ТӘҢIРШIЛДIК ДIН БЕ, ӘЛДЕ...

ТӘҢIРШIЛДIК ДIН БЕ, ӘЛДЕ...

ТӘҢIРШIЛДIК ДIН БЕ, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі

Әуезхан Қодардың көксегенi не?

Өткен аптада “Central Asia Monitor” газетi (10.09.2009 жыл) философ әрi мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың “АйтPARK” клубында айтқан жеке пiкiрiнiң жұрт елеңдейдi-ау деген “өткiр” тұсын жариялапты. Мұны оқыған жаны қазақ, жүрегi мұсылман деп соғатын соғыс ардагерi: “Мынау деген не сұмдық? Бiзде осындай арандатушыларға тыйым бола ма, жоқ па?” деп қатты қиналыс бiлдiрiп едi. Сөйтсем, ұлтжанды ағамның жыларман күй кешетiндей жөнi бар екен.

Әлгi газеттi оқып отырсам, ақын, философ Әуезхан Қодар: “… Ислам ломает нашу сущность. Лишает духовной основы – именно казахской. Духовное управление мусульман – это абсолютно бесполезная организация, которая ничем не занимается, кроме оборов мусульман…” деп айды аспанға бiр-ақ шығарыпты. Яғни, оның пiкiрiнше, Ислам дiнi бiздiң барымызды жоғалтады, дiни-рухани негiзiмiздi бұзады, тағысын тағы. Ал, мұсылмандардың Дiни басқармасы бүгiнге дейiн аты бар, заты жоқ, қажетсiз ұйым болғаны ма? Аты дардай ақын ағамыздың мұндай қисынсыз ойға баруына не итермелеп жүр?

Газеттегi бұл пiкiр “Zonakz.net” сайтынан алыныпты. “АйтPARK” клубында қозғалған даулы тақырыпты толығымен оқу үшiн осы сайтқа кiрдiм. Әрине, қазақ тiлiне, қазақ дiнiне қарсы тұрушылар осындай ұрымтал тұсты әдемi пайдаланып кеткен.

Саясаттанушы Нұрлан Ерiмбетов басшылық ететiн “АйтPARK” клубы қазаққа “сөзбен қарсы соғыс” жариялаушылардың мiнберiне айналған iспеттi. Мәселен, клубтың басты қонағының айтуынша, егер қазақтар өзiнiң рухани байлығын сақтаймын десе, өзiнiң дiн туралы түсiнiгiн – тәңiршiлдiктен бастау керек дейдi. “Сенiм – бұл дәлелдеудi қажет етпейдi, оған сенесiң не сенбейсiң. Екiншiден, бiз түп-тамырымызды жоғалтып алдық. …Тәңiршiлдiк – атеистiк дiни ағым. Ол фанатизмдi, басқа дiни ағыммен күресудi қажет етпейдi. Тәңiрге табынушылар өмiр-бақи көк аспан мен әруаққа сыйынады. Жалпы алғанда, тәңiршiлдiк қана қазiргi Қазақстанның идеологиялық, дiни рухани негiзiн жасай алады. Ал исламдық, христиандық экспансияның қысымы көрiнiп тұр” дейдi тағы бiрде.

Ұмытпасам, дәл осы мазмұндас сөз таласы “Қазақстан” ұлттық телеарнасындағы “Көкпар” әлеуметтiк ток-шоуында да көтерiлдi. “Ислам мен тәңiршiлдiктiң қазаққа қайсысы жақын” деген тақырыпта Мұртаза Бұлытай бастаған топ қазақққа Ислам жақын десе, Әуезхан Қодар бастаған топ қазаққа тәңiршiлдiк жақын деген позицияны дәлелдеп баққан едi. Мұнда да ешбiр дерек пен дәйекке негiзделмеген теологиялық танымын дәлелдегiсi келген “тәңiршiлер” жағы құрғақ сөзге дес берген болатын.

Әрине, көшпелi мәдениеттi басынан өткерген қазақ халқының ертеде от пен суға, аспан мен жерге табынғаны ауыз әдебиетiнен жақсы таныс. Бiрақ жалпылама атау ретiнде айтылған тәңiршiлдiк – Ислам дiнiне қарама-қайшы деген ұғым емес. Тәңiршiлдiк сенiмiнiң тарихына қарасақ, ежелгi кезде ата-бабаларымыз ғұн, үйсiн, түрiктер Тәңiрге сенгендiгi туралы мәлiметтер келтiрiледi. Дегенмен, тәңiр сенiмiн ата-бабаларымыздың төл сенiмi деп кесiп айту қиын болар. Ата-бабаларымыз Тәңiр деп көк аспандағы Ұлы Жаратушыны айтқан. Тәңiрдi аспанда деп сенгендiктен, көбiне Ұлы Жаратушыны Көк Тәңiрi деп атаған. Демек, тәңiршiлдiк дiн деген тұжырымнан гөрi ескi сенiмдердiң бiрi ме дейсiң. Тiптi, теологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, тәңiршiлдiктiң дiн немесе дiн емес екендiгi анық айтылмаған. Дiн деп айту үшiн, ол дiннiң дiн екенiн айғақтайтын белгiлi бiр айғақтары болуы тиiс. Теология бойынша дiн деп – Ұлы Жаратушы мен адам арасындағы байланысты, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты, адам мен оның iшкi жан-дүниесi және мiнез-құлқын реттейтiн бiр iзге түскен кешендi дiни сенiмдi айтады. Яғни, осы сенiмдi дiн деп айту үшiн, аталмыш мәселелердi реттеудiң жолын нұсқайтын Ұлы Жаратушыдан келген кiтап пен пайғамбары болуы керек екенi белгiлi. Мұны Әуезхан Қодардың өзi де жоққа шығармайды. Айталық, клубта қойылған “Тәңiршiлдiкте Құран, Iнжiл, Авеста секiлдi жазбаша кiтап бар ма?” деген сұраққа ол: “…Что религии откровения, которым присущи такие каноны – более поздние, чем тенгрианство, “поэтому такой книги в тенгрианстве нет”. Зато “в тенгрианстве каждый представитель данной религии сам, как бы живая книга этого Бога”, – деп жауап бермек болады.

“Zonakz.net” сайтындағы жинақталған материалдың тақырыбы да менмұндалап тұр. Әуезхан Қодардың “Почему мы смотрим только российские или зарубежные каналы? Потому что у нас смотреть нечего” деген кезектi сөзi көңiлiмiздi одан әрмен су сепкендей басып жiбердi. Иә, елiмiздiң ақпарат кеңiстiгi әлi күнге кеңестiк кезеңнiң ықпалынан шыға алмай отырғаны рас. Сондықтан да телеарналар өз эфирiн ресейлiк өнiмдi ретрансляциялаумен, шала-жансар аудармамен жауып келедi. Оны мойындаймыз. Бiрақ қазақтың тiлiн, қазақтың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын және ұлттық болмысымызды сақтап қалуға байланысты жарық көрiп жатқан бағдарламаларды қайда қоясыз? Өз елiмiзде тұрып, өз жыртығымызды жамамасақ, өз мұңымызды жоқтамасақ, қазақтығымыз қайсы? Өкiнiштiсi, пiкiр клубының қонағы өзi де там-тұмдап қана көрсетiлiп жүрген қазақтiлдi хабарларды жоққа шығарғаны ма, қалай? Әрине, қазаққа деген осындай көзқарастағы адам қазақ тiлiндегi бағдарламаларды қарамауы да мүмкiн. Әлде, өзi айтқан ресейлiк немесе шетелдiк телеарналарда рухани дәнi көп, философиялық ойы терең хабарлар көп пе екен? Әй, қайдам, өңшең жеңiл-желпi, бүгiнгi ауыр өмiрдiң бетiн жылтыратып көрсететiн шоу бағдарламаларды айтып отырған болар, кiм бiлсiн? Бәлкiм, сiздiң талғамыңыз батыстық мәдениетке сусап тұрғандықтан көңiлiңiздi бiр сәт қана көтеретiн дүниелердi ұнататын шығар. Бiлуiмiзше, бiздегi жоқ тың хабарлар ресейлiк және шетелдiк телеарнада да жоқтың қасы. Бiрiнiң идеясын екiншiсi көшiрiп әлек болған уақытта, олардағы дүние бiзде, бiздегi дүние оларда да кездесiп жатады.

Айтпақшы, осы сайтта аталмыш материалға байланысты оқырмандардың пiкiрi жарияланыпты. Мәселен, анонимдi түрде жазылған мына пiкiрде: “Ал, сiз ресейлiк телеарнадан не көресiз? Өмiрi бiтпейтiн “Букин и семья” секiлдi мәнi жоқ сериалдарды ма, әлде атыс-шабысқа негiзделген “Менты” сериалын ба? Бәлкiм, супер кейiпкер Шиловтың арақ құйылған стақанды ұстап, шылымды тiстеп тұрғанын үлгi тұтасыз ба? Ресейлiк телеарналарда да көретiн ештеңе жоқ. Малаховты ма? Оны өзiң көр” деген екен. Шын мәнiнде, бiздiң бұған алып-қосар сөзiмiз жоқ.

Дiңгегiмiз – Ислам дiнi хақында терiс пиғылды көзқарас бiлдiрген, Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының (ҚМДБ) бүгiнге дейiн жасап келген сауапты iстерiн терiске шығарып, қара күйе жаққысы келген философ, ақын Әуезхан Қодардың әлгi пiкiрi ненi көксейдi? Бұл хақында ҚМДБ баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбектiң ойын бергендi жөн көрдiк.

– Бұл сауатсыз адамның пiкiрi. Арабтар – Құдайды Алла десе, парсылар – Құдай дейдi, ал бiз – Тәңiр дедiк. Ал оны Әуезхан Қодар тәңiршiлдiк деп бұрмалап жүр. Бұл деген Жаратқан Иемiздiң қазақша атауы. Тәңiршiлдiктi дiн санатына қосатындай, негiз жоқ, тiптi, Алладан түскен кiтабы мен пайғамбары жоқ. Ол айналып келiп, “Дiн – апиын” деген атеистiк пiкiрдi Исламға қосып жiбердi. Қазақтың шынайы табиғатын бiлетiн адам бұлай айтпайды. Жарайды, iшiне сыймай жатқан пiкiрiн отбасында, дастарқан басында айтса бiрсәрi, бiрақ ол көпшiлiктiң, қоғамның алдында жария еттi. Бұны өз басым қылмыс, дiнiмiзге деген сатқындық деп бiлемiн. Әрбiрден соң ол мешiттiң, Исламның не екенiн бiлмейтiн адам. Арамызда жүрген “бiр шiрiген жұмыртқа”. Мұндай пiкiрдi көпшiлiкке ұсынған газеттiң өзiнде отырғандар қазақтықтан жұрдай, қазақтың тiлiнен, дiнiнен алыс адамдар. Дiн – өте нәзiк нәрсе. Пiкiрдiң алуандығы деп дiнге бұлай айтуға болмайды. Бiз қол қусырып қарап қалмаймыз. Бұған тиiстi шара қолданылады деп сенемiн.

Д.Дүрмән