ТIЛ БАР ЖЕРДЕ ҰЛТ БАР

ТIЛ БАР ЖЕРДЕ ҰЛТ БАР

ТIЛ БАР ЖЕРДЕ ҰЛТ БАР
ашық дереккөзі

АНА ТIЛ — БIЛIМ БЕРУДIҢ БАСТЫ ШАРТЫНА АЙНАЛУЫ ТИIС

Мiне, көздi жұмып ашқанша тәуелсiздiктiң 18 жылдығы да жақындап қалды. Өткен уақыт iшiнде Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк даму жағынан әжептәуiр жетiстiктерге қол жеткiздi. Әлемдiк және регионалдық саясаттың белсендi қатысушысына айналды. Бұл тарихи өлшем тұрғысынан алып қарағанда, өте аз уақыт iшiнде жетiскен нәтиже.

Елбасы осы қол жеткiзген жетiстiктерiмiздi одан әрi нығайту негiзiнде, Қазақстанның жақын келешекте әлемдегi дамыған, бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарынан орын алу мiндетiн стратегиялық нысан ретiнде белгiлеп бердi.

Елiмiздiң бүгiнгi дамуы мен келешегi туралы сөз болғанда, бiз ең әуелi өз халқымызды да көз алдымызға келтiремiз. Себебi, Қазақстан ұйғырлары бұрынғыдай бүгiнгi күнде де елiмiздiң экономикалық, әлеуметтiк-мәдени және саяси дамуына өзiнiң салмақты үлесiн қосуда. Халқымыздың келешегi, тағдыры мемлекет тағдырымен, бауырлас қазақ халқының келешегiмен тығыз байланысты.

Тәуелсiздiк туы жарқырап тұрған бүгiнгi таңда бiздiң ұйғыр халқы үшiн екi нәрсе өте маңызды. Бiрiншiсi, мемлекетiмiздiң тең құқылы азаматтары ретiнде басқа ұлт өкiлдерi мен барабар дәрежеде қоғамымыздың барлық салаларында қызмет көрсетiп, өзiмiздiң күш-жiгерiмiздi, бiлiм-парасатымызды тәуелсiз Қазақстанымыздың дамуына пайдалану. Сондай-ақ, өзiмiздiң ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларымызды сақтап, тарихи сана-сезiм, мәдениетiмiзге жанашырлығымызды көрсетiп, этномәдени, ұлттық дамуды қамтамасыз ету. Ұлтымыздың бiлiм-парасатын, салауатты өмiр салтын, дамуын, келешегiн белгiлеп беретiн осы негiзгi екi өлшем тұрғысынан елiмiз өмiрiндегi әртүрлi саяси шаралар, өзгерiс, бастамалар баса назар аударуға, көңiл бөлуге мұқтаж.

Сөз жоқ, осындай саяси жағынан өте маңызды, ең басты оқиғалардың бiрi ретiнде Елордамыз Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХII құрылтайын тiлге тиек етпей мүмкiн емес. Себебi, сессияда Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев елiмiздiң одан әрi нығаюына жаңа рух, серпiн беретiн бiрқатар өте маңызды мәселелердi ортаға салды. Әлемдегi дамыған 50 елдiң қатарына қосылуына мүмкiндiк туғызатын, жедел жаңару жолындағы қазақстандық қоғамды сапалы жаңартуға, ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың маңызды амалдары жайында сөз болды. Елбасы халықтар бiрлiгiнiң маңыздылығына ерекше мән бердi. Тiл, бiлiм мәселелерi, оның iшiнде мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру жөнiнде айтылған пiкiрлер тәуелсiздiк алғаннан берi бiрiншi рет жан-жақты көтерiлдi. Оның себебi неде? Тiл – мемлекеттiң символы. Тiл – ұлттың сақшысы, күндiзгi жол серiгi. Тiл – бiздiң түп-тамырымыз, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзушi, ғасырлар бойы сақтаушы. Тiл сақталса, ұлт бар. Бiрақ тiлдiң әңгiмесiн бiр кiсi айтып тауыса алмайды. Оның бар мәселесiн бiр кiсi шешiп бере алмайды. Бұны қауым болып, көп болып жүзеге асыру керек. Тiлдiң тағдырын шешу үшiн, ең әуелi бiз балаларымызды, немерелерiмiздi ана тiлiнде оқытудан басқа мақсат ұстамауымыз керек. Айталық, қазақтың баласы қазақ, ұйғырдың баласы ұйғыр болып туады, өседi, көпке танылады деген мәселелердiң төңiрегiнде ойлануымыз керек. Өзгенiң тiлiн оқып, мың жерден ғұлама болсаң да, бiр ғана басыңды сақтайтын қабiлеттi адам боласың. Ең басты шарт көкке самғататын жалғыз құдiретiң осы ана тiлiң. Бұл тiлiңдi анамыздың көкiрегiнен шыққан сүтпен бiрдей қадiрлеуiмiз керек. Ана тiл бiлiм берудiң басты шартына айналуы тиiс. Ал бiлiм дегенiңiз — келешек ұрпақ, ұлттың сапасы, рухани талғамы және даму қарқыны.

Тiл тағдыры – ел тағдыры. Демек, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiне лайық дәрежедегi меңгеру деңгейiн кеңейту, функционалдық маңызын көтеру өте маңызды. Мiне, сондықтан да мемлекет тарапынан бiрқатар шаралар белгiлендi. Айталық, Президент үкiметке мемлекеттiк тiлдi меңгерген ұлты қазақ емес, мемлекеттiк қызметкерлердi марапаттау жөнiнде ұсыныстарды дайындауды тапсырды. Мемлекеттiк тiлдi меңгеруде, оны дәрiптеуде үлгi көрсеткен басқа ұлт өкiлдерiн марапаттау әлбетте, құптарлық бастама. Мемлекеттiк тiлдiң дамуы қазақ халқының ұлттық намысының, жалпы алғанда, қазақстандық отансүйiгiштiктiң қалыптасып, одан әрi нығайуында, егер кең тұрғыда алып қарайтын болсақ, жалпы түркi әлемiнiң күшейуiне ықпал етушi фактор екендiгiн түсiнуде. Оны жүзеге асыруда сөз жоқ, ұлттық тәрбие мен бiлiмнiң орны ерекше.

Бүгiнгi бiлiмге байланысты бiр-бiрiмен тығыз тоғысқан үш маңызды мәселе бар: мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн жас ұрпақтың толық меңгеруi үшiн жағдай жасау; бiлiм сапасын және бағыттарын замана талабына сай, лайық деңгейге көтеру; ана тiлiнде бiлiм алып жатқандарға басқалармен барабар мүмкiншiлiктердi беру негiзiнде жоғары және жалпы бiлiм ордаларында оқуына жағдай жасау. Бұл мәселелердiң барлығы ұлттық мектептердi сақтап, күшейту негiзiнде ғана шешiлетiн мәселелер.

Тiлдiң тағдырын шешу үшiн, ең әуелi бiз балаларымызды өз ана тiлiнде оқытуға, әсiресе орыстiлдi, өзге дiлдi яғни ана тiлiн бiлмей, ұлттық мәдениетiмiзден сусындамай дүбәрә болып өсiп, тәрбиеленiп келе жатқан мәңгүрт қандастарымызды ана тiлiмiздегi мектептерге тартуымыз керек.

Ендi ана тiлiндегi мектептен сыртта бiлiм алып жатқан балаларымызға тiлiн, тарихын, әдебиетiн, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын үйрету, бойына сiңдiру өте маңызды және ол өте тиянақты мәселе ретiнде күн тәртiбiнен түспеу шарт. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк тiлдi терең меңгеру мәселесi күн тәртiбiне қойылды. Елiмiздегi басқа ұлттар мен ұлыстарға қарағанда, бiз ұйғырларда қазақ тiлiн терең меңгеру жағынан бiрқатар артықшылықтар бар. Ең негiзгiсi қазақ халқы мен ұйғыр халқы бiр-бiрiмен туысқан, сондай-ақ, тiлi, дiлi, дiнi бiр бауырлас халық. Сондықтан да ұйғырлар мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнде еркiн сөйлей алады және оған құрметпен қарайды. Екiншiден, бiздiң ана тiлiмiзде мектептерiмiз бар. Қазақ тiлiне жақын ана тiлiмiзде бiлiм алу мүмкiншiлiгiмiз бар. Мемлекеттiк тiлдi меңгеру бүгiнгi заман талабы. Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында көзделген мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеруге деген мақсатты бiз де қолдаймыз. Егер бiз ана тiлiмiздегi мектептерiмiздiң потенциалын толық пайдалана бiлсек, қазақ тiлi және әдебиетiне бөлiнген сағат және күрделiлiгi жағынан қазақ мектептерi дәрежесiнде (деңгейiнде) оқытуды қолға келтiрсек, ұлттық мектептi сақтап, нығайту негiзiнде мемлекеттiк тiлдiң дамуына тиесiлi үлес қосудың ең парасатты жолын таңдаған боламыз. Сондай-ақ, балаларымыздың һәм ұлттық, һәм заманауи бiлiм алу мүмкiншiлiгiне жол ашамыз. Тағы да қайталап айтатын болсақ, Қазақстан ұйғырларының мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертуге, оның кемелденуiне қосатын үлесi ана тiлiмiздегi мектептерiмiздi сақтап, ана тiлiнде оқитын оқушыларымыз санын көбейту арқылы болуы тиiс.

Қазақстандағы этникалық және тiл жағдайларына арналған арнайы зерттеулерге қарағанда, Алматы облысы ұйғырларының (147283 адам, 2005 жыл) мемлекеттiк тiлдi меңгеруiнiң өте жоғары көрсеткiшi анықталған. Оның 82,8 пайызы қазақ тiлiнде еркiн сөйлей алатындығы анықталған. Мұндай жағымды көрiнiс-фактiлердiң неше түрлi себептерi бар. Мұнда қазақ халқы мен ұйғыр халқының ана тiлi негiзiнде қалыптасқан ортақ тiл ортасы (жан-жақтағы ортамен тiл табысу), ұйғырлардың жан-жаққа шашылмай, бiр жерге орналасуы, ең әуелi, сөз жоқ, ана тiлiмiздегi мектептерiмiздiң болуы негiзгi рөл атқарған. Бұл қазақтардың өздерiнен кейiнгi екiншi орындағы көрсеткiш. Ендi бiз, тiлi келсiн-келмесiн, орысша былдырлауға көшкен және де орысша оқймыз деген мәңгүрттердiң есiне ана тiлiнде бiлiм және ұлттық тәрбие алатындар санын көбейтсек, қазақ тiлiн ұйғыр мектептерiнде оқыту бiз айтқандай жолға қойылса, ұйғырлардың қазақ тiлiн меңгеру деңгейi мен сапа дәрежесi жоғары болатыны сөзсiз.

Ендi жоғарыда айтқанымдай, орысша балаларымызды “өткiзу” ауруына келетiн болсақ, бұл өте қауiптi процесс. Өзiнiң бойындағы жақсы қасиеттердi құртып алған, ана тiлiмен қатар мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн не болмаса өте нашар меңгерген ұрпақтың көбейуi, ана тiлiмiзге деген жанашырлықтың күрт төмендеуiне алып келедi.

Тiл проблемасына қатысты тағы бiр өзектi мәселе — жазу мен емле десек, ұйғыр ғалымдарының бұл салада да өзiндiк үлесi барлығын көремiз. Атап айтқанда, ұйғыр ғалымдары тiл туралы өз ойларын бiлдiрiп, баспа бетiнде мақалалар жариялады. Бұлардың бәрi тiлiмiз жанашырларының ұйғыр әдеби тiлiнiң, оның iшiнде емле ережесiнiң өзектi мәселесiн дұрыс шешуге бағышталған ой-толғаныстары едi. “Тiл тағдыры – ел тағдыры” деп басталған осынау бiр игiлiктi iске қосқан ғалымдарымыздiң ғылыми үлесi де ұланғайыр. Осы кейiнгi (1989-2009) 20 жыл iшiнде баспа бетiнде жарық көрген 60-қа жуық үлкендi-кiшiлi еңбектерi тiл мамандарының тiл тағдыры жөнiндегi әртүрлi идеялары мен ой-пiкiрлерiнен, ұсыныс тұжырымдарынан дерек бередi. Бүгiнде бұлардың бiразы дәл сол кездегiдей актуалды болмаса да, өмiр талабына, заман үрдiсiне сай өзгерiп, айқындалып, уақыт сынынан өтiп, жалпы тiл саясатының өзектi мәселелерiн қозғаған ғылыми-практикалық негiздерiнiң бiрi болып қалады деп айта аламыз.

Тiлге деген қамқорлықты тек мемлекеттен, үкiметтен талап ету аз, жұмысты өзiмiзден бастау керек. Әрбiр ұлт өз ана тiлiн қорғамаса, кiм қорғайды? Әрбiр ұлттың зиялы қауымы өз ана тiлiнiң қанат жая алмай отырғандығы үшiн кiнәлi. Рухымызды оятайық — тiл бұлағының да көзi ашылсын. Тiл — ұлт қанымен бiрге қайнаған киелi дүние екенiн ескерген жөн. Ұлт тұтасса ғана тiл көгередi. Ана тiлiн ардақтай бiлейiк!

Шәмшидин АЮПОВ, филология ғылымдарының кандидаты, “Ұйғыр авази” газетi “Бiлiм” бөлiмiнiң меңгерушiсi