ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ
ашық дереккөзі
311

Жуырда Алматыда ғалым-ақын Әбдiлда Тәжiбаевтың жүз жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өттi

Аса көрнектi поэзия алыбы айтулы драматург, әдебиет зерттеушi ғалым, қоғам қайраткерi, Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Әбдiлда Тәжiбаевтың 100 жылдық мерейтойы жуырда туған жерi Шиелi ауданы мен Астанада аталынып өттi. Мерейтой қарсаңында бүкiл республикалық басылымдар ол туралы көз көргендердiң естелiктерiн жариялаған болатын. Сол басылымдардың бiрi «Түркiстан» газетi де өткен аптада ғалым Құлыбек Ергөбектiң «Құлаған – «қазақ..», құлатқан – қазақ…» атты ақынның қиын кезде жазған «Бiз де қазақпыз» драмасына ғылыми тұрғыдан талдау жасаған бiр беттiк мақаласын жариялады. Ендi мiне, ақын тойы әдебиеттiң ордасы Алматыға да келiп жеттi. Өткен 16-қараша күнi Қазақ Ұлттық кiтапханада ақынның шығармашылығына арналған кiтап көрмесi мен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған бiрнеше ақын-жазушылар мен ғалымдар шақырылды.

Дөңгелек үстелдi Қазақстанның Жазушылар одағының төрғасы, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Нұрлан Оразалин ашып, ақынның ұлттық әдебиетке сiңiрген еңбегiнен жиналған қауымды хабардар ете келiп:

– Бiздiң республикада «Казпочта» деген үлкен мекеме бар. Сол мекеме таяуда жүзжылдығына орай арнайы ақын бейнесiн марка етiп шығарды. Бұл кез келгенге көрсетiле бермейтiн құрмет, – дедi.

Почта қызметкерлерiнiң айтуынша марканың жалпы саны 30 мың. Суретiн салған автор Данияр Мұхамеджанов. Сондай-ақ, той қарсаңында Қызылорданың «Сырдария» кiтапхана баспасы ақынның 5 томдық, Алматыдағы «Ана тiлi» баспасы 3 томдық өлеңдер жинағын шығарды.

Дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi ақын Қадыр Мырза Әлi:

– Әбдiлда Тәжiбаев бiздiң студент кезiмiзде көргiмiз келген айтулы ақын едi. Кейiндеу Әбекеңмен бiрге бiрнеше рет Кавказда демалдық. Сондай демалыстың бiрiнде ақшам таусылып Әбекеңнен қарыз сұраған едiм. Алған қарызымды елге барған күнi қайтаратынымды айттым. Ол кiсi ақша бердi. Елге келген күннiң ертеңiне қарызымды қайтардым. Сонда Әбекең: «Қарызды басқаға емес, айтқан уақытында қайтаратын саған беру керек екен ғой», – дедi. Мен: «Әбеке, қарызды сұрағанда беретiн сiзден алу керек екен ғой», – дедiм. Әбекең Мәскеудегi Әдебиет институтының екi жылдық курсын бiтiрген жан. Ұлттық әдебиетке, поэзияға мол үлесiн қосты. Шетелдерде болған. Жалпы Әбекеңнiң жүзжылдық тойы жақсы өтiп жатыр. Әбекең осындағы барша ақынның ұстазы.

Қызылорда облысынан келген әншi Құрманбек Бекбейiсов Нартай ақынның Әбекеңнiң анасы Айманкүлге өлеңмен жазған хаттарын сырнаймен шырқады.

Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi жазушы Оразбек Сәрсенбаев:

– Мен жақында Шиелi ауданына барып қайттым. Сонда ауданның 80 жылдығы, Әбдiлда Тәжiбаевтың 100 жылдығы, Имам Жүсiптiң 150 жылдық тойлары болды. Сол тойларда маған Әбекең туралы көп сұрақтар қойылды. Әбекеңнiң өмiрбаянының бiразы хатқа түскен. Бiрақ кейбiр қиыр-шиырлары қағазға жазылмай қалған. Әбекең Шиелiде туған, руы – қыпшақ. Әбекең – елдiң, жұрттың, халықтың азаматы. Ол туралы баспасөздерде жазылған мақалалардан, «Түркiстан» газетiне жарияланған Құлыбек Ергөбектiң материалы маған қатты ұнады. Басқа мақалалар жалпылама, үстiрт жазылған деуге болады. Қазақ әдебиетiнiң классигi Әбдiлда Тәжiбаевты бiз ендi тани бастадық.

Ақын Нұрлан Оразалин:

– Менiң есiме Әбекеңнiң мына өлең жолдары түсiп отыр.

«Удай болсын ащы болса,

Судай болсын тұщы болса

Жылымшыны жаратпаймын, жарандар

Жылымшыны жартылау деп санаңдар

Маған жарты керек емес бақыт та,

Маған жарты керек емес уақыт та

Маған тұтас жарық керек, күн керек,

Маған тұтас теңiз керек, тау керек

Маған тұтас алысатын жау керек».

Театр зерттеушiсi, ғалым Бағыбек Құндақбаев:

– Мен Әбекеңмен 1970 жылдары бiрге қызметтес болдым. Әбекең бiзге келiсiмен «Қазақ театрының тарихы қашан жазылады? – деп сұрақ қойды да, – бiз жұмысты осыдан бастайық, – дедi. Ертеңiне бәрiмiз жиналып өз ойымызды ортаға салдық. Солай iске кiрiстiк. Театр тарихының 1 томы 1971 жылы, 2 томы 1972 жылы жарық көрдi. Әбекеңнiң кереметi бұрын оқығандарын еске сақтайды екен. Театр артистерi Қаныбек, Серке, Жандарбек туралы театр тарихына жазғандарымызды оқып шығып, көп түзетулер енгiздi. Бiз архивтен көп материалдар жинаған едiк. Ол кезде алаш арыстары ақталмаған. Солардың пiкiрiн кiтапқа ендiрiп аты-жөндерiн жаза алмадық. Тек соңына «Қазақ» газетiнен деп жаздық. Мысалға, Жүсiпбек Аймауытовтың, Смағұл Садуақасовтың пiкiрлерi солай кеттi. Әбекең сол қолжазбаны оқып отырып: «Бағыбек, сен маған келшi, – дедi. – Сенiң мына жазғандарың Жүсiпбек Аймауытовтың пiкiрi ғой», – дедi. Сөйтсек ол кiсi сол кезде театр туралы кiмнiң не айтқанын жақсы бiледi екен. Кейiн соларды бiреу Орталық Комитетке жеткiзсе керек. Сол үшiн мен қатаң сөгiс алдым.

Ақын Нұрлан Оразалин:

– Әбекеңнiң «Мен жастардан да үйренуге жалықпаймын», – деген тарихи сөзi бар. Әбекең бәрiмiзге ұстаз болды және бәрiмiздi қамшылай бiлдi.

Ақын Сейфолла Оспан:

– Әбекең өмiрiнiң соңғы жағында бiраз сынға ұшырады. Сонда мәселенiң әдiлдiгiн айтып оны қорғаған да жандар болды. Солардың бiрi Төлепберген Тобағабылов. Газетке 2-3 мақала жазып, көкейге қонымды пiкiрлерiн айтты. Қазiр Әбекең туралы газеттердiң бәрiнде жақсы мақалалар жарияланды.

Ақын Есенбай Дүйсенбаев:

– Әбдiлда Тәжiбаевтың «Өмiр және поэзия» атты кiтабын бәрiңiз жақсы бiлесiздер. Ол сол кiтап бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Әбекең ғылыми жұмысты да поэзия тiлiмен жаза бiлдi. Бұл жас ғалымдарға үлгi болуға тиiс.

Жазушы-журналист Жақау Дәуренбеков:

– Әбекеңнiң сексеннен асқан соң да екiншi тынысы ашылып әдебиетке қомақты үлес қосты. Мұндай ерлiк екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi.

Кезiнде Бауыржан Момышұлы ол туралы былай деп жазған екен.

«Әбдiлда Тәжiбаевтың әкедей ақылды, шешедей мейiрбан, парасатты өлеңдерiне тәнтiмiн. Мен үшiн қазiргi өзге ақындар бiр төбе де, Әбдiлда бiр төбе», – деген сөзi де Әбекеңнiң өмiрде, әдебиет өлкесiнде қандай адам болғанын көрсетiп тұрған жоқ па.

Сол күнi кешке Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Әбдiлда Тәжiбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өттi. Кеште Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының иегерi ақын Тұманбай Молдағалиев баяндама жасады.

К.Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары