ҚОШ КЕЛДIҢ, РАМАЗАН!
ҚОШ КЕЛДIҢ, РАМАЗАН!
Қасиеттi Құран кәрiмде «“Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерiң үшiн сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей ораза парыз етiлдi” (“Бақара” сүресi, 183-аят).
“Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретiнде ҚҰРАН түсiрiле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бiрден ораза ұстайтын болсын. Бiреулер ауру болып, немесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Аллаһ сендерге жеңiлдiк болуын қалап ауырлық түсiргiсi келмейдi. (Ауыздарың ашық кездiң қазасын өтеп), ораза күнiнiң санын толтырыңдар. Сендердi тура жолға бастаған Алланы мадақтаңдар. Оған шүкiрлiк етiңдер», (“Бақара” сүресi, 185-аят)-деп Алла тағала рамазан айының оразасы парыздығын атап көрсеттi.
Бүкiл әлемдi жаратқан құдiретi күштi иемiз Алла тағала және оның сүйiктi Елшiсi Мұхаммед (с.ғ.с.) ұлықтаған бұл айдың туғанына қуанған кiсiге тозақ отынан аман болатыны да сондықтан. Рамазан айында ақыл-есi дұрыс, балиғатқа жеткен, денсаулығы жақсы ер кiсiге, етеккiрден таза, нифастан айыққан әйел затына, жолаушы емес мұсылманға ораза ұстау мiндеттi парыз екенiн тағы да атап өтейiк. Ораза парыз болған мұсылман тамыздың
20-ы кешкiлiк ниет етiп, тамыздың
21-i күнгi таң қараңғысынан оразаға кiрiп, ауыз бекiтулерi керек.
Оразаның сөздiк мағынасы – шариғат тiлiмен айтсақ, ораза ұстауға ниет етiп, таңның атысынан күннiң батуына дейiн оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болып нәпсiнi тыю.
Оразаны бастау үшiн нәпсiнi тежейтiн мезгiлдi “имсақ” деп, сол уақытта iшетiн тағамды “сәресi” және ауыз ашуды “ифтар” деп атайды.
Ораза – Алла тағаланың әмiрi. Оны орындаған адам ұлы Жаратушының разылығына бөленiп, теңдессiз сыйлыққа ие болмақ. Құдси-хадисте Алла тағала: “Аузы берiк адам iшiп-жеуiн Мен үшiн доғарды. Оған берiлетiн сыйды Мен ғана беремiн” деп оразаның Өзi мен құлы арасындағы сыр екенiн ескерттi.
Сонымен қатар мына хадистер де оразаның қадiр-қасиетiн паш етедi: “Жәннатта Раййан қақпасы бар. Ол қақпаға ораза ұстағандардан басқа ешкiм кiрмейдi”, “Рамазан келгенде жәннат есiктерi ашылып, тозақ есiктерi жабылады. Шайтандар кiсенделедi”, “Ораза ұстаушы дауласпасын, ұрсып-керiспесiн. Оған бiреу тiл тигiзсе, Мен оразамын десiн”, “Ораза ұстағанның екi қуанышы бар. Бiрi-ауыз ашқанда, бiрi-Алла тағаланың алдында ораза ұстағаны үшiн есеп бергенде”.
Ал рамазан айының жиырма жетiншi кешi – қасиеттi Қадiр түнi екенi баршаға аян. Рамазанда тарауих намазын (20 ракағат) оқу – ерлерге де, әйелдерге де сүннет. Жаратқан Алла тағала мүбарак рамазан айында берекемiздi арттырып, ұстаған оразамызды, тiлек-дұғаларымызды, жақсылықтарымызды қабыл етсiн!
Қазақстан Мұсылмандары
дiни басқармасының баспасөз қызметi