ҚҰЛДЫҚТАҒЫ 40 ҚАРАҚАЛПАҚ АЛМАТЫДАҒЫ БIР ЖЕРТӨЛЕДЕН ТАБЫЛДЫ

ҚҰЛДЫҚТАҒЫ 40 ҚАРАҚАЛПАҚ АЛМАТЫДАҒЫ БIР ЖЕРТӨЛЕДЕН ТАБЫЛДЫ

ҚҰЛДЫҚТАҒЫ 40 ҚАРАҚАЛПАҚ АЛМАТЫДАҒЫ БIР ЖЕРТӨЛЕДЕН ТАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
227

Құқық қорғау органдары Қазақстан шекарасын рұқсатсыз аттайтын заңсыз мигранттардың бiрi бала-шағасымен бiрге құлдық қамытын кисе, ендi бiрi қолын қанға бояп, қылмыскер атанатынын көлденең тартады.

Өзбекстанның 40 азаматын ала жаздай құлдықта ұстаған алматылық бiр кәсiпкер Алматы ҚIIБ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнаулы жедел iс-қимыл тобы — “Арлан” тобының тұзағына түстi. Қаладағы көшелердi сыпырып, тазалаумен айналысатын әлгi кәсiпкер мен оның жанындағы сыбайластары Қазақстан Заңын басынғаны соншалық, жастары 15-тен 55-ке дейiнгi жатжұрттық тұтқындарға ойына келгенiн iстеген: мазақтаған, ар-намыстарына тиiп қорлаған, темекiнiң тұқылын олардың денелерiне басып өшiрген, ұрып-соққан, тұтқындар арасындағы жасы балиғатқа толмаған кейбiр қыз баланы зорлауға әрекет еткен… Алайда, үш ай бойы тозаққа тең қорлыққа шыдап келген 40 тұтқынның бiрi көше сыпыртуға алып шыққанда қашып кетiп, Алматыдағы Дүниежүзiлiк миграция жөнiндегi ұйымның Қазақстандағы бөлiмшесiне жетiп жығылған. Iшкi iстер қызметкерлерiне қоңырау шалған ұйым өкiлдерi қалған 39 тұтқынды кәсiпкердiң тырнағынан құтқарып қалуға ықпал еткен. “Қарақалпақстаннан келген 14 жасар қыз бала бiрнеше адамды фирма басшысының жертөледе ұстап отырғаны туралы шағым түсiрдi. Әңгiмелесе келе, көшелер мен аулалардың тазалығын қадағалайтын кәсiпорын қызметкерлерiнiң оны зорламақ болғанын анықтадық. Қылмыстық оқиға орын алған жердi зардап шегушi тап басып айтып бере алмаса да, бiз “Самал-2” ықшамауданындағы бiр үйдiң жертөлесiнде болғанын болжадық. Сол жерге арнаулы топ мүшелерiмен кiрiп келгенде 40-қа жуық тұтқынның үстiнен түстiк. Оларға қарап тұрып жанымыз ашыды: адам өмiр сүруге болатын жағдайлар жасалмаған, адамдар өздерiне тамақты сол жертөледе дайындайды екен. Бiз тiптi, ол жерде қалай өрт болмағанына таңғалдық. Туғандары мен туыстары iз-түзсiз ғайып болды дегендердiң санатына қосып қойған тағы 12 тұтқынды бiз фирма басшысының “Өжеттегi” үйiнен таптық. Кәсiпкердiң сарайын мекендеп келген олар “қожайынның” үй шаруашылығына көмектескен” деп мәлiмдеген Алматы ҚIIБ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының директоры Козлов 2009 жылдың көктемiнде Қарақалпақтан Қазақстанға нан табу мақсатында келген 40-қа жуық азаматты (араларында балалары бар) алаяқ фирманың басшысы еңбек нарығынан тауып алып, жалдаған. Алғашқыда 30 мың теңгеге Алматы көшелерiн сыпырып, тазарту, гүлзар алаңдарын орнату мiндет етiлген қарақалпақтарды кәсiпорын жетекшiсi Алматыға миграциялық полиция мен қалалық жұмыспен қамту жөнiндегi департаментке тiркетусiз әкелген. Козловтың айтуынша, алғашқы күнi-ақ шетелдiктердiң құжаттарын қолдарынан тартып алған алаяқтар наразы болған мигранттарды полициямен және ақшадан қағумен қорқытқан. Алғашқы айларда жұмысшыларға бар болғаны 10 мың теңге төлеумен шектелген кәсiпорын басшылығы уақыт өте келе, оларға ойларына келгенiн iстеуге кiрiскен. Құқық қорғау қызметкерлерiне денелерiнде темекi тұқылынан қалған күйiктердi көрсеткен кейбiр гастарбайтер жертөледен қашып кетуге мүмкiндiктерi болмағанын айтып, шағымданған. Егер он бес жасар қыз бала қылмыскер кәсiпкердiң бұғауынан қашып құтылмағанда, халықаралық ұйым өкiлдерiне шағымдабағанда, 40 қарақалпақтың қашанға дейiн жертөледегi құлдық қамытын киiп жүрерi белгiсiз едi. Қазiр құжатсыз қалған олар арнайы орынға жайғастырылды. Полицейлер ұйымдастырған операция кезiнде фирма басшысы мен оның қарамағындағы қызметкерлер болмаған. ҚР Қылмыстық кодексiнiң 126-бабына (“Бостандықтан заңсыз айыру”) сәйкес, фирма басшылығының үстiнен қылмыстық iс қозғалып, шетелдiк жұмыс күшiн заңсыз пайдаланғаны үшiн аса iрi көлемде айыппұл салынады.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының деректерiне сүйенсек, Қазақстан дүние жүзi бойынша, мигранттарды қабылдау мәселесiнде 9-орында тұрған көрiнедi. Бiрiншi орынды Америка иеленсе, екiншi орын — Ресей, үшiншi Германияның үлесiнде екен. Ал бiздiң елiмiз Украина, Франция, Үндiстан, Сауд Арабиясы мен Австралиядан кейiн тоғызыншы орында тұр. Негiзi иммигранттардың Еуропа елдерiне ауа көшуi соңғы 15 жылда қатты байқалған. Оған себеп: кәрi құрлықтағы демографиялық қарқынның күрт төмендеп кетуi және жұмысқа қабiлеттi жастарға деген сұраныстың артуы. Туу көрсеткiшi мәз емес орыстар да сырттан келетiн мигранттар көмегiне зәру. Ресей Қап тауының етегi мен Орталық Азиядан ағылатын шетелдiктерге құшағын барынша кең ашуға мүдделi. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан мен Әзiрбайжан сияқты орталықазиялық аймақтың тұрғындары табиғи ресурстарға бай Қазақстанға заңды, заңсыз жолмен өтуге тырысады. Елiмiздегi гастарбайтерлердiң нақты санын тап басып айту мүмкiн еместiгiн көлденең тартқан БҰҰ өкiлдерi сандық көрсеткiш 300 мыңнан 1 миллион адамға дейiн жетедi дейдi. Қазақ жерiнде жүрген мигранттардың басым бөлiгi Өзбекстан, Тәжiкстан мен Қырғызстаннан. Олардың көпшiлiгi заңды түрде тiркеуден өтпегендiктен, заңсыз мигранттар қатарында жүр. Олардың құлдыққа түсетiнi, адам саудасының құрбанына айналатыны және құқықтары жиi тапталатыны сондықтан. Халықаралық еңбек ұйымының құжаттарының арасында әрбiр елдегi заңсыз миграция деңгейiн барынша төмендетуге тырысу керектiгi айтылған құжат бар. КСРО ыдырағаннан кейiн берекесi кеткен посткеңестiк елдерде, әсiресе, орталықазиялық аймақта өзге елден нан табуға мүдделi шетелдiк мигранттардың арқасында адам саудасы қызып тұр. Көбiнесе заңнан бейхабар келетiн гастарбайтерлердi Еуропаға, Азияға, Таяу Шығысқа құлдыққа сату кейiнгi кездерi қатты өршiп кеткен. Жатжұрттықтардың экономикалық ахуалы көршiлес көп елден әлдеқайда көш iлгерi Қазақстанға ағылуы тегiн емес.

2006 жылы UNESCO Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтықмақтастық ұйымымен бiрлесе отырып, “Қазақстан — еңбек мигранттарына арналған ел ретiнде” атты ғылыми жобаны жүзеге асыра бастады. Елiмiздiң 10 аймағынан 1500 мигрантты сайлап алған мамандар аса кең көлемдегi зерттеу жұмыстарын жүргiзуде. “Жер ауқымы Еуропамен тең келетiн елде зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру өте көп тер төгудi талап етедi” деген ұйым сарапшысы Лора Кеннеди ҚР Үкiметiмен тiзе қоса отырып, әрекет ететiнiн көлденең тартады. Қазақ билiгi тарапынан берiлген санықтамалық мәлiметтер мен сарапшы және зерттеушiлер командасы UNESCO мен ЕҚЫҰ мамандарына көмек қолдарын созған. Осының арқасында арнайы есеп дайындалып, құжат 2009 жылдың көктемiнде Үкiметтiң талқысына ұсынылды. Нәтижесiнде, сол кездегi ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев биыл iшкi нарықты қорғау мақсатында еңбек мигранттарына бөлiнетiн квотаның 2 есеге дейiн азайтылатынын, 4-категория бойынша шетелдiк жұмыс күшiн тартуға мораторий енгiзу туралы мәселенiң талқыға салынатынын мәлiмдеген едi. Көктем мен күзге салым құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласына жақын шет елдерден арзан жұмыс күшiнiң көптеп тартылатыны белгiлi. Мысалы, бiр ғана Алматының өзiнде қазiр 40 мыңнан астам жатжұрттық жан бағып жүр. Олардың 13 мыңы — алыс шет елдерден, қалған 27 мыңы — ТМД елдерiнiң азаматтары. Тәжiкстан, Қырғызстан секiлдi елдердiң азаматтарына 3 ай ресми тiркеусiз жүру құқығы берiлген. Сейсенбiдегi үкiметтiк отырыста Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов Үкiмет басшысынан 3 ай мерзiмдi қысқартуды сұрады. Сол кездегi ҚР Iшкi iстер министрi Б.Мұхамеджанов жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, мигранттарға қойылатын талаптарға қатысты Үкiметке ұсыныс жасайтындықтарын мәлiмдедi. Өйткенi, кейде “тым еркiнсiп” кететiн заңсыз мигранттар қылмыс жасайтын көрiнедi. Мысалы, құқық қорғау органдарының деректерiне сүйенсек, елiмiзде орын алатын бопсалау, адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайды екен. Сырттан келетiн заңсыз мигранттардың да шекесi қызып жүрген жоқ. Жуырда “Фергана.Ру” сайтына сұхбат берген Шымкенттегi “Сана-сезiм” құқықтық орталығының заңгерi Элина Еникеева 2008 жылдың қарашасынан 2009 жылдың ақпанына дейiн шағымданушы мигранттардан 960 қоңырау келiп түскенiн мәлiмдедi. Тегiн жұмыс күшiне дәнiккен алаяқ кәсiпкерлер арасында жалданған жатжұрттық жұмысшыларға жалақы төлемеген, яғни, алдап кеткен, уақытылы және дұрыс тамақтандырмаған, ешқандай ескертусiз (ақша бермеу үшiн) басқа “қожайынға” өткiзiп жiберген, құжаттарын тартып алған т.б. қылмыстық әрекеттер жиi кездеседi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары