Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: МАҚСАТЫМЫЗ — ҚОҒАМДА ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨБЕЙТIП, ЖАМАНДЫҚТЫ АЗАЙТУ
Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: МАҚСАТЫМЫЗ — ҚОҒАМДА ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨБЕЙТIП, ЖАМАНДЫҚТЫ АЗАЙТУ
Қазақ қоғамы мысықтiлеу миссионерлердiң ортасына айналды. Оған қабылданбай қалған “Дiни сенiм бостандығы туралы” Заңымыз тосқауыл қоя алмаса да, насихаттың күштi құралы — телеарна арқылы күрес жүргiзуге әбден болады. Қасиеттi Ораза айында тұсауы кесiлiп отырған алғашқы ислами ағартушылық — “Асыл арна” телеарнасының бас директоры, дiнтанушы ақын Мұхамеджан Тазабеков те әңгiменi осыдан бастады.
– Осыдан үш жыл бұрын қазақ кәсiпкер жiгiттерi маған өтiнiш жасады. “Көптеген ислам мемлекеттерiнде тiптi Еуропа елдерiнде де ислам дiнiн ұлықтап, халыққа рухани нәр берiп отырған ислами телеарналары бар. Бiздiң мемлекетiмiздiң әл-ауқаты жыл сайын күшейiп келе жатыр, халқымыздың ынтымағы бар, iлiм-бiлiмге, ғылымға, өркениетке деген ұмтылысы үлкен. Сонда неге бiздiң жеке бiр рухани телеарнамыз болмасқа? Бiздiң руханиятымыздың негiзi ислам дiнiнен тамыр алып отырған жоқ па?” деген ой айтты. “Ендi осы идеямызды жүзеге асыруды сен қолға алсаң қалай болады? Өзiң дiни, дүнияуи ортамен де араласып жүрсiң, киноға да түскенсiң, теледидардан да хабарың бар” деп өтiнiш қылды. Бұл идея маған да ұнады. “Егер сiздер қаржылық жағынан жәрдем беретiн болсаңыздар, ұйымдастыруға қолымнан келгенше тырысайын” дедiм. Ең алдымен бас муфти Әбсәттар Дербiсәлi ағамыздың алдына бардым. Ол кiсi әлбетте бұл мәселеге жауапкершiлiкпен қарау керек екенiн, ТМД, Орта Азия аумағында мұндай телеарнаның жоқ екендiгiн, сондықтан мұның жауапкершiлiгi өте үлкен екендiгiн айтты. “Бiрақ осыны даурықпай, дабыра жасамай әрекет жасаңдар! Бiз қолымыздан келгенше қолдау бiлдiремiз” дедi. Сонымен, бiз жұмысымызды бастап, студиямызды құрып, “Асыл арна” деп атын қойып, Мәдениет және ақпарат министрлiгiне тiркетiп, әрекетiмiздi жасай бастадық. Мiнеки, үш жылдың iшiнде сол мақсатымыз жүзеге асып, бас муфти Әбсәттар Дербiсәлi ағамыз бiздiң ойымызды үкiметiмiзге, ондағы құзырлы тиiстi орындарға, комитеттерге жеткiздi. Оларда осы игiлiктi iске қолдау бiлдiрдi. Ары қарай қажырлы еңбек ету арқылы осы нәтижеге жетiп отырмыз.
– “Асыл арна” негiзiнен қандай форматта хабар таратады? Ауылды аймақтардағы қарапайым халық тамашалай алмай ма?
– Кез келген нәрсенiң басталуы бар, дамуы бар, оның өркендеуi бар. Сол сияқты бiздiң телеарна да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетiне сай өзiнiң жұмысын аз ғана ортаның аясынан бастап отыр. Мұхаммед пайғамбар Меккеде дiндi насихаттауда әуелi бiр адамға, сосын қырық адамға, содан жүз адамға жеткiздi. Бiрте бiрте бұл дiн бүкiл әлемге таралды. Сөйтiп мұсылман деген халыққа айналдық. Сол секiлдi бұл арнаны әуелгi кезде кабельдiк жүйенiң танымдық топтамасы арқылы Алматы қаласына, Алматы облысының орталық аймақтарына және жекеменшiк арналармен келiсiм-шарт жасау арқылы облыстарға таратуды көздеп отырмыз. Оның iшiнде Қызылорда қаласы “Асыл арнаның” бiрнеше сағаттарын жергiлiктi “Қоғам ТВ” деген телеарнасы арқылы тамашалап, қауышып жатыр. “Асыл арна” бастапқы кезде “Аlma TV” – дан бөлек “Секателл”, “Digiтal TV”, “IСON” секiлдi кабельдi жүйелер арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағына таралуда. Бар болғаны “Аlma TV”-дiң 2-500-501 телефонына хабарласып, қосылса болды. Алла бұйыртса, осы кабельдi жүйенiң облыстағы орталықтары арқылы, спутниктiк жүйе арқылы республикаға, тiптi таяу қазақтар өмiр сүретiн шетелдердi де қамту ойымызда бар.
– Телеарнаның мемлекеттiк телеарна ретiнде жүйелi хабар таратуына мүмкiншiлiк жоқ па?
– Қазiргi кезде жиiлiк алу өте қиын. Бұрынғыға қарағанда, заң өзгердi, талабы да қатал. Дәл осы уақытта жеке телеарна етiп ашуға мүмкiншiлiгiмiз жоқ. Мүмкiн, болашақта болып қалар. Бiрақ бiздiң жиiлiк күтiп отыратын уақытымыз да жоқ. Себебi, әр қазақ өз иманын, өз мәдениетiн, ұлтының ынтымағы мен бiрлiгiн, руханиятының тұтастығын сақтау үшiн күресу керек. Жақсылық пен жамандықтың, өркениеттердiң күресiп жатқан кезiнде қарап отыра алмаймыз. “Ұлтымыз өзiнiң болмыс-бiтiмiн жоғалтпаса екен және ата-бабасынан берi қаншама жақсылықтың шамшырағы болып келе жатқан Ислам нұрын өшiрiп алмаса екен” деген жанайқайдан, iшкi бiр сұраныстардан пайда болған ойды қалай да тезiрек жүзеге асыруға тырысып бағудамыз. Бұл жерде ешқандай да басқа бiр мақсат жоқ. Абырой-атақ алу, болмаса осыдан қаржы жасау, айналысатын шаруа таппағандықтан өзiне кәсiп тауып алу сияқты мәселе жоқ. Бұл жерде кеше Мұхтар Әуезов айтқандай “Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе” демекшi, “жастарға имандылықты қалай үйретемiз?” деген мәселе де бар. Қазiр, қоғамда мәселенiң мәнiне терең бойлау орнына, адамдарды кiнәлау үрдiсi басым. Ал бiздiң олай еткiмiз келмейдi. Адамдардың жағдайын түсiнуге тырысқанда ғана олардың көкейiндегi ойына жауап, жарасына ем тауып беруге болады. Бiз кешегi 70 жылдық жаншылған саясаттан жарыққа шыққан халықпыз. Жаңадан тәуелсiздiгiн орнықтырып, жаңа ұлт, ел ретiнде әлемге танылып жатқан халықпыз. Сондықтан халқымыздың рухани құлдырауына түсiнiстiкпен қарап, оның нақты шипасын табумен шұғылдануымыз керек. Үлкендер балаларын ибалылыққа, iзгiлiкке тәрбиелейiн десе, соның жолын таппай отыр. Себебi, өзiнде жоқ нәрсенi бала-шағасына қайдан берсiн. Ал жүректерi таза, саясатқа уланбаған, ешбiр идеологияның құлына айналмаған балалар, жастар iзгiлiктiң, имандылықтың жолына түсейiн десе, қоғамда бүтiндей қамтыған жүйелi жұмыс жүргiзiлiп жатқан жоқ. Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы қолынан келгенiн жасап жатыр. Бiрақ олардың да мүмкiншiлiктерi шектеулi. Дiни басқарманың ұстанған бағыты, насихаты халыққа кеңiрек жетсе екен деген ниетпен осы телеарнаны ашқан едiк. Оның үстiне қарапайым халық дiндi өзi iздеп жатқан жоқ. Тек қалтарыс-бұлтарыста кездесiп қалып жатқаны болмаса, Ислам нұрымен, нәрiмен сусындап жатқан жоқ. Ал теледидар әркiмнiң үйiне кiрiп тұрса, әр отбасының дастарханының басында болса, тiптi, күнiне 5-10 минут көрсе де, жүрегiне тыныштық, көкiрегiне парасаттылықтың бiр сәулесiн түсiредi деп ойлаймын. Әуелi өзiмiз үшiн, бала-шағамыздың, ұлтымыздың болашағы үшiн өте керектi жоба. Себебi, басы ашық шындық – кез келген адамның, ұлттың, мемлекеттiң де тағдыры бiр Алланың қолында. Алла Тағалаға деген көзқарасымыз, қарым-қатынасымыз дұрыс болған сайын өмiрдегi қалған шаруалардың да шешiмi дұрыс болмақ. Адамдарға Алланы таныту, Алланың хақиқат дiнiнiң жақсылығын ашып көрсету, қоғамдағы орын алып жатқан мәселелердiң негiзгi себебiнiң қайда жатқанына ой жүгiрту керек. Бұл адамға мiндеттi түрде намаз оқысаң да оқисың, оқымасаң да оқисың, не ораза ұстамасаң да ұстайсың деп зорлықпен, қинаумен дiнге шақыратын телеарна емес. Бар болғаны адамдарға Алланың насихатын жеткiзу, жүректерi сығылып, әр түрлi мәселеден жаншылып жүрген, болмаса ақиқаттың қайда екенiн бiлмей әр түрлi арам пиғылдағы секталардың соңынан iлесiп, елдiң шырқын бұзып жүрген адамдарға дұрыс жол көрсету. Яғни, үлкенге үлгi – кiшiге өнеге көрсету телеарнамыздың негiзгi мақсаты болып қалмақ.
– Құдайға шүкiр, бiзде дiни басылымдар, газет-журналдар жоқ емес, бар. Өзiңiз айтып отырғандай, қазiр елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн миссионерлер кезiп жүр. Бiрақ жан-жақтан ақпараттық соғыс жариялап жатқан секталарға тосқауыл қоя аламыз ба?
– Әлбетте, жыл сайын “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” жөнiндегi заңға да түрлi көзқарастар айтылып, өз шешiмiн толық таппай жатқан жоба ғой. Бұл заңымыздың да өз пайдамызға жұмыс жасайтын заман да туып қалар. Бiрақ оны да күтiп отыратын уақыт жоқ. Себебi, адамзат баласының ең үлкен адасуындағы негiзгi себеп – ақиқаттың адамдарға жетпеуi. Алла Тағала Құранда: “Ескертпеген құлымды жазаламаймын” дейдi. Яғни, ескерту келмесе, нақты бiр ақиқаттан хабар келмесе, ол адам Алланың жазалауынан аман қалады. Мынаны бiлуiмiз керек – әлемде ескерiлмейтiн адам қалмайды. Алла Тағала әр түрлi жолмен әр адамды өзiнiң уақытында бiр ақиқатқа жеткенiн көрсетедi. Бiз осы мәселеден кешiкпеуiмiз үшiн әр түрлi ағымға кетiп жатқан адамдарды аман сақтап қалу керек. Олар ақшаға алдандырады, керек болса адамның психологиялық күйзелiске ұшыраған сәтiн ұтымды пайдаланады. Адамдар өз дiнiнiң қадiрiн бiлмегендiктен, өз дiнi туралы толық мағлұмат-түсiнiктiң жоқтығынан “өзгенiң қаңсығы таңсық” боп, өзгенiң құрған торына, қақпанына түсiп жатыр. Бұл асыл, ақиқат, барлық дiндерден абзал болған ең соңғы дiнiмiздiң насихатының кемшiн болып отырғандығын көрсетедi. Тәжiрибеден көрiп жүрмiз, өзге дiнге өткен апа-қарындастарымызбен бiр-екi сағат әңгiмеден кейiн адасқан дiнiнен қайтып, тәубе қылып жатқандары болды. Бар-жоғы бiр-екi сағаттық әңгiмеден кейiн ғана. Әлбетте, кеңестiк кезеңнен кейiн көкiрегiмiздегi бос кеңiстiк iзгi дiнiмiзбен толтырылмаған соң, басқалар бөтен нәрселермен толтыруы заңды да едi. Бiз осы олқылықтарды орнына келтiру үшiн, секталарды жүйелi түрде зерттей әрi мемлекетiмiздiң мүддесiн көздей отырып күрес жүргiзу үшiн де осы телеарнаның ауқымын мейлiнше жақсылыққа пайдалануымыз керек. Бiрақ екпiн түсiрiп айтқым келетiн бiр жайт – бұл телеарна көлеңкелi тұстарды, бiреулермен күресiп, сыртынан тас лақтырып, бiреулердiң кемшiлiгiн iздеудi көздейтiн телеарна емес. Өйткенi, асыл дiнiмiздiң айтылмай жатқан жақсылығы жетедi. Халқымыз iштей iздейтiн, бiрақ таба алмай жүрген дiнiмiздiң шарапат жақтары өте көп. Соларды халықпен қауыштыру, соған байланысты бағдарламалар, жобалар жасалып жатыр.
– Әрине, халықты дұрыс жолға салатын осындай арна керек-ақ. Бiрақ әлгiндей жарыққа көптеп шығып жатқан дiни кiтаптардың хақ дiнiмiз туралы жазып, таратып отырғандары ақиқат па? Исламның да түрлi ағымдары жетерлiк қой…
– Барлық нәрсенiң пайдасы мен зияны көп жағдайда салыстырмалы түрде шығады. Егер өзiмiздi Ресеймен, Өзбекстанмен, көршi басқа да мемлекеттермен салыстыратын болсақ, көзiмiз көрiп, көңiлiмiзбен түйген нәрсе – Қазақстандағы Ислам дiнiнiң ахуалы өте жоғары деңгейде. Себебi, бiзде Пайғамбар сүннетiн ұстанған, яғни, тура жолдағы мұсылмандардың еңбегi қарқынды түрде жүрiп жатыр. Мысалы, бiзде “Хизбут тахрир” тағы басқа терiс ағымдардың насихаты мен нәтижесi ондай дәрежеде емес. Өзiңiз мешiт жанындағы сатылып жатқан дiни кiтаптар мен дискiлерге бiр сәт көз салсаңыз, 90-95 пайызы Дiни басқарманың ресми ұстанған жолына дөп келетiн, халыққа пайда беретiн дұрыс, ақиқи мәлiметтер екенiне көз жеткiзесiз. Ал, бiрлi-жарым кiтаптар Ресейден, басқа жақтан келiп көзге түсiп жатады, бiрақ оның күшi мен таралу ауқымы жаңағыдай деңгейде емес. Сондықтан баспалар мен басылымдардың барлығы дерлiк Дiни басқармасының төңiрегiне топтасып, тығыз әрi қарым-қатынаста жұмыс iстеп жатқаны осы жолдағы бауырларымыздың еңбегi деуге негiз бар. Қазақстанда Аллаға шүкiр, ырың-жырыңның, у-шудың болмауының да бiр себебi – дұрыс насихаттың көп жүрiп, алдаушы, арбаушы ағымдардың ықпалының азаюынан деп бiлу керек.
– Қасиеттi Ораза айында тұсауын кесiп отырған “Асыл арна” қай тiлде хабар таратады?
– Негiзiнен екi тiлде – қазақ және орыс тiлдерiнде. Әлбетте, қазақ тiлiне басымдық берiледi.
– Көпұлтты мемлекет болғандықтан да орыс тiлiне орын берiп отырсыздар ма?
– Көпұлтты ғана емес, жалпы Ислам дiнiнiң насихаты тек бiр тiлде ғана жүрмеуi керек. Ислам дiнiнiң ауқымы үлкен болғандықтан, бүкiл адамзатқа түсiрiлген дiн боп есептелгендiктен қай тiлде жеткiзу, қай тiлде қабылдау мүмкiншiлiгi көбiрек, сол тiлде берiледi. Сондықтан да бағдарламалар екi тiлде тарайды.
– “Асыл арнада” хабар дайындап, оны эфирге шығарып жүргендер дiндi берiк ұстанған азаматтар ма, әлде жастарды да тартып жатырсыздар ма?
– Ислам дiнi – Алланың дiнi болғандықтан бұл жерде жауапкершiлiк өте көп. Халыққа ақпарат дұрыс жетiп, жүрекке жол табуы үшiн барынша дiндi ұстанып, дiннiң жанашыры болып жүрген журналистердi қамтуға тырысамыз. Олардың кәсiби шеберлiгiне, өз дiнiмiздi тануы мен ұстанымына да көбiрек мән беремiз. Бұл бiздiң жұмысымыздың нәтижесiне де, бiр-бiрiмiздi тезiрек түсiнуiмiзге де, ең бастысы халыққа пайдалы еңбектiң нәтижелi болуына да көп септiгiн тигiзедi.
– Ораза айында күллi мұсылман бауырлар Қадiр түнiн асыға күтедi. Осы кезде мемлекеттiк бiрлi-екiлi арна тiлкелей эфирде хабар таратып, көрерменнiң көзайымына айналып жүр. Ал “Асыл арна” телеарнасы қасиеттi күнге қандай жобалар ұсынбақшы?
– Былтыр “Асыл арна” “Қазақстан” ұлттық телеарнасымен бiрлесiп жоба жасаған кезде төрт жарым сағат тiкелей эфирде хабар тараттық. Әрине, көп азаматтар өзiне қажеттi ақпарат көзiне қанықты. Мұның қажеттiлiгi өте зор. Неге десеңiз, халықтың ата дiнi – Исламға деген қауышуы мен ынта-ықыласы өте зор болғандықтан көпшiлiк қауымның дiндi толық ұстап, намаз оқып кетпесе де, дiнге деген құрметi биiктеп жатыр. Халқымыз Қадiр түнiнiң өзiне бiр қатысы бар екендiгiн, сол түнде дұғасы қабыл болса екен деп, сол түнi жақсылыққа қарай бiр қадам болса да бассам екен деп Алланың үйi – мешiттi бетке алады. Я болмаса, үйiнде сол түнi ұйықтамай, көз iлмей отырады. Бiреулердiң мешiтке сыймай, тiптi, жүрексiнiп сыртта жүргенiн талай көрдiм. Яғни, келген халыққа “Неге бұлай жүрсiң?” деудiң орнына сол мешiттердiң қасына үлкен экрандар орнатып, халыққа дұрыс мәлiмет берiп, рухани сусындатуды Дiни басқармамен бiрге қолға алып отырмыз. Бұл бiр. Екiншi жоба – 24 сағаттық хабар таратуға арналған арна ретiнде бұл түнi әлбетте Алматы халқын, тiптi, оған дейiн қосылып үлгеретiн басқа да аймақтарды мүмкiндiгiнше рухани сусындатуды жоспарлап отырмыз. Өйткенi, бұл түн Құдайға құлшылық ететiн, Аллаға дұға қылатын қасиеттi түн. Тым болмаса, дiни уағыз тыңдаудың өзi де жақсы.
– Талай рет айтыс сахнасында жарқылдап, халықтың жүрегiне жол тапқан ақынсыз. Соңғы кездерi “Мұхамеджан айтыстан неге көрiнбей қалды?” деп iздеп, сұраушылар да көп. Қазiр тек дiнге бiржола бет бұрып, дiндi уағыздау, насихаттау аясында ғана жұмыс iстеп жүрсiз бе?
– Негiзi дiнге бет бұру деген сөздiң өзi көп жағдайда табиғи емес қой. Себебi, адам баласының бәрi Алланың құлы. Мұны бiреу ерте, бiреу кеш түсiнедi, тiптi бiрi өмiрден түсiнбей өтiп кетедi. Жер бетiнде Алланы жоқ деуге дәтi баратын бiрде-бiр ғылым жоқ. Дәлел тауып, оны дәйектi түрде, тек өздерiнiң ғана ой-қиялдарын айтумен шектелетiн тұлғалар мен адамдар болған. Сондықтан Алла бар болып, оның хақиқат дiнi хақ болса, әрбiр адамның әмiр-тыйымдарды орындауға шама-шарқы жетiп, оны орындап жүрiп те тiршiлiгiн өз дәрежесiнде жасай бередi. Бұл дiн малшыға да, министрге де, қарапайым дәрiгер мен мұғалiмге, құрылысшыға да ортақ. Алла тағала Құранда қолдан келмейтiн, шама жетпейтiн нәрсенi жүктеген жоқ бiзге. Демек, бiз ақын болсақ, Ислам дiнiнде ақындығымызға қайшылық, тыйым жоқ. Бiрақ ақындығымызды ретке келтiрiп, өзiмiз бен өзгенiң пайдасына жұмыс жасауға бағыт-бағдар бередi. Мәселен, Құранда 114 сүре болса, соның бiрi – “Шұғара” (Ақындар) сүресi деп аталады. Осы ақындар сүресiнде “Ақындар өздерi iстемейтiн нәрсенi айтады” деп айыптайтын жерi бар. Яғни, көп ақындардың қиялға ерiп, адамдардың ой-жүйесiн ауытқытып жiберетiн мүмкiншiлiктерi бар екенiн айтады. Және “Ақындарға азғындар ередi, бiрақ бұл ақындардың iшiнде иман келтiргендерi басқа” дейдi. Ақындық күш-қуат Алладан берiлетiн үлкен бiр құрал. Осыны адам жамандыққа пайдаланса, өмiрде алға қойған мақсатынан адасып кетедi. Ал ақындар оны Алланың ақиқатын танып-бiлуге, халыққа қызмет етуге жұмсаса, онда жақсы. Сондықтан өзiм қай кезде де ақындықтың Алла қолдайтын жағын ұстандым. Яғни, халықтың алдында шындықты айтып, солардың қамын ойлап, жоғарыға үн тастадым. Байқасаңыз, махаббат, тағы басқа тақырыпқа қалам тербеген емеспiн. Әлi де сол қалпындамын. Талантым, дарыным ешқайда қашып кеткен жоқ. Бiрақ уақыт деген нәрсе өте өлшеулi ғой. Сол уақытымыздың көбi рухани қайраткерлiкке жұмсалып жатқандықтан, ақындықты дамытуға немесе ақындар ортасында жүрiп үлес қосуға физикалық жағынан да мүмкiншiлiгiм жетпейтiн сияқты. Әрi қазiр мына мәселенiң маңызы көбiрек болған соң, көп уақытты осы телеарнаға жұмсап отырмын. Құдайға шүкiр, мықты ақындар шығып, өнер аспанында жарқылдап жүр. Бiрақ Алла маған осы iстi нәсiп еткеннен кейiн халықпен жұмыс жасау қабiлетiмдi дiндi танытуға жұмсаудамын. Неге десеңiз, бiзге осы саладан көп соққы келiп жатыр. Осы жақтан қамалымыз әлсiз, есiгiмiздiң топсасы бос. Оны мықтап бекiту үшiн көптеген азаматтар жұмыс iстеуi тиiс. Кешегi Абайды, Шәкәрiмдi, Тұрмағамбет Iзтiлеуовтi, Бұқар жырауды, тiптi қайсыбiр ақынды алсаңыз да, дiндi ойламаған, дiнге қызмет етпеген шығармалары болмаған. Әрине, олардың деңгейiне жеткен жоқпыз, бiрақ қызмет етуге дайынбыз.
– Негiзi жыр додасында бiр ғана мұрат бар, ол – жеңу. Кезiнде пендешiлiкке салынып, тек жеңiстi ғана арман еткен кездерiңiзге қазiр қандай сезiммен қарайсыз?
– Өмiрде көптеген пендешiлiктер өттi ғой. Адам баласы өзiнiң таразысын Алланың таразысынан артық көргiсi келедi. Адамның басты қателiгi – тәкаппарлығында. Iбiлiстiң өзi тәкаппарлыққа салынып, Алланың әмiрiн орындамаймын деп мәңгiлiк азапқа душар болды. Сол сияқты “Мен бiлемiн, мен өзгеден артықпын, солай болуым керек” деген пiкiрдiң арқасында ақиқатты танымай жүрiп, өз қателiгiн өзi көрмейтiн көрсоқыр болу сорақылық. Әрине, айтысып жүрген кезiмде, жалпы, намаз оқымай жүрген кезiмде көптеген кемшiлiктер басымнан өттi. Менмендiк, өзiңдi-өзiң жақсы көру, масаттану секiлдi жаман қасиеттерiм де болды. Шын мағынасына келсек, Абай атамыз айтқандай:
“Адам бiр боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боларсың өлсең-дағы.
Менiменен сен тең бе деп айтасың,
Надандықтың белгiсi ол баяғы…”.
Жалпы адамның “мен” деп айтуға құқы, дәрежесi бар ма? Алланы танысақ, бiз өзiмiздiң кiм екендiгiмiздi танимыз. Абай атамыздың: “Толық мұсылман – толық адам, жартылай мұсылман – жартылай адам” дегенiнiң ар жағында да осы жатыр. Алланы таныған сайын адам өзiнiң жаратылысына дұрыс көзқараста болады. Өзiнiң отбасындағы, қоғамдағы, әлемдегi орны қандай екенiн бiледi. Ал адам Алланы танымаған кезде өзi дұрыс деген нәрсенi дұрыс, бұрыс дегендi бұрыс деумен ғана жүредi. Бiр Алланың ризашылығын ойлап, жақсылық iстеген адам ғана өз дегенiне жетедi. Соны оқып-бiлу арқылы дүниетанымы кеңейедi. Көп нәрсеге басқаша қарап, толық адамға айналады. Толық адам ғана айналасына пайда келтiредi.
Мына нәрсенi айта кеткiм келедi. Бiз кейде хайуаннан артықпыз, дәрежемiз биiк деймiз. Әлбетте, солай. Бiрақ дерек пен дәйекке сүйенсек, бұл кейде терiске шығып жатады. Хайуан екеш хайуан iстемейтiн нәрсенi, бiз – адамдар iстеймiз. Мысалы, хайуанның өзi ұрпағына мейiрiмiн көрсетiп, қауiп-қатерден қорғап, тiптi, мал екеш мал да өзiнiң кiндiгiнен болған ұрпағына жақындамай, бiр үйiрдiң басы болған айғыр да жаны алқымынан келсе де үйiрдi бөгдеден қорғайды да, адам сүйсiнерлiк амалдар жасайды. Ал бiз солардан өзiмiздi артық санасақ та, хайуан iстемейтiн жаманшылыққа бой ұрамыз. Айталық, iштен шыққан шаранасын көшеге тастап жатқан, өз кiндiгiнен жаратылған қызды зорлап, өз анасына қол жұмсап, ата-анасын қарттар үйiне апарып жатқан кiм? Әрине, адам деген атты арқалап жүргендер. Олардың соншалықты азғындауына не себеп? Мал-дүниесiнiң аздығынан ба, кедейлiгiнен бе? Жоқ. Адамды азғындатып жатқан – оның имансыздығы. Өйткенi, мал-дүниесi көп, ғылым мен бiлiмнiң иесi бола тұра қоғамда бет-беделi бар қаншама адам араққа салынып, өмiрiн қиып жатыр. Мұның бәрi хайуан iстемейтiн амалдар едi. Олар қанша қиналып, арпалысса да, өз өмiрiн оңайшылықпен қимайды. Яғни, иман болмаса, бiздiң дәрежемiз хайуаннан төмендейдi. Ал иман күшейген сайын дiн адамзатқа ақыл айтатын ұлы тұлғалар туғызады. Иманы берiк, күштi қоғамда мыңжылдық тұлғалар – Әл-Фараби, Жүсiп Баласағұни, әл-Бируни өмiрге келдi. Сондықтан иманы күштi елде Құнанбай сияқты иманды адамнан Абайдай алып тұлғалар дүние есiгiн ашты. Құдайға, ақыретке деген иманымыз, Алланың алдындағы жауапкершiлiкке деген сенiмiмiз мықты болған сайын кейбiр адамның дәрежесi перiштеден де жоғарылай түседi. Имандылығымызды халыққа насихаттасақ деген ойымыздың арғы жағында да қоғамда жақсылық көбейiп, жамандық азайса екен деген мақсат бар.
– Өзiңiз дiни бiлiмдi қайдан алдыңыз?
– Бiз Абай дәстүрiн ұстанып отырған адамбыз. Ислам университетiн бiтiрiп, алыс сапарға шығып үлкен оқу орындарын тәмамдаған жоқпын. Бiрақ Абай атамыз кiшкентай ғана медресенi бiтiрiп, ауыл молдасынан iлiм алып, өзiнiң дүниетанымын пайдаланып, көптеген дiни адамдармен сұхбаттасу арқылы бiлiмiн жетiлдiрген. Сол сияқты мен де арнайы дiни оқуды бiтiрмесем де, көптеген дiндар адамдармен тiлдесiп, кiтаптармен терең танысып отырдым. Азғантай бiлiм алсам да, оны көпшiлiкпен бөлiсiп, тәжiрибеге асыру арқасында екi адамның алдында сөйлей алатын дәрежеге қол жеткiздiм. Бiрақ Мекке-Мәдинаға оқуға түссем деп ниет етiп барып едiм, жас ерекшелiгiме байланысты қабылданбай қалдым.
– Жасыратыны жоқ, бiзде дiни сауат беретiн оқу орындары тапшы. Елiмiз бойынша жетiншi медресенiң өзi жақында ғана ашылды. Содан болар, қазiр де жастар дiни бiлiмдi шетелден алуға құштар. Бiрақ олардың дүниетанымы, көзқарасы қалай болып оралады?
– Шетелде бiлiм алу, алмау деген мәселенi дұрыс не бұрыс деп айту қиын. Адасам деген адам үйiнде отырып-ақ адасады. Алла Тағала тура жол берсе, әлемнiң 77 мемлекетiн айналып жүрсе де, тура жолда болады. Бiрақ нақты жағдайларға қарасақ, жастарды шетелде оқытудан қашпауымыз керек. Өйткенi, олардың тәжiрибесi мол, кiтапханасы бай. Бiрақ шетелге бiлiм алуға бара жатқан бала мейлiнше мемлекеттiң қадағалауы мен рұқсатымен барып, келгеннен кейiн де ол өз бетiмен әрекет iстеп кетпейтiндей арнайы жұмыспен қамтамасыз етiлуi керек. Яғни, тәжiрибесi мен бiлiмiн елiмiзде жүйелi түрде пайдаланатындай мүмкiншiлiк жасау қажет. Әрине, есiгiмiздi мүлдем жауып тастап, ешкiм сыртқа шықпасын деуге де болмайды. Бiзде бiр ғана Ислам университетi бар, ол – “Нұр-Мүбәрәк”. Дiни басқарма тарапынан ашылған жетi медресе дiни сауат ашсам деген талапкерлердiң мүмкiншiлiгiн қанағаттандыруға барынша жұмыс жасап жатыр. Әйтсе де, бiлiм iздеген талапкерлердiң барлығын қамту мүмкiн емес қой. Сондықтан шетелде бiлiм алуға тыйым салуға болмайды. Бiрақ үкiмет те, Дiни басқарма да болашақ дiндар-маманның қай мемлекетке бара жатқанын, қандай ортада бiлiм алатынын қадағалауы тиiс. Елге келiп, өз бетiмен сiңiрген бiлiмi арқылы хикметтi пайдаланып, әр түрлi қиындыққа душар болмас үшiн дұрыс жағдай жасау керек. Әрине, өз елiмiзде жоғары оқу орындары ашылып, оқыту базасы мен мүмкiншiлiктерi кеңейсе жақсы болар едi. “Алла адастырған адамды адамзат тура жолға сала алмайды, Алла тура жолға салған адамды адамзат адастыра алмайды” деген бар. Әр адамның көкейiнде Алланың ақиқат дiнiн тауып, өзiме де, өзгеге де пайдамды тигiзiп, екi дүниеде де бақытты болсам деген ниетпен бiлiм алса, ол тiптi, қай жерде, қай қоғамда өмiр сүрсе де, тура жолмен жүредi. Ал бiреуден артық, елден ерек болсам екен, жұрт бiлмегендi бiлiп, елдiң үстiнен қарап тұрсам екен деген пендешiлiкке салынса, ол адам үйiнде жатып-ақ адасады.
– Құдайға шүкiр, бүгiнде ғибадат үйi – мешiттер көптеп бой көтерiп жатыр. Дегенмен, қалтасы қалың кәсiпкерлер мешiт салып, оған ата-бабасының атын берудi сәнге айналдырды. Тiптi, бiр ауылдан салынған екi-үш мешiт намаз оқып, Құдайға құлшылық ететiн мұсылмандарға толып жатпаса, оның пайдасы бар ма?
– Кез келген амал iстелгенде, оның пайдасы да зияны да қаралады. Мешiт салудың ең басты шарты не? Мұнда халық ғибадат шарттарын орындауы керек. Бiрақ адам толық намаз оқып, Құдайын толық танымайынша, өмiрде жасаған жақсылығының да сауабы толық болмайды. Мұсылманшылықты толық ұстамаған адам жақсы iстерге үлес қоспасын деген қағида жоқ. Ол мешiт, медресе салуы мүмкiн, әр түрлi мекемеге жәрдем жасайтын шығар. Бұл кезде оның жасаған жақсылығын дүйiм халық пайдалана алады. Ал бiрақ мешiт, медресе салу арқылы жақсылыққа бастаған қадамының нәтижесiнде әрi қарай дiндi толық ұстап кетуi неғайбыл. Бiреулер дiнге деген қадамды мешiт салудан бастайды. Егер сол мешiтке лайықты болған ата-бабасының атын берiп жатса, онда әбестiк жоқ. Дегенмен, лайықты адам болғаны ләзiм.
Ал, мешiттiң iшi адамға толмай жатса да, егер ол адамның ниетi екiншi мешiт салуға ғана ауып тұрса, оны қалай тоқтатамыз? Алайда “Ауылдағы бiр мешiттiң өзiн адамға толтыра алмай жатырмыз. Одан да сен ауылға ауыз су кiргiзiп бер немесе мектепке көмектес” деп барынша насихат айтамыз. Тiптi, ол азаматтың салған мешiтi ауыл жамағатын екiге бөлiп, елi iшiне iрiткi туғызатындай болса оның бұл iстен бас тартуын талап етуге болады. Ал ел iшiнде ешқандай бүлiк шықпайтындай болса, түптiң түбiнде ол мешiттiң де көпшiлiкке керек болатыны даусыз.Яғни ол да сол кезде сауапты iске айналады.
– Қазiргi кезде “Ақ жол”, “Сұңқар”, “Аққу” деген атпен көш бастап, қабiрлердi аралатып, олардан демеу сұратып жүрген мұсылман бауырларымыз қаптап кеттi. Қабiрлерге барып қайтушылардың жиған-терген теңгесiн жинап алып “жолын ашып” берушiлердiң iс-әрекетiне не дейсiз?
– Әу баста атам қазақ әруаққа сиынбаған, сыйлаған. Бiз осы екi ұғымды ауыстырып алғандаймыз. Қабiрлердiң басындағы әруақтардың тасына барып, өлгендерден тiлек тiлеп, қасиеттi Қағбаны айналғандай тауап етiп жататын, әруақтарға арнап, құрбан шалып, тiлек тiлеп, бала сұрап жалбарынатын қауым iс-әрекетi қаншалықты исламға қайшы екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Алла Тағала бiздiң бақытты болуымызды қалайды. Бiзге ақыл, ғылым-бiлiм бердi. Құрандағы мына бiр аятта: “Сендер дәлелдерiң болмаған нәрсенiң соңына түспеңдер!” делiнген. Бұл кез келген нәрсеге 100 пайыз көз жеткiзбейiнше, iзiне түспе дегендi бiлдiредi. Яғни, “Ата жолы”, “Ана жолы” деп мың жерден бiздiң ата-бабамызбен байланыстырып, балаға кәмпиттi жылтыр қағазға орап берген секiлдi небiр жолды ұсынып жатқанмен Құранға, хадистерге салып, таразылауымыз керек. Бұл шынайы дiн бе, әлде адасушылық па? Әуелi Алланың кiтабына үңiлсек, “Бүкiл ғайыптың кiлтi – Алланың қасында” делiнген. Яғни, әруақтар әлемi – ғайып әлемi. Адамның тағдыры да солай. Олар ойлағаныңды жүзеге асыра алмайды. Әруақтың қандай жағдайда екенiн бiр Алла ғана бiледi. Ғайып әлемiне қол сұғуға тыйым салынған. Бiрақ хадистерде: “Ғайып жағдайларды Алла Тағала перiштелерге айтып жатқан кезде, сол ақпаратты ұрлайтын жындар болады” дейдi. Жер бетiнде адамдардың iшiнде адасушылыққа ұшыраған көрiпкел, бақсы-балгерлер ақпарат ұрлайтын жындармен байланысу арқылы адамдарға қалаған күйiнде, мәселен, әруақтың атынан, жұлдыздың атынан ақпарат жеткiзедi. “Адамдардың болашағын болжау не әруақтар әлемiмен байланыс жасау үлкен адасушылық”. Екiншiден, адам баласы Аллаға сыйынбаса, не болса соған құл болады, не болса содан қорқып, беймаза күйде жүредi. Бұл халықтың сауатсыздығын пайдалану арқылы ақша жасап жүргендердiң әрекетi. Ислам дiнiндей әруақты сыйлайтын дiн жоқ. Тiрi адамды сыртынан ғайбаттаудан гөрi өлген адамды ғайбаттаудың күнәсi ауыр. Тiрi адамның денесi қандай құрметтi болса, өлген адамдiкi де сондай. Сондықтан өлген адамның басына барып отыру, қорлау, дәретсiз адамдардың қабiрлердi аралау, үстiмен әрi-берi баса көктеп жүруi үлкен күнә. Ал өлген адамға құран бағыштап, зиярат етiп, жатқан жағдайынан ғибрат алуға болады, бiрақ сыйынуға болмайды. Сыйыну, жәрдем сұрау – өзiнен құдiретi жоғарыдан. Шын мәнiнде, өлгеннен кейiн Пайғамбардың өзiнiң қолында ешнәрсесi жоқ. Тiрi кезiнде жол сiлтедi, өнеге-өсиет қалдырды. Бiз соны басшылыққа алып, бақытқа жетемiз. Ал өлген адамнан жәрдем сұрау ақыл, ғылым тұрғысынан да қисынға келмейдi. Адам өз жолын ашу үшiн Абай атамыздың:
“Мүмин болсаң әуелi иманды бол,
Адамға иман өзi ашады жол”, – деген өлең жолын басшылыққа алса болғаны.
Күнә деген екiге бөлiнедi. Бұл Алланың iсте деген нәрсесiн iстемеу, керiсiнше тыйым салған нәрсесiн iстеу. Яғни, Алланың бұйырған намазын, Оразасын ұстамау, парыз-амалдарын орындамау – тыйылған нәрселердi iстеуден де ауыр күнә болып есептеледi. Әлбетте, сол кезде адам материалдық, психологиялық жағынан да көп ауыртпашылыққа ұшырайды. Имандылыққа келген адам бiр-бiрiне жәрдем жасайды. Жолымыздың ашылуын молада өз амалымен өзi алысып, не iстерiн бiлмей жатқан бейкүнә, бейшара адамдардан сұрамауымыз керек, оны өз күнәмiзден iздеуiмiз қажет. Немiстiң билiк басындағы канцлерi: “Өзiмнiң канцлерлiк қызметiмдi Мұхаммед пайғамбардың заманындағы көше сыпырушыға ойланбай айырбастар едiм” дедi. Себебi, ол көше сыпырушы болса да, қоғамда әдiлетсiздiк көрмейдi, қорланбайды. Мемлекет басқарып отырып, жүрегiнде тыныштық орнап, iстеген iсiне орай әдiлеттiлiк көрмесе, оның дәрежесiнен қандай пайда бар?
– Осындай сауатсыздыққа жол бермес үшiн Ресейде “Православ дiнiнiң негiздерi”, Тәжiкстанда “Исламтану” пәнi енгiзiлмекшi. Ал елiмiзде “Дiнтану негiздерi” жоғары сыныптан бастап оқытылмақ. Жастарымыз әлгiндей дүмшелерге ермес үшiн осы пәндi бастауыштан бастап оқытқан дұрыс па, әлде…
– Бұның өзiне де әрең жеттiк. Осыны дұрыс пайдалансақ жақсы. Кейбiр дiни сауаты жоқ ұстаздардың өз мақсатына пайдаланып кетуiн қадағалау керек. 9-сыныптан бастап оқытылатын пәндi дұрыс мақсатқа пайдалана аламыз ба, алмаймыз ба – ол жағы әзiрге белгiсiз. Бәлкiм, бұдан да әрi жетiлдiре түсу қажет пе, әлде ертерек енгiзу керек пе едi? Әзiрге оның пайдасы мен зиянын айту ерте.
– Бiлуiмiзше, бұл пән жалпы дiндер жөнiнде мәлiмет ғана бередi. Нағыз Ислам дiнi хақында бiлiм беретiн жеке пәндi неге оқытпасқа деген ой келедi.
– Оның да уақыты келетiн шығар. Себебi, бiздiң халықтың 70 пайызы – мұсылмандар. Бiрте-бiрте бұған да сұраныс болатыны хақ. “Асыл арнаның” да басты мақсаты – халықтың жүрегiнде сұранысын, жақсылыққа деген құлшынысын ояту.
– Сiздiң “Дiн Ислам – дiңгегiм” сынды бiрнеше өлең, термелерiңiздi орта буын, жас буын өкiлдерi тыңдап жүр. Қазiргi жазып жүрген дүниелерiңiз тек дiни тұрғыда ма?
– Дiни тақырыптағы өлеңдердi өндiрiп жазып жүрмiн дей алмаймын. Бiрақ ойыма келген өлең жолдарын қағаз бетiне түсiрiп қойып жатырмын. Қуанатыным, көптеген ақындар дiни бiлiм алу арқылы қоғамдағы құбылыстарға өз бағасын берiп, жақсы өлеңдер тудырып жүр. Бiздiң халық – ақын халық. Қазаққа поэзия арқылы кеңес берсең, жүрегiне өте жақын қабылдайды. Сол тұрғыдан алғанда ақындардың қадамын құптаймын. Айтыскер ақындардың 70-80 пайызы бес уақыт намаз оқиды. Ақын – халықтың абыройының жемiсi, бетке ұстар, жан-жақты азаматы. Егер кiршiксiз таза жолмен жүрсе, олардың ауыздарынан шыққан сөздерi де мөлдiр, таза. Яғни, жақсылықтың насихаты көп болса, жан-дүниемiзде де, өмiрiмiзде де жақсылық көп болады.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы