МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА — БАСПАНАСЫЗДАРҒА СЕП

МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА — БАСПАНАСЫЗДАРҒА СЕП

МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА —  БАСПАНАСЫЗДАРҒА СЕП
ашық дереккөзі

ҚР Үкiметiнiң қаулысымен құрылған банктiң арқасында баспанасыз талай қазақ өз үйi – өлең төсегiне ие болды. Экономикалық және қаржылық дағдарыстың ушыққанына қарамастан, әлеуметтiк жобалар тiзiмiндегi баспанамен қамтамасыз ету мәселесi қазақ қоғамындағы жылжымайтын мүлiк нарығында қордаланып қалған қиындықтарды шешуге сеп.

Қазақ билiгi баспанасыз жүргендерге алдын ала қарыз беру арқылы, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесiн осыдан алты жыл бұрын қолға алғаны белгiлi. Осы мақсатта ҚР Үкiметiнiң қаулысымен, арнайы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi құрылды. Әлемдiк қаржылық дағдарыстан қатты зиян шеккен жылжымайтын мүлiк нарығы қазақ нарығына да оңай тиген жоқ. Алайда, арнайы құрылған мемлекеттiк бағдарламаның арқасында шаңыраққа қол жеткiзгендер қатары көбейiп келедi. Мысалы, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың 1 қазанындағы деректер 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасы мен 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама шеңберiнде республика бойынша барлығы 15,0 млрд. теңгеден астам қаражатқа 4500 қарыз берiлген. Оның iшiнде 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасы бойынша 9,08 млрд. теңге көлемiнде 2 445 несие мен азаматтардың төлем қабiлеттiлiгiн растайтын 18700-ге жуық хабарлама, ал 2005 – 2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес, 6,17 млрд. теңгеге – 2066 қарыз бен 4 400 азаматқа төлем қабiлеттiлiгiн растайтын хабарлама берiлдi. Сонымен қатар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ-мен шарт жасасқан тұрғындар қатары 144 232 адамға жеттi, ал келiсiм шарт сомасы 221,96 млрд. теңгенi құрап отыр. Депозиттiк база (салымшылардың жинағы) – 23,17 млрд. теңге, несие қоржыны – 39,99 млрд. теңге және банк активтерi – 68,30 млрд. теңгеге жуық. Банктiң табысы 2009 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 675,03 млн.теңге көлемiнде, 2009 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткiш 170 млн. теңге болатын.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ Қазақстан Республикасының 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасының қатысушыларына теңгемен жылдық 4 пайызбен баспанасыз жүрген халыққа тұрғын үй несиелерiн бередi. Несие алуға қабiлеттi әрi аса мұқтаждар тiзiмiне мемлекеттiк қызметкерлер, жастары 29-ға толмаған жас отбасылар, асырауында балалары бар жалғызбасты ата-ана, мемлекеттiк қызметкерлер мен мемлекеттiк қызметкер санатына жатпайтын мемлекеттiк мекеме және мемлекеттiк әлеуметтiк кәсiпорындардың қызметкерлерi кiредi. Сонымен қатар Банк 2005-2007 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасының қатысушыларына да 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасының қатысушыларына қойылатын талаптарға сәйкес (яғни, жылына – 4 %) қызмет көрсетедi. Аталған бағдарлама аясында Банк беретiн несиелердiң ерекшелiгi мен артықшылығы сол, олардың пайыздық мөлшерлемелерiнiң төмендiгi және қарызды мемлекеттiк бағдарламаға қатысушы азамат таңдаған тарифтiк бағдарламаға сәйкес, 23,5 жылға бастапқы жарнасыз алу мүмкiндiгi қарастырылған.

Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру барысында Банктiң құзыретiне кiретiн маңызды мәселелер, мысалы, мемлекеттiк бағдарламаға қатысушылардың төлем қабiлетiн бағалау және қарыз беру мен оны өтеуге байланысты барлық амалдарды орындау қатаң қадағаланады. Ал жергiлiктi атқарушы органдар өтiнiш берушiлердi кезекке алып, қатысушылардың тұрғын үй алуына және оның құрылысын салуға құқығын растап беруге мiндеттi. Бiр ерекшелiгi, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi Мемлекеттiк бағдарламаға қатысушыларға тек төлем қабiлеттiлiгi расталған жағдайда ғана несие үлестiредi. Егер қарыз алушының табысы расталмаса немесе қажеттi межеге жетпесе, оған екi адамға дейiн кепiл тартуына болады. Мемлекеттiк бағдарлама бойынша кепiл болуға өтiнiш берушiнiң жолдасы не жұбайы, жақын туыстары, сондай-ақ несиенi бiрлесе ала отырып, қарыздың қайтарылуына жауапкершiлiктi теңдей бөлiсетiн азаматтар қатысуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келiсiм шарттар саны үстiмiздегi жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 30 пайызға артқан көрiнедi. Бүгiнгi күнi Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi өз салымшыларына үй сатып алуға, үй салуға, үй жөндеуге және оны ауыстыруға байланысты баспана мәселесiн шешуге мүмкiндiк беретiн «Бастау», «Өркен», «Кемел» және «Болашақ» атты төрт тарифтiк бағдарламаны ұсынады. 2009 жылдың 1 қазанындағы көрсеткiш бойынша тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келiсiм шарттар саны 144 232 жетсе, келiсiм шарт сомасы 221,96 млрд. теңгеге тең. Банк тарапынан ұсынылатын тарифтiк бағдарламаларға ортақ бiр нәрсе: бәрi де 50х50 жүйесiмен әрекет етедi. Яғни, депозитте шарт сомасының жартысы жинақталады да, дәл осынша соманы Тұрғын үй жинақ банкi қарыз есебiнде бередi. Несиелер теңгемен берiлетiндiктен, оның мөлшерлемесi өзгерiссiз қалады. Мәселен, «Бастау» бағдарламасы бойынша жинақтау мерзiмi – 3-3,5 жыл, несие 6 жылға дейiн 5 % жылдық мөлшерлемемен берiледi. Мұндай тарифтiк бағдарлама жеткiлiктi табысы бар, банктегi салымын жинақтап, алған қарызын төлеуге қабiлеттi салымшыларға ыңғайлы. Ал «Өркен» бағдарламасының «Бастаудан» айырмашылығы: мұндағы жоспарланған жинақтау мерзiмi – 5,5 жыл, ал қарыздың өтелу мерзiмi – 10 жылға дейiн, мөлшерлемесi – 4,5 %. «Кемел» бағдарламасы бойынша тұрғын үй жинағын жинақтау мерзiмi – кемiнде 8,5 жыл, қарыз 15 жылға дейiн жылдық 4% мөлшерлемемен берiледi. «Болашақ» бағдарламасы бойынша салымды жинақтау мерзiмi – 15 жыл, ал қарыз бұдан да ұзақ мерзiмге, яғни, 25 жылға 3,5 пайызбен берiледi. «Болашақ» балаларының ертеңiн ойлаған ата-аналар үшiн қолайлы. Осы аталған тарифтiк бағдарламалар бойынша берiлетiн тұрғын үй несиелерiнен бөлек, Банк тұрғындарға аралық тұрғын үй қарызы мен алдын ала тұрғын үй несиелерiн таратады. Егер салымшы өзiнiң тұрғын үй құрылыс жинақ шотында шарттық соманың 50 пайызын мерзiмiнен бұрын жинап, болмаса, сол соманы бiрден енгiзсе, аралық тұрғын үй қарызын алуына мүмкiндiк туады. Аралық тұрғын үй несиесi Тұрғын үй жинақ банкiнiң тарифтiк бағдарламалары аясында келiсiлген барлық шарттық сомаға берiледi. Ал сыйақыландыру мөлшерлемесi жылына 10%-ға тең. Несиелеу мерзiмдерi салымшы таңдаған тарифтiк бағдарламаға байланысты 6 жылдан 25 жылға дейiн есептелген. Мерзiмiне дейiн жинақталған не бiр мерзiмдiк жарна ретiнде енгiзiлген шарттық соманың 50 пайыздық мөлшердегi жинақтар тұрғын үй құрылыс жинақтары шотында қалады және оған Банктiң және мемлекеттiң сыйақысы есептелiп отырады.

Аралық несиедегiдей, алдын ала тұрғын үй қарызы да екi кезектi тұрғын үй несиелерiн алумен сипатталады, бiрiншiсi – алдын-ала, екiншi кезекте негiзгi тұрғын үй қарызы берiледi. Банк алдын ала тұрғын үй несиелерiн 3,5 жылдан бастап, 8,5 жылдық мерзiмге бередi. Сыйақы мөлшерлемесi – жылына 12%-дан 14%-ға дейiн. Ал алдын ала тұрғын үй қарыздарының аралық несиелерден басты ерекшелiгi – бiр мерзiмде шарттық соманың 50%-на тең соманы енгiзу талабы қойылмайтындығында. Жоспар бойынша, келешекте тарифтiк бағдарлама бойынша жинақтау мерзiмiнен аспайтын (кемiнде 3 жыл) алдын ала тұрғын үй несиелерiн пайдалану мерзiмi аяқталғаннан кейiн, шарттық соманың 50%-ын жинап және онымен алдын ала тұрғын үй қарызын жылына 3,5-5% мөлшерлемемен қайта қаржыландыруға болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ