ҚҰЛАҒАН – «ҚАЗАҚ...», ҚҰЛАТҚАН – ҚАЗАҚ...

ҚҰЛАҒАН – «ҚАЗАҚ...», ҚҰЛАТҚАН – ҚАЗАҚ...

ҚҰЛАҒАН – «ҚАЗАҚ...», ҚҰЛАТҚАН – ҚАЗАҚ...
ашық дереккөзі

Көрнектi ақын-драматург Әбдiлда Тәжiбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай

Қазақ әдебиетiнiң өткен жолына қарап отырсаң сүйiнiстi сәттермен қатар өзегiңдi өртер өкiнiштi iстердiң көп болғанына көзiң жетедi. Адалдыққа шақырғыштайтын ағалардың аңғалдығына қайран қаласың. Олар бiрiн-бiрi адалдыққа шақыра жүре, бiр-бiрiне адал бола алмағанын аңғарасың. Аға буын әрекетiнен бiрiн-бiрi апаттан сақтандырған болып жүрiп, бiрiн-бiрi жар-құзға құлатып ала жаздағанын байқаймыз. Содан да өзегiңдi өкiнiш өртейдi. Бүгiнгi әңгiме де сондай бiр өкiнiштi жағдай хақында… Асылында өнер «ақ бiлектiң күшiмен, ақ найзаның ұшымен» өркендемейдi ғой. Алайда «кеңес әдебиетi» аталатын ұлттар әдебиетiнiң жетпiс-сексен жылдық тарих-тағдыры бiлiмнен гөрi бiлек күшiмен жасалған әдебиет. Бiлек күшiне салынғаны емей немене, әдебиет пен өнер өрендерi әрiсi КОПК Орталық Комитетi, қала бердi ұлт республикалары Коммунистiк партиясы Орталық комитетi қаулы-қарарларымен қудаланса, кононнан шыға күнеске тарта iзденiстен туған құбылысқа баларлық үздiк шығармалар қаулы-қарармен түн-түнекке қайта қуылып тығылып, тас зынданға тасталса?! Әдебиет пен өнер туындысына кесiр-кесапатын тигiзген осындай қаулының бiрi – өз кезiнiң тiлiмен айтқанда, БК(б) П Орталық Комитетiнiң 1946 жылы тамыздың 26-сы күнi қабылдаған «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысы. БК(б) П Орталық Комитетi аталмыш қаулыда ұлт театрлары, оны дамытуға тиiстi ұлт драматургтерi хақында сөйледi. Қоғам үшiн жат шығарма жаратқан, сөйтiп жат идея таратқан драматургтер аяусыз әшкереленiп, қалам қайраткерлерi кiрпiк қақпас қырағылыққа шақырылды. Уақытында кәтта (үлкен) тарихи маңызы бар деп танылған қатерлi қаулыға қазақ драматургi Әбдiлда Тәжiбаевтың «Бiз де қазақпыз» аталатын драмалық поэмасы да iлiндi. Қилы-қилы қиын кезеңдерден қысылып шыққан, бұлың-бұлың кездерден болдырып шыққан ұлтының жақсылыққа, жарық күнге ұмтылған ұлы мұратын жаһанға жар сала жырласам, күнге талпынған кейiпкерiме сахнадан отты, жалынды сөз айтқызсам деген ақын ойы адыра қалды. Әбдiлда Тәжiбаев «ұлтшыл», «буржуазиялық символист» аталып ағаш атқа мiнгiзiлдi, жыл бойы жиналыстарда талқыланып қансорпа болды. Ақыры, бұдан да жаман заманды – адам көзiнен жас орнына қан ағызған қатал уақытты көрiп, кешiп өтiп, еңсесiн ендi тiктеген драматург iс насырға шаппас үшiн «кiнәсiн» мойындап, әдебиет пен өнер қайраткерлерiнiң Алматы қалалық партия жиналысында кешiрiм сұрап тынды. Бүкiл бiр халық атынан ақ сөйлеген «Бiз де қазақпыз» жөргегiнде тұншықтырылды, әдеби өмiрден аласталды. Сәттi туындының тұсауы кесiлместен қадамы сәтсiз аяқталды. Ақын-драматург жаны жаралы қалды… Бұл – Ә.Тәжiбаевтың «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасына байланысты әрiсi одақтық, берiсi республикалық архив һәм ағымдағы баспасөз материалдарымен танысқаннан кейiн айтылып отырған сөз. Ал, поэтикалық драма бұл күйге қалай ұшырады? Ақын-драматург не айтты? Қатерлi қаулы не бiлiп, неден шошынды, неден тыйды? Әңгiме неден, қалай басталып, қалай өрiстеп, қатерлi қаулыға қалай iлiктi? Өткен уақыт, кеткен күн, көшкен саясат үнi бүгiн не айтар екен, нендей тәжiрибе жинақтатар екен жаңа ұрпаққа? Көкiрегi өлең үнiмен күмбiрлеп, поэзия күмiс қоңырауын күмбiрлетуден бiр танбай келе жатқан көрнектi ақын Әбдiлда Тәжiбаевта: «Адамы болдым заманның, Қанаты да болдым арманның» – деген ойлы, сырлы қос жол өлең бар. Ақын өзегiн жарған өкiнiштi сырын айтып арылайын дей ме, айтпасына «өлең шiркiн» ырыққа қоймай ма, әйтеуiр осы қос жолда қойын-қонышы өлеңге толы, тұла бойы шабыттан жаралған қарт жыраудың бүкiл адамдық болмысы мен ақындық құдiреттi тұлғасы бiрге құйылып, бiрiгiп, кiрiгiп кеткен. Ақын замананың адамы болудан да сырт тұра алмады, ал халқының ақ таңдай аппақ арманын жырлаудан да бiр танбады. Туған халқының арманын жырлау – қайғы-қасiретiн көрмеу емес, ар-ождан бостандығын бiлмеу емес. Халық трагедиясын көрмеген, көре-бiле тұра қанын сорғалатып айтуға дәтi бармаған адам – ол халықтың арманын жырламағаны, ананың ақ сүтiн ақтамағаны. Мұны айтудағы мақсат – Әбекеңнiң күллi Кеңес үкiметiн, шулатқан «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасына келу жолын ишаралау. Арғы жағында замананың қара дауылы соққан – 1937 жылдары аяулы ағаларымен бiрге адасып, қадамды қапы басып, пайғамбардай ұстаздары, қимас ағалары, құдiреттi құрдас-тұстастарынан айырылған ақын Ұлы Отан соғысы аяқталар-аяқталмаста ар iсiне, кiсiлiк шарусына кiрiскен. Обалы не, iсiне адал берiлiп арыла, iрi кiрiскен. Бұл ретте Әбдiлда Тәжiбаев – туған халқын қанға бөктiрiп, талай қимасын қыршынынан қиып кеткен қатал уақыт – қатерлi саясатты сынауға батыл кiрiскен алғашқы ақын. Ақынның сондай замана зұлматына қарсы батыл үн көтерiп, батыр кескiн танытқан шығармасы – қатал сынға ұшыраған «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасы. Қатерлi қаулыға жалғыз-дара iлiнгенiмен «Бiз де қазақпыз» уақыт қысымын, саяси аңғар қателiгiн астарлай, қатал сынайтын, туған халқын асқақ арман, күнес күнге шақырғыштайтын жалақы шығарма емес-тi. Бұл өзi халық бақыты, бостандығы деген өрелi ойды өзек еткен «Жомарттың кiлемi», «Бiз де қазақпыз», «Көтерiлген күмбез» секiлдi философиялық триптих болатын, бiздiң пайымдауымызша. Тайсақтамай турасын айтсақ, өзара үндес, өзектес шығармалар – 1937 жылдың қанды қасiретiн бiрде астар ишарамен, бiрде ашық кетiп айтқан қазақ әдебиетiндегi алғашқы шығармалар шоғыры! Адалына көшсек, Әбдiлда (драматург) ақынның да, аталған шығармалардың да тарихи алғашқылық мәнiмен бiрге, бiрлi-жарымы сахнаға қойылып, денi дауға түсiп, автор басына бұлт үйiрiп-үйiрiп жабылып қалған туындылардың көркемдiк нәрi, поэтикалық рухы, идеялық өзегi әлi мықты деп бiлемiз. Шынтуайтына келсек, қазiр бәрiмiз таңқалып тамсанып жабыла мақтап жүрген «Кiмге обалым айтсаңдаршы, Қаным қайда төгiлген? «Ат!» деген кiм, атқан қайсың, Қабiрiм қайда көмiлген?» – деген таң айқайындай ащы, жан айқайындай зарлы жолдар, түйдектi ойлар жоғарыда аталған драмалық поэмалардан бастау алады. Бұл – философиялық триптихта байсалды, астарлы айтылған толғақты ойлардың монологқа айналып ашық айтылған бiр сiлемi ғана. Ал, әлгi «Жомарттың кiлемi», «Көтерiлген күмбез», «Бiз де қазақпыз» философиялық, драмалық поэмаларындағы ойлар жазықсыз жапа шеккен бiр ақын (Сәкеннiң) монологына қарағанда бүтiн бiр елдiк трагедияны ашып, бүкiл бiр халық бостандығын жырлауымен, кемерлей айтылған ой кенересiнiң кеңдiгiмен әлдеқайда еңселi тұр. Бiр халық басындағы трагедияны жалқылықтан жалпылыққа, нақтылықтан абстрактылыққа ұластыра философиялық жинақтауға түсiре айтқан бұл биiгiнен кезiнде ақынды кезеңдiк саясат үркiтiп түсiрiп жiбердi де кейiн ол биiгiне ақынның өзi де көтерiле алмай қалды. Сөйтiп бiз ақын обалына қалдық деуге болады. Әңгiмемiз тұздықты болуы үшiн аздап мысалға жүгiне сөйлейiк. Бауырлас өзбек тiлiне ақын Мiртемiр тәржiмалап, режиссерлер театр сахнасына даярлап тұрып жабылып қалатын «Көтерiлген күмбездiң» айтары да езiлген ел рухын көтеру, жасыған жiгердi қайратқа жану хақында болатын. Шыңғысхан, Ақсақ Темiр өмiрiнiң аңызына орайласқан ақын бұл шығармасында басқыншы Хан алдында еңсесiн түсiрмеген халық рухын жырлады. «Құлаған алтын күмбездi, Көтердiк бiз қайтадан» (Қатыран) дейтiн атақты ғимаратшы сөзiне астарлы философия ұялатты. Шығарма философиясы – ел бiрлiктi, ынтымақты тұрғанда оны еш жау жеңе алмайды, хан өмiрiнен өнердiң өмiрi биiк дегендiк болушы едi. Сүйегiн есте жоқ ескi заманалардан алған болып сөйлейтiн ақын бiрде хан кеңесшiсi – қарт Бөгдеге: «Басын жоймай бұл елдiң, Баса алмаймыз кеудесiн» – деген ой айтқызады. Белгiсiз кезеңнiң белгiсiз кейiпкерi аузынан шыға тұра бұл жолдар, бұл ойлар – қанқұйлы 1937 жылдың кеңдiгiне соғып, саяси паранжасын сыпырып алар едi. Әйтпесе, махаббат пен шабыттан жаралған ғимаратшы Пәрмен айтар: «Өсетiн елге ар қымбат, Өшетiн елге жан қымбат» – деген ойлы жолдар да тыңдаған «құлақты» елең еткiзерлiк, оқыған оқушысын селт еткiзерлiктей емес пе? Бұл – өткен күннен заманның адамы болып жанын жаралап шыққан Әбекеңдей ақынның желдi желкенiн көтерiп халық арманының қанатына айналуының куәсiндей жiгерлi, ойлы туындылар болатын. Әйтпесе, БК(б) П Орталық Комитетiнiң аталмыш қаулысына iлiнген «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасын алайық. Түн-түнекте тiршiлiк етiп жатқан бiр ел. Қантамырын әлсiретiп, өздерiн өлiмтiкке айналдырған тұмшаланған қараңғылыққа етi өлiп кеткен халық. Мынау ғаламда Жарық күн бар екенiнен бәрi де бейхабар. Күндi iздеу – күнә. Түнге табыну, тас құдай – Бураға табыну – хан орнатқан қатал тәртiп. Ел анасы – Аналық күннiң барын, күн нұрының халыққа дәру екенiн айтты. Азбандай ұста елiм деп еңiреген ер туса ұстар деп киелi қылыш соқты. Күн туды. Азаттай ұл келдi дүниеге. Азатшыл ұл – Азатханға қарсы сұраулы үн көтердi: «Неге елiмдi тас қамауға қамадың? Неге елiмдi тұманмен торладың? Неге тiлiн байладың?» – деп сұрады Бурадан. Осындай ойларды сонау қырқыншы жылдары айту, бостандықшыл кейiпкерiне айтқызу әсте оңай емес-тi. Ақын – «Мен үшiн ендi бәрiбiр» дейтiн азатшыл Азбан кейiпкерi секiлдi нартәуекелге барды. Әйтпесе, ел бастар жасұлан – Азатқа тағы бiрде: «Айналаң тау, төбең тұман Лайсаң дүниең ыбылжыған, Я жарық жоқ, я жылу жоқ, бiрдеңе. Ел тiлiне бұрау салмай, Қол, аяғын шiдерлемей Кең дүниеге бастап шық. Мың сан түрлi құлпырған Бояуын көрсiн әлемнiң, Жарқыраған күн астында Өзгелермен табыссын» – деген ойларды хан Бураға қарсы айтқызу мейлiнше сын болатын ол кезде. Осының баршасы: «Тараңдар! Ойламасын тiрi жан Уысымнан шығам деп. (Құтырынып) Тарат, Балтаны, тарат!» – деп бурадай бұрқылдаған Бураға қарсы айтылған ойлар. Бураға қарсы ғана ма? Өзiнiң айтқаны болып, бүкiл халықты айдауына жүргiзген замана әкiмiне, замандасы – Сталинге де айтылған ойлар емес пе? Қазiргi уақыт бiр басқа, уақытында сталиндiк саясатқа Әбекең шыққан биiкке шығып, тап Әбекеңше қарсы үн көтерген қаламгер бар ма, бiзде, болды ма? Болған жоқ. «Көтерiлген күмбездi» – қоса айтқанда «Бiз де қазақпыз» драмалық поэмасының оқиғалары шартты, уақыт-кезеңi абстрактылы бола тұра ақын өмiр сүрген кезең қасiретiн ашып, сол кезең саясатының артын жалаңаштап кетiп жатыр. Бұл қайдан ұнасын сталиндiк идеологияға мүдделi басшылыққа? Ұшқын шашырап, от тұтанар жер де осы… Халықты түн-түнекке үйреткен ханның – Бура, түн-түнектен халықты күнеске бастайтын батыр аты – Азат, ел анасы – Аналық, ел еңбекшiсi – Азбан, қанды қарақшы – Балталы, не ханға илiгерiн, не бостандық iздеген халыққа ерерiн бiлмей әрi-сәрi күй кешетiн ел басшылары – Сырық пен Дүбiр… дегендей символдық кейiпте алынуы да сталиндiк саясатты сынауға саяды. Ол қайдан ұнасын ақын замандастарына?! Халыққа ешқандай хан тосқауыл бола алмайды екен. Халықты тас қамалға қамаған, айтқаны болған, асқан-тасқан хан Бура да Азатпен айқаста опат болды. Халық бостандыққа – жарық күнге шықты. Естi халық сынбайды, жеңедi. Халықты жеңер күш жоқ. Мiне, осы сәт драматург Жарық күнге шыққан – Қазақ едi дей келiп: «Бiз де қазақпыз!» – деп түйдi. Поэтикалық драмадағы ең соңғы – түйiн сөз осы! Бұл – бiз де ежелден еркiндiк аңсаған қазақпыз. Бiзге де жарық күн керек. Саяси, рухани азаттық керек, бурашылдығыңды қой деген үн болып шықты. «Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» ұлы Сталин заманында өмiр сүрiп отырмыз деп ойлайтын кеудемсоқ басшы, көрсоқыр әкiмдерге ай-күннiң аманында қазақ халқының бостандық iздеуi қайдан ұнасын?! Ұнамағандықтан да ақын замандастары шығармаға көздерiн сықситып, сығырайтып қарады. Жаман ой, терiс пиғылмен жамандық iздей қарады… Асылы, әрбiр ұлт, белгiлi бiр халықтың өткен өмiр, бастан кешкен жайлары тәжiрибе ретiнде жентектеле, жинақтала келе рухани азаматтық, азаттық проблемасын күн тәртiбiне көтеретiн болса керек. Асылы, әрбiр ұлт әдебиетiнде уақыттық жағынан шектеулi, нақты өмiр көрнiстерiн әр жанрда жазу тәжiрибелерi жинақтала келе аса дарынды перзенттерiн абстрактылы ойлау-философиялық жинақтау арқылы жазылар шығармаларға бастаса керек. Мiне, осы сәт шын дарын халықтың азаматтық тарихындағы азапты мезеттердi көркемдiк формасын тауып азаттық үнiне айналдыра жырлайды. Ондайда нақты өмiр шындығын абстрактылы шындыққа ұласатыны, қаламгер қарымына орай алған тақырыбы – абстрактылы бола тұра өзi өмiр сүрген уақыт, кезең шындығымен жемделетiнi, әйтпесе көркемдiк шартты форманың автор өмiр сүрген уақыт шындығын қоса қабат айтатыны болады. Ә.Тәжiбаевтың «Жомарттың кiлемi», «Бiз де қазақпыз», «Көтерiлген күмбез» поэтикалық драмаларының жұртты елең еткiзген сыры да осында!Ол халық тағдырының ауыр кезеңi мен ақын арының оянып, кiсiлiк iсiне шындап кiрiсуiнiң сәйкескен сәтiнде дүниеге келген туындылар. Әбекеңнiң бойын саясат iсiне алдырып, замана адамы болуынан, езiлген, еңсесi түскен туған халқының арманының қанатына айналу сыры да осында! Ә.Тәжiбаевтын халық дертiн айтып, уақыт қатыгездiгiн аяусыз сынап, азаттығын жырлаған «Жомарттың кiлемi», «Бiз де қазақпыз», «Көтерiлген күмбез» секiлдi философиялық триптихi күнi бүгiн туса да кештiк етпес едi, әдеби өмiрдiң бiр құбылысына айналар едi. Ал, аталған туындылардың қырқыншы жылдары жазылуы – көбеген ойға ерiк берген автор көрегендiгi. Ендi бiр сұраққа жауап iздейiк: философиялық триптихтiң бiр сыңары – «Бiз де казақпыз» неге дауға айналды? Бiрiншiден, «Бiз де қазақпыз» кейiпкерлерi өмiр сүретiн кезеңi белгiсiз, оқиғасы шартты бола тұра айтар ойы сталиндiк әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк саясатын сынауға саятын едi. Екiншiден, триптихтiң тұспалы қышыған жерге дөп тиген, ойы ащы айтылғаны – «Бiз де қазақпыз». Үшiншiден, аталмыш үш туынды да аса дарынды жаратылды. Қатарлас қаламгердiң құбылыс дерлiк үздiк туындысын көре-бiле тұра мойындағымыз келмейтiн қазақы қызғаныш өртедi, көреалмаушылық иектедi замандастарын. «Бiз де қазақпыз» уақытында Александр Хазин аудармасында КСРО Жазушылар одағында талқыланып үздiк бағаланған, бүкiл-одақтық театрлар репертуарының тiзiмiне енген туынды. Содан да «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасын қазақ жазушылары жабылып құлатқан. Құлаған бұл бiр шығарма емес, драматургтың өзбек театры сахнасына дайындалып жатқан «Көтерiлген күмбез» поэтикалық драмасы да талқылау жиындарында бiрге сыналып, ақыры репертуардан алынды. Өзара үндес, өзектес екi-үш шығарманы қос-қабат әңгiмелеуiмiздiң сыры мiне осында! Бiр жайды санаға салып безбендейiкшi. Қазақ драматургының «Бiз де қазақпыз» аталатын туындысын Мәскеуде – КСРО Жазушылар одағы талқылайды. Мәжiлiсте Н.Погодин, Л.Соболев, И.Сельвинский, М.Светлов, П.Скосыров, О.Леонидов, В.Винников секiлдi айтулы, белгiлi ақын-жазушылар жылы-жылы сөйлеп, (мәжiлiстiң 1946 жылы 4-көкектегi стенограммасымен таныстым), бiрауыздан бүкiлодақтық репертуар қорына қосады. Поэтикалық драма одақтық деңгейде талқыланып, үздiк бағаланған соң барып Қазақстан Жазушылар одағы авторына оқытып тыңдайды, талқылайды. Шығармадан орыс жазушылары таппаған «ұлтшылдықты» қаламдас қазақ жазушылары табады. Неткен «қырағылық» десеңiзшi?! Сөйтiп қызғаныштан туған әсiреқырағылық бүкiлодақтық репертуар қорына қосылып тұрған «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасының бағын байлаған. «Бағын байлаған» деген жуас, момын сөз, жолдастық өзара талқылаудан шытырлап ұшқын шашырап, өрт тұтанады. Саяси ұстамсыз шығарма жазғаны үшiн Ә.Тәжiбаев жыл бойы жиналысқа шақырылып, талқыға түсуден мезi болды, жоқ кiнәсiне кешiрiм сұраудан дiңкеледi. Әншейiнде тәуiр туындысын бүкiлодақ деңгейiнде көрсетуге қолдары жете бермейтiн қазақ жазушылары бұл жолы құлшына кiрiсiп, Әбдiлда Тәжiбаев деген әрiптесiнiң саяси ұстамсыз шығарма жазғанын Мәскеуге жеткiзiп, БК(б)П Орталық Комитетiнiң қаулысына iлiндiрдi… Қаулыға iлiну – құрыққа iлiну, құтылмас дауға қалу. Әрi қарай кезеңнiң бас баспасөзi – «Правдадан» бастап Ә.Тәжiбаевты жұдырықтың астына алды. Солардың кейбiрiне көз жүгiртелiк. Қазақ әдебиетiнiң досы, Жамбыл ақынның аудармашысы Павел Кузнецов «Правда» газетiнiң 1946 жылғы қыркүйектiң 30 күнгi номерiнде «Идеясыздық және жайбарақаттық жағдайыңда» аталатын мақала жариялады: «…Ә.Тәжiбаевтың драма театрларының репертуары туралы БК(б)П Орталық Комитетiнiң қаулысында терiс деп табылған «Бiз де қазақпыз» деген жарамсыз, зиянды пьесасын оқығанда, ақын Сатыбалдин қуана сөз сөйлеп: – Социалистiк реализмнiң шеңберi бiзге тар келдi. Тәжiбаев әдебиетте жаңа ағымды бастап отыр! – деп даурыққан. Әбдiлда Тәжiбаевтың ескi әдебиет батпағынан символистердiң iрiп-шiрiген қару-жарағын жиып-терiп, оларды ұлтшылдық жiбiмен жамап-жасқап, кiсi күлерлiк осы ұсқында қазақ әдебиетiн аралап шығуға ұйғарғанын Сатыбалдин ұға алмаған едi. Тәжiбаевтың әлгi саясатының иәтижесiнде бiздiң заманымызға зиянды, жат «Бiз де қазақпыз» деген пьесасы жарыққа шықты» (Социалистiк Қазақстан №198/7217/, 1946 жыл, 4 қазан) – деп жазды онда. 1946 жыпы 29 -қыркүйекте Алматы қаласының жазушылары мен көркем өнер қызметкерлерi осы мәселеге байланысты арнайы жиналыс өткiзiп, онда Қазақстан Компартиясы Орталык Комитетiнiң үгiт және насихат бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Н.Н.Поспелов баяндама жасайды. Онда: «Қазақстан Жазушылары Одағы басқармасының драматургтер творчествосына сын көзiмен қарамауының нәтижесiнде, драматургияда мүлдем қате, саяси зиянды шығармалар жарыққа шыққан. Осындай шығармалардын бiрi – Ә.Тәжiбаевтың «Бiз де қазақпыз» пьесасы. БК(б)П Орталық Комитетi 1946 жылғы 26 тамыздағы қаулысында («Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» – Қ.Е.) бұл пьесаны ешбiр тарихи және тәрбие берерлiк маңызы жоқ, патшалардың, хандардың тұрмысын дәрiптейтiн пьеса деп өте-мөте дұрыс көрсеттi. Ә.Тәжiбаевтың «Бiз де қазақпыз» деген пьесасы драматургтың творчествосындағы кездейсоқ шығарма емес. Бұл пьесаның негiзi автордың басқа пьесаларымен жалғасып жатыр. («Жомарттың кiлемi», «Көтерiлген күмбез»), сол бұрынғы пьесаларында да творчестволық терiс әдiс болып табылатын символизмге, декаденттiкке ден қоюшылық бар». («Әдебиет және искусство» журналы №9-10, 1946, 20-бет) деп сынайды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң кезiңдегi хатшысы Iлияс Омаров та «Қазақ әдебиетiнiң идеялық және көркемдiк сапасы жоғары болсын» деген мақаласында: «Жазушы Тәжiбаев Әбдiлданың жазушылық қызметiнiң бiраз дәуiрiнде социалистiк реализм әдiсiнен қол үзгендiктiң белгiсi бар. Бұл жазушының қателерiнiң тамырлары буржуазиялық символизммен ұштасып жатыр. Тәжiбаев жолдастың қателерi айқын көрнектi бола тұрса да, оларды БК(б)П Орталық Комитетiнiң «Драма театрларының репертуарлары туралы» қаулысына шейiн бiздiң сыншыларымыз ескермей келдi» («Әдебиет және искусство» журналы №9,1948 жыл) -деп сынады. «Әп-әдемi ән едi, пұшық шiркiн быж-тыжын шығарды» дегендей, жап-жақсы басталған үздiк дүние осылайша жылдарға созылған әсiре саяси дауға айналды. Автор сыннан көз ашпады. Драматургия туындысы хақында сыңаржақ социологияға ден қойған, әдеби-эстетикалық таным-талғамнан жұрдай ғайбат-пiкiрлердi, айғай-мақалаларды тiзе берсек кете бередi. Алайда, мәселе пiкiртiзбекке жүгiнiп, сөзуарлыққа салынуда емес. Мәселе – аға буын ақын-жазушылардың әсiре белсендiлiкке салынып, жақсы туындыны жанында жүрген қаламдасына қимай, әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк сталиндiк саясатқа қарсы алғашқы үндi тұншықтырғанын айтуда! Мәселе – өзара аяусыз тартысып жүрiп, қазақ көрерменiн жақсы туындыдан кағып, оңтайымен туған бiр шығарманың тағдырын аяқасты еткендiгiнде. Жақсымыздың жолын қиып, жамандыққа жол ашқыш әпербақандығымызды, алтыбақан алауыздықты бiр туынды тағдырын әңгiмелеу арқылы айтуда! Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi «Бiз де қазақпыз» поэтикалық драмасы осылай қазақша құлатылған едi…
* * *
 

Архив ақтарып, баспасөз мәлiметтерiне сүйенiп «Бiз де қазақпыз» хақында мақала жазып аяқтау барысында, көзi тiрi отырған Әбекеңе – Әбдiлдә Тәжiбаевқа бардық аяңдап. Абыз-ақын өткен күндi еске алып сөйлеп кеттi:

– Бұл менiң өмiрiмдегi 1937 жылдан кейiнгi ең ауыр кезеңдердiң бiрi болды. Менi Қазақстан Жазушылар одағы, аудандық партия комитетi бiр рет бюрода, бiр рет аудандық пария активiнде қарады. Ең соңында қалалық партия комитетiнiң бюросында арнаулы түрде талқылап, «Тәжiбаевты партияда қалдыру-қалдырмау мәселесi шешiлсiн!» деген қаулы алынды. Әр жиналыста екi реттен шығып сөйлеген ағаларым да болды. Оның бәрiн қайталап шығуға бүгiн менiң әлiм жетпейдi. Кiсiнiң тiлi күйетiн, жаны жанатын сөздердi қайталауға бола ма? Ең ауыры сол – менi өздерi сөйлетедi де, «қатеңдi мойында!» – дейдi. Ал, мойындасам, «алдап тұрсың» – деседi. Осы жыл бойында менiң шықпаған газетiм жоқ. Орталық «Правдадан» бастап, республикалық, облыстық, аудандық газеттерге дейiн менi әшкерелеген мақалалар жазылды. Кейбiр авторлар «Қазақты» («Бiз де қазақпыз» Қ.Е.) бiлмей-ақ жазды. Үлкен газеттiң бiрiнде: «Тәжiбаев күннiң не екенiн бiлмейдi. Оның геройлары сахнада күндi жарық бөшке сияқты дөңгелетiп жүредi. Сонда бұл жазушысымақ күннiң ыстық екенiн бiлмегенi ғой» – деп жазды. – Айпырмай, ә – деймiн басымды шайқап, – осылай да жаза салуға болады екен-ау. …Түннiң ортасына дейiн созылған Алматы қалалық партия комитетi бюросының әңгiмесi ұзақ сонар. Жазушылар өкiлдерi менiң партиядан шығуымды талап еттi. Ал, бюро мүшелерi (әсiресе әйелдер жағы) партиядан шығарарлық дәлелдер керектiгiн айтып отырып алды. Мен үйге күлiп оралдым… …Абыз-ақын сөйлеп отыр. Қырқыншы жылдары қабылданған қатер қаулы, қаулыны бетке ұстаған қаламдастар «Бiз де қазақпызды» құлатқан, онымен тынбай ақынды да сұлата жаздап барып тоқтаған… Уақыт желi қазiр басқаша есуде. Ал, БК(б) П Орталық Комитетiнiң 1946 жылғы тамыздың 26 күнi қабылдаған «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысы келмеске кеттi. Ақын да жоқ бүгiнде арамызда. Даңқын қалдырып, өзi мәңгiлiкке аттанып кеткен. Тек, қазақты – қазақ құлатқан осындай ұялысты тарихтан сабақ түйгей ендiгi ұрпақ. Қазақты – қазақ құлатпасын. Әрбiр қазақ: «Бар қазақ – менiң жалғызым!» (С.Адай)– деп жүрегiне ұлт мұратын тұмар ғып түйiп жүрсiн!  
Құлбек ЕРГӨБЕК