ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ ФОРУМЫНАН НЕ КҮТЕСIЗ?

ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ ФОРУМЫНАН НЕ КҮТЕСIЗ?

ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ ФОРУМЫНАН НЕ КҮТЕСIЗ?
ашық дереккөзі

Осыдан бұрын Астанада желтоқсан айында тұңғыш рет қазақтiлдi журналистердiң Форумы өтетiндiгi жайында жазған едiк. Бүгiн сол форумнан журналистердiң не күтетiндiгiн, онда қандай өзектi мәселелердiң сөз болғанын қалайтындығын бiлудi мақсат етiп, бiрнеше журналиске сауал қойған едiк.

Кәмшат ТАСБОЛАТ, «Айқын» газетiнiң тiлшiсi:

— Астанада өтетiн Қазақ журналистерiнiң I халықаралық форумынан күтетiнiмiз көп. Негiзi, соңғы жылдары Қазақстанның ақпарат айдынында қордаланған мәселелер жетiп артылады. Елiмiзде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге келсек, бiр мемлекетте мүлдем екi түрлi тiлде сөйлеп, екi түрлi идеологиялық насихат жүргiзiп келе жатқан БАҚ-тардың мәселесi – үлкен проблема. Бiрi – отандық мәселелердi көтерсе, екiншiсiнiң бүйрегi кейде Ресейге бұрып тұрады. Өткен 15 жыл iшiнде қазақтiлдi БАҚ-тар да, орыстiлдi БАҚ-тар өз аудиториясымен жұмыс iстеп үлгердi. Бiрақ қай ақпарат бұл елде доминантты болуы керек? Қай ақпарат көздерi мемлекеттiк, ұлттық идеологиялық саясатты жүргiзiп келедi? Сөзсiз, мұнда қазақтiлдi ақпарат құралдарының маңызы зор. Өткенде белгiлi саясаткер Ерлан Қарин бiздiң газетке берген сұхбатында: «Қазақ журналистикасы ұлттық партияның рөлiн атқаруда» — деп мәлiмдедi. Расында да, осы күнге дейiн мемлекеттiк тiлдiң дамуын да, тарихтың қайта жаңғыруын да, тiптi, ұлттық идеологияны қалыптастыруды да өз қолына алған бiрден-бiр құрылым – қазақтiлдi газет-журналдар, электронды БАҚ-тар мен сайттар.

Бiрақ ұлт, тiл, дiн деп жүрген қазақтiлдi БАҚ-тардың өз жағдайына келсек, айтылар мұң аз емес. Бiрiншiден, әлi күнге дейiн қазақтiлдi БАҚ-тарды әр деңгейде алалау бар. Екiншiден, қазақтiлдi журналистердiң әлеуметтiк жағдайы – бөлек әңгiме. Бiрақ ең өзектi мәселе – тәуелсiз қазақтiлдi БАҚ-тардың аздығында. Бүгiнде мемлекеттiк монополияға көбiне-көп қазақтiлдi ақпарат құралдары iлiгiп отыр. Қош, ұлттық мәселелердi астарлап та жеткiзуге болар, бiрақ қазiргi таңда ұлттық мәселенi көтеру оппозициялық ой айтудан да қиындап кеткен жоқ па?! 67 пайыз қазақ – көрермен, оқырман және тыңдарман, олар ұлттық мәселелерден сусындап, өз сұрақтарына жауап алғысы келедi. Бiрақ ресми басылымдар мен телеарналарда жүргiзiлiп жатқан бiржақты саясаттың кесiрiнен бiз өз көрермен, оқырмандарымызды «жылтырағы» көп Ресей БАҚ-тарының алдына жығып берiп жатқан жоқпыз ба деп қорқамын. Рас, бәрiмiз патриотпыз, бiрақ кешқұрым үйге шаршап барғанымызда, бiзде көрермендiк инстинкт ойнайды: онда бiз көрермен ретiнде азаннан-кешке дейiн партияны аузынан тастамайтын «Хабарды» көремiз бе, әлде жақсы журналистiк зерттеу бағдарламалары бар «НТВ» арнасын көремiз бе? Билiк насихатының да өз «дозасы» болуы керек қой. Сондықтан мұндай өзектi мәселелер Қазақ журналистерiнiң алғашқы құрылтайында ашық айтылуы керек әрi билiк өкiлдерi бұған құлақ асса игi. Әйтпесе қазiр iрi қалалардан бастап шалғайдағы ауылдарға дейiн спутниктiк жүйелермен қамданып алған, олар – бөлек елдiң көрерменi. Қауiптiсi де сол.

Жанболат МАМАЙ, «Жас Алаш» газетiнiң саяси шолушысы, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықтың лауреаты:

— Қазақ журналистикасының халықаралық форумы жайында бiр нәрсенi айтуға болады: мұндай жиын бiзге керек. Бүгiнгi қоғамды мазалаған, халықты толғандырған проблемаларды көтеру үшiн, қазақ журналистерiнiң ортақ ұстанымын, бағыты мен көзқарасын айқындау үшiн бұл ауадай қажет. Бiрақ бiр мәселенi ескермесе болмайды. Өкiнiшке қарай, тәуелсiз қазақ баспасөзiнiң ортасы әлi қалыптасқан жоқ. Қазақ тiлiнде жарық көретiн басылымдардың бiрдi-екеуi ғана билiкке тәуелсiз, халықтың көкейiндегiсiн ашық айта алады. Сондықтан да мұндай жиынды билiкке тәуелдi ұйым емес, тәуелсiз күштер ұйымдастырса, оған батыл журналистер мен публицистер қатысса, онда оның маңызы ерекше болар едi. Ұйымдастырушылармен келiспейтiнiм, бұл форум қазақ журналистикасының тұңғыш жиыны емес. Осыдан бес жыл бұрын қазақ тiлiнде жазатын журналистердiң басын қосқан форум болып өттi. Сондықтан да мұны ескерген жөн болар.

Есенгүл Кәпқызы