МӘРИЯМ АПА

МӘРИЯМ АПА

МӘРИЯМ АПА
ашық дереккөзі

Көрнектi қаламгер, қазақ әдебиетiнiң классигi Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апа жүзге толыпты дегендi естiген соң, жүз жасаған апаммен тiлдеспек ниетте үйiне қоңырау шалдым. Телефонның тұтқасын көтерген қыз апамның кiшкене сырқаттанып қалғанын жеткiздi.

Арада бiрнеше күн өткен соң, әлгi телефонның нөмiрiн тағы тердiм. Бұл жолы Мәриям апаның үлкен қызы Баян апай жауап бердi.

— Апаң сырқаттанып жүр едi. Егер сөйлескiң келсе, ертең мұражайға келерсiң, сонда апаңның көрмесi ашылатын болады, — дедi.

Ертесiне Төлебаев пен Мұқанов көшесiнiң қиылысындағы Сәбит Мұқановтың мұражайына келдiм. Келсем, мұражайдың iшi-сырты толған қонақтар. Елге белгiлi қаламгерлерiмiз бен апамыздың шарапатын көрген жандардың бәрi осында жиылыпты. Белгiлi ғалым Тұрсынбек Кәкiшев, көрнектi жазушы Әзiлхан Нұршайықов, ақын Нұрлан Оразалин, Алматы қалалық мәдениет басқармасының өкiлдерi де келген. Тiптi, қаламгердiң жарын көруге арнайы келгендер де бар. Жүзге келген жазушының жарын көру үлкен бақыт емес пе?!

Бiр кезде мұражайға апаның өзi де келiп жеттi. Сан мәрте рет баспасөз беттерiнен Мәриям апа туралы жылы лебiздердi оқысақ та, апамен жүзбе-жүз кездесуiмiз алғаш рет. Үстiндегi оюлы қамзолы да апаның ақ құба жүзiне сән берiп тұр. Мұражайға жиналған қауым да апамен суретке түсуге асығып жатыр. Қолдарындағы шоқ-шоқ гүлдерi де Ананың құшағына сияр емес. Әр алуан гүлмен Ананы көмкерiп тастады жиналған қауым.

Бiр ғасырлық ғұмыры бар Мәриям апа туралы қазақ әдебиетiнiң талай классик жазушылары өз естелiктерiнде қаншама мәрте жылы пiкiрлерiн бiлдiрген де болатын. Классик жазушының қазақ әдебиетiне сүбелi үлес қосуына тигiзген еңбегi бiр төбе де, Мәриям апаның қазақ қаламгерлерiне жасаған қамқорлығы туралы әңгiме бiр төбе екен. Қазақ классигiнiң бiр кездегi шаңырағында бас қосқан қаламгерлер Мәриям апа туралы осылай сыр шерттi, осылай әңгiме қозғады.

Тiптi, көрнектi жазушы Әзiлхан Нұршайықов соғыс жылдарында елге делегациямен келгенiнде алғашқы түскен шаңырағының Сәбеңнiң үйi болғандығын мақтаныш сезiммен жеткiздi. “Мәриям апаны алғаш рет мен көрiп, мен таныдым десем, артық айтқаным емес. Қасымда екi жолдасым бар, соғыстан елге делегациямен оралған едiк. Сәбең бiздi үйiне ертiп әкелдi. Сонда алғаш рет Мәриям апаның кең дастарқанынан дәм таттық. Мәриям апа Сәбеңе: “Балаларға батаңды бер!” дедi. Онда коммунистiк кезең. Сәбең iркiлiп қалып едi, “Елге аман-есен оралуын тiлеп, ақ батаңды бермейсiң бе?” дедi. Сәбеңнiң ақ батасын алып, соғысқа қайта аттандық. Үйден шығып бара жатқанымызда, Мәриям апа үшеумiзге соғыстан аман-есен оралсақ, бiрiншi өздерiнiң шаңырағына түсуiмiздi өтiндi. Сәбең мен Мәриям апаның ақ тiлегi шығар, үшеумiз де соғыстан аман оралдық. Елге үшеумiз үш бөлек оралған соң, әрi ұялшақтығым болар, Мәриям апамның үйiне сол жолы бара алғам жоқ. Бiрақ, кейiн естiсем, екi жолдасым апаның үйiнде оншақты күн жатып кеткен екен. Бiрақ, Мәриям апаны көргенiмдi, үйiнен алғашқылардың бiрi болып дәм татқанымды мақтаныш тұтам. Бүгiнгi той Мәриям ананың ғана тойы емес, қазақтың анасының тойы. Мәриям апа Сәбеңнiң жары ғана емес, қазақтың Анасы. Сондықтан, қазақтың Анасының тойы құтты болсын!” деген жүрекжарды тiлегiн жеткiздi. Ана мерейтойы Сәбең мұражайынан басталды. Мәриям апа жарты ғұмырын бiрге өткiзген жарының мұражайының жұмыс iстеуiне де аз еңбегiн сiңiрген жоқ. Қырық жылға жуық ғұмырын мұражайда өткiзiп келе жатқан апа соңғы кездерi денсаулығына байланысты мұнда келе алмаса да, мұражайдың күнделiктi тыныс-тiршiлiгiнен хабардар болып отырса керек. Мiне, сол мұражайдың төрiнде жүз жасаған әженiң көрмесi ашылды. Көрмеге анамыздың жары туралы әр жылдары жазылған естелiктерi, кiтаптары, суреттерi қойылған. Сонау бiр жылдары Сәбеңмен бiрге тұрған қара шаңырақтың төрiнде ендi Мәриям ананың суретi де жарқырап, iлулi тұр. Қазақтың қаншама классиктерiнiң көзiн көрген, қиыншылығы мен қуанышы да солармен бiрге болған Мәриям апа төрдегi әрбiр суреттерге ерекше ықыласпен қарап отырды. Жан-жағынан қаумалаған қонақтарға да мерейлене бiр қарап алды да, “шүкiр” дедi. Иектерi кемсеңдей түсiп, жарты ғұмырын бiрге өткiзген жарының суретiне нұрлана көз салды. “Жақсы әйел кездессе, жазушының бағы. Жақсы әйел дегенiмiз кiм? Ол әйел таза, ұсынықты, берекелi адам болуы керек” деген екен бiр кездерi Мәриям апа. Сол жақсы әйел Мәриям апамдай шығар дедiм ана жүзiне ойлана қарап. Жүз жасаса да, жүзiндегi салмақтылықтың, мейiрiмдiлiктiң лебi жүрегiме жылы бiр нұр құйды. Көпшiлiктiң алғысы мен ақ ниетi шығар ананы жүзге келтiрген. Қазақ әдебиетiнiң классигiнiң жары болу да оңай емес. Бiрақ, сол мiндеттi адал да, абыройлы атқарған жанның келбетiн көрдiм Ананың жүзiнен. Жүз жасаған Апамның елмен бiрге батасын алғаныма қуандым.

Ана мұражайға жиналған қауымға: “Амандық болсын, жақсылық болсын! Халқым аман болсын! Сәбиттiң армандап кеткен арманы орындалып жатыр, бәрiңе де рахмет айтам. Жақсылықтан басқа, ренiш кiрмесiн. Елiмiз, халқымыз аман, осы тұрған азаматтардың бәрi аман болып, мен сияқты жүзге келсiн деп тiлеймiн, —дедi.

Қазыналы қартың аман болсын демеушi ме едi. Қазыналы қартымның бiрi Мәриям апамның мерейтойының Рамазан айындағы ең қасиеттi күн Қадыр түнiмен пара-пар келуiнiң өзi қазақ анасының құдiреттiлiгiн көрсетсе керек. Қазақтың қазыналы қартымен жүзбе жүз кездестiм, аз кем тiлдестiм. Соған қуандым, соған мақтандым. Iштей Жаратқаннан “Аман болыңыз, Апа, Қазақтың Анасы аман болсын!” деп тiлеп қайттым.

Гүлзина Бектасова