Ұлы дала өркениетi ЖӘНЕ "ШАҺНАМА"

Ұлы дала өркениетi ЖӘНЕ "ШАҺНАМА"

Ұлы дала өркениетi ЖӘНЕ "ШАҺНАМА"
ашық дереккөзі

Жуырда осы тақырыппен ҚР Ұлттық кiтапханасында мәдени бағдарламалар аясында халықаралық ғылыми конференция болып өттi. Конференцияға шығыстанушы ғалымдармен қатар Иран, Түркия, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Башқұртстан, Ресей ұлттық кiтапханаларының жетекшi мамандары қатысты.

Халықаралық конференцияны Ұлттық кiтапхана Бас директорының кеңесшiсi Е.Исламұлы ашып құттықтады. Сондай-ақ Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшiлiгiнiң Мәдени орталығының кеңесшiсi Делавар Мохаммадпур құттықтап сөз сөйледi. Екi күнге жалғасқан конференция оның секцияларын парсы тiлiн жетiк бiлетiн маман-ғалымдар Өтеген Күмiсбаев, Ислам Жеменей, Әшiрбек Муминовтар жүргiзiп отырды.

Аталған конференцияда "Шаһнама және Тұрмағамбет" шығармасы жайлы алғаш кандидаттық дисертация қорғаған, ғалым, ақын Өтеген Күмiсбаев "Даналық дариясы", Табатабай университетiнiң ғалымы Давут Еспархам "Көне Ирандағы ұлттық наным-сенiм", шығыстанушы ғылым Ислам Жеменейдiң "Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының Өмiр дәуiрi", Шығыстану институты директорының орынбасары Әшiрбек Муминов Орта Азиядағы "Шаһнама" эпосының қаһармандарына қатысты қасиеттi орындар жайлы", Әзiрбайжан Көркем Академиясы Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушiсi, профессор Валида Мамедова "Билiк пен суретшiнiң шығыс әдебиетiндегi диалогы", Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрiк университетiнiң жанындағы Түркология Ғылыми зерттеу институтының ғылым хатшысы Бақыт Әбжат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетiнiң доцентi Баян Жұбатова "Фердаусидiң Шаһнамасы — мәдени тiлдiк байланыстардың дерек көзi", Қайнар университетiнiң деканы Болатбек Батырхан "Шаһнама" және қазақ әдебиетi", Ұлттық кiтапхана Бас директорының орынбасары, ғалым, Зарема Шаймарданова "Ватикан құпия мұрағатындағы парсы тiлiндегi бiр қолжазбаның тарихы", М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерi Айнұр Әбдiрәсiлқызы "Шаһнама" және "Құтты бiлiк": мазмұндық және құрылымдық сабақтастықтары", Ресей ұлттық кiтапханасының қолжазбалар бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Ольга Васильева "Ресей ұлттық кiтапханасындағы "Шаһнама" қолжазбалары", ҚР Ұлттық кiтапханасының сирек кездесетiн кiтаптармен қолжазбалар орталығының жетекшiсi Набат Асқарбекова "ҚР Ұлттық кiтапханасының сирек қорындағы "Шаһнама", Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң профессоры, атақты жырау Алмат Алмасов "Шаһнаманың" қазақ тiлiндегi жыраулық жалғастығы туралы баяндамасын жасады.

Екi күнге созылған, ауқымы кең конференцияда парсы тiлiн жетiк меңгерген ғалым аудармашы Ғалия Қамбарбекова "Иран және Тұран" ақиқат пен аңыз атты баяндамасы ғалымдарды ғана емес, конференцияға қатысып отырған оқырмандарды бей-жай қалдырмады.

Осынау келелi кеңеске орайластыра Қазақ даласына "Шаһнаманы алғаш таныстырған көрнектi ақын аудармашы Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының өмiрi мен шығармашылығы хақында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының кинорежиссерi Жаңабек Жетiрудың "Сыр сүлейi" атты деректi фильмiнiң тұсаукесерi болды.

Қызылордалық жырау Серiк Жақсығұловтың "Сам батыр" жырын орындаған да Иран, Түрiк, Әзiрбайжан ғалымдары қол шапалақтап жырау өнерiне тәнтi болды. Сондай-ақ осы конференция аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Ұлттық кiтапхананың сирек кiтаптар мен қолжазбалар қорындағы Фирдаусидiң "Шаһнамасы", "Шаһнама" аудармалары, Иран Ислам Республикасы елшiлiгiнiң ұйымдастырған иллюстративтi суреттер, мүсiндер көрмесi және қазақстандық суретшi Т. Мұқатовтың туындылары көрсетiлдi.

Халықаралық конференцияда Иран-Тұран елiнiң тамырлас екенi, өнерiмен мәдениетiнiң, әдебиетiнiң өткенiмен бүгiнi, келешегi талданып жаңа бiр үлкен iстерге жол сiлтеген конференция болды. Дегенмен аталған конференцияны жүргiзу барысында Ұлттық кiтапханада өткiзiлген конференцияның қазақ тiлiнде жүргiзiлмеуi қатысушылардың ренiшiн туғызды. Айтылған сыннан кейiн конференция мемлекеттiк тiлде сөйледi. Қалай десекте "Шаһнама" дастанының ой қыры, сан сыры ашыла түстi.

"Ұлы дала Өркениетi және "Шаһнама" тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшiлiгiнiң демеуiмен өттi.

Тынышбек Дайрабай