«ГҮЛДЕРДIҢ» ЕРКЕ ГҮЛI

«ГҮЛДЕРДIҢ» ЕРКЕ ГҮЛI

«ГҮЛДЕРДIҢ» ЕРКЕ ГҮЛI
ашық дереккөзі
358

Би өнерiнiң биiгiн бағындыра бiлген бишiлерiмiз саусақпен санарлық. Шара, Нұрсұлу, Гүлжан. Соның бiрi Гүлжан Талпақова кезiнде “Гүлдер” ансамблiнде өнер көрсеткен, әлемнiң 52 елiн биiмен тамсандырған. Iлуде бiреу алатын Қазақ КСР Халық әртiсi атағына би өнерi бойынша Шара Жиенқұловадан кейiн небәрi отыз жасында қол жеткiзген бишi. Қазақтың маңдайалды бишiсi Гүлжан апайымыз биыл 60 жасқа толғанын және шығармашылығының 45 жылдығын атап өтпекшi.

Иә, бишi болып туу керек… Қимылы ерке, қылығы наз бишiнiң өмiрi осылай басталды. Жұпыны отбасында өскен қыздың биге деген ықыласы ерекше едi. Тумысынан би қимылдарын салғанда қалқи жөнелетiн. Өсе келе өз өмiрiн биге арнағысы келетiнiн ұқты. Арманын бағындыру мақсатында әке-шеше ықтиярынсыз Алматыға келедi. Өнердiң шырқау шегiне жеткен Шара Жиенқұлова, Гүлафруз Қияқова сынды өнерпаздардың сынынан сүрiнбей өтiп, Гүлжиһан Ғалиева жетекшiлiгiндегi Эстрада-цирк студиясына оқуға түстi. Мiне, осы сәттен кәнiгi бишi Гүлжан Талпақованың бишiлiк ғұмыры басталды.

“Гүлдер ансамблiнiң дәуренi дүркiреп тұрған шақ едi, – деп еске алады Гүлжан апай, – Ансамблдiң жұмысы Батыр Амангелдиевтiң мойнында. Оқуымды бiтiре салысымен сол жерге орналастым. Жаңадан келгенiме қарамастан бас солист болдым. Қазақтың “Қуыршақ биiн”, “Алмас қырғауыл”, “Әлия” биiн сахнада шыр көбелек айналып, нақышына келтiрiп орындадым”, – дейдi. Көптiң көзайымына айналған бас солистiң орны Гүлжанға кездейсоқ берiле қойған жоқ. Себебi осы уаққа дейiн Гүлжан халықтың сүйiктi қызына айналып үлгерген-дi. 1968 жылы Болгарияда өткен Бүкiләлемдiк студенттер мен жастар арасында өткен фестивальде екiншi орынды иемденiп қайтқан. Алайда ерке қимылды, ер мiнездi бишi ансамблде көп тұрақтамады. Оның өмiрi де би қимылдары секiлдi едi. Бiрде шырқай көтерiлiп, бiрде құлдилап, ендi бiрде аңди басып жүруге тура келдi. Тiптi осы бимен мәңгi қош айтыспаққа бел буған кездерi де болған. Алайда қазақ өнерiнiң жанашыры Мүсiлiм Базарбаевтың араласуымен “Қазақконцертте” өнерiн жалғастырды. Сол жерде өнер майталмандары Жүсiпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Рәбиға Есiмжанова, ағайынды Абдуллиндермен, әсiресе, Бибiгүл Төлегеновамен бiрге өнер көрсетiп, гастрольдiк сапармен бүкiл республикамыздың өңiрлерiн ғана емес, әлемнiң әйгiлi елдерiне аттанды.

Бишiнiң өнер жолындағы табыстары мұнымен шектелмейдi. Кеңестiк гастрольдiк топтың құрамында 1981 жылы мұхиттың арғы бетiндегi АҚШ-та өнер көрсеттi. Нью-Йорк, Вашингтон, Висконсия, Сан-Франциско, Орегон, Чикаго, Филадельфия штаттарының сахнасында қазақ биiн биледi. Осы бiр қазақтың бишi қызы қазақтың ғана емес, бүкiл Кеңес Одағының даңқын көкке көтердi.

Ғұмырын биге арнап, бимен өткiзген Гүлжан бишi қазiр қайда екен? Гүлжан бишi бидiң алғашқы қадамдарын үйренген туып-өскен жерi Атырауда тұрады. Өзiнiң би мектебiне жетекшiлiк етiп отырғанына бiрнеше жыл болды. Ол кiсiнiң өнер ордасы Алматыдан кетiп, Атырауға оралуының себебi де осында жатыр. Әу баста-ақ Алматыдан би мектебiн ашқысы келген-дi. Бұл туралы Гүлжан апамыз: “Менiң Алматыда қалуыма кедергi көп болды. Менiң өмiрiм қағаз бетiндей тегiс емес-тiн. Өнер жолында, өмiр жолында алдымнан небiр сынақтар өттi. Кезiнде Д.Қонаев берген үйiмдi де мектеп ашпақшы болғанда сатуыма тура келдi. Ақыры Алматыда қалу менiң маңдайыма жазылмапты”, – деп күрсiндi. Расында, бишiлiк өнердiң шыңырауы мен шырқауы дәл осы қаладан басталған едi.

Қазақ би өнерiн талай асудан асырған Гүлжан Талпақова шығармашылығының 45 жылдығы мен 60 жылдық мерейтойын Атырау қаласында атап өтпекшi. Бишiнiң мерейтойына қандай дайындық жүрiп жатқанын сұрағанымызда, Гүлжан апамыз қыркүйектiң соңына жоспарланғанын, әзiрге құпия сақталатынын айтты.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ

Серіктес жаңалықтары