ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАУ ҚАЖЕТ

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАУ ҚАЖЕТ

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
328

Әдеттегi жағдай, жаз мезгiлiнен бел асып, қоңыр күздiң жаңбырлы маусымына аяқ басар шақта жанар-жағармай бағасының қымбаттап кететiнi бар. Алыпсатарлар мен жекеменшiк қожайындар жиын-терiн кезiнде бағаны шарықтатып, “Пайда ойлама, ар ойла” дегендi мүлдем ұмытып кететiн сияқты.

Қазiрдiң өзiнде елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiнде жанар-жағармай тапшылығы қолдан жасалуда. Егiн орағы басталар тұста үйреншiктi әдетке айналатын қымбатшылық тағы да орын алды. Табиғи монополияларды реттеу агенттiнiң өкiлдерi бағаны қасақана қолдан көтерудi растап отыр. Соңғы бiрнеше күнннiң өзiнде жанармай бағасы Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында 10 теңгеге қымбаттаған. Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi бұл жағдайды әлемдегi мұнай бағасының өсуiмен байланыстырады. Ең басты себеп — Қазақстанда жанар-жағармай өндiрiсiнiң азаюы. Жыл басынан берi жанармай шығару тоғыз жарым пайызға төмендеген. Қазақстандық өндiрушiлер осыны пайдаланып, өнiмiн сыртқа шығарып, пайда табуды ғана ойлаған. Сол сияқты Ресейден алынатын жоғары октанды мұнай өнiмдерi құнының көтерiлуi де бағаға керi әсерiн тигiзiп отыр. Ресей мемлекетi бiрiншi тамыздан бастап ашық түстi мұнай өнiмдерiне экспорттық кедендiк баж салығын тағы да өсiрiптi. Ал бiз iшкi нарыққа қажеттi жоғары октанды бензиннiң отыз пайызын осы Ресейден алады екенбiз. Және ол жақтан келiп түсетiн жанар-жағармайдың бағасы жоғары болғандықтан бiздiң iшкi нарықта да оның бағасы күрт өсiп тұр.

Бұған қарамастан, Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi бағаны негiзсiз көтерген кәсiпкерлердiң әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерттi. Жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру жолында агенттiктiң қазiр бiрақ ұсынысы бар. Ол — елден экспортталатын мұнай өнiмдерiне кедендiк баж салығын көтеру.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң Бәскелестiктi қорғау жөнiндегi сараптама және мониторинг басқармасының бастығы Еркеғали Әлiмқұлов: “Агенттiк осы мақсатта Үкiмет басшысына жанар-жағармайдың экспорттық кеден төлемдерiн көтеру туралы өз ұсынысын жасады. Бұл ұсыныс уәкiлеттi органдармен қаралып жатыр. Жақын уақытта шешiм қабылданған соң, бағаның төмендеуi болады деген үмiттемiз” дегендi бiлдiрдi.

Былтыр жанармайдың бiр литрi 130 теңгеге дейiн жетiп, қайта құлдилаған едi. Егер баға дер кезiнде ауыздықталмаса, егiн науқаны кезiнде шаруалар да титықтап қалуы мүмкiн. Тiптi, жергiлiктi жерлерде қоғамдық көлiкте жолақысын қымбаттату керектiгi осы жанармай бағасы шарықтаған тұста қылаң бередi. Оңтүстiк өңiрден басталған қитұрқы заңсыздық пен делдалдардың бассыздық әрекетi Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң тiкелей құзырында. Агенттiк төрағасы Мәжит Есенбаев: “Баға тұрақтылығын бұзу — делдалдардың әрекетi. Сондықтан бiз бүгiнде әкiмшiлiк және құзырлы органдардың iске кiрiсуiн талап етiп отырмыз. Өткен жылды еске алыңыздаршы, делдалдардың кесiрiнен жағармайдың литрi 130 теңге дейiн шарықтады. Биыл мұндайға жол бермеуiмiз керек. Болашақта мұнай өнiмдерiн қайта өңдеу заңнамасына өзгертулер енгiзiлерде делдалдардың iс әрекетiне тұсау салынады. Егер Күзде осы заң қабылданса, бiз ешкiмге тәуелдi болмаймыз. Заң бұзса, жауапқа тартылады” деген мәлiмдеме жасады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары