Рахат ШИМАШЕВА: ТАМАҚҚА 2 млрд. ТЕҢГЕ БӨЛIНДI

Рахат ШИМАШЕВА: ТАМАҚҚА 2 млрд. ТЕҢГЕ БӨЛIНДI

Рахат ШИМАШЕВА: ТАМАҚҚА 2 млрд. ТЕҢГЕ БӨЛIНДI
ашық дереккөзі
285

Тағы бiр оқу жылы басталды. Жылдан-жылға көркiне көрiк қосып келе жатқан әсем қаламызда сырттан күнкөрiс қамымен келiп,тiрлiк етiп жатқандарды айтпағанда, тұрғылықты халқымыздың саны да көбейiп жатқаны қуантады. Мұны өтiп бара жатқан көктемдегi халық санағынан да көрдiк. Дегенмен, қым-қуат тiршiлiктiң қамымен жүрген тiрi жанның тағы бiр қарбалас шағы, бұл – мектепке дайындық сәтi болса керек. Егер халқымыздың болашағы – балаларымызда десек, онда бұл саланың алар орны тым бөлек екенiн де мойындау керек. Осы бiр сәттi пайдаланып көптен көңiлде жүрген қалалық Бiлiм басқармасының бастығы, қаламыздағы бiрiншi мұғалiм саналар Рахат Шимашева ханымды әңгiмеге тартқан едiк.

– “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы қаламызда қалай жүрiп жатыр? Көңiлiңiзден шыға ма?

– Алматы қаласында “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында 2008-2009 оқу жылында қазақ тiлiнде бiлiм беретiн әрқайсысы 1200 орындық “Құлагер”, “Қалқаман”, “Ұлжан” ықшамаудандарында 3 мектеп ашылып, қазiргi уақытта №149, 84-шi жалпы бiлiм беретiн мектептердiң жаңа ғимаратының құрылысы жүрiп жатыр. Барлық мектептер соңғы үлгiдегi жобамен салынып, қазiргi заман талабына сай интерактивтi оқу құралдарымен, пән кабинеттерiмен толық жабдықталған. Сондай-ақ, аталған мектептерде оқушылардың спортпен шұғылдануына, сабақтан тыс уақытта түрлi үйiрмелерге, секцияларға қатысуына жағдай толық жасалынған.

– Қазақ мектептерiнiң жетiспеушiлiгi, әсiресе бастауыш сыныптарға қабылдар кезiндегi қиыншылықтар азаймай отыр. Көбiне сырттан келген қандас бауырларымыз сергелдең күй кешуде. Өзiңiз бiлесiз, қала жұртшылығының жартысын жұмыс бабымен көшiп-қонып жүрген өз бауырларымыз құрайды, осылардың жағдайы мәз емес…

– Егер 2004 жылы қалада небары 35 қазақ мектебi болса, биылғы оқу жылында олардың саны 48-ге жетiп, 13 бiрлiкке артты. Соңғы жылдары жаңа мектептердiң барлығы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептер болып ашылып жатыр. Күннен күнге қазақ мектептерiнде оқуға ниет бiлдiрген оқушылардың санының артып келе жатқаны рас. Әрине, бұл қуанарлық жағдай болса керек.

Балаларын қазақ мектептерiне беремiз деген ата-аналардың тiлектерi толық қанағаттандырылады. Жасыратыны жоқ, сырттан келген ата-аналардың көпшiлiгiнiң қалада баспанасы, тұрақты тiркеуi жоқ, дегенмен олардың балалары тұрып жатқан мекен-жайына сәйкес мектепке қабылданады. Бүгiнгi күнi қалада оқумен қамтылмай қалған мектеп жасындағы балалар жоқ.

– Аралас мектептер саны басым, бiрыңғай қазақша жасау туралы бiрнеше жылдар сөз болғанымен, әлi де жолға қойылар емес. Бұған не кедергi деп ойлайсыз?

– Қаладағы 181 мектептiң 46-сы қазақ-орыс тiлдерiнде бiлiм беретiн аралас мектептер. Қала көлемiнде аралас мектептердi бiр тiлде оқытатын мектепке айналдыру жұмыстары жүргiзiлiп келедi. Тек соңғы үш жылда № 43, 72,93, 107,119 жалпы бiлiм беретiн мектептер қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептер болып қайта жабдықталды. 2009-2010 оқу жылынан бастап Алмалы ауданындағы № 39 орыс мектебi мен Бостандық ауданындағы № 92 аралас мектебi Алматы қаласы әкiмдiгiнiң қаулысымен қазақ тiлiнде бiлiм беретiн дарынды балаларға арналған физика-математика лицейi болып қайта құрылды. Бұл үрдiс жылдан-жылға жалғаса бередi. Оған ешқандай кедергi жоқ.

– Жалпы бiлiм беретiн мектептердегi оқушыларды тегiн тамақтандыру жайы қалай? Iшiнара болса да улану, санитарлық жағынан жағымсыз хабарлар естiлiп қалып жатады. Жалпы, мектептерде қауiпсiздiк мәселесi жайлы да пiкiрiңiздi ортаға салсаңыз?

– Бұл мәселе жүйелi жолға қойылған десе де болады. 2006 жылдан берi мектептердегi бастауыш сынып оқушылары жергiлiктi бюджеттiң қаржысы есебiнен тегiн тамақтандырылып келедi. Осы мақсатта 2009 жылы 2 млрд. 30 млн. теңге бөлiндi. Оқушыларды тегiн тамақтандыру, мектеп асханаларының санитарлық жағдайы, тағамды әзiрлеу сапасы мәселелерi үнемi мектеп әкiмшiлiгiнiң, аудандық бiлiм бөлiмдерiнiң, бiлiм басқармасының басты назарында. Сонымен қатар асхананы жалға алушының құжаттарының дұрыс рәсiмделуi, асхана қызметкерлерiнiң, аспаздардың санитарлық тексеруден мерзiмiнде өтуi, асханадағы санитарлық талаптардың сақталуы үнемi қадағаланып, тексерiлiп отырады. Осы уақытқа дейiн қала мектептерiнде оқушылардың ешбiр тамақтан улану фактiлерi тiркелген жоқ.

– Кеңес дәуiрiнде жаппай орыстандыру саясаты жүргiзiлгенi анық. Ал, бүгiнде қоғам үштiлдiлiкке бағытталып отыр. Қала мектептерiнде ағылшын тiлi қаншалықты дәрежеде тереңдетiлiп оқытылады, нәтижесi қандай?

– Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң “Үш тiлде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептердi ашу туралы” 07.08.2007 ж. №387 бұйрығын басшылыққа алып, Алматы қаласы Бiлiм департаментiнiң “Үш тiлде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептердi ашу туралы” 05.09.2007 ж. №406 бұйрығына сәйкес №8 мектеп-лицейде, №34, 159 гимназияларда, №140 мектеп-гимназияда 2007-2008 оқу жылынан бастап 7-шi сыныптан үш тiлде бiлiм беру ұйымдастырылды. Оқу қазақ тiлiнде жүргiзiлетiн №159, 140 мектептерде жаратылыстану-математикалық циклдың бiр пәнi ағылшын тiлiнде, орыс тiлi мен әдебиетi орыс тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң бағдарламасы бойынша орыс тiлiнде, оқу жоспарындағы қалған пәндер қазақ тiлiнде жүргiзiледi.

Ал оқу орыс тiлiнде жүргiзiлетiн №8, 34 мектептерде жаратылыстану-математикалық циклдың бiр пәнi ағылшын тiлiнде, қазақ тiлi мен әдебиетi, Қазақстан тарихы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң бағдарламасы бойыншы қазақ тiлiнде, оқу жоспарындағы қалған пәндер орыс тiлiнде жүргiзiледi.

Алматы қаласында 11 лингвистикалық гимназия бар, оның iшiнде сегiзi ағылшын, екеуi немiс, бiреуi француз тiлдерiн тереңдетiп оқытады. Сонымен қатар, мектеп-гимназияларда, мектеп-лицейлерде, жалпы бiлiм беретiн мектептерде ағылшын тiлiн тереңдетiп оқытатын сыныптар бар. Жалпы мектептердегi оқушылардың ағылшын тiлiнен бiлiм сапасы жақсы деңгейде. Оның дәлелi ретiнде оқушылардың ағылшын тiлiнен қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлделi орындарға ие болып жүргендерiн айтуға болады. Мысалы, 2009 жылы өткен республикалық олимпиадада №15 гимназияның оқушысы Ақмарал Жақыпова 1-шi орынды, ал №35 гимназияның оқушысы Амира Сәрсекенова 2-шi орынды жеңiп алды.

– Жалпы бiлiм беретiн мектептерде «Дiнтану негiздерi» пәнiн енгiзу жайлы дерек бар. Сол жөнiнде газет оқырмандарын құлағдар етсеңiз?

– Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң “ Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында 2009-2010 оқу жылының басталуы туралы”( 22.07.2009 ж.) №353 бұйрығының 1-шi тармағының 8-шi тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң “Терроризм мен экстремизм көрiнiстерiнiң алдын алу және тыю жөнiндегi шаралар туралы” 2000 жылғы 10 ақпандағы №332 Жарлығын iске асыру үшiн және оқушылардың дiн туралы саяси, мәдени бiлiмдерiн қалыптастыру мақсатында 2009-2010 оқу жылынан бастап жалпы бiлiм беретiн мектептердiң 9-шы сыныптарында базистiк оқу жоспарының ватиативтiк бөлiгi есебiнен аптасына 1 сағат “Дiнтану негiздерi” факультатив сабағы енгiзiлдi. Аталған факультативтi тарих пәнiнiң мұғалiмдерi жүргiзетiн болады.

– Балалар үйлерi негiзiнен мемлекет қамқорлығында болғанымен, ондағы тәлiм-тәрбие негiзiнен орысша жүргiзiледi. Таза қазақи тәрбиелеуге мүмкiндiгiмiз бола тұра не кедергi деп ойлайсыз? Бұлай деуiмiзге себеп – балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiнiң денi өз қаракөздерiмiз емес пе?!

– Қаламыздағы балалар үйлерiндегi тәлiм-тәрбие тек орыс тiлiнде жүргiзiледi деп кесiп айтуға, әрине, болмайды. Бұл мекемелердiң басшылары да қазақ тiлiнiң, қазақтың жанашырлары, ұлтқа, қоғамға жiтi көңiлмен қарайтын бiлiктi тәрбиешiлер деп қабылдау керек. Сондықтан да балаларға қазақша тәрбие, бiлiм беруге тиiстi деңгейде көңiл бөлiп, атсалысып жүрген азаматтар. Болашақта бұл мәселе оң шешiмiн табады деп ойлаймын.

– Қалада балабақша мәселесi де күйiп тұрған мәселе. Орналастыру да қиын, ал орналасқан күннiң өзiнде көптеген отбасыларға бағасы да оңай соғып тұрған жоқ. Елiмiздiң демографиялық саясатына жанымыз ауырар болса, ең алдымен балабақша көбейтудi, орналастыруды, сосын оның бағасының да реттелуi қажет-ақ сияқты. Қалай қарайсыз?

– Орынды сұрақ. Өйткенi бүгiнгi күнi балабақша мәселесi қала басшылығының, бiлiм басқармасының үнемi бақылауында жүрген аса алаңдарлық мәселе. Себебi, күннен-күнге сұраныс артып келе жатқан бұл салада әлi де 24500 орын жетiспейдi екен. Бұл өзiңiз айтпақшы, халқымыздың демографиялық өсiмi жағынан қарасақ, әрине құптарлық, қуанарлық жағдай. Балабақшаның жетiспеуi, мектептердiң қанша салынып, пайдалануға берiлiп жатқанымен оған қабылданушылар санының өсiмiмен санасар болсақ, халқымыздың өсiмiне iшiңiз жылитыны анық. Дегенмен тек үстiмiздегi жылы қалада әрқайсысы 120 орындық төрт жаңадан салынған балабақша ашылды, үш балабақшаның құрылысы жүрiп жатыр. Ал 2010 жылы 11 балабақша салынады деп жоспарланып отыр. Аталған балабақшалар iске қосылған соң, бұл мәселе бiршама шешiмiн табуы мүмкiн. Ал өсiп-өну жағынан келер болсақ, бұл үнемi назардан тыс қалмайтын, үнемi бақылауда болатын сала екенiтағы да ақиқат.

– Өзiңiз келгелi тағы бiр оқу жылы басталды. Биылғы Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижесi ойыңыздан шықты ма? Жаңа оқу жылына қала мектептерi қандай дайындықпен келдi?

– 2009 жылғы Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижесi өткен жылмен салыстырғанда бiршама жоғары. Егер 2008 жылы қала бойынша орташа балл 71,36-ны құраса, ал үстiмiздегi жылы 75,68-дi құрады, яғни шамамен көрсеткiш 5 балға артты. Бiтiрушiлердiң арасында ең жоғары 125-124 балл жинаған оқушылар да бар. Дегенмен, мұндай көрсеткiштермен шектелiп қалмай, әлi де жоғары нәтижелерге жетемiз деген мақсат та жоқ емес.

– Кешегi өткен Тамыз кеңесiнiң қорытындысы жайлы пiкiрiңiздi бiлсек… Мектептердегi ақша жинау мәселесi тiптi қала әкiмiнiң де наразылығын тудырып жатқан сияқты. Осы жөнiнде де тоқталсақ…

– Алматы қаласы бiлiм беру қызметкерлерiнiң Тамыз кеңесi “Бiлiм берудiң сапасы – Қазақстан Республикасының тұрақты даму ұстанымдарын және бәсеекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету кепiлi” тақырыбында өттi. Мәжiлiстiң жұмысына ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев, қала әкiмi А.Есiмов жолдастар қатысты және бiлiм беру ұйымдарының өткен оқу жылындағы атқарылған жұмысына толық сараптама жасалып, жаңа оқу жылына мiндеттер белгiлендi.

Қазақстан Республикасының “Бiлiм туралы” Заңына сәйкес бiлiм беру ұйымдарында оқу тегiн ұйымдастырылады. Қаладағы мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн мектептерде Бiлiм басқармасы тарапынан ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынған және бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Бiлiм басқармасының “Алматы қаласының бiлiм беру ұйымдарында ақшалай қаражат жинауға тыйым салшу туралы” 03.04.2009 жылғы №206 бұйрығына сәйкес мектепте ақша жинау фактiсi анықталған және осы бұйрықты бұзған жағдайда бiлiм беру ұйымдарының басшыларын атқарып жүрген қызметiнен босатуға дейiн тәртiптiк шара қолданылады.

Ал жаңа оқу жылына келетiн болсақ, барлық бiлiм беру ұйымдары ағымдағы жөндеуден, бiразы жоспар бойынша күрделi жөндеуден өтiп, бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер жылдағы дәстүр бойынша алғашқы қоңырауларын қақты…

Иә, тағы бiр оқу жылы басталды. Балаларымыз бен немерелерiмiз тағы бiр жасқа өстi. Ақылы толып кемелдендi. “Ақыл жастан” дегендi айтқанда да осы балғындардың болашағына сенiммен қарау керектiгiн меңзеген болар бабаларымыз. Олай болса, жылдан жылға өсiп, өркендеп келе жатқан елiмiздiң iргетасы мықты болсын десек, бүгiнгi мектеп қабырғасындағы бүлдiршiндердiң жағдайын жасайық! “Жұмыла көтерген жүктiң жеңiлдiгiн” де данышпан халқымыз айтқан ғой, баламыз терең бiлiм мен өнегелi тәрбие алсын десек, бұл жүктi мұғалiмдерге ғана артып қоймай, бiрiгiп тәрбиелейiк. Бүгiнгi жастар алғыр, ойлы. Сондықтан олардың өзiмен де санаса отырып, бiрiгiп жұмыс iстегенiмiз жөн шығар.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары