БIЛIМ КҮНIНЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

БIЛIМ КҮНIНЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

БIЛIМ КҮНIНЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ
ашық дереккөзі
253

Елiмiзде бiлiм мекемелерiне деген тапшылық жыл санап артып келедi. Бұрын-соңды мазалап келген мәселе тек айтылған жерде қалып келсе де, бұған қабылданғанына екi жыл болған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы қан жүгiртетiн шығар деген үмiт басым. Бiрақ, үкiметтiң өзi тiкелей қадағалауына алған бұл игi шараны да оң жамбасына келтiрiп, асап қалып жатқандарды қайда қоясыз?

Мұны билiктегiлер бiлмей отырған жоқ, бiледi. Әйтсе де, халықтың құйған қаржысының, оның әрбiр тиынының қайда сiңiп жатқанына ешкiм бас ауыртқысы келмейдi. Кез келген бағдарламаға қаржыны бөлу бар да, ал одан есеп алу жолы қалыптаспаған. Сөйте тұра, “Салынған мектептiң құрылысына арзанқол, сапасыз материалдар жұмсалған”, “ақшаны қымқырған”, “уақытынан кешiгiп жатыр” деген сарындағы байбаламмен сан соғып жатады. Кiнәлi кiм? Әрине, осы iстi өз жiтi бақылауына алмаған атқамiнерлердiң өзi. Жақында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын жүзеге асыруда әлдекiмдер қалтасын қалыңдатып алмақ ниетте” деп ашынды. Таңқалатын несi бар. Әу бастан әдетке айналған игi дәстүрдi бұзғымыз келмейтiн өзiмiз емес пе?

Алайда, аузымызды қу шөппен сүрте беруге тағы болмас. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуынша, екi-үш жылдың көлемiнде елiмiзде 242 жаңа мектеп салынады. Оның 76-сы былтыр ашылса, 88-i биыл есiгiн ашпақ. Бiрақ, биыл аталмыш бағдарлама бойынша 63 мектеп қолданысқа берiлетiн болды. Яғни, құрылыс жұмыстарының баяулауына құрылыс материалдарының қымбаттауы мен жобалау-сметалық құжаттардың уақытында тапсырылмауы себеп болып отыр.

Айтпақшы, ҰБТ-дан сүрiнбей өткен талапкерлер жаңа оқу жылына дайындық үстiнде. Биылғы жоғары оқу орнына түскен түлектерге бөлiнген 35 мыңдай гранттың сыртында бұған дейiн ақылы бөлiмде үздiк оқып келген жоғарғы курс студенттерiне арналған 11 мың грант тағы бар. Сондай-ақ, бұрын грантпен оқып жүрiп, үлгерiмiне байланысты ақылы бөлiмге көшкен студенттердiң 2 мың гранты да босады. Яғни, комиссия ұзын-ырғасы 48 мың адамға мемлекеттiң қаржысымен бiлiм алу мүмкiндiгiн ұсынды. Қазiр грант саны да өстi. Мемлекеттiк тапсырыс техникалық мамандықтар бойынша 450 грантқа, медицинада 500, ауылшаруашылығында 80 грантқа көбейдi. Айта кететiн жайт, биыл мемлекет бөлген грантта ауыл квотасы бойынша ендi педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен талапкер оқуын тәмәмдаған соң ауылына барып кемiнде үш жыл қызмет етуi керек. Таяуда жағымсыз жаңалықтың басы қылтиды. Елiмiздегi жоғарғы оқу орындарында бiлiм беру бағасы биыл тағы да 20 пайызға қымбаттайтын түрi бар. Бұдан былай оқу ақысының орташа мөлшерi жылына 300 мың теңгеге шарықтамақ.

… Бiлiм күнiне санаулы күндер қалды. Қазiр жер-жерде ұстаздардың Тамыз мәслихаты өтiп жатыр. Бұл басқосуда бiлiмнiң сапасы мен жаңа технологияларды қолданудағы әдiстемелерге ерекше мән берiлуде. Бiлiм қызметкерлерiнiң әлеуметтiк жағдайы мен жалақы мәселесi де назардан тыс қалмайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында қаншама бiлiктi ұстаз қоныс тойын тойлап, арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ал, “Мектепке жол” акциясы тамыздың соңына дейiн жалғасады. Қазiргi кезде Бiлiм және ғылым министрлiгi мен “Нұр Отан” ХДП-ның қызметкерлерi қайырымдылық акциясы елiмiздiң жер-жерiнде өткiзiп, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып жатыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары