ШЫМКЕНТЕ ШЕНЕУНIКТЕР ШЕКIСIП ЖАТЫР

ШЫМКЕНТЕ ШЕНЕУНIКТЕР ШЕКIСIП ЖАТЫР

ШЫМКЕНТЕ ШЕНЕУНIКТЕР ШЕКIСIП ЖАТЫР
ашық дереккөзі

Ол астанадағы лауазымды шенеунiктердi де шарпуда

Оңтүстiкте “техастық” тiрлiктер жеке бiр адамның басына ғана қатысты болса жарар едi. Дегенмен бұл тiрлiктiң гу-гу әңгiмесiнiң өршуi бұл жақтағы небiр жоғары лауазымды тұлғалардың атына кiр келтiрiп, елде атқарылып жатқан игi iстерге зардабын тигiзiп жатыр. Тiптi, Елбасының атқарушы билiкке берген тапсырмасы да шала-шұрпы орындалып, аяқсыз қалып жатқаны өкiнiштi.

Соның айқын мысалы емес пе, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың “Шымкенттiң саябағын халыққа қайтарыңдар” деген тапсырмасының әлi күнге дейiн толық шешiмiн таппай келе жатқаны. Сол тапсырманы облыстың экс-әкiмдерi Өмiрзақ Шөкеев батыл қолға алып, оны Нұрғали Әшiмов жалғастыра бастағанында, елдiң жоғарғы эшалонындағы “көкелердi” iске қосып, Н.Әшiмовтың “қолын байлап” тастағандай еткенiмiздi ешкiм өтiрiк дей алмас, әсте. “Атака на акима” жасадық. Қарабайыр дүкеннiң деңгейiнде салық төлеп келген “Кен баба” этнопаркiнiң қожайыны ел Парламентiндегi депутат “көкесi” арқылы Н.Әшiмовтi “тобасына келтiрдi” дегендi мына елдiң қалың жұртшылығы босқа айтпаған сияқты.

Шымкентте басшылық қызметтегi талапшылдығымен “комиссар Катани” атанған азаматтың: “Шымкентте таңертең бiр мектеп директорын “түртiп” қалсаң, түстен кейiн Астанадан “звонок” келедi” дегенi босқа айтылмағанын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр. Бұл күнде “суға салса батпайтын, отқа салса, жанбайтын” басшы кадрлардан шаршаған жұртшылық облысқа әкiм болып келген А.Мырзахметовтың кадр мәселесiне “май шаммен” қарауға шығып, кадр резервтерiне Ереже жасатып, оны қоғамдық талқылауға салып, бiрқатар жаңашыл игi iстердi қолға алғанына үмiтпен қарай бастап едi. Бiрақ, сол баяғы өзiмiздiң “данышпандарымыздың” Ақорданың төбесiндегi “көкелерiн” айтып, ел iшiне жайсыз әңгiмелердi жайып жiберуi тағы да талайларды тiксiндiрген. Ал, оған сенбейiн десең ерiксiз иландыратын себептер бар.

Бұл күнде облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiнде отырған Болатбек Әлиевтi осы лауазымды қызметке ОҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасынан келдi десек те, оның құқық қорғау органының бұрынғы офицерi болғандығы жалпақ жұртқа белгiлi. Кiм лауазымды басшылық қызметке бармайды, егер ел сенiмiне лайық болса. Ал, мына Б.Әлиевтiң облысымыздағы Кеден басқармасының контрабандамен және кеден ережелерiн бұзушылармен күрес жөнiндегi басқарманың бастығы бола жүрiп, сотталғанына не дерсiң?

Бұл туралы “Рейтинг” газетi (№2 19.01.2008 ж.) санында: “Болатбек Әлиев Сарыағаш аудандық сотының үкiмiмен 2001 жылдың мамырында бас бостандығынан айырылды. Бiрақ, “Рақымшылдық жасау туралы” Заңының 3-бабына сәйкес жазадан босатылады. Контрабандамен және кеден ережелерiн бұзушылармен күрес жөнiндегi басқарма бастығының өзi қылмыс жасаған соң, кеден басшылары Болатбектi аясын ба? “Қызмет өкiлеттiлiгiн терiс пайдаланып, сыбайлас жемқорлық құқығын бұзды” деп жұмыстан босатады”,-деп жазды.

Осы газет: “…Жетi-сегiз жыл бизнес жасап, өзiмен-өзi жүрген Болатбек Әлиев мемлекеттiк қызметтен еш күдер үзген жоқ. Облыстық сотқа арызданды. Болмады, жеңiлдi. Жоғарғы Сотқа да шағымданды. Ең соңғы уәждi Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидiң өзi оқып, Әлиев жөнiндегi облыстық соттың шешiмiн өзгерiссiз қалдырды”, — деп жазды.

Ендi ел заңдары талабының мүлтiксiз орындалуын қамтамасыз ету үшiн ҚР Бас прокуроры Қ.Мәми Б.Әлиевтiң мәселесiне қайта оралып, өз бақылауына алуы қажет болғаны ма, сонда?

Барлықтың буы шығар, Б.Әлиев өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеп шығуға да мән бермей, бiлдей басқарманың бастығы болып шыға келедi. Бұл туралы “Рейтинг” газетi: “Болатбек Әлиев әбден қызметке тұрғаннан кейiн кеден басқармасының бұйрығын өзгерту үшiн сотқа шағымданады. Шымкентте заңды бұзуға болмайды, тек айналып өтуге болады емес пе?! …Еңбекшi аудандық сотының судьясы С.Құнанбаев әйтеуiр жол тауып, iстi Әлиевтiң пайдасына шешедi”, — дегенiне дәлел — судьяның Б.Әлиевтiң “қызметтен өз еркiмен кеттiмiне” сене қалып, оны кеден басқармасының сыбайлас жемқорлық құқығын бұзғаны үшiн жұмыстан босатқан бұйрығын бұзып бергенi. Асығы алшысынан түскен Б.Әлиев жетi жылдан кейiн “қызметтен қылмысына байланысты босатылды” дегеннiң орнына “өз өтiнiшi бойынша жұмыстан босатылды” деп түзетуiнiң арқасында бұл күнде облыс басшысының бiрi болып отыр. Ал, Б.Әлиевтiң рақымшылдықпен жазадан құтылуы — оның кiнәсiздiгiне дәлел емес қой. Рақымшылдық — қылмыскерге мемлекеттiң кешiрiм жасап, белгiленген жазаны өтеуден босатылуына мүмкiндiк беру болса, мұны “бұ жақтағы” шендi-шекпендiлер шынымен бiлмегенi ме? Жоқ. Олар қылмыс жасаушы рақымшылдыққа iлiгу үшiн, мiндеттi түрде өзi жасаған қылмысын мойындап, арыз жазып беретiнiне дейiн жақсы бiледi. Осы фактiге орай, ОҚО бойынша ЭҚСЖҚК жөнiндегi департамент бастығының орынбасары Д.Исаевтың ел заңының аяқ асты болмауына араша түсiп, сол кездегi облыс басшысы Н.Әшiмовке “…облыстың жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болатбек Әлиевтi орнынан босату туралы ұсыныс жiбергенiне 17-желтоқсанда екi ай толды” деп жазды “Рейтинг” газетi. Шындығында да сыбайлас жемқорлыққа барып, сотты болған адамды мемлекеттiк қызметке қабылдауға болмайтыны әмбеге аян емес пе?

Ал, Мемлекет басшысының: “Менiң бастамаммен бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшiн жұмыстан қуылған адамдар мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда кез-келген лауазымды жұмыс iстеуге өмiр бойы тыйым салынады. Ешкiмнiң лауазымына, шен-шекпенiне қараудың қажетi жоқ”, — деп берген тапсырмасына шымкенттiк шенеунiктер пысқырып та қарамайтын болды.

Б.Әлиевтiң “Еңбек кiтапшасы” “тап-таза” екен дей қояйық, ал рақымшылдықпен жазасын өтеуден құтылуын қайда қоймақпыз? Есiткенде “аттарынан ат үркетiн” азаматтардың қарасын қалқан етiп, талтаң-талтаң басатындар мемлекет басшысының күнi кеше ел Парламентi алдында сөйлегенiнде: “Елiмiзде қолын мемлекет қалтасына сұққандарды жазалаудан сақтап қалатын орынтақтар мен кабинеттер болмауға тиiстi”, — деген талапты қазiргi облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қатаң бақылауға алса жақсы болар едi.

Осы мәселе көтерiлген кезде ел алдында өзiнiң кiнәсiздiгiне дәлел боларлық бiрауыз уәждi сөз айтуға қазiргi облыс әкiмiнiң орынбасары Болатбек Әлиев жарамаған көрiнедi. Бiрақ, бұл Шымкентте еш нәрсеге таңдануға болмайды. Сол Б.Әлиев облыста бюджет қаржысы ең көп жұмсалатын сала бойынша облыс әкiмiнiң орынбасары орынтағына қонжия кеттi. Бұл қалай болдыны жұрт айтып үлгергенше, ел iшiнде Б.Әлиевтiң “облыстағы кадр мәселесiн Астана арқылы тiкелей өзi шешiп отыратынын айтыпты”-мыс. Бұл гу-гу әңгiмеге айналып шыға келсе бола ма?

Бiраз елдiң құрметiне ие болып жүрген бiраз азаматтар Оңтүстiктiң “пысықайларымен” байланысып қалыпты дегенi сенiмсiздеу болды. Бiрақ, Б.Әлиевтiң Сайрам ауданы әкiмi Мұхит Әлiмен текетiреске шығуы да тегiн еместей сезiлдi. Облыстағы үлкен кеңейтiлген мәжiлiсте облыс әкiмiнiң орынбасары Б. Әлиев Сайрам ауданында салынып жатқан нысандарды қатты сынға алып, бұл ауданның шенеунiктерiне шүйлiге түседi. Сынға сызданып, от басқандай ыршып түскен Мұхит Әлi “…Бiрiмiздi бiрiмiз “подставить” етемiз. Өткен жолы да Болатбек Әлиев мырза менi “подставить” еттi, сөйтiп, бөлiм бастығын жұмысынан алып тастады. Ешқандай кiнәсi жоқ, оның. Болмайды ғой ондай!” деп шала бүлiнген. Соңынан өз кемшiлiгiн мойындаған Мұхит Әлi облыс әкiмiнiң алдында кешiрiм сұрайды. Кемшiлiгi болмаса несiне ақталып, несiне кешiрiм сұрайды? Өйткенi, өзiнiң орынбасарынан бастап, бiрнеше ауыл әкiмiне дейiн сыбайлас жемқорлықпен айыпталып, сотты болып жатқанда, осы Мұхит Әлiге су жуытпай “тап-таза” болып жатады. Сайрамдағы соңғы сорақылыққа тағы бiр оралудың жөнi келiп тұр. Аудандағы субсидия қаржысындағы былықтарды жасыру үшiн Мұхит Әлiнiң ең сенiмдi орынбасарларының бiрi А.Абдусаттаров және ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы А. Есалиев жүрек жұтып, ҰҚК-нiң қызметкерлерiн сатып алмақ ойда 3000 АҚШ доллары көлемiнде пара ұсынады. Жемқорлықты жасырмақ болған олар тұтқынға түсiп, темiр торға тоғытылды. Қызмет беделiнен айырылып, сотты болды. Мұның алдында Сайрамда бiрнеше ауыл әкiмi және мекеме басшылары пара алғаны үшiн сотты болған. Бiрақ, ауданның әкiмi Мұхит Әлiге “сөгiс” берудiң өзi мұң болды. Мұндай жағдайда талай министрлердiң тағынан тайып, қызметiнен босап жатқаны жасырын емес. Кеше ғана облысқа келген ҚР-сының Бас прокуроры Қайрат Мәми “мен Бас прокурор болып тағайындалған соң, iшкi коррупциямен күрестiң ережесiне өзгерiс енгiздiм. Ендi қызметкер сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, онда басшының да жауапкершiлiгi қаралатын болады.” деп шегелеп айтты. Бұрынғы облыс әкiмi Әшiмов те айтқан ойын жүзеге асыра алмай ол кеттi. Ал, қазiргi облыс әкiмi Асқар Мырзахметов Мұхит Әлiнi тiреп тұрған қандай “көкесi” болса да орынтағынан босататын кезi келдi. Бұл әкiмге “Аяз би әлiңдi, құмырсқа жолыңды бiл” деп айтатын басшы табылмай отырғаны таңдандырады. Бәлкiм, мықты “крышасы” болғандықтан жұрт оны “облыс әкiмi болады, құрығанда қала әкiмi болады” деген сөздi тектен-текке айтып жүрмеген сияқты.

Екi бiрдей “тiрегi” мықтылардың “арпалысқа” шығуы аз болды ма, “жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты” дегендей бұл жақта тағы бiр “данышпан” шыға келгенiне не дерсiз?

Нарық қатынасы келгенде құрылыс саласындағы кәсiпкерлiкпен айналысып, ал есiн жия бастағаннан-ақ, салған құрылыстарының сапасыздығына қатысты жайсыз әңгiмелер көбейiп кеткен Р. Бексейiтов Президент аппаратында iстейтiн «көкесiнiң» атын айтып, қорқытып жүргенiн жергiлiктi басылымдар жазып та үлгердi.

Тағы да айтарымыз, бүкiл елге құрметтi, ел басшылығындағы қызметте абырой биiгiнен көрiнiп жүрген, сырт көздiң өзiне қатал мiнездi А.Мусиндей азаматты сырттай иеленiп, келеңсiз қоғамдық пiкiрдiң қалыптасуына негiз болатын сөздi таратушыларға қарағанда, осы өрескелдiкке өңiр жұртшылығы ыңғайсызданатын сыңайлы. “Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды”, облыста Б.Әлиев, Р.Бексейiтов, М.Әлi түгiлi, одан зорларды “қалтасына” салатын бай-бақуатты жiгiттер бар, неге солардың Ақордадағы “крышалары” туралы, кадрлық мәселенi шешетiндiгi туралы аңыз тарап, гу-гу әңгiме шықпайды?

Ал, тендерден мемлекеттiң жүздеген миллиондаған қаржыларын ұтып алып, сапасыз құрылыс салумен елдi шулатып жүрген құрылыс “алпауыттарының” бiрi облыстық маслихаттың депутаты — Р.Бексейiтовтiң “көкесi” Астанадағы мықты бiреу десек, оның бетiне жел есуiн былай қойғанда, елдегi игi тiрлiктерге зардабын тигiзудiң бел алмасына кiм кепiлдiк бермек? 2006 жылы Бәйдiбек ауданы, Алмалы ауылындағы Қ.Сәтбаев мектебiнiң сметалық құны 236 млн. 500 мың теңгелiк ғимаратын салуды тендерден ұтып алып, 2008 жылы оны тапсыру кезiнде талай былықтар шықпады ма? Үлкен дау-жанжалмен жылу беру жүйесi қайта iстелiнiп, сынып бөлмелерiнiң едендерi қайта салынғаны аңыз болып айтылды. Тендер болса, сүбелi сыбағадай үлессiз қалмайтын Р.Бексейiтовтiң тобындағы “Шымкент профиль” ЖШС-i осы аудандағы С.Ерубаев орта мектебiне “Жол картасы” бойынша жүргiзiлетiн сметалық құны 114 млн. теңгелiк күрделi жөндеу жұмысын жүргiзудi ұтып алып, оның соңындағы “сойқаны” ҚР Парламентi сенаторы О.Рахманбердиевтiң араласуынан кейiн зорға ретке келтiрiлгендей болды-ау… Жұрт ойлап таба алмайтын сұмдықты есiткен жан не күлерiн, не жыларын бiлмей қалды. Қараңыз, мердiгер мекеме мектептiң сынып бөлмесiнiң еденiне төсеуге әкелген тақтайларының су екендiгi қарапайым көзге көрiнiп қалады. Жөндеу жұмыстары сапасын бақылап, күндiз-түнi сол жерде жүретiн мектеп директоры Қ.Аязов су ағаштарды еденге салдыртқызбайтындығын айтып, шу шығарады. Заңды талап қоюда қайсарлық көрсеткен мектеп басшысы облыс орталығынан арнайы өлшегiш құралын алдырып, ағаштың сулылық мөлшерiн өлшеткiзедi. Ағашты құрылысқа пайдалану нормасының мөлшерi 9 болуға тиiстi болса, мұндағы ағашта оның мөлшерi 36 болып шығады. Сонымен, ағашта еденге төсемеуге келiседi. Кешке үйiне қайтқан мектеп директоры таңертең мектепке келсе 30-ға жуық сынып бөлменiң еденi төселiп қалыпты. Сөйтсе, Шымкенттегi “дәу” бастықтан келген “команда” бойынша құрылыстағы 180-ге жуық жұмысшы шам жарығымен таң атқанша 30-ға жуық бөлменiң еденiне тақтай қағып шығыпты ғой. Бұдан өткен күлкiлi спектакль болмайтын шығар, бiздiң “Техастан” басқа жерде. Екi арадағы дау-жанжал созылып, бұл кезде су ағаштардың қабыстырылған жерлерi көтерiлiп қалады. Арадағы жанжалдың ушыға түскен кезiнде, бұл мектепке ҚР Парламентiнiң сенаторы, мемлекетшiл азамат О.Рахманбердиев келе қалса бола ма! Р.Бексейiтовтiң тобындағы “Шымкент профиль” жасаған сорақылықты Парламент сенаторы облыс әкiмi А.Мырзахметовтың алдында сөз етуден кейiн едендi жөндеу қолға алынғандай болады. Су ағаштардың көтерiлгенi қазiр де көзге көрiнсе, оның үстiне едендi iздесең таппайтын, қарақоңыр түспен бояп шығу да, сұрықсыз көрiнiс берiптi. Жылытудың да жайы қалай болатындығы алдағы күндердiң үлесiне қалыпты. Оңтүстiкте бiр рет таққа мiнiп үлгерсең, ешуақытта аттан түспейсiң, ал қалталылардың қатарына iлiктiң бе, сүбелi сыбағадан құр қалмайсың. Соның дәлелi шығар, Р.Бексейiтов тобы бұл ауданды қанша зар қақтырса да, бұл күнде түк болмағандай, осы ауданның орталығында салынатын сметалық құны 2 млрд. теңгеден асатын кәсiби-лицей мектебi құрылысының 2009 жылға бөлiнген 300 млн.нан астам теңгелiк жұмысты тендерден ұтып алып отырғаны.

Сонда, бұл — жұртты зар қақсататындардың заманы болғаны ма?

Аталған “пысықайлардың” ендi өздерiнiң сорақы тiрлiктерiне А.Мырзахметовтей облыс басшысы мүмкiндiк бермейтiнiн сезген соң, Аслан Мусиндi “бронижилет” ете бастады деп, ел iшi босқа гулеп жатқан жоқ сияқты.

Оның зардабы кадр саясатын мына елдiң сенiмiнен шығарлықтай етiп ұстаймын деген облыс әкiмi А.Мырзахметовтың игi iстерiне тиiп кететiнiне де ешкiм дауласа алмас, әсте.

Тiрлiктерi анау, гу-гулi “ұранмен” талтаңдасы мынау болып жүрген жандардың тiрлiгiне тиiстi бағасын берiп, оңтүстiктiң жаңа басшысының игi iстерiне қолдау боларлықтай тiрлiктердi қарастыратын жан табылар деп ойлаймыз.

Әдiл МҰРАТБЕКОВ,

Шымкент қаласы