КҮРЕС – ҚАҒАЗ ЖҮЗIНДЕ МЕ?

КҮРЕС – ҚАҒАЗ ЖҮЗIНДЕ МЕ?

КҮРЕС – ҚАҒАЗ ЖҮЗIНДЕ МЕ?
ашық дереккөзі

Қазақстандағы темекiмен күрес шарасы қыза түскен сайын көшелердегi саусақтарына шылым қыстырғандар саны артып бара жатқан сияқты көрiнедi. Сорақысы сол, елiмiз бойынша, 600 мың қыз-келiншек пен 120 мың жасөспiрiм темекi тартады екен. Бұл – ресми дерек. Бейресми деректi көзге елестетудiң өзi қорқынышты.

Сейсенбi күнi ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнде өткiзiлген брифингте вице-министр Тамара Вощенкова Қазақстандағы темекiмен күрес шарасы қатайтылатынын жеткiздi. Оның айтуынша, үстiмiздегi жылдың қазанында заңды күшiне ие болатын «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесi туралы» жаңа кодекске енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар негiзiнен елiмiздегi шылым шегетiндер санын азайтуға бағытталатын көрiнедi. Темекi тартудың қаншалықты зиян екенiн көпшiлiкке насихаттайтын бұл кодекс Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының конвенциясы шеңберiнде әзiрленiп, Қазақстанда 2007 жылдың қаңтарында бекiтiлген. Жаңа кодекске сәйкес, қорабында темекi құрамында шайыр, никотин заттарының деңгейi, жүйелiк улар, канцерогендiк және мутагендiк заттар бары және темекi тартудың зияны адам денсаулығы мен өмiрiне қатер төндiретiнi туралы ескертпе жазу көрсетiлуi тиiс. Ең бастысы, жастары кәмелетке, яғни, 18 жасқа толмағандарға шылым сатуға қатаң тыйым салынатыны да қорап сыртында айқын жазылуы керек. «Жеңiл», «өте жеңiл», «шайыры өте аз» деген сияқты адамдарды елiтетiн, анығында, темекiнiң адамға тигiзетiн зардабы мен зиянын бүркемелеуге тырысатын басқа да жазулар қораптардан мүлде өшiрiледi. Жаңа заң темекi өнiмдерiн балалар заттары мен киiмдерiн сататын сауда орталықтары мен дүкендерде, адамдардың өздерiне өзi қызмет ету орындарында сатуға тыйым салады. Кодексте тiптi, түнгi клубтар, би алаңдары, үйлердiң подъездерi мен жұмыс орындарында темекi тартуды шектейтiн бап та бар. Бұл жасөспiрiмдер санасын улай бастаған темекi – тажалдың кеңiнен насихатталуына жол бермеуге ықпал ететiнi анық. ҚР «Темекi тартуды шектеу мен алдын алу туралы» Заңға сәйкес, темекi өнiмдерiн өндiрушiлер мен сырттан тасымалдаушылар жыл сайын iшкi нарыққа ұснатын өнiмдердiң құрамы туралы Үкiметке есеп беруге мiндеттi. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Халықаралық темекiге қарсы күрес жөнiндегi конвенцияға қол қойған Қазақстанда темекi қораптарының сыртындағы «Шылым шегу сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды», «балаларды темекi түтiнiнен қорғаңыздар», «темекi шекпейтiндердiң өмiрi ұзақ» деген жазудағы әрiптер көлемi 30 пайызға үлкейтiлдi. ДСҰ мәлiметтерiнде әлемнiң 2 млрд.-қа жуық жасөспiрiмi темекi тартады. Ал елiмiздегi көрсеткiштерге келсек, Қазақстан халқының 4 миллионы (27 пайызы) шылымға әуес. Сорақысы сол, оның 600 мыңы қыз-келiншектер үлесiне тисе, 120 мыңы – жастардың еншiсiнде. Жыл сайын қазақстандықтардың 25 мыңы темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұмса, күн сайынғы көрсеткiш – 70. Демек, әр күн сайын 70 пенде шылымның құрбанына айналады. Ғылыми деректерге сүйенсек, шылымға әуестенгендердiң 95 пайызы өкпенiң қатерлi iсiгiне ұшыраған. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi темекi тартатындар арасында жыл сайын 3 мыңнан астам адамның өкпенiң қатерлi iсiгiнен көз жұматынын айтады. Ал жүрек-қан тамырлары дертiне шалдыққандар саны соңғы 5 жылда екi есеге дейiн өскен. Халықаралық ұйымдар егер әлем темекiмен бiрлесiп күреспесе, ғасыр соңына дейiн 1 млрд. адамның ажалы темекiден болатынын айтып, дабыл қағуда. Темекi өнiмдерiн өндiрушi мен оны таратушы жыл сайын 1 ақпанға дейiн денсаулық сақтау органдарына сатылатын темекi құрамындағы адам ағзасына қауiптi заттардың деңгейi туралы есеп берiп отыруға мiндеттi. Керiсiнше болған жағдайда, яғни, заңда көрсетiлген талаптарға құлақ асуға құлықсыздық танытса, ҚР Әкiмшiлiк-құқықтық заң бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес жазаға тартылады.

2008 жылдың 22-қыркүйегiнде Еуропалық Комиссия темекiге қарсы күрестiң тағы бiр жобасын талқыға салды. Аталған құжатта ЕО құрамындағы елдерде темекi өнiмдерiне салынатын мемлекеттiк салықтар көлемiн шылымның бөлшек саудадағы бағасының 67 пайызына дейiн өсiру керектiгi айтылған. Басты мақсат: адамдардың денсаулығына төнетiн қатердiң алдын алу және кәрi құрлықтағы барлық елде темекiнiң бағасын бiркелкiлендiру. Қазiргi таңда Франция, Германия, Бельгия секiлдi басқа да мемлекеттерде бiр қорап шылым едәуiр қымбат тұрса, Люксембург пен ЕО-ға кейiннен қосылған көптеген елдерде темекi арзан. Бұл Германия мен Франциядағы контрабандалық жолмен әкелiнген темекi өнiмдерiнiң күрт көбейiп кетуiне себеп болған. Еуропалық Одақтың қазiргi басты мақсаты – 2025 жылға дейiн темекi өнiмдерiн ашық саудадан мүлде алып тастау. Темекiмен күрестi күшейткен Ресейде мектептер мен колледждерде темекi тартқан мұғалiмдерге үлкен көлемде айыппұл салынады. РФ Тұтынушылық бақылау ұйымының жетекшiсi Геннадий Онищенко жуырда Ресейдегi әлемдiк деңгейде темекi өнiмдерiн өндiретiн алпауыт кәсiпорындарды «ресейлiктерге қарсы «никотиндiк геноцид» ұйымдастырды» деп айыптап, сотқа шағымданатынын мәлiмдедi. Батыстың көптеген елдерiнде қоғамдық орындарда шылым тартуға заң жүзiнде тыйым салынған. Францияда мұндай заңның күшiне енгенiне 1 жылға жуық уақыт өтiптi. Осы кезеңде кафе, бар, мейрамханалардың қожайындары табатын пайда 10-15 пайызға қысқарса, жүрек пен қан тамырлары ауруынан көз жұматындар саны 15 пайызға азайыпты. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi темекi өнiмдерiн жарнамалайтын насихаттық шаралар толық әрi тұтас тоқтатылса, шылым шегетiндердiң саны 16 пайызға төмендейтiнiн көлденең тартады. Сондықтан көшелерде, бұқаралық ақпарат құралдарынан (газет, журнал, теледидар, радио, интернет сайттары, плакаттар мен билбордтар, қоғамдық көлiктердiң сырты т.б.) никотиндiк өнiмдердi аластау өте маңызды. Сонымен қатар түрлi халықаралық жарыстарда, әсiресе, жастар мен жасөспiрiмдер қатысатын сайыстарға демеушiлiк жасайтын темекi өндiрушi кәсiпорындардың брэндтерiн жарнамалауға да тосқауыл қою қажет. Сонда ғана салауатты өмiр салтын ұстанатын қоғам туралы әңгiме қозғау – қисынды. Үстiмiздегi жылдың басында бiр топ халық қалаулылары мен темекiге қарсы күрес жариялаған ұйымның мүшелерi Қазақстандағы темекi өнiмдерiн өндiретiн компаниялардың жыл сайынғы шаш-етек пайдасының 80-90 пайызы республикалық бюджеттi айналып өтетiнiн айтып, дабыл қаққан едi. Тиiстi органдардың тексеру жүргiзгенiн әлi естiмедiк. Үкiметтiң құлағына алтыннан – сырға деймiз де баяғы…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ