт жасақталды. Ал, моноұлтты Қазақстанда «қазақстандық ұлт» жасақтау iсi ұлттық балансты бұзады және бұл өте қауiптi. Әрине, ұлттардың бiр шаңырақ астында, бiр мемлекеттiк мүддеге бiрiгуi қажет. Бiрақ, бұл iсте қазақ ұлтының төңiрегiнде топтасуымыз керек. Сондай-ақ, билiктiң «үш тұғырлы тiл» тұжырымдамасын ұсынуы да ақылға қона бермейдi. Қазiр бiзде екi тiлге басымдық берiлiп отыр. Бiрi – мемлекеттiк тiл, екiншiсi – ұлтаралық қарым-қатынас тiлi ретiнде қолданылатын орыс тiлi. Орыс тiлiнiң дәрежесi де, менiңше, уақытша. Демек, бiздiң қоғам моноұлтты, монотiлдi, мономәдениеттi қоғам жасақтауы тиiс. Бұл ретте билiктiң қазiргi жүргiзiп отырған саясатының қате екенiн айта отырып, мен де 17-желтоқсанда болуы тиiс акцияға қатысуды көздеп отырмын, – дедi ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының Астана қалалық филиалының жетекшiсi Жангелдi Шымшықов Қазақстан халқы ассамблеясының заңдылығына шүбә келтiре отырып, «көпұлтты» деген терминнiң бiздiң қоғамға таңылуының қате екендiгiн айтты:

– Егер, елдегi мемлекетқұраушы ұлттың үлес салмағы жалпы тұрғындардың үштен екiсiнен асатын болса, онда ол қоғам бiр ұлтты қоғам болып есептелiнедi. Ал, Израильде еврей ұлтының үлес салмағы 60%-ға жетпейдi, бiрақ, ондағы iс-шаралардың барлығы, саяси шешiмдер еврейлердiң мүддесiне қызмет етiп отыр. Сол секiлдi араб елдерiнде арабтардың үлес салмағы 25%-дан аспайды екен. Бiрақ, онда арабтан өзге ұлттың жайы сөз болмайды да. Ал, бiзде бiр өкiлi тұратын ұлтты да көп ұлттың бiрiне жатқызып жүрмiз. Ұлтты ешкiм жасақтай алмайды. Бұл тарихи процесс. Ата-бабаларымыздың мыңжылдық күресiнiң нәтижесiнде пайда болған Қазақ мемлекеттiгiнiң болашағы әлдебiр ассамблеяның солақай шешiмiмен шешiле салмақ па?

Дәл осы ойларды филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов пен жазушы Ғаббас Қабышев те ортаға салды. Мекемтас Мырзахметов Ресей қоластына енген түркi халықтарының 52%-ын қазақтар құрағанын айта отырып, қолдан ұйымдастырылған геноцидтiң салдарынан жойылудың аз-ақ алдында қалдық дейдi. Бiрақ, Кеңес Одағының алып машинасы құрта алмаған ұлтты ендiгi Қазақстан билiгi тұқырта алмайды десе, Ғаббас Қабышев қоғамдағы енжарлық пен немқұрайлылықтың аса қауiптi фактор екендiгiн айтты. Немқұрайлылық жайлаған қоғамды ұйқысынан ояту қажеттiгiн айта отырып, бүгiнгi қоғамның ашынуының заңды құбылыс екендiгiн жеткiздi.

Сондай-ақ, баспасөз-мәслихатына келген «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан рухы», «Рух пен тiл» секiлдi қоғамдық ұйымдар мен Алтынай Асанова бастаған аналар тобы, Мекемтас Мырзахметов бастаған ғалымдар тобы, жиыны 50 адам егер билiк бүгiнгi талаптарға құлақ аспайтын болса, 17-желтоқсанда «Желтоқсан көтерiлiсiнде» жазықсыз боздақтардың қаны төгiлген алаңда аштық жариялап, билiктiң ұлт мәселесiнде ұстанып отырған саясатына қарсылық бiлдiретiндiктерiн айтты. Мұхтар Шаханов бұл тiзiмнiң әлi де жалғаса беретiндiгiн жеткiздi.

Сонымен, алып КСРО-ны құлатуға мұрындық болған Желтоқсан көтерiлiсiнiң 23 жылдығы қарсаңында Республика алаңында бұл көтерiлiстiң қайталануына жол бермеу үшiн, билiк Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бiрлiгi – қазақстандық ұлт» доктринасын қабылдаудан бас тартатындықтарын мәлiмдеп, саяси мәнi жағынан аса маңызды «Қазақ Елi» монументiнде қазақтың мемлекетшiл тұлғаларының бет-бейнесiн орнатуға келiсiмiн берiп, мемлекеттiк тiлдiң өз тұғырына көтерiлуiне байланысты жан-жақты сарапталған, сарабдал бағдарлама ұсынып, «Мемлекеттiк тiл» туралы арнайы заң қабылдауға келiсiм беруi тиiс. Олай болмаған жағдайда халықтың ашу-ызасы бiр сәтте бұрқ етуi ғажап емес.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары