Қанат САУДАБАЕВ: ОРЫС ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСI САҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ

Қанат САУДАБАЕВ: ОРЫС ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСI САҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ

Қанат САУДАБАЕВ:  ОРЫС ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСI  САҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ
ашық дереккөзі

20 қазанда Ақордада Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиясының қарсаңында Мемлекеттiк хатшы-сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың төрағалық етуiмен кеңес өттi. Кеңесте Қанат Саудабаев елдегi тiлдiк ахуалға ерекше тоқтала отырып, орыс тiлiнiң мәртебесi өмiрдiң барлық саласында сақталатындығын және қазiргi орыс тiлiнiң кең қанат жайып отырғанына қарамастан, жексенбiлiк мектептерде орыс тiлiн үйретуге қосымша мүмкiндiктер жасалатындығын айтты.

Мемлекеттiк тiлдiң 20 жылдығы қарсаңында биiк мiнбердiң бiзге жасаған сюрпризi осы болды. Әрине, күткенiмiз бұдан өзгеше едi. Елдегi мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк аренаға шыға алмай отырғанына сараптама жасалып, оның себептерiне үңiлiп, қазақ тiлiн әрi қарай дамыту мәселесiне көбiрек көңiл бөлiнуi қажет едi. Әрине, мемлекеттiк хатшы мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы аясының кеңейiп келе жатқанына тоқталып, елiмiз бойынша 64 қазақ тiлiн үйрететiн орталықтар құрылғандығын, 2011 жылы олардың санын120 жеткiзу көзделiп отырғандығын және қазақ тiлiндегi мектептердiң саны 3784-ке жеткендiгiн тiлге тиек еттi. Бiрақ, бұл бөркiмiздi аспанға ататын дерек емес қой. Бұл ретте қазақ тiлiнiң қазақ елiндегi рөлi мемлекеттiк дәрежеде емес, керiсiнше, екiншi сорттағы тiл ретiнде әсер етедi екен.

Мемлекеттiк хатшы, сондай-ақ, баспасөзде қазақ тiлiнiң дамымай жатқаны секiлдi пiкiрлердiң айтылуына қарсы: «Мы не приемлем популистских и подстрекательских заявлений отдельных горячих голов, которые нагнетают несправедливую огульную критику состояния казахского языка в стране и призывают к необдуманному искусственному ускорению процесса. Неприемлемы и радикализм, и крайности в этой деликатной сфере», — дедi.

Әрине, тiлге байланысты бүгiнге дейiнгi ұстанып келген саясат елдегi саяси тұрақтылықты ұстап тұруда өз жемiсiн берген шығар. Бiз тәуелсiздiктiң бiр кезеңiн артқа тастадық. Бүтiн бiр ұрпақ өсiп жетiлдi. Бiрақ, олардың санасына тәуелсiздiктiң рухын себе алмадық. Елдегi 130 ұлт өкiлiнiң көңiлiн табу, көршi Ресейдiң кәрiне ұшырамау басты мақсатымызға айналып барады. Әйтпесе, орыс тiлi көмекке зәру деп кiм айтты. Бұдан кейiн «орыс тiлiнiң аясы тарылып бара жатқандықтан, Ресейге көшуге мәжбүрмiн» деген көңiл-күй басым деген әлеуметтiк зерттеулерге қалай сенемiз?

Ең өкiнiштiсi, елдегi ұлтаралық татулықтың қазақ есебiнен жасалып келе жатқандығында. Билiк тiзгiнiн әлi күнге дейiн орыс тiлiнiң сойылын соғушылар ұстап отыр. Мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертудi мақсат еткеннен гөрi, кешегi метрополияның тiлiне жаныашушылық басым. Сонда қазақ құндылықтарын өз билiгi өгейсiткенде, кiм көкке шығарады? Айтар сөз жоқ. Бұл түрiмiзбен қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде алға шығуы екiталай сынды. Бiрақ, бiр нәрсенi ескерген жөн, Қазақстанда қазақтiлдi жаңа буын өсiп келе жатыр. Және күндер өте келе бұл буынның өз рухани құндылықтарына сұранысы да, талабы да арта түспек. Елдегi қазақ балаларының 80 пайызы мемлекеттiк тiлде бiлiм алады. Бүгiнде қазақтың үлес салмағы барлық тұрғынның 70%-ын қамтиды. Демек, ерте ме, кеш пе Қазақстан қоғамы қазақша сөйлейтiн болады.

Есенгүл Кәпқызы