ЕЛБАСЫНЫҢ ДӘРIСI

ЕЛБАСЫНЫҢ ДӘРIСI

ЕЛБАСЫНЫҢ ДӘРIСI
ашық дереккөзі

ҚазҰУ-дың 75 жылдығы атап өтiлдi

Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң 75-жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтiлдi. Аталған мерекелiк шараға Елбасы Н.Ә.Назарбаев арнайы келiп қатысты. Мерейтой қарсаңында Елбасы университет профессорлары мен студенттерiне дәрiс оқыды.

"Бүгiнгi таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi — тәуелсiз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негiзгi орталығының бiрi деуге әбден болады. Дәл қазiрдiң өзiнде республикамыздың басқару жүйесiнде отырған бiлiктi мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды оқытушылардың көпшiлiгi ҚазҰУ-дан шыңдалып шыққандар", — дедi оқыған дәрiсiнде Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Қазақтың қара шаңырағына айналған университет бүгiнге дейiн қилы кезеңдердi бастан кешiрiп, көптеген қоғам қайраткерлерi мен ел жанашырларын тәрбиелеп, қанат қақтырды. Әуел баста бұл ЖОО-ға 50 студент қабылданып, 25 оқытушы сабақ берген екен. Қазiргi таңда университет 20 000-нан астам студентке бiлiм бере алатын дәрежеге жеттi. Iзденушiлерге 300 профессор мен доктор, 27 академик және 800-ден астам ғылым кандидаттары халықаралық дәрежеде дәрiс бередi. Кезiнде академик Ө.А.Жолдасбеков негiзiн қалаған ҚазҰУ-дың жаңа қалашығы мен бай кiтапхана мұрасы бүгiнде сыры мен сапасын бермей, болашақ ұрпақтың бiлiмi үшiн жұмыс жасап келедi.

ҚазҰУ елдегi оқу орындарының алды атанып, соның дәлелi ретiнде "Алтын сапа" белгiсiне лайықты деп танылды. 75 жылдық тарихы бар қара шаңырақ қазiргi таңда еуро стандартқа сай бiлiм беретiн әлемнiң алдыңғы қатарлы Оксфорд, Гарвард, Сарбон секiлдi жоғарғы оқу орындарының тiзiмiнен көрiнiп келедi. Бұған дәлел, РФ Президентi Д.Медведевтiң университет мерейтойына орай жолдаған құттықтау сөзi. Д. Медведев: " ҚазҰУ қазiргi таңда Қазақстандағы ең жетекшi оқу орнына айналып отыр. Бүгiнде ең жоғары әлемдiк талаптарға сай дамып келедi. Бiлiм сапасы бойынша Ресей мен Қазақстанның бiлiм саласындағы әрiптестiгi де жоғары деңгейде", — деген жылы лебiздерiн бiлдiрдi.

2020 жылғы дамыту жоспарына орай, қара шаңырақта студенттер емханасы мен стационары бар жастардың денсаулық орталығы және мәдени-тұрмыстық орталық құрылысы қолға алынбақ.

Ақниет Омарғазы