ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Әлемдiк қаржы дағдарысы қоғамның кез-келген саласына салқынын тигiздi. Тiптi, жарнамамен жан бағатын БАҚ-тың да соңғы кезде жағдайы мәз емес. Өйткенi, жаңа "Салық кодексiнiң" қабылдануына орай өзгерiске ұшыраған қосымша құн салығы да "жығылғанға жұдырық" болып тұр.

Осыны ескерген "Нұр-медиа" холдингi елiмiздiң ақпарат кеңiстiгiнде өзiндiк орны бар бiрқатар БАҚ басшыларын жинап, Дағдарысқа қарсы кеңес құрды. Кеңестiң алғашқы отырысына қатысушылар әуелгi кезекте жарнама үлесiнiң азайып кетуiне байланысты Үкiметтен ақпарат құралдарына салынатын қосымша құн салығы мөлшерiн азайтуды сұрамақ. Яғни, қаржы дағдарысы елiмiздiң табалдырығынан аттағалы берi БАҚ-қа жарнама беру 50 пайызға бiр-ақ түсiп кетiптi. Қазiргi таңда оның мөлшерi 13 пайыз. Егер жаңа жылдан бастап бұл ұсынысты Үкiмет қолдайтын болса, әрбiр ақпарат құралы өз қаражатын 120 млн. долларға дейiн үнемдей алады екен. Екiншi мәселе, газет-журналды тарату, жеткiзу қызметiнiң қымбаттап кетуi. Кеңесте сөз алған "Сentral Asia Monitor" газетiнiң бас редакторы Бигелдi Ғабдуллин мырза газетке жазылу кезiнде байланыс қызметi баспа құнынан 64 пайызға дейiн өсiп кететiнiн жеткiздi. Тiптi, газеттi шалғайдағы елдiмекендерге жеткiзу үшiн пошта қызметiндегiлер газет құнынан 30 пайыз артық құн салатын көрiнедi. Бұған әрине, қағаз бағасының күрт өсiп кетуi әсер етiп отыр. Тәуелсiздiк алғанымызға аттай 18 жылдың жүзi болса да, бiр қағаз фабрикасын салуға құлық танытпай келемiз. Қазiр 1 тонна газет қағазының құны 800-1200 долларға қарғып кеткен. Салыстыра кетсек, Америкада бұл 250, Еуропада – 300 доллар төңiрегiнде ғана екен. Қысқасы, "Нұр-медиа" холдингiнiң бас директоры Арманжан Байтасов бастаған кеңес мүшелерi аталған мәселелердi дер кезiнде шешу үшiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке хат жазды. Ол үшiн 7 белсендi басшыдан құралған арнайы жұмыс тобы жасақталып, қордаланған түйткiлдердi жеткiзiп отыруға уағдаласты. Отырыс барысында кеңес жұмысының тұрақты өткiзiлiп тұруы және ауқымының кеңеюi үшiн қауымдастық құру мәселесi де көтерiлдi.

"Нұр-медиа" холдингiнiң бас директоры Арманжан Байтасов: "Жарнаманың 50 пайызға кемуi ненi байқатады? Бұл – 50 пайызға жалақы азаяды, 50 пайызға телебағдарламалар мен газет беттерi азаяды деген сөз! Осылай жалғаса берсе, шығармашылық ұжым да 50 пайызға қысқарады. Сондықтан да мұндай кеңестiң қажеттiлiгi әлдеқашан туды" дегендi айтты. Ол сондай-ақ, қосымша құн салығын 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап алып тастауды сұрады. Егер мұны қазiрден бастап қолға алмасақ, бiздiң қатысуымызсыз алдағы жылдың бюджетi қабылданып, қосымша құн салығының көлемi келесi жылы тура осындай көрсеткiште қалып қояды. Бұл мәселенi жаңа жылға дейiн шешiп алмасақ, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы күрделене түсетiндiгiн жасырмады. Ал, ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев: "Газет-журналдар қосымша құн салығын төлеудi сегiз жыл бұрын бастаған. Бұл жағынан қазақ баспасөзiнiң жағдайы тiптi мүшкiл. Мәселен, 2000-2005 жылдары газет, журнал, телеарналардың қосымша құн салығы нөл пайызды құраған едi. Өз уақытысында бұл отандық БАҚ-тың тосылмай жұмыс iстеуiне көп мүмкiндiк бердi. Ал, бүгiн БАҚ-тың 70 пайызы нарықтық жағдайда өмiр сүредi. Оларға көмек керек екенiн билiкке жеткiзу қажет" дейдi.

Кеңесте мемлекеттiк мекемелердiң журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға дер кезiнде жауап бермей, созып жiберетiндiгi, яғни, "БАҚ туралы" Заңның 18-бабын өрескел бұзатындығы да айтылды. Одан бөлек телеарналарда тұщымды сұхбат жанрындағы бағдарламалардың жоқтың қасы екендiгi тiлгек тиек етiлдi. Сондай-ақ, корпоративтiк табыс салығын азайту, авторлық және аралас құқықтар туралы заңды қатаңдату, мерзiмдi баспасөздi тарату жүйесiн кеңейту, БАҚ-тағы мемлекеттiк сатып алу бағасын ұлғайту кеңестiң алдағы уақытта шешетiн мәселесi ретiнде белгiлендi.

Елiмiзде орыстiлдi БАҚ-ты қайдам, қазақтiлдi мерзiмдi баспасөздi тарату жайы көптеген кедергiге бой алдыруда. Қаржы дағдарысының салдарынан кейбiр басылымдардың таралымы азайып кетiп, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған жекеменшiк дүңгiршектердiң қазақтiлдi баспасөздi таратуға құлықсыздығы себеп. "Айқын" газетiнiң бас редакторы Нұртөре Жүсiп: "Газеттi шығаруын шығарамыз. Бiрақ Елбасының, үкiметтiң әлеуметтiк қамқорлықтары, заңдары халыққа жетпейдi. Газеттi тарату сол мекемелердiң басшыларының қалауымен ғана жүргiзiлiп жатыр. Бүкiл мемлекеттiк тапсырыс, мемлекеттiк саясат оқырманға жететiн кезде тосқауылға тап болады. Тiптi, газеттер дүңгiршекте сатылмайтын жағдайлар болады" деп газет жеткiзудегi қитұрқы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Медиа-басшылар Дағдарысқа қарсы кеңестiң уақытша емес, БАҚ-тың кезiгiп отырған мәселесiн үнемi талқылап отыратын дәстүрлi кеңеске айналдыруды ұсынды. Дағдарысты еңсеруге қатысты осындай бiрқатар ұсыныстарын кеңес мүшелерi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке жолдады. Оның орындалуын 7 адамнан құралған жұмыс тобы өз қадағалауына алатын боп келiстi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ