САНАСЫН АРАҚ УЛАҒАНДАР
САНАСЫН АРАҚ УЛАҒАНДАР
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерi нәтижесiнде, араққа салынған азаматтар санының көптiгi жағынан Қазақстан әлемдегi алғашқы ондықтан табылды. Мақтанатын жайт емес, әрине. Өкiнiшке қарай, «жынды судың» дәмiн 10-15 жастан бастап тататын отандастар арасында қыз-келiншектер де аз емес. Мұндайда ұрпақ саулығы, ұлттың қауiпсiздiгi, мемлекеттiң жарқын келешегi туралы сөз қозғау артық.
1975 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы арақты адам ағзасы мен психикасын бұзатын есiрткi заты ретiнде жариялады. Өкiнiшке қарай, араққа қоғамды аздырушы дерт ретiнде қараған мемлекеттер кем де кем. Осының салдарынан болар, Денсаулық сақтау ұйымы жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде, Қазақстан арақ-шарап өнiмдерiн тұтынуда 8-орынға бiр-ақ көтерiлiптi. Бiзден 14 саты кейiн қалған ресейлiктер болса, 22-орында. Бұған дейiн дастарқанынан «самогоны» мен тұздалған қияры үзiлмейтiн орыстарды басып озған қазақтар оларға қарағанда, «жынды суды» 1 жарым литрге көп iшедi екен. ДСҰ сарапшыларының сатистикалық мәлiметтерiне сүйенсек, отандастардың жыл сайын iшетiн спиртi – 12 литр. Бүгiнде қазақ наркологтарының дабыл қағуы бекер емес, өйткенi, араққа әуестенген жасөспiрiмдер соңғы жылдары 10 есеге көбейген. Сорақысы сол, орташа есеппен алғанда, қазақ жастары арақтың дәмiн 10-15 жастан бастап татады екен.
Кейiнгi кездерi отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана емес, көшелерде де арақ-шарапты әдемi қыздармен «жасырын» түрде жарнамалау, Экрандардан талай жұтқыншақтарды бiр бүл еткiзетiн «алкогольсiз салқын сыра» көрiнгенге көңiлi елтитiн балалар мен жасөспiрiмдерге керi әсер етерi анық. Оның үстiне, медициналық зерттеулер нәтижесi сыраның сырттай қарағанда адам ағзасына зияны аз сияқты көрiнгенмен, ендi қалыптасып келе жатқан жас ағзаға зардабы көп екендiгiн дәлелдедi. Сыра құрамындағы алкогольмен ғана емес, еркектердiң белсiздiгiне әкеп соғатын ауыр зардабымен де зиянды. Мұны анықтаған – ағылшын ғалымдары. Жуырда ресейлiк дәрiгерлер әскер қатарына шақырылатын жастардың 60 пайызының белсiздiк дертiне ұшырағанын айтып, дабыл қақты. Араққа әуестiкте 22-орында тұрған орыстарда 60 пайыз болса, бесiктен белi шықпай жатып, «жынды суға» бас қоятын қазақ жастары туралы сөз қозғамақ туралы, ойлаудың өзi қорқынышты. Қолдарына – бөтелке, саусақтарына шылым қыстырған қыз-жiгiттен жарқын болашақты талап ете аламыз ба? «Жығылғанға – жұдырық», соңғы жылдары наркодиспансерге тiркелгендер саны да көбейiп барады. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, бүгiнде бөтелкеден шыға алмай жанталасқан 2 мың жас ұрпақ дәрiгерден сауға сұрауда… Бұл мемлекеттiк органдар берген мәлiмет, ал шындықтан құралатын бейресми көрсеткiштердiң әлдеқайда жоғары болатыны белгiлi.
Негiзi ағзасын арақ билеген азаматтардың көптiгi — әлеуметтiк ахуалы төмен қоғамға тән нәрсе. Сырт қарағанда, шарапқа әуестену өмiрде жолы болмаған жеке адамның қасiретi сияқты көрiнгенмен, оның астарында бүкiл бiр ұлттың қасiретi жатыр. Себебi, алқаштан туған сәби де – алқаш. Ал дүниеге келетiн әр қызылшақаға балаша қуанатын қазақ мемлекеттiң келешегi әрi ұлттың жалғасы – жас ұрпақтың тәнi де, жаны да сау болуына мүдделi. Сарапшылар пiкiрiнше, араққа әуес азаматтардың көптiгiне бiрнеше себеп бар. КСРО кезiнде арақ-шарап өндiрiсi тек мемлекеттiк кәсiпорындардың құзырында болатын. Монополия орнатқан кеңестiк үкiметтiң күн тәртiбiне қойған басты мәселелерiнiң бiрi арақпен күрес едi. КСРО ыдырап, нарықтық экономика қанат жая бастағанда, алкоголь өндiрiсi жекеменшiк кәсiпкерлердiң қолына өттi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары спирттi суға «шылап» сатқандардың арасында бүгiнде беделдi бизнесменге айналғандары бар. Сол жылдары медициналық сараптамадан өткiзiлмеген арақтың кесiрiнен талай қазақ уланып өлдi. Iшкi нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы болған жалған арақ жасаушылардың кесiрiнен араққа әуес ұрпақтың тұтас бiр буыны қалыптасты.
Үстiмiздегi жылдың тамызында кәмелеттiк жасқа толмағандарға сағат кешкi 10-нан таңғы 6-ға дейiн көңiл көтеретiн ғимараттарда болуға және қоғамдық орындарда арақ-шарап iшуге тыйым салатын заң қабылданған болатын. Отандық арақ өндiрушiлердiң қазiргi жағдайына алаңдаған депутаттардың кейбiрi сырттан келетiн арақ-шараптың көлемiн шектеу туралы Премьер Мәсiмовке өтiнiш айтты: «Егер отандық кәсiпорындарға әлемдiк экономикалық дағдарыс кезiнде көмек бермесек, олар ертең банкротқа ұшырап, елдегi жұмыссыздық деңгейi артады». Шетелдiк алкоголь өнiмiне берiлетiн лицензия құнын 10 айлық жалақы көлемiмен, ал қазақстандық кәсiпорындарға 500 айлық жалақы көлемiнде тағайындау әдiлетсiздiк екенiн көлденең тартқан депутаттар отандық арақ өндiретiн кәсiпорындардың жартысына жуығы өз жұмыстарын тоқтатқанын, есесiне, Ресей, Украина, Грузия, Молдова, Франция, Италия, Ирландиядан тасылатын шетелдiк өнiмдердiң iшкi нарықтағы үлесi уақыт өткен сайын артып бара жатқанын жеткiзген. Ал Қаржы министрлiгi азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында, арақ-шарап айналымына бақылауды күшейтетiн талаптарды ұсынды. Сонымен қатар министрлiк осылайша, салық жүгiн ауырлату арқылы мемлекеттiк бюджетке түсетiн кiрiстi 7 млрд. теңгеге дейiн арттыруға мүмкiндiк алды. Сарапшылардың кейбiрi арақ-шарап нарығының 80 пайызы көлеңкелi бизнестiң еншiсiнде десе, ендi бiрi бұл көрсеткiштi тым асырасiлтеушiлiк деп бiледi. Тағы бiр дерек, алкоголь өнiмдерiн шығаруға 36 фирманың лицензиясы бар болғанмен, Қаржы министрлiгi тарапынан бекiтiлген 150 млн. теңге көлемiндегi ең төменгi өндiру қарқынын небары 4-5 фирма ғана орындайды екен. Осының кесiрiнен мемлекеттiк бюджет 10 млрд. теңгелiк акцизден және 6 млрд. теңге көлемiндегi қосымша құн салығы ретiнде төленетiн кiрiстен қағылады. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының араққа қатысты жасаған зерттеулерiне қарсы уәж айтқан кейбiр мамандар пiкiрiнше, қоғамдағы азаматтардың жылына қанша литр арақ iшетiнiн емес, елдегi араққа салынып кеткендер санын нақтылау қажет. Дәрiгерлер жастарды арақ-шараптан алшақтататын қатаң шаралар қолға алынған кезде ғана балалар мен жасөспiрiмдер арасында кеңiнен таралып бара жатқан араққа әуестiк дертiн азайтуға болатынын көлденең тартады. Ал тәрбиелеу, адамгершiлiк қағидаларды үлгi ету арқылы адамдар санасына әсер ету т.б. шаралар алкогольмен күресте шарасыз. Кейбiр мамандар арақ-шарап өндiрiсiне кеңестiк билiк кезiндегiдей мемлекеттiк монополия орнатуды дұрыс көредi. Әлбетте, арақ өндiруде мемлекеттiң монополистiк саясатты ұстану мәселесi – қоғам талқысына түсуi тиiс тақырыптардың бiрi.
Дағдарысқа ұшыраған жас ұрпақтың санасын улаған арақ-шарап – ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатер. Демек, ақыл-есi бөтелке бетiнде қалқыған қазақ жастарының ертеңгi күнi бұлыңғыр болмас үшiн мемлекеттiк деңгейде атқарылатын жедел шаралар қолға алынуы тиiс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ