«РӘСIМДЕУ БӨЛIМI» АШЫЛСА

«РӘСIМДЕУ БӨЛIМI» АШЫЛСА

«РӘСIМДЕУ БӨЛIМI» АШЫЛСА
ашық дереккөзі

Ақырғы сапарды жөнелтуге байыппен қарайық

Тәуелсiздiк таңы атқалы дiнге деген көзқарастар түбiрiнен өзгерiп, халқымыз имандылыққа жаппай бет бұруда. Әсiресе, жастардың дiнге ықылас-ынтасының артуы, мешiттерге жиi барулары, дiни мектептер мен медреселерде, бiлiм алуға деген құштарлықтары көңiл қуантады.

Алматы қаласындағы мешiттердiң, әсiресе, Орталық мешiттiң жұмысына көпшiлiк дән риза. Мешiт жанындағы оқу орталығы жұмыс iстеп тұр. Ұстаздар Құранды дұрыс оқу үшiн араб тiлiн үйретiп, қажырлы еңбек етуде. Ендiгi жағдайда осындай салауатты, сауабы мол iстерге қосатын ұсынысымды айта кетудi жөн деп таптым.

Қаза айтып келмейдi. Бүгiн тау қопарғандай шапқылап жүргенiмiзбен, адам баласының ғұмыры мәңгiлiк еместiгi ежелден аян. «Бiреу ерте, бiреу кеш – бiр құлайды» дегендей, дәм-тұзы таусылған күнi бақилыққа аттанады. Марқұмды жерлегеннен кейiн, жанашырлары зират басына барып, гүл егiп, ағаш отырғызып, тазалап, Құран оқытып жатамыз… Осындай сауабы мол қызметтi марқұмның көзi жұмылған сәтте бастасақ!

Әр мұсылман қайтыс болған аяулы адамдарын мұсылманшылық дәстүрмен қастерлеп, соңғы сапарға шығарып салу рәсiмдерiн орындау үшiн молдаларды үйiне шақыртып, марқұмның жаназасын үйiнен шығартып жатады. Әдетте, «науқас жазылып кетер» деген iзгi үмiтпен алдын ала қам жасай бермейдi. Тосыннан келген қайғылы күндерде марқұмның бала-шағасы, туысқандары бiрталай қиындықтарды бастан өткередi.

Мұсылман баласы амалсыздан, орыстың орталық жерлеу бюросы (похороное бюро) арқылы арнаулы машина-катафалк жалдауды жөн көре бермейдi, өйткенi, ол көлiкке «кiм жатпады?» деседi iштей.

Қорыта келгенде, айтатын ұсынысым мынау. Орталық мешiттiң жанынан арнаулы «Рәсiм бөлiмi» ашылса (ол басқаша аталуы мүмкiн). Қайтыс болған марқұмдарды мұсылманшылық жолмен ақтық сапарға аттандырудың барлық рәсiмiн: киiм-кешек-ақтық, тамақ (халал) дүкендерi ашылып, жалпыға сатылу орталығына айналдырмай, мәйiттiң жаназасын шығару, «Ясин» сүресiн оқу, табыт-зембiл бейiтке апаратын арнаулы көлiк, жерлеу т.б. қызметтердi осы «бөлiм» атқаратын болса деймiз. Тiптен, үй жағдайлары мүмкiншiлiк бермей қиналған мұсылмандардың аяулы адамдарының сүйегiн осы «бөлiмге» әкелiп, толық рәсiмдерiн жасайтын болса, құба-құп болар едi.

Мешiт, жалпы дiн өкiлдерi тарапынан нағыз имандылықтың, мұсылманшылықтың танылатын тұсы осы шақ болса керек! Және осы жасалатын қызмет ақысы көпшiлiк қауымның әлеуметтiк жағдайымен орайластыра белгiленсе, сондай-ақ, бұл жұмыстың әдiл, нақтылы орындалуы, жергiлiктi мешiт басшылығы тарапынан тұрақты назарға алынса деймiз.

Клара Әбубәкiрқызы, Манап Ахметова,

Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшелерi