ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА ӘН ҚАЛДЫРҒАН...
ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА ӘН ҚАЛДЫРҒАН...
Ұлттық кiтапхананың Мәдени бағдарламалар орталығында “Шәмшi Қалдаяқовтың қазақ мәдениетi мен өнерiндегi орны” атты дөңгелек үстел мен “Мәңгiлiк өлмейтұғын ән қалдырған” деп аталатын кiтап көрмесi өттi. Аталмыш көрмеге дарынды композитордың шығармашылығы жайында әр жылдары жазылған мақалалар мен сыр-сұхбаттар , кiтаптар мен естелiктер қойылды.
Шәмшi Қалдаяқовтың көзiн көрген зиялы қауым өкiлдерi Ән-аға туралы естелiктерiн ортаға салды. ҚР ҰҒА академигi Өмiрзақ Айтбайұлы Шәмшi Қалдаяқовтың жерлесi, әрi студенттiк кезеңдi бiрге өткiзген досы екен. Өмiрзақ Айтбайұлы: “Оңтүстiк өлкесiнiң Шәуiлдiр деген ауданының “Қарғалы” колхозы орталығынң күн батыс жағында кешкiлiк мал өрiстен қайтып, абыр-сабыр басылған кезде мандолинаның үнi естiлiп жататын. Жас Шәмшi мандолинаның даусына қосылып, небiр әсем әндердi тамылжыта айтып отырушы едi. Оның айтқан әндерiне ерекше ықылас қойып, тамсана тыңдайтынбыз. Одан кейiн Шәмшi әскер қатарына алынды, бiз болсақ Алматыға бiлiм қуып кеттiк. Университетте оқып жүргенде Шәмшiмен қайта табыстық. Студенттiк шақта Iлия Жақанов, Сабырхан Асанов, Еркiнбай Әкiмқұлов төртеумiз Алматының Ударная деген көшесiнде пәтер жалдап тұрғанымызда Шәмшi келiп қосылды. Шәмшiнiң көптеген әндерi Алматыдағы студент жастардың арасында үлкен шабытпен шырқалатын. Қалада да, ауылда да жастар бiр бiрiне деген ыстық сезiмдерiн Шәмшi әндерiмен жеткiзетiн. Шәмшi өмiрiнiң қиын кездерiнде қолұшын берген Өзбекәлi Жәнiбеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Мыңбай Iлесов сияқты қазақтың танымал азаматтары болды. Шәмшiнiң таланты аспаннан келген жоқ. Ол Қаратау мен Сыр бойының ертеден келе жатқан халықтық әуендерiн бойына сiңiрiп, елдiк ықылас-құрметiне бөлендi. Композиторға атақ өзiнiң уақытында келмедi. Бiрақ таза талантымен, еңбегiмен келген атақ-абырой қашан да құрметтi” – деп, Шәмшi-досын еске алды. Ал Мемелекеттiк сыйлықтың иегерi, сазгер Мыңжасар Мыңбаев: “Шәкеңмен алғаш рет 1958 жылы таныстық. Косерваторияда бiр партада отырдық. Кейiн өмiрiнiң соңында Шәмшi Қалдаяқов науқастанып, ауруханада жатқанда Қазақстанның халық әртiсi деген атақ берiлдi” дей келе, Шәмшi Қалдаяқовты тек қана “Қазақ вальсiнiң” емес, бүкiл ән жанрының королi деп атады. Жазушы Еркiнбай Әкiмқұлов: “Шәмшi ағамыз әуелi әннiң әуенiн шығаратын. Содан соң оның сөз мәтiнiн жазатын ақын iздейтiн. Композиторға атақ өмiрден өткен соң келдi. Мемлекеттiк Әнұран авторларының бiрiн “Халық қаһарманы” атағына ұсынақ, ол азаматтар нағыз осы атаққа лайық жандар емес пе?” – деген ұсынысын бiлдiрдi. Дөңгелек үстелге қатысқан сатирик Көпен Әмiрбек, жазушы Зәкiр Асабаев, режиссер Тiлеген Ахметов, әншi Нұрғали Нүсiпжанов сынды азаматтардың естелiк әңгiмелерiн ести отырып, Шәмшi ағаны жаңа қырынан таныдық. Ал Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалiнiң директоры, сазгер Қалдыбек Құрманәлi дөңгелек үстелдi жүргiзе отырып, келесi жылғы композитордың 80-жылдық мерейтойын кең көлемде өткiзудi жоспарлап отырғанын айтты.
Елiне, жерiне деген ыстық ықыласын әсем әнмен жеткiзген композиторды елi де ұмытпасы анық. Бүгiнгi таңда Шәмшi Қалдаяқов атындағы ән байқауында талантты жастар бағын сынап жүр. Сонымен қатар өткен жылы, Ән-ағаның туған күнiнде 10 мың данамен таралатын “Шәмшi” журналы қалың оқырманға ұсынылып, журнал арқылы комозитор тұтынған заттар, атап айтсақ, мандолина, фортепиано, шахмат сынды жәдiгерлер, ескi суреттер табылып жатыр. Бұған қоса режиссер Тiлеген Ахметов композитор өмiрiнен сыр шертетiн “Қайран, Шәмшi” атты жалғыз телефильмдi жарыққа шығарды. Ал Мұхтар Әуезов атындағы театр сахнасында “Сыған серенадасы” деп аталатын спектакль қойылып жүр. Бұл игi бастамалар жас ұрпаққа комозитор туралы көп сыр шертерi хақ.
ӘЙГЕРIМ БАҚЫТҚЫЗЫ