“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ”: ӘРБIР БАЛА БIЛIМ АЛУЫ ТИIС!

“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ”: ӘРБIР БАЛА БIЛIМ АЛУЫ ТИIС!

“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ”: ӘРБIР БАЛА БIЛIМ АЛУЫ ТИIС!
ашық дереккөзі

Дәл қазiр мектепке дайындық барысы қарбалас үстiнде. Баласына киiм-кешек пен оқуға қажеттi құрал-жабдықтарды сатып алу үшiн базарға ағылғандарда есеп жоқ. Әрине, екi-үш баласы бар отбасы бұл жағынан қинала қоймас. Ал, кемiнде төрт-бес баласы бар ата-ана бұл тығырықтан қалай шығады?

Бала болған соң жаңа оқу жылында жаңа киiммен, жаңа сөмкемен, жаңа құрал-саймандармен барғысы келедi. Тiптi, өзiнiң алдындағы ағасы не әпкесiнiң де ескi-құсқы заттарын тұтынуға құлық танытпайды. Себебi, бала көңiлi қашан да өзгемен тең дәрежеде тұруды арман етпей ме? Алайда, қазiр қара базардағы мектеп формасының өзi 3-5 мың теңге аралығында. Мұның өзi әлеуметтiк тұрмысы нашар отбасының әжептәуiр шығындалуына әкеледi. Онсыз да әлемдiк қаржы дағдарысы қыспаққа алған уақытта кейбiр отбасының баласын мектепте толықтай дайындамақ түгiлi, iшерге ас таба алмай, сары уайымға батып жүргенiн қалай жасырасыз.

Мiне, республикалық деңгейде өтiп жатқан “Мектепке жол” акциясы осындай көмекке мұқтаж отбасы балаларына арналып отыр. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi балалар құқықтарын қорғау жөнiндегi комитет тұрмысы төмен отбасының балаларын мектеп жабдығымен, киiм-кешекпен, ыстық тамақпен қамтамасыз етiлетiнiне кепiлдiк беруде. Министрлiк жанынан құрылған арнайы топ жаңа оқу жылы қарсаңында рейд ұйымдастырып, әлдеқандай себеппен мектеп табалдырығын аттамаған қаңғыбас және оқуға мүмкiндiгi тумаған балаларды анықтаған. Елiмiздiң әр аумағындағы мыңға жуық шалғайдағы ауыл мен елдiмекендерде әлi күнге мектеп жоқ. Оқушыларды 1300-ден астам автобус көршi ауылдағы мектепке күнделiктi таситын көрiнедi. Өткен жылы 300-ге жуық оқушы түрлi себептермен мектепке мүлде бармай қойған. Рейд барысында белгiлi болған балалардың тiзiмi жасақталып, аты-жөндерi демеушiлер мен меценаттарға берiлдi. Бiр қуаныштысы, қаржы мәселесi екi иығына жүк болып отырған ата-ана бiр ауыртпалықтан жеңiлдеп қалды. Тiптi, Ораза айы қарсаңында жоқ-жiтiкке қолұшын берiп, қайырымдылық шарасын жасап отырғандардың iшiнде өзiн белгiсiз адам ретiнде көрсеткiсi келген кәсiпкерлердiң де бар екенiн айта кеткен жөн. Әрине, сауаптың үлкенi де – осы.

Елiмiздiң барлық аймағында өтiп жатқан “Мектепке жол” атты жыл сайынғы дәстүрлi акцияның мақсаты – жетiм балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ көп балалы және нашар отбасындағы балаларға мектепке даярлау бойынша нақты көмек көрсету болып табылады. Бұл акцияда “Нұр Отан” Халықтық Демократиялық партиясы алғашқылардың бiрi болып белсендi түрде атсалысып отыр. “Нұр Отан” ХДП қазiрдiң өзiнде жас жеткiншектердiң уайымсыз бiлiм алуы үшiн қолдан келер шараның бәрiн аянбай жұмсап қалуда. Әсiресе, партияның елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ашылған бөлiмшелерiнiң назарға алған шаруасы өз нәтижесiн берiп-ақ келедi. Жаңа киiм-кешек пен мектеп құрал-саймандарына ие болған балалар мен ата-ананың қуанышында шек жоқ. Сiрә, бұл өмiрде баланың шаттанған күлкiсiн көргеннен асқан бақыт жоқ шығар.

Тамыз айының 15-i мен 30-ы аралығында өтетiн акция әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек беруi тиiс. Егер де осындай қиын жағдайда қалған отбасын көрген, бiлген жандар болса, жергiлiктi Балалар құқықтарын қорғау жөнiндегi департаментке, бiлiм бөлiмiне хабарласқаны жөн. Бәлкiм, кейбiр ата-ана акция ұсынып отырған көмектi алуға намыстануы да мүмкiн ғой.

Республикалық “Мектепке жол” акциясы елiмiздiң жер-жерiндегi жағдайы мүшкiл отбасылардың бәрiн қамтуы мүмкiн емес. Министрлiк әзiрге iрiлi-ұсақты қала мен облыс төңiрегiндегi ауылдарды ғана көзге шалды. Ал, шалғайда жатқан ауылдар қаншама… Онда он екi де бiр құралы дайын емес оқушылар да жетерлiк. Алты жасқа толған әрбiр бала мектепте бiлiм алуы тиiс. Олардың мектепке жол табуына жәрдем берейiк. Жүрегiнде иманы бар қалталы азаматтар балалардың болашағы үшiн титiмдей жақсылық жасаса, Алланың нұры жауар едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ