БИДАЙДЫҢ БАСТЫ ТҰТЫНУШЫСЫ – ИРАН

БИДАЙДЫҢ БАСТЫ ТҰТЫНУШЫСЫ – ИРАН

БИДАЙДЫҢ БАСТЫ ТҰТЫНУШЫСЫ – ИРАН
ашық дереккөзі
174

Биыл қамбалардың ернеуiнен асып-төгiлуi тиiс қазақ бидайын Иран, Ауғанстан, Әзiрбайжан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Украина мен Ресейге қарай бағыттау көзделуде. Экспорт мәселесiндегi басты қиындықтардың бiрi – төте жолдардың жоқтығы мен логистикаға қатысты проблемалардың көптiгi.

Осыдан бiр айға жуық уақыт бұрын қазақ қамбаларындағы дәндi-дақыл көлемiн 15 млн. тоннаға жоспарлаған Үкiмет жақында сандық көрсеткiштердi 17-17,3 млн. тоннаға дейiн тағы өсiрдi. Ал сыртқа тасымалданатын егiннiң жалпы көлемi 7 млн. тоннаға жуық. Бұл былтырғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 1 млн. тоннаға көп. Басты жаңалық, биылғы қазақ астығын басты тұтынушы ел Иран болмақ. Өйткенi, жыл соңына дейiн диiрменге тартылған 1,5 млн. тонна бидай ирандық нарыққа жөнелтiледi. Сондай-ақ, Ресей мен Украинаға дейiн тасымалдау да қарастырылуда. Ал iшкi нарыққа келсек, үстiмiздегi жылы “Азық-түлiктiк келiсiм-шарт корпорациясы” АҚ 3 млн. тонна бидайды сатып алуды көздеуде. Тамыз айының басында ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер экспорттық бағыт оңтүстiк аймаққа, яғни, Әзiрбайжан, Иран мен Ауғанстанға бұрылатынын жеткiзген. Себебi, орталықазиялық аймақта қазақ бидайының құны жоғары әрi тұтынушылық сұраныс бар – жыл сайын Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясына астық сататын диқандар Тәжiкстан, Түркiменстан мен Иранға сатуды қолға алған. Өзге елдердiң астығы сапа мәселесiнде де қазақ даласында өскен дәндi-дақылға есе жiберiп алатын көрiнедi. Украиндар мен орыстардың бағасы арзан ұны сөрелерде ұзақ тұрып қалатыны сол себептi. Кәрi құрлықтың нарығына тасымалданатын астық көлемiн өсiру мен Украина және Ресей нарығын жаулап алу да – ертеңгi күннiң еншiсiндегi мәселе. Аз ғана уақыт бұрын кейбiр сарапшылар Қазақстан, Украина мен Ресей алдағы 10-15 жылда әлемдiк астық нарығының 25 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы деген болжам айтқан едi. Бiрақ бұл пiкiрге қарсы айтылған уәж де бар. Былтыр 8 млн. тонна егiндi экспорттаған украиндар қамбадағы астықты 2010 жылдың алғашқы екi айында-ақ тауысып бiтетiндiктен (өйткенi, олардың биылғы экспорттық межесi 13 млн. тоннаға жуық), украиндардың iшкi нарығын бидаймен қамтамасыз ету жауапкершiлiгiн қазақтар өз мойнына алуды көздеп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы 1 тонна қазақ бидайының құны 165 АҚШ долларына (24 750 теңге) тең. Мамандар қауымы осы баға iшкi нарықтағы ұн мен нан бағасын тұрақты түрде ұстап тұруға жағдай жасайтынын айтады. Астық нарығындағы сауданы реттеу мақсатында жуырда жаңа тауар биржасы – Еуразиялық сауда жүйесi (ЕСЖ) құрылды. 2009 жылдың наурыз айында өткiзiлген алғашқы саудаға 1 млн. 200 тонна астық шығарылған. Бүгiнде Қазақстан әлемдегi ең iрi астық экспорттаушы елдер арасында 6-орынға ие. Ал әлемдiк нарыққа ұн тасымалдауда Еуропалық Одақ пен Түркиядан кейiнгi үшiншi орында. Мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру үшiн 19 млрд. доллардан астам қаражат бөлiндi. Бұл көрсеткiш елiмiздiң ЖIӨ-нiң 14 пайызына тең.

Соңғы кездерi экономикалық дағдарыстан кейiн азиялық нарықта нан мен нан өнiмдерiне деген сұраныс артқан. Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы Қазақстан шет елдерге 6 миллион тонна астықты экспорттапты. Қазақ бидайын негiзгi тұтынушылар – Түркiменстан, Түркия, Тунис, Египет, Ресей. Биылғы қоймалардағы астық қоры 2,5 млн. тоннаға жуық. Бүгiнгi таңда ай сайын 400 тонна астықты шекара сыртына жөнелтуге қауқарлымыз. ҚР ауыл шаруашылығы министрлiгi күздегi егiн орағынан кейiн жиналатын дәндi-дақыл былтырғыдан аз болмайды деп сендiрiп отыр. Экспорт мәселесiндегi басты қиындық – жол ұзақтығы. Осы себептi, Үкiмет Ресейдегi қаратеңiздiк порттарда астық терминалын салуды қолға алған болатын. Жоспар бойынша, осы терминал арқылы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге, Таяу Шығыс пен Қиыр Шығысқа, Солтүстiк Африка мен басқа да елдерге астық тасымалдау көзделiп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев: “Қаратеңiздегi астық терминалының құрылысы астық экспортының маршрутын мың шақырымға дейiн қысқартуға мүмкiндiк бередi. Өйткенi, тасымалданатын жүк тек бiр ғана шекараны кесiп өтпек” деп мәлiмдедi. Мамандар қауымы теңiз порттарына бастайтын төте жолдардың жоқтығы мен Қазақстанның халықаралық нарықтан алшақ жатуы қазақстандық астық тасымалдаушылардың астық тасымалдаудағы баға саясатын мың құбылтуына себеп. Күрiшбаев мырза алдағы 10 жыл iшiнде кәрi құрлық пен Таяу және Қиыр Шығысқа, Африканың солтүстiк бөлiгiне бағытталатын дәндi-дақылға қатысты жоспар жүзеге асырылуы тиiс. Аталған елдерден басқа қазақ бидайы “Достық Алашанькоу” бекетi арқылы Қытайға жөнелтiлмек. Ол үшiн астыққа арналған темiр жол терминалы салынуы керек. Алғашқыда 500 мың тонна астық тасымалдайтын бұл терминалдың жылдық тасымал қуаты 1 миллион тоннаға дейiн жеткiзiлгелi отыр. Сонымен қатар 25 мың тоннаға дейiн астық сақтауға қабiлеттi элеватор салынады. Бүгiнде елiмiзден сыртқа тасымалданатын дәндi-дақыл көлемi 5-5,6 млн. тоннаға жуық. Мамандар экспорттау барысында қиындықтардың көптеп кездесетiнiне қынжылады: “Астықты Қара теңiз арқылы өзге елдерге экспорттау үшiн жекеменшiк терминалға ие болуың керек. Бiздiң тасымалдаушылар кез келген уақытта кез келген бағытқа тауар жөнелте алмайды. Сондықтан Үкiметтiң қаратеңiздiк жағалаудан арнайы терминал салуға қатысты шешiмi құптарлық шара” (Қазақстанның Астық Одағы директоры мiндетiн атқарушы М.Дүйсебаев).

Экспорт мәселесiндегi тағы бiр түйткiл – логистика. “Логистика” француз тiлiнде (“loger”) “орналастыру” деген ұғымды бiлдiредi. Аталған ұғым 1974 жылы Берлинде өткен алғашқы Логистика туралы Еуропалық Конгресте ресми түрде бекiтiлген. Ал грек тiлiндегi “логос” алғаш рет византиялықтар қоғамында қолданылған екен. Сол кездерде императорлар сарайында түскен салықтарды басқарып әрi жүйелi түрде бөлiп отыру мiндетi жүктелген логистиктер қызмет атқарыпты. Кейбiр дерек көздерi басқару мен жоспарлаудың осы тиiмдi тәсiлiн Наполеон да өз әскерiне логистика iлiмiне қатысты қағидаларды қолданғанын көлденең тартады. Кәсiпорындардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметiн зерттеудiң мұндай тәсiлi Батыста ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында пайда болған. Уақыт өте келе логистика ғылыми-тәжiрибелiк қызметтiң дербес бағыты ретiнде қалыптасқан. Бүгiнгi таңда “логистика” ұғымы – iскерлер қауымы жиi қолданатын сөз. Өйткенi, логистика шикiзат, материал, өндiрiс, еңбек, дайын өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға дейiн жеткiзудегi қозғалыстың теориясы мен тәжiрибесiн айқындайды. Басқаша айтқанда, логистика – түрлi саладағы материалдық, ақпараттық және қаржы қорын жоспарлау, басқару және бақылау iлiмi. Сондықтан экспорт мәселесiнде жағдайдың тиiмдi не тиiмсiз болуы импорттаушы елдердегi логистиканың қаншалықты дамығанына байланысты. Мысалы, үстiмiздегi жылы отандық астық тасымалдаушылар өнiмдi ауған жерiне бағыттауды көздеп отыр. Бiрақ Ауғанстандағы логистиканың халi мүшкiл: конвенция көрсету мiндеттелетiн көлiктер шекарада кептетiлiп қалады, ұзын-сонар кезек түзiледi, уақыт зая кетедi, ең бастысы, жүйке сыр бередi. Демек, кез келген елдегi логистиканың халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуi экспорттаушыларға қолбайлау әрi осының кесiрiнен келетiн шығын шаш-етектен. Билiк тарапынан астық өнiмдерiн оңтүстiк бағытқа тасымалдаудың балама жолдары қарастырылып жатқан көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары