ЕЛДIК ЖӘНЕ ЕРЛIК ДӘСТҮР

ЕЛДIК ЖӘНЕ ЕРЛIК ДӘСТҮР

ЕЛДIК ЖӘНЕ ЕРЛIК ДӘСТҮР
ашық дереккөзі

Қазанның 22-күнi «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Отан тарихындағы елдiк және ерлiк дәстүр» атты ғылыми-практикалық конференция өттi. Аталмыш шараны ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен ҚР ҰҒА Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, сондай-ақ Қазақстан тарихшылары қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырады.

Ұлттың келешек алдындағы айнымас парызы — өз алдына ел боп, отанын азат етуде тарихтағы қайғы-қасiрет пен қиян-кескi шапқыншылықтардың нәтижесiн еске ала отырып, ұлттың бай мәдени тұрмысы мен рухани дүниесiн сақтап қалу. Тәлейлi тарихымыз бен дәстүрiмiздi ұлықтауды қолға алып, ұрпаққа аманаттау мақсатымен құрылған мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген игi iстер атқарылғаны белгiлi. Олай болса, «Отан тарихындағы елдiк және ерлiк дәстүр» атты конференция да өтелген парыздың куәсi. Ел үшiн, жер үшiн айқасқан ерлердiң ерлiгi арқылы келер ұрпақтың патриоттық, ұлтжандылық сезiмiн ояту мақсатында өткiзiлген конференция «Бәкей қыз» спектаклiнiң «Ояз» үзiндiсiмен басталды. Жиылған қауымға жылы әсер еткен қойылымнан кейiн алғашқы баяндаманы Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы М.Қойгелдиев оқыды. Баяндама барысында тарихшы ағамыз жұрт назарын мынаған аударды: «Қазақ тарихы – ру мен әулет тарихынан бастау алады. Алайда, ру тарихы мен әулет тарихын шатастыруға болмайды. Жетi атаны бiлу – халықтың кемелденуiнiң белгiсi, ал шежiренi бiлу психологияны дамытады», – деп атап өттi. Өзектi пiкiр айтып, жұртшылыққа ой салған археолог-тарихшы Бекен Нұрмағамбетов сақ қорғандарының тиiстi деңгейде қорғалып, мектеп жасындағы балаларға ата-баба тарихын айтып отыру керектiгiн баса айтты. Сонымен қатар С.Сартаев, К.Байпақов және Ж.Тiлепов сынды азаматтарымыз ерлiк пен елдiктi ұлықтау, ақындар шығармашылығы, тарихи шындық пен көркем шындық жайында баяндамалар оқыды.

Ақниет Бейiмбетқызы