«ТУҒАНДА ДҮНИЕ ЕСIГIН АШАДЫ ӨЛЕҢ...»

«ТУҒАНДА ДҮНИЕ ЕСIГIН АШАДЫ ӨЛЕҢ...»

«ТУҒАНДА ДҮНИЕ ЕСIГIН АШАДЫ ӨЛЕҢ...»
ашық дереккөзі

Халық әндерiн насихаттаушы және зерттеушi Ғалия Қасымованың "Қазақтардың дәстүрлi музыкалық мәдениетi" кiтабы хақында

Қазақтың халық әндерiн насихаттаушы Ғалия Қасымова қазiр республикаға ғана емес, көптеген шетелдерге танымал жан. Оның орындауындағы әндер Қазақ және Ресей радио және теледидарларының Алтын қорына жазылған. Ол соңғы он бес жылда АҚШ, Австрия, Албания, Болгария, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Греция, Италия, Испания, Түркия, Швейцария, Ресейде арнайы шақыртулармен болып, ерекше даусымен тыңдармандарды тәнтi етiп қайтты.

Ғалия Қасымова халық әндерiн орындаушы әрi насихаттаушы ғана емес, сонымен қатар зерттеушi де. Әсiресе кейiнгi жылдары бұл жұмысын ғылыми iзденiстерге айналдырып жүр. Әндердiң шығу тарихын, ұлттық салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, жоралғылармен байланыстарының мәнiн ашуда көп еңбектенген. Австрия орталығы Венадағы Дәстүрлi музыка бойынша халықаралық Музыкалық Кеңес (IСТМ) оның орындаушылық талантын және ғылыми баяндамаларын бағалап Кеңеске мүше еттi. Ол 2005 жылы Америкада, 2006 жылы Ұлыбританияда, 2007 жылы IСТМ-нiң 39-шы Бүкiлдүниежүзiлiк конференциясында халық әндерiн шырқап, "Дәстүрлi мәдениеттегi музыка" тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Оның көп жылғы iзденiстерiнiң нәтижесiнде өткен жылы "Қазақтың дәстүрлi музыкалық мәдениетi" атты ғылыми еңбегi кiтап болып жарық көрдi.

Осы уақытқа дейiн қазақтың дәстүрлi-ритуалды әндерiн түбегейлi зерттеуге қалам тартқандар болмаған. Бұл жауапты әрi маңызды жұмысқа алғаш рет Ғалия Қасымова тәуекел етiп, ғылыми монография мен жан-жақты зерттеулерiн аталмыш кiтабында жариялады. Қазiр бұл еңбектерi халықаралық ғылыми орталықтардың айналымына түстi. IСТМ симпозиумдарында шетелдiк музыка зерттеушi ғалымдар оның бұл еңбегiне қызушылық танытып, жоғары бағалаған.

Кiтап орыс және ағылшын тiлдерiнде жазылған. "Кiрiспеден" бастап, қомақты үш бөлiмнен тұрады. Бiрiншiсi, "Дәстүрлi әндер — көне мәдениет үлгiсi", екiншiсi "Қазақ халық мәдениетiндегi дәстүрлi әндер", үшiншiсi "Қазақ мәдениетiндегi дәстүрлi әндер мен мифология" деп аталынған.

Ол бiрiншi бөлiмде дәстүрге, наным-сенiмге, ырымға, жораға, әдет-ғұрыпқа белгiлi ғалымдар В.И.Брудный, А.Байбурин, В.Топоров, Е.Мелетинский және В.В.Иванов секiлдiлердiң анықтама-түсiнiктемелерiн бере отырып, олардың фольклорлық жанрлардан айырмасы туралы ой-тұжырымдарын саралап, өзiндiк жаңаша ой түйген.

Ғалия Қасымованың орындауындағы "Шилi өзен", "Әй-угай", "Бүлдiрген", "Жетi арал", "Қамажай", "Әпитөк" және тағы басқа халық әндерi сөздерiнiң қарапайымдылығы, әндерiнiң әуезi жанға жайлылығы, жалпы халық өмiрiмен бiте қайнасқан. Ол халық әндерiнiң өмiршеңдегi туралы тыңнан iзденiстер жасап, соны ойларды ортаға салған. Ғ.Қасымова: "Ән жанды жадыратып қана қоймайды, ән дертке де дауа, — дейдi. — Орындаушы халық әндерiнiң тек мақамдарын бұзбай тыңдаушыларға мөлдiр таза күйiнде өз ән табиғатында жеткiзсе деңiз. Ән ұлттың салт-дәстүрiмен, наным-сенiмiмен, жоралғыларымен, әдет-ғұрыптарымен бiте қайнасқан. Ғ.Қасымованың концерттiк бағдарламасы да "Ән дауа" деп аталынатыны сондықтан.

Ал екiншi бөлiмде ол қазақ халқы мәдениетiнiң бағзы түрiне жататын адамдар мен малдарға жабысқан ауру-сырқаттан құтылудың ескi жорасы "Күләпсан" мен "Бәдiктi" кең ауқымда талдайды. Автор бұларға алғашқы анықтаманы үш томдық "Айтыстың" алғы сөзiн жазған академик-жазушы Сәбит Мұқановтың еңбегiнен үзiндi келтiрiптi.

"…Шаман дiнiнде ауруды емдеудiң жеке де, жалпы да түрi болған. Жеке түрiнде ауруды жалғыз бақсы ғана емдесе, жалпы түрiнде көпшiлiк қатынасқан. Сол көпшiлiк қатынасатын емнiң бiр түрi "бәдiк". Мұнда ауруды ортаға алып, жиналған жұрт екi дай болып айтыс түрiнде өлең айтқан, аурудың иесiне жалынып жалбарынған. Бертiн келе қазақ арасына Ислам дiнi тарап, шаман дiнi ығыстырылғаннан кейiн "бәдiктiң" маңызы, мағынасы өзгерiп, жастардың ойын-сауығына айналған".

Автор "күләпсан" туралы академик-сазгер Ахмет Жұбановтың анықтамасын келтiрген. Сондай-ақ ғалым Ж.Дәуренбековтiң пiкiрлерiне ден қойыпты. Дегенмен олар "бәдiк" айтысының түрлерiне мән берiп, айтыстың сөз саптауларына қарай әрқалай әуенмен орындалатындарын назардан қағыс қалдырған. Тек "бәдiк" әуенi туралы музыка зерттеушi және жинаушы А.В.Затаевич "Қазақ халқының 1000 әнi" жинағында былай деседi.

"…Мотив заклинания, посредством коего изгоняется "злой дух" у одержимых. Последнее громкое восклицание "көш!" — значит, буквально — "откочуй!", то есть сгинь, уйди!".

"Қазақтың музыкалық фольклоры" жинағында да "бәдiктiң" екi үлгiсi жарияланған. Онда айтыс сөзi бар да орындалу әуенi ашып айтылмағаны көрiнiп тұр. Сондай-ақ бұл бөлiмде музыка зерттеушiлерi В.Н.Басиловтың және Е.С.Новиктiң пiкiрлерi де орынды келтiрiлген.

Автор осы бөлiмнiң "Өмiрге келу жоралғысы және өмiрден өткендермен қоштасу дәстүрi" деп аталынған тарауында А.Төлеубаев, Т.Бекхожин және Б.Көкiмбаев секiлдi ғалымдардың сәбидiң өмiрге келудегi әдет-ғұрыптардың, бойжеткендi ұзату мен жiгiттi үйлендiрудегi салт-дәстүрдiң орындалу жөнiндегi айтқандарын мысалға ала отырып, Н.И.Гродеков, Ф.В.Поярков және Г.П.Снесаревтай iрi этнографтардың адамдар бақилық болғандағы ақиреттiк сапарға шығарып салу рәсiмдерiн келтiрiп, өмiрге келу мен өмiрден өтудегi халық дәстүрiндегi ұқсастықтарды салыстырып, маңызын ашып берген.

"Бесiк жыры" мен "жоқтау" ұлттың ерте заманнан келе жатқан, әнмен орындалатын музыкалық дәстүрi. Ал қыз ұзату мен ұлды үйлендiруда әнмен айтылатын "Жар-жар", "Беташар", "Той бастар" да қазақтың ұлт болып ұйығаннан берi келе жатқан әнмен орындалатын салт-дәстүрi күнi бүгiнге дейiн өз мәнiн жоғалтпағанын ғылыми тұрғыда көрсеткен.

Кiтаптың үшiншi бөлiмiнде автор түркi жұртына күңiренген қобыз сарынымен алғаш рет музыкалық әуен алып келген Қорқыт баба туралы жазылған аңыз-әфсаналардан ой жинақтап, жалпы бақсылықтың елге таралуы туралы қомақты, дәйектi тұжырымдар жасаған. Бөлiмде атақты ғалымдар В.В.Радловтың, Ә.Марғұланның, М.Әуезовтың, В.М.Жирмунскийдiң, А.Диваевтың баба туралы айтқандарын негiзге ала отырып, жаңа iзденiстер жасағаны анық байқалады. В.В.Бартольд дана Қорқыт бабаны аңыздағы Қызыр бабаға теңеуi бекер емес екенiн де дәлелдеп берген.

Ғалия Қасымова мен Саида Елеманова үстiмiздегi жылдың өткен шiлде айында IСТМ-нiң Оңтүстiк Африка республикасының Дурбан қаласында болған 40-шы халықаралық симпозиумына арнайы шақыртуымен барып, қайтты. Симпозиумда Ғ.Қасымова "Қазақтардың дәстүрлi музыкалық мәдениетi" тақырыбындағы ғылыми баяндама жасады. Ал С.Елеманова "Қазақ ұлттық өнерi мен мәдениетiнiң феноменi" тақырыбындағы баяндамасын шетелдiк музыка зерттеушi ғалымдар назарына ұсынды. Олар ыстық ықыласқа бөлендi.

К.АДЫРБЕКҰЛЫ