"ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА" ТАРТ, ЖАС МАМАН!

"ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА" ТАРТ, ЖАС МАМАН!

"ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА"  ТАРТ, ЖАС МАМАН!
ашық дереккөзі

Елбасы Н.Назарбаев "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" жастар қанатының бiрiншi съезiнде сөйлеген сөзiнде ауылдық жерлердiң мәртебесiн көтеру үшiн ауыл жастарын қолдауға бағытталған "Ауыл жастары" ұлттық бастамасын жасап, оны жүзеге асыру қажет екенiн қадап айтқан едi. "Жоғарғы оқу орындарының бiтiрушiлерiне арналған "Дипломмен ауылға" жобасын ұсынамын. Мұның арқасында ондаған мың жас маман ауылға тартылды. Өз кезегiнде үкiмет пен жергiлiктi атқарушы билiк осындай жобалардың материалдық қолдауын қамтамасыз ететiн болады", — деп мәлiмдеген Елбасы елiмiздiң кең байтақ жерiнде жастарымыз өз орнын табуы үшiн тер төгу керек екенiн тiлге тиек еттi.

"Дипломмен ауылға" жобасына сәйкес ағымдағы жылдың басынан бастап ауылдық елдiмекендерде жас маманның жұмыс iстеуiне және баспанамен қамтылуы нысанаға алынды. Бiр айта кетерлiгi, бұл көмек денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына ғана тиесiлi. Жобаға байланысты нақтырақ ақпарат алу үшiн ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлiгiнiң www.minagri.gov.kz веб-сайтының "Дипломмен ауылға" баннерiнде және "Халықпен жұмыс" бөлiмiнде орналасқан ақпараттармен танысып, жергiлiктi әкiмдiктердiң байланыс телефондарымен хабарласу арқылы тиiстi сұрақтарыңызға жауап алуға болады. Маманға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету туралы аудан әкiмдiгiнiң арнайы қаулысы қабылданғаннан кейiн арнайы келiсiм жасалады. Келiсiмге сәйкес, маман әлеуметтiк сала ұйымында кемiнде бес жыл мерзiм қызмет iстеуге мiндеттеме қабылданады.

Бүгiнде республика бойынша барлық облыстық және аудандық әкiмдiктерде ауылдық жерлерге тұруға және жұмыс iстеуге баратын әлеуметтiк сала мамандарын ынталандыруға бағытталған заңның орындалуын бақылайтын арнайы басқармалар, мамандар бар. Сондай-ақ, ақпарат алу үшiн "Дипломмен ауылға" жобасын үйлестiрумен айналысатын "Нұр Отан" ХДП-ның "Жас Отан" жастар қанатына, "Ауыл жастары одағы" ҚҰ-ның, "Қазақстанның Студенттер Альянсы" ҚҰ-ның жергiлiктi өкiлдiктерiне хабарласуға болады. Жалпы жоба бойынша Алматы қаласының "Ауыл жастары одағы" айналысып келедi. Мұнда сағат 3-тен 6-ға дейiн күнiне 10-30 адам келiп тiркеледi. Одан бөлек жоба бойынша көптеген телеарна бағдарлама жөнiнде ақпарат берiп келедi. Алматы қаласы "Ауыл жастары одағының" төрағасы Ермекбаев Самғаттың айтуынша, жобаның мақсаты — жас маманның алған дипломына сай жұмыс iстеуге жағдай жасау. Ол үшiн қазiр арнайы кiтапшалар шығарылып, ЖОО студенттерiне таратылып жатыр. Яғни, бұл тек биылғы немесе алдыңғы жылы ЖОО бiтiрген мамандарға ғана қатысты емес, сондай-ақ бұдан бұрын жұмыстан қысқартылып қалған және орналаса алмай жүргендер де тiркеле алады. Ауылға қажеттi мамандықты иеленген маман жоба аясына iлiксе, мынандай үш жеңiлдiкке қол жеткiзедi. Бiрiншiден, 70 айлық есептiк көрсеткiш бойынша бiр жолғы жоғарылатылған жәрдемақы берiледi. Екiншi, тұрғын үйге иелiк ету үшiн бюджеттiң есебiнен 15 жыл мерзiмге 0,01 пайызбен 630 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде несие берiледi. Мұны теңгеге шақсақ, 30 мың теңге болады екен. Үшiншi, ауылдық елдi мекендердегi мамандар қалалардағы әлеуметтiк салада қызмет атқаратын мамандармен салыстырғанда 25 пайызға жоғарылатылған жалақы алатын болады. Қысқасы, мұның бәрiне жоба бойынша қарастырылған бес мамандық: дәрiгер, мұғалiм, мәдени қызметкер, әлеуметтiк қамсыздандыру және спорт және туризм мамандары ғана қол жеткiзедi.

"Дипломмен ауылға" жобасының өзектiлiгi ауыл мәртебесiн арттырып, ауылда жұмысқа қабiлеттi тиiмдi еңбек ресурстарын жаңарту. Жобаның негiзгi идеясы — жоғары оқу орындары мен колледжде бiлiм алушы жас мамандарды ауылға тарту. Бұл идеяны iске асырудың екi тәсiлi бар: "ауыл квотасы" бойынша бiлiм алған ауыл жастарын мiндеттi түрде ауылға қайтару және қала жастарын ауылда жұмыс iстеуге шақыру.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ