ҚАЗАҚСТАН 82-ОРЫНДА

ҚАЗАҚСТАН 82-ОРЫНДА

ҚАЗАҚСТАН 82-ОРЫНДА
ашық дереккөзі

182 мемлекет қатысқан БҰҰ ДБ сынында 82-орынды мiсе тұтқан Қазақстан Куба, Венесэула, Бразилиядан әлдеқайда кейiн қалыпты. Ал 60-жылдардың соңында теңiз табанынан мол мұнай қорын тапқан Норвегия тiзiмнiң басында тұр.

БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары дүние жүзiндегi адамдардың өмiр сүру деңгейiне қатысты жыл сайын есеп берудi 1990 жылдан берi үрдiске айналдырған. Үстiмiздегi жылдың 5 қазанында "2009 жылғы Адам дамуы туралы баяндама" жасаған БҰҰ ДБ адамдардың өмiр сүру қағидаларының сапасына қатысты тiзiмiн жаңартты. Халықаралық тәуелсiз сарапшылардың қатысуымен дайындалатын бұл құжатта мамандар сараптамалық деректермен бiрге статистикалық мәлiметтерге сүйенедi. Жер шарының 182 мемлекетi қатысқан бұл сында алғашқы ондықта Норвегия, Австралия, Исландия, Канада, Ирландия, Нидерландтар, Швеция, Франция, Швейцария, Жапония тұрса, Ауғанстан, Сьерра-Леоне, Нигер ең соңғы үштiктен табылған. Ипотекалық дағдарысы әлемнiң қаржылық-экономикалық дағдарысына ұласқан АҚШ биыл – 13-орында. Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындары – ағылшындар 21-орынды мiсе тұтса, немiстер – 22-орында. Экономикалық ахуал, халықтың сауаттылық деңгейi, бiлiм алып жатқандар саны, өмiр сүру ұзақтығы, денсаулығы, мәдени дамуы, қоршаған ортаны қорғау мен қылмыс деңгейi сияқты басқа да маңызды мәселелер қамтылған тiзiмнiң 82-сатысынан көрiнген Қазақстан Эстония (40-орын), Литва (46-орын), Латвия (48-орын), Беларусь (68-орын), Ресеймен (71-орын) бiрге даму қарқыны мен деңгейi жоғары елдер қатарына кiрген. Бiрақ Куба (51-орын), Венесэула (58-орын), Албания (70-орын), Бразилия (75-орын), Түркияға (79-орын) есе жiберiп алған. ТМД аумағының өзге мемлекеттерiне келсек, Әзiрбайжан (86-орын), Армения (84-орын), Украина (85-орын), Грузия (89-орын) деңгейi орташа елдер ретiнде көрсетiлген. Ал Түркiменстан – 109, Молдова – 117, Өзбекстан – 119, Қырғызстан – 120, Тәжiкстан 127-орында. БҰҰ сарапшылары зерттеуге әлемдiк қаржылық дағдарыс басталмай тұрған кезең – 2007 жылғы көрсеткiштердi де пайдаланған көрiнедi. Маңыздысы, дамыған және дамушы немесе бай және кедей елдер арасындағы сапа алшақтығы жер мен көктей. Ал норвегтердiң әлем бойынша өмiр сүруге ең бай қолайлы мемлекет қатарына көтерiлуiне көмiрсутегiлер көмектескен. 1960-жылдардың соңына қарай Солтүстiк теңiздiң норвегиялық табанынан табылған орасан зор көлемдегi мұнай қоры қоғамның әлеуметтiк-экономикалық ахуалының едәуiр жақсаруына ықпал еткен. Тiзiмнiң ең соңына iлiккен Нигердегi орташа өмiр сүру жасынан 30 жылға артық болуы (80 жас) сондықтан. Халқының саны көп әрi өндiрiстiк қарқыны жоғары Қытай (92-орын) өте жедел дамып келе жатқан ел санатында. Аспан асты елiндегi қалталылар қатары мен ұзақ жасаған адамдардың көбеюi сол себептi. Алайда, жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмнiң ең жоғарғы кiрiсi Лихтенштейн княздiгiнде: халқының саны небары 35 мың болатын Лихтенштейндегi ЖIӨ 85 383 доллар. Есесiне, мұнда халықтың әл-ауқатын жақсартуға септiгiн тигiзген жекеменшiк 15 банк пен 100 iрi өндiрiс орны бар.

БҰҰ мәлiметтерiне сүйенсек, дүние жүзiнiң әлеуметтiк жағдайы өте нашар 24 елде адамдар сауатсыз, хат танымайды. Арнайы баяндама жасаған БҰҰ сарапшысы Джени Клугман соңғы кездерi әлемдi кезiп жүрген экономикалық және қаржылық дағадарыс, қарулы қақтығыстар мен ВИЧ iндетiнiң кесiрiнен экономикалық-әлеуметтiк жағдайдың шиеленiсе түскенiн көлденең тартады. Биылғы баяндамада миграция мәселесiне баса назар аударған БҰҰ ДБ сарапшылары бүгiнде өз елiнен жырақта жүрген мигранттар саны 260 миллионға жуық екенiн және оның 50 миллионы заңсыз мигранттар тiзiмiнде тұрғанын айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ