190 000 ШЕТЕЛДIК — ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ!

190 000 ШЕТЕЛДIК — ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ!

190 000 ШЕТЕЛДIК — ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ!
ашық дереккөзі

Бұл қазақ елiнiң болашағы үшiн жақсылық па, әлде?..

Қашан да кеңқолтық, қонақжай қазақ баспана сұрап, бауырымдап келген кезбенi құрқол керi қайтармаған, қайта бауырына тартқан. Бұл үрдiс бүгiнге дейiн жалғасып келедi. Елiмiз ел болып, есiн жиып, етекке мал салғанда бiзге келем деушiлер саны күрт артты. Айтайын дегенiм, тәуелсiздiк алып, тiзгiндi қолға алғанда шетел азаматтары ағыла бастады. Атап айтар болсақ, 1991 жылдан берi 190 000 шетелдiк Қазақстан азаматтығын алыпты. Бұл тәуелсiздiк алған жылдардан кейiнгi көрсеткiш. Әлбетте оралман бауырларымызды есепке алмағанда.

Бүкiл республика аумағына келiп жатқандарды былай қойып, алысқа бармай-ақ Алматы қаласының өзiнде азаматтық алып, жергiлiктi халық қатарына қосылған шетелдiктер саны да жеткiлiктi. Бұдан бiрнеше жыл бұрын басқа тiлде сөйлейтiн, өңi басқа, түрi басқа адамды көрсе қазақтар үрке қарайтын. Қазiр көшеден басқа ұлттың өкiлдерiн көрсе ешкiм де таңқалмайды. Жоғарыдағы көрсеткiштiң 30%-ға жуығы Алматы қаласында берiлген. Алматы қалалық көшi-қон полиция басқармасының мәлiметi бойынша қалада тәуелсiздiк алған жылдардан берi кәмелет жасқа толмаған балаларды қоспағанда 26 843 шетелдiктер ҚР азаматтығын алған. Жыл сайын Алматы қаласы бойынша мың адамға жуық азаматтық алып тұрады.

Тарихи отанына оралып жатқан қазақтардың әңгiмесi бiр бөлек. Иiсi қазақ бауырларымыздың осы уаққа дейiн (1991 жылдан берi) 670 мыңнан астамы елге оралыпты. Бұл жаман көрсеткiш емес, алайда бұдан да көп қандастарымыз әлi де болса Қытайда, Моңғолияда және Ауғанстанда тағы да басқа мемлекеттерде қалып барады. Дегенмен де, елге тұрақты түрде оралушылардың басым бөлiгi оралмандар. Үстiмiздегi жылы Алматы қаласы бойынша 1411 шетелдiктерге азаматтық берiлген. Оның 832-сi — оралмандардың еншiсiнде, 579-ы басқа ұлт өкiлдерi. Кейбiр дерек көздерiне сүйенер болсақ Қытайда 1,5-2 миллионнан астам қазақ бар. Ал басқа ақпарат көздерiнде мүлдем басқа мәлiмет көрсетiлген, яғни нақтысы бiзге құпия. Оралмандар үшiн арнайы жеңiлдiктер жасалғанмен, көпшiлiк сол көмекке қол жеткiзе алмай жатады. Соның арқасында ар жақтағы қазақтардың отанға оралам деген көңiлi де пәс тартқан. Бұл бұрыннан айтылып та, жазылып та жүрген мәселе.

Республика бойынша келiп, кетiп жатқандар саны қаншама. Қазақстанға келгендердiң саны 2008 жылдың қаңтар-желтоқсанында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10,6%-ға азайған, ал елден тысқары кеткендер саны 6,6 %-ға өскен. Қазақстан Республикасының азаматтары iшiнен басқа мемлекеттiң азаматтығын қоса алуға ұмтылушылардың саны арта түскен.

Мұндай фактiлер көбiнесе Ресей Федерациясының шекарасына шектес аймақтарда кездеседi. Осы жайтқа орай айта кетелiк, Ресейдiң Новосiбiр қаласында соңғы 5 жыл iшiнде он мыңнан астам адам азаматтық алғаны туралы мәлiмет бар. Солардың тең жартысын Қазақстаннан барғандар құрап отыр.

Жыл сайын Қазақстан азаматтығын 9-10 мың адам алып отырады. Олардың басым бөлiгi азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiктер. Қазақстандағы азаматтығы жоқ адамдардың көпшiлiгi Ресейден келгендер. Мәселен, қазiргi таңда елде 7600 азаматтығы жоқ адамдар бар екен. Солардың 7200-i ТМД елдерiнен, ал тең жартысы Ресейден келгендер. Қалғандары алыс шетелден. Неге бұлай деген сұрақ туындауы мүмкiн. Орынды, себебi визасыз келген Орта Азия азаматтары жұмыс iздеп келiп, қалып қойып жатады. Әйтсе де Ресейден келiп, азаматтық алмағандардың көптiгiн қалай түсiнуге болады? Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңында КСРО-ның бұрынғы тұрғындарына жеңiлдiктер жасалған. Ал егер осындағы туысқандарының бiрi Қазақстан азаматы болса, тiптен жақсы. Бұл тек Ресейге ғана қатысты емес, Украина, Беларусь, Қырғызстан сияқты елдiң азаматтарына да Заңның осы талабы бойынша азаматтық алуға жеңiлдiктер жасалады. Жалпы бiздiң елдiң азаматтығын алу қиынға соқпайды, кемiнде бес жыл елде тұруы қажет. Егер туысқандары болса бес жылды күтудiң қажетi жоқ. Ал Қазақстан азаматшасына үйленген жағдайда үш жыл тұру жеткiлiктi. Заңның осы бiр осал тұстары қазiргi таңда құқық бұзушылыққа алып кеп отыр. Алдыңғы жылы Қарағанды қаласында болған жағдай ерiксiз еске түседi. Жергiлiктi жердiң АХАЖ бөлiмiнде шетелдiктердiң ҚР азаматтарымен жалған некелерi тiркелген. Осылайша шетелдiктердiң облыс аумағында тұруының заңды болуына жағдай жасалған. Бұдан да басқа азаматтық алу барысында қылмыстар жасалынып жатады. Шетел азаматтары көбiнесе елiмiзге емiн-еркiн келiп, жұмысқа орналасу мақсатында Қазақстан Республикасында квотадан тыс тұрақты тұруға рұқсат алуға ұмтылады.

Iшкi iстер органдарының мәлiметi бойынша қазiргi таңда республика бойынша мұндай рұқсат 120 мыңнан астам шетелдiк және елiмiздiң азаматтығы жоқ адамдарда бар. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып елде азаматтық алу мәселесiн күрделендiру қажет. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Франция және Австрия сияқты Еуропа елдерiнде арнайы сұрақтарға жауап беру арқылы азаматтық берiледi. Ол сұрақтар елдiң саясаты, экономикасы және мәдениетi мен тiлiне қатысты болуы мүмкiн. Ал бiзде мұндай сұрақтар, басқаша айтқанда кедергiлер жоқ. Сондықтан да келушiлер саны артып отыр. Ал ҚР «Азаматтық туралы» Заңының еңбiр оңтайлы тұсы бар. Ол шетелдiктер асырап алған бала өскеннен кейiн азаматтығын өзi таңдай алады.

Бұл өз ретiнде көңiлге күдiк түсiретiн жайт. Елi мен жерiнен безiп, өзге жұрттың азаматы болған шетелдiк ертең кiмнiң көзқарасын құптамақ? Қанша жерден елiм деп еңiресе де Отанын сүйетiн азамат бола ала ма? Қазақстан азаматтығын алып, тұрғылықты халық қатарына қосылуында нендей мақсат жатқаны әзiрге өздерiне ғана аян.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ