СУ ТАПШЫЛЫҒЫ — КЕЛЕШЕК ҚАҚТЫҒЫСТАРҒА СЕБЕП
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ — КЕЛЕШЕК ҚАҚТЫҒЫСТАРҒА СЕБЕП
Әлемдiк су қорының ширек бөлiгiне ие Ресей әлемдiк саясатқа мұнайы мен газы арқылы ғана емес, су сату арқылы да ықпал етуге мүдделi. Халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi келешекте су тапшылығы қарулы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкiн деп қауiптенедi. Ал 2025 жылға қарай Жер шары тұр-ғындарының үштен екiсi су тапшылығының зардабын тартпақ.
Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы – тек орталықазиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе. Давостағы Дүниежүзiлiк экономикалық форумда қазiргi таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендiгi айтылды. Арнайы баяндама әзiрлеген сарапшылар қауымының пiкiрiнше, суға деген сұраныс деңгейi Жер шары халқының өсу қарқынынан асып түседi. Мәселен, 2025 жылға қарай су тапшылығының кесiрiнен әлемдiк егiс алқабының көлемi дүниежүзi қолданатын астықтың 30 пайызына дейiн қысқаратын көрiнедi. Бұл – Үндiстан мен АҚШ-та жиналатын дәндi-дақылдың жалпы көлемiне тең. Есесiне, 2050 жылға қарай азық-түлiкке деген тұтынушылық сұраныс 70-90 пайызға артпақ: «Энергия өндiру үшiн қажет су қорына деген сұраныс АҚШ-та – 165 пайызға, Еуропалық Одақта 130 пайызға өседi. Ауыл шаруашылығына керектi су көлемi күрт азайып, ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген сұраныс керiсiнше, тым өседi». Әлемдiк экономика мен өндiрiс неғұрлым дамыған сайын экономика мен өндiрiс те соғұрлым жылдам дамуда. Демек, су тапшылығын тартатын елдердiң саны өсiп келедi. БҰҰ сарапшылары алдағы 10 жыл көлемiнде әлемнiң барлық елдерiнiң экономикасы өсетiнiн, осының нәтижесiнде тамақ, жарық, жылу, киiм мен суға деген сұраныстың жоғарылайтынын көлденең тартуда. «Жығылғанға – жұдырық», судың орасан зор қоры шоғырланған мұздар да еруде. Гималай мен Тибеттен бастау алатын Жер шарының ең iрi 7 өзенi дүниежүзiнiң екi миллиардтан астам адамын сумен қамтамасыз етедi. Зерттеушiлер егер су қорына көңiл бөлiнбесе, 2100 жылға қарай мұз таулар ерiп кетедi дейдi. Қазiргi таңда ауыл шаруашылығы мен өндiрiс орындарына қажеттi суды бөлiп отырған аса үлкен 70 өзенге тартылу қаупi төнген. Мамандар ХХI ғасырдағы ең басты қиындықтардың бiрiне айналатын су мәселесi қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн деген болжам айтады. 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екi бөлiгi су тапшылығының зардабын тартады. Мұнайы мен газын әлемдiк саяси сахнаға ықпал ету құралы ретiнде пайдалануға тырысатын Ресей ендi су сату арқылы да күшейе түсудi көздейдi. Сейсенбi күнi Мәскеу мэрi Юрий Лужков халықаралық «Таза су – 2009» форумында сiбiрлiк өзендердiң 316 текше шақырым суының 27 текше шақырымын Ресейдiң Батыс Сiбiрiндегi суғармалы жерлердi су тапшылығынан құтқаруға және қалған бөлiгiн Қазақстанға сатуға ұсыныс жасады. Жыл сайын Солтүстiк Мұзды мұхиттан Обь өзенiне келiп құйылатын су (яғни, ерiген мұз) көлемi де – 27 текше шақырым. Лужковтың бұл ұсынысы КСРО кезiнде, яғни, 80-жылдары жасалған жобаға байланысты көрiнедi. Аталған жобаны кеңестiк үкiмет экологиялық тұрғыда пайдаға жарамсыз деп санағандықтан, iске асырылмай қалған. Былтыр «Су және әлем» атты кiтабын жарыққа шығарған Лужков ендi сiбiрлiк суды қазақтарға сатпақ. Оның айтуынша, Обь өзенiнiң бастауы Қорған, Орынбор, Челябинск, Түмен мен Ом облыстарының жаз айларында құрғақшылыққа ұшырайтын суғармалы жерлерiне қажеттi сумен (5-7 текше шақырым су) қамтамасыз етуге молынан жетедi. «Ресейдегi су әлемдiк қордың 24 пайызына тең. Сiбiрлiк өзендерден ауысқан суды Орта және Орталық Азия елдерiнiң су тапшы аймақтарына, мысалы, Қазақстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан т.б. елдерге 1 текше метрiн 25 центтен сату қажет» деген мәскеулiк мэр еуропалық нарықта судың 1 текше метрiн 3 еуроға сататынын көлденең тартты. Ал мамандардың пiкiрiнше, 27 текше шақырым су 4,5 млн. гектар жердi суғаруға молынан жетедi. Қазiр Лужков Ертiс пен Тобыл өзендерiнiң ағысын бұру арқылы жиналатын 4 текше шақырым суды Ресейдiң су жетiспейтiн аймақтарына қарай бұруды көздеп отыр.
Ресейлiк мамандардың айтуына қарағанда, қазiр Жер шарының әр тұрғынына 750 текше метрден келетiн су 2050 жылға қарай 450 текше метрге дейiн азаймақ. Бұл дүниежүзi халықтарының 80 пайызы ауызсу тапшылығына ұшырайды деген сөз. БҰҰ-ның су қоры көрсеткiштерiне қатысты бекiткен талаптарына тек Канада, Ресей, Бразилия мен Еуропаның кейбiр мемлекеттерi, Оңтүстiк Америка, Оңтүстiк Азия мен Африканың тропикалық аймақтары сай болмақ. Келешекке төнген қауiптiң алдын алуды көздеген әлем дабыл қағып, түрлi жиындар ұйымдастырудан шаршамай келедi. Алайда, шыққан нәтиже шамалы. Өйткенi, түгесiлуге таяған су қорын тиiмдi пайдалану, ысырап етпеу сияқты маңызды мәселеге бас қатырған Жер шары тұрғындары кем де кем.
Қытай құнарсыз жерлерiн құнарлы ету үшiн Ертiстiң суын ысырап етуiн тоқтатар емес. Қазақстан мен Ресей Қытайды 1 текше шақырым суды қанағат етуге көндiре алмай әлек. Мамандардың қауiптенетiнi, егер 1 текше шақырым судың көлемi 4 текше шақырымға дейiн өсетiн болса, Қазақстан мен Ресейге керi әсер етедi. Күннен күнге ушығып бара жатқан қаржылық дағдарыс Орталық Азияның негiзгi «бас ауруы» – су-энергетикалық мәселелерiн, мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның Шардара мен Сырдарияға тиесiлi су қорын пайдалануда ортақ мәмлеге келе алмауы, Ертiс өзенiнiң құқықтық мәртебесi, он жылдан астам уақыт бойы пiкiрталас толас таппаған су қорын тиiмдi пайдалану т.б. екiншi кезекке ысырып тастады. Бұл мәселенi кеңiнен қаузауға әсiресе, өндiрiстiк саласы суға барынша зәру аспанасты елi мүдделi емес. Сарапшылар түйiндi мәселенiң шешiмiн табуға Шанхай ынтымақтастық ұйымына сенiм артумен келедi. Қазақ жерiндегi тозығы әбден жетiп, ескiрген кеңестiк су құбырларының көпшiлiгi бүгiнде пайдалануға жарамай қалған. БҰҰ деректерiне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдерi арасында ең соңғы орында. Республикамыздың үштен бiр бөлiгi ауызсуға зар. Бұл қиындық суғармалы жерлерге де тән. Қазiрдiң өзiнде елiмiздiң оңтүстiк аймақтарында су тапшылығының кесiрiнен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiру көлемi қысқартылуда. Мәселен, үстiмiздегi жылдың 22 шiлдесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында болған вице-министр Өмiрзақ Шөкеев суды үнемдi пайдалану үшiн құрғақшылыққа төтеп бере алатын ауыл шаруашылығы өнiмдерiне ауысуға ұсыныс айтты. Ал мамандар бұрынғы 110 мың гектар мақта алқабын 80 мың гектарға дейiн төмендетуге шешiм қабылдады. Оның орнына бидай, жүгерi себу жоспарланған. Су тапшылығының кесiрiнен күрiш алқабын өсiру де аяқсыз қалды. Өйткенi, суды көп қажет ететiн күрiштiң орнына басқа дәндi-дақылдар егу көзделген. Мамандардың айтуынша, 2 мың гектар күрiшке кететiн суға кейбiр дәндi-дақылдардың 15-20 мың гектарын өсiруге болады екен. Оның үстiне, суды саяси қысым жасау құралы ретiнде пайдалануға көшуi де Қазақстанға тиiмсiз. Мысалы, Астана Түркiменстаннан газ тасымалдайтын құбырды Өзбекстаннан тысқары тартқанда қазақтарға тоңтерiс қалған Тәшкен «шөмiштен қысып», бiзге жiберiлетiн су көлемiн едәуiр қысқартып тастады. Оның себебiн, Қырғызстаннан тартылатын судың өзбектерге де жетпей қалатындығымен түсiндiрдi. Көршiлес мемлекеттер бiр-бiрiне ықпал етуде судан басқа тариф саясатын да жиi пайдаланады. Мәселен, өзбектер қазақтарға сатылатын газ бағасын өсiргенде, қазақтар темiр жол тарифiн көтердi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде орталықазиялық аймақтағы Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су қорын пайдалануда да тараптар пiкiр қайшылығына жиi ұрынады. Осының салдарынан Қазақстан мен Өзбекстан кезiнде Қырғызстаннан су-энергетикалық ресурстарды сатып алудан бас тартқан болатын. Басты тұтынушысынан айырылған айырқалпақтылардың су қоймаларындағы су көлемi күрт артып, Қазақстанның оңтүстiк аймақтарына су басу қаупi төндi. Дау шешу мақсатында өткiзiлген келiссөздер барысында қырғыздар да қарап қалмады, өздерiне сатылатын жанар-жағар майды арзандатуды, жеңiлдiктер жасауды талап еттi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ