БЮДЖЕТТIҢ “БҮЙIРI” ТОҚ ПА?
БЮДЖЕТТIҢ “БҮЙIРI” ТОҚ ПА?
Министрлер Кабинетi келесi аптада екiжылдық бюджеттi қабылдап, Парламентке жөнелткелi отыр. Әлеуметтiк салаға баса назар аударуға пәрмен берген Президент Ұлттық қордағы қаражаттың “мұртын бұзбауды” бұйырды. Салықтың жүгiн ауырлатпауға уәде берген Үкiмет бюджет тапшылығын немен және қалай жабарын бiлмей әлек. Өйткенi, биылғы 6 айлық жоспар шығыны Ұлттық қордың есебiнен жабылған болатын.
Үкiмет келесi аптада 2010-2012 жылдарға арналған мемлекеттiк бюджеттiң жобасын қабылдап, Парламентке жөнелтпек. Үкiмет жетекшiсi К.Мәсiмовтiң айтуынша, әлеуметтiк салаға баса назар аударылатын екiжылдық бюджетте Ұлттық қордың қауiпсiздiгi де қарастырылмақ. Яғни, әлеуметтiк бағдарламаларды жүзеге асыруда Ұлттық қордың қаржысы жұмсалмайды. Ал қаражат тапшылығы қалай шешiлетiнi белгiсiз. Салық салмағын 2010 жылы көтеру мәселесi жиi сөз болғанмен, бұл қадамнан бас тартылғанын айтқан Премьер отандық салық төлеушiлердiң жүгi 2009 жылғы деңгейде сақталатынын жеткiздi. Ал ҚР Қаржы министрлiгiнiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында республикалық бюджет кiрiсi 7,4 пайызға артқан. Бұл 1,4 трлн. теңгеге тең — биылға жоспарланған есептiк кезеңнiң 93,2 пайызы. Минист Болат Жәмiшев: “Кiрiс бар. Жаңа Салық кодексi қабылданды, төлем ставкаларын төмендету мақсатында салық жүйесiне өзгерiстер енгiзiлдi. Ставкалар толық азайтылды. Бұл қаражат экономиканың өркендеуi үшiн үлес қосқандықтан, салық базасы кеңейтiлiп, бюджетке түсетiн кiрiс деңгейiн сақтап қалуға ықпал еттi” дедi. Алғашқы алты айда бюдет қаржысының 1,5 трлн. теңгесi (96,6%) жұмсалған. 2008 жылдың алғашқы алты айындағы шығын 102,8 млрд. теңгеге аз болыпты. Биылғы шығын былтырғыға қарағанда, 7,3 пайызға артық. 142,6 млрд. теңге болған республикалық бюджеттiң дефицитi қарыз алу арқылы қамтамасыз етiлген. Борыш көлемi — 140,9 млрд. теңге немесе жалпы қаржыландырудың 98,8 пайызы (iшкi — 140,2 млрд. теңге, сыртқы — 711,4 млн. теңге).
Биыл үкiметтiк қарыз деңгейi былтырғыға қарағанда, 183,3 млрд. теңгеге өсiптi — 1,2 трлн. теңге. Оның iшiнде, үкiметтiк iшкi борыш — 960,6 млрд. теңге, сыртқы — 238,3 млрд. теңге ($1584,5 млрд.). Ұлттық қорға түскен қаражат 654,6 млрд. теңге болса, қордағы соманың жалпы көлемi 3998,2 млрд. теңге. Бюджет шығынының орнын толтыру үшiн Ұлттық қордан 468,9 млрд. теңге болатын кепiлдiк қаражат тартылған. Бұл сома жартыжылдық жоспардың 79,5 пайызын құрайды. Сонымен қатар халықты жұмыспен қаматамсыз ету, жұмыссыздық деңгейiн барынша төмен деңгейде сақтап қалу және дағдарыс кезiндегi қиындықтарды одан сайын ушықтырып алмау мақсатында Ұлттық қордағы 131,5 млрд. теңге (жартыжылдық жоспардың 100 пайызы) жұмсалған. Салық және кеден мәселесiне келсек, Салық комитетi мен Қаржы полициясы арасында қосымша құн салығын заңсыз жолмен өндiруге қатысты қылмыстардың алдын бiрiгiп алу туралы бұйрыққа қол қойылды. Қаржы министрлiгiндегiлер үстiмiздегi жылы қабылданған алдын алу шараларының нәтижесiнде 2009 жылдың 1 шiлдесi күнгi есеп бойынша, айналымдағы нөлдiк ставкадағы қайтарылған қосымша құн салығы 2008 жылдың 1 шiлдесi күнгi деректермен салыстырғанда, 16,5 млрд. теңгеге азайып, 94,3 млрд. теңгеге жеткен. Былтырғы көрсеткiш — 110,5 млрд. теңге.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ