Бұршақ, дауыл, 45 градусқа дейінгі аптап ыстық: Қазақстандықтарды қауіпті ауа-райы күтіп тұр

/
Бұршақ, дауыл, 45 градусқа дейінгі аптап ыстық: Қазақстандықтарды қауіпті ауа-райы күтіп тұр
istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері 15, 16 және 17 шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. 16 шілдеде батыс пен солтүстікте, 17 шілдеде солтүстік-батыс пен солтүстікте қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Тек елдің оңтүстігінде жауын-шашынсыз, ыстық ауа-райы болады. Республиканың көптеген өңірлерінде желдің күшеюі, ал солтүстік-батыста түнде және таңертең тұман түсуі болжанады.

16-17 шілде күндері республиканың оңтүстік-батысында қатты ыстық 39-44 градусқа дейін жетеді. 17 шілдеде елдің орталығында кейбір аймақтарда 40 градусқа дейін өте қатты ыстық болады. Оңтүстікте 40-44 градус, оңтүстік-шығыста 40-42 градус, солтүстік өңірлерде 30-35 градус, шығыста 35-38 градус ыстық күтіледі.

Бұған дейін синоптиктер 2025 жылдың шілде айына арналған кеңес беру сипатындағы ауа райы болжамын ұсынған болатын. Болжамға сәйкес, шілде айында елдің көптеген өңірлерінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Жаңбыр, кей жерлерде нөсерлі, найзағайлы, бұршақ пен қатты жел күтіледі.

Елдің оңтүстігінде қатты және өте қатты аптап күтіледі, кей аймақтарда шаңды дауылдар болуы мүмкін. Бұл өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары