ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
Сәтiне дәтi сай үйлесiп, жол қарасы жөнiмен ұзарып, ана жұртты аңсарынан арыла аралауға орайы келген бұл сапардың болмысын “жолы болған жолаушы” деген аталы сөз ғана толық жеткiзетiн сияқты. Түркi тарихын әлмисақтан бастап төстабандап шыңдап, ата күшiн Алтайдан алып, ана кiндiгiн Қаратеңiзге байлаған зиялы адамның әрқайсысы: адамзат өркениетiнiң бесiгi, түркi дүниесiнiң тұтқасы – Түркияның тағдырлы жолымен бiр жүрiп шығуды ойластырмауы мүмкiн емес едi. Тоғыз жолдың торабындағы Станбол – түркi дүниесiнiң жүрегi болса да, оның қан тамыры – қара жолдарды бойлап шығып, бауырыңды жылытып, бауырыңды бауырыңа баса тартқанға не жетсiн. Қойындасып кетпесек те қапталдаса қатарласуға орайын келтiрген оқыс сапар Малтөбе университетiнiң ғалым-үйлестiрушiсi, бейтаныс қарындасымыз Гүлжанат Құрманғалиеваның Станболдан шайтанқұлақ шалып: “Бiртұтас алаш идеясы және кеңестiк жазалау” саясаты туралы халықаралық конференцияда баяндама жасап берсеңiз, Токио университетiмен бiрiгiп өткiзiлетiндiктен де, оның iшiнде “қазақтар қалай жапон шпионы болып жүр?”, соған тоқталсаңыз. Хасен Оралтай аға бұл жөнiнде Сiзде қауiпсiздiк комитетiнiң құжаттары бар. Ол адамды мiндеттi түрде шақырыңдар. Жолын өзi көтерсiн, жамбас ақысын мен көтерейiн – деп ұсыныс айтты”, – деген өтiнiшiнен басталды.
Базына-бұйрыққа бойсынып “Жапон шпиондарының” тергеу iстерiнiң құжаттарын қайта қарастырсам, боздақтардың барлығы да “Түркия мен Жапон шпионы” боп боздап кеткен екен. Соның iшiнде Мағжан Жұмабаевтың 1938 жылы 6 қаңтар күнi КССР Iшкi iстер халық комиссариатына қарата жазған Мәлiмдемесiндегi:
“Мен – Жұмабаев, Кеңес өкiметi алдындағы өзiмнiң кiнәмды жуу үшiн: “Шетелдiк бiр мемлекеттiң мүддесi үшiн бiрнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды”, – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешiлетiн шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейiн, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтiлгенге дейiн айналыстым. Ондағы мерзiмiмдi өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейiн де жоғарыда аталған мемлекеттiң мүддесi үшiн өзiмнiң шпиондық жұмысымды одан әрi жалғастырдым”, – деген (Ш.Елеукенов. Мағжан. 132-бет) “мойындауы” келiсуге мойынса еттi.
Шындығында да, олардың бұл құрбандығының құнын халықаралық қауымдастық, оның iшiнде жапондардың өздерi бiле ме екен? Осы көрсетiндiдегi “1919 жылдан бастап 1929 жылға дейiн” деген сөздiң астарына алашордашылардың тағдыр талқысы да тоғысып тұр едi. Жапонияның Токио, Tsukuba университеттерiнiң оқымыстылары ұйымдастырған, оның iшiнде Орталық Азияның маманы, профессор Х.Комацу бар екенiн бiлген соң, сөзiмiз жерде қалмай, жерiне жететiндей, дұрыс түсiнiлетiндей көрiндi. Сөйтiп, аға мен қарындастың қолқасы, алаш идеясының астарлы тағдыры жөнi келген, жолымыз болған жолға жетеледi.
Мұндағы Хасен Оралтай – Мұстафа Шоқайдан кейiн елу жыл Американың Еуропа құрылығындағы “Азаттық” радиосы мен ақпараттар жүйесiнде қазақтың бостандық идеясын насихаттаған атақты қаламгер және қоғам қайраткерi. Шет елдегi қазақ диаспорасының көшбасы. Елуiншi жылдары Шығыс Түркiстаннан өкше көтерiп, Такламакан шөлiн, Тибеттiң жұт жотасын, Гималайдың ысты асуын, Бұланайдың мұздауанын, Кашмирдiң құрғамайтын қара жаңбырын, Үндiстанның аптабын, арабтың шөлiн басып түркi жұртына қоныс тепкен “азаттық iздеген көштiң” (Қ.Ынтыханұлы) көсемi Қалибек хакiмнiң ұлы, мұхажжир. “Елiмайлар өткен өмiр” атты ғұмырнамалық әфсананың авторы. Қазiр Мюнхенде тұрады.
Жеке бастың ғана әсерi емес, жалпы түркi тарихы туралы ойлардың ұйытқысы сияқты көрiнген жазбаларымды, жазушы болғандықтан ба, бiлмеймiн, қандай да бiр сырды көпшiлiктен жасырып жүргендей көрiнгендiктен де, жол жорасы ретiнде “Күнделiктегi” жазбаларымды жұрт назарына ұсынуды жөн көрдiм.
16 – 17 наурыздың дүбарасы. Астана – Станбол: Зейтұнбұрын (Зәйтұнтұмсық). Алланың бiр тәулiкке өлшеп берген жарық сәулесiн бес сағатқа ұзартып, батқан күнмен жарысып отырып Станболдың Ататүрiк атындағы әуежайына қондық. Астана алақұйын борандатып шығарып салған. Мұнда қоңыр салқын ғана. Қарсы алған ешкiм көрiнбедi. Жарты сағаттан соң алаңдай бастадым. Әуежайы көзтаныстау едi. Бәрiбiр көңiлге абыржу кiрдi: “Әлгi тегiн құрметiмiз осы болып жүрмесiн” – деген ұры ой да қылт ете қалды. Оқығанда ұзынырғасы түсiнiктi түрiк тiлi сөйлеуге келгенде жатырқап кетедi. Әйтеуiр полицияға түсiндiрдiм. Жауабын өзiм де түсiндiм. Сөйтсем күту алаңынан жаңылыппын. Сырттағыларға тосқауыл қоятын тоспа есiме сонда түстi. Шыға келгенiмде шайтанқұлағын жағына жабыстыра: “Мiне, шықты!”, – деп саңқылдап Шүкiрәли тұра ұмтылды. Сол екi арада Хасен ағамыз Мюнхеннен екi мәрте хабарласып үлгерiптi. Ендi болмаса олар да полицияға бармақ екен…
Дауысымды естiп барып Хасен ағамыздың алаңы басылды. Сонда да: “Өзi Мюнхеньде тұрып Станболдағы жолаушыны қарсы алған қазақты көргенiм осы”, – деп шымшып үлгердiм. Миығынан күлген шығар. Жиендерi Шүкiрәли мен Рамазан маған одырая қарады да: “Ой, ағамыз қатты мазасызданып, сiздi күту үшiн менi сонау Салихлыдан (арасы тоғыз жүз шақырым) шақыртып алды. Қашан шығарып салғанша күндiз-түнi көлiгiмiзбен мына Рамазан екеумiз қасыңыздамыз. Өзi дәрiгердiң әбiгерiнен шыға алмай қалды. Соған өкiнiп, сiздiң әр сағат-минутыңызды кестеге түсiрiп қойды. Малтөбеге ертең барасыз. Қонақжайыңызды кеше көрiп, жамбасақысын төлеттiрiп қойды. Қалғанын тағы да өзi бақылап отырмақ”, – дедi.
Бiзден бұрын да Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғалидың жамбасын сарғайтқан түпкi оңаша бөлмедегi жұмсақ төсекте осы күнделiктi асығыс қағазға түсiрдiм. Таныстықтың көкесi алда деген соң көп адамның атын есте сақтауға тырыспадым. Бұл жолдарды қағазға түсiртiп отырған Ғалия апайдың қою қызыл, ыстық және … тегiн шайы ғой! Жол жүргендегi алаңым шай болушы едi, Хасекең одан да құтқарған екен. Таң қараңғысымен Малтөбеге жүрмекпiз. Шетелге келгенiм сезiлместен көзiм iлiне бердi…
17 наурыз. Станблол: Зейтұнбұрын – Малтөбе. Бұл бiр бабымен атқан таң болды. Ал өлшемi қысқа күннiң ырыздығын тiршiлiктiң үш күндiк әсерiне баладық. Бабымен атқан таңның бабын келтiрген Ғалия апайдың таңғы шайы болды. Шәйдiң не төресiн қанып-ақ iшiп жүрмiз ғой. Бiрақ мына таңғы дастарханның жөнi басқа едi. Мен шешеден ерте айырылсам да әжем мен апайларымның, жеңгелерiмнiң алақанында өскен кесiрлi жетiм болдым. Олар таң атпай дастарханға барын салып, шайын демдеп, қашан керiлiп оянғанша күтiп отыратын. Дауыстап емес, шәйнектегi демделген шайдың қалампыр қосқан иiсiмен, сондай бiр мейiрiмдi пейiлiмен үнсiз оятушы едi. Астафир-алла! Ғалия апай да менi тура сол “әдiспен” оятты. Ет-жүрегiм елжiреп кеттi… Сөйтсем, Шүкiрәли мен Рамазан таңмен таласып келiп, күтiп отыр екен. Дастарханда, айттым ғой, әлгiнде, тура менiң бала кезiмдегi … уыз, сүзбе, қатық, кiлегей, қаймақ, құймақ, ақ құрт, iрiмшiк, ақ тоқаш, бал, қуырдақ, сүт, айран, құрма, зәйтүн, бүлдiрген тосабы, ыстық нан, сары май. Тура сол әжем Динақанның, апайларым Жабағы, Изагүл, Түбiтқан, Айымхан, Рашқан, жеңгелерiм Сәкеш, Күлiмханның дастарханы. Әр қайсысының дәмiн түгел татып шыққанда ғана тояттайтындай тәбеттi, өлшемдi. Ой, аллай! Мұндай да қайталау болады екен-ау! Тек Динахан әжем башпайымды уқалап-иiскелеп, Жабағы, Изагүл апайларым маңдайымнан сипап отыратын. Түбiтқан мен Рашқан қазiр де сирек те болса еркелетiп қояды. Ендi, алпысқа келгенде олардың немерлерiмен таласқым келмесе де, басым өзiнен өзi соларға қарай иiле бередi… Мен бұл ойымды, әрине, Ғалия апайға айта алмадым. Тек: “Ғалия апай, шешеден көрген тәлiмiңiз-ау! Нағшыларыңыз тәуiр жерден болды ғой. Бәсе, шайыңыздың “қырықсеркештенiп тұрғаны”, – деген болдым. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыз түсiнiп, жымиды. Осы заманның “пәледиелерi” (өкiлдерi) Шүкiрәли мен Рамазан бiр-бiрiне қарасты.
Қаламды қолыма қайта алғанда, Станболдың таңертеңгi көрiнiсi көз алдымда тұрды. Бұрын да бетi ашық шаһар едi. Бiрақ таңғы жетiдегi қарбаласы да, кептелiсi де, тар көшелердегi қиылыстар мен бұрылыстар да, арабалар (көлiктер) тастақталарын жанап өтетiн көне Константинопольдiң қабырғалары да сенi осыдан бұрынғы мың жылдың құшағына алып кетедi. Есте жоқ ескi дәуiрден бастап Еуразияның қақпасы. Ес жиғаннан бергi дүние тарихының, өшкен өркениет пен өртеңге өскен елдiң тағдырлы тоғысы. Антикалық әлем және түркi дүниесiнiң қарама-қайшылығы мен үйлесiмi, қаланың кез-келген қолтығынан қылаңытып тұратын Топқапы, Айя София, Ахмет сұлтан мұнаралары тәулiгiне жиырма төрт сағат, жылдың үш жүз алпыс бес күнi және мәңгi ойлағың келмесе де – ойлантады, салыстырғың келмесе де – салыстыртады. Әр сүйем жер – тарих. Оны өлшеп те, танып та, көрiп те тауыса алмайсың. Бұрма-бұрмамен бұралаңдатып, екi елi қыспақтан екпiндеп өтiп келе жатқан Рамазан: “Станболдың көне шаһарында арбаны көз жұмып айдаймын. Осында туып, осында өстiм. Менiң қалам да, далам да – Станбол. Малтөбеге өзге “пәледиелер” үш сағатта апарады. Мен Сiздi бiр сағатта жеткiземiн”, – дедi. Сөйтiп жүрiп төбе-төбенiң, қолтық-қолтықтың, ой-қырымен бұқпантайлатып жүрiп еуропалық көне Константинопольдiң ескi ғимараттарын, айлақтарын, әскери қорғандарын, патша сарайын аралатып, Топқапының түбiндегi айлақтан бiр-ақ шығарды. Тура қарсы алдымызда, теңiздiң ортасында қазақ ертегiсiнде қызын ажалдан арашалау үшiн судың ортасына мұнара салдырып, оңаша ұстаған, ақыры себетке жасырынып келген жылан шағып өлтiрген ханның “Қыз калиесi” тұр. Түрiктiң көз жасы таусылмайтын “жылаңқы” киноларында көз қарықтыратын “Қыз калиесiне” мiндеттi түрде барып, суретке түсiп, айтып беруiн өтiнген кенжем Назымның тапсырмасын орындаудың ретiнiң түскенi осы шығар. Әлгi ханның аты – Ақша хан ба едi, Ақназар ма едi, Қарахан ба едi. Бұл әлгi антикалық әфсанадағы … Тоқта! О, мына, ой қайда алып қашып бара жатыр. Әс-сабыр… Ой қуатын уақыт емес.
Қос құрылықты жалғастыратын көпiр аспанға тартылған сымдай боп сол қапталды ала төбемiзде тұр. Онымен жүрсек Малтөбеге үш сағатта жетедi екенбiз. Көпiр жақын. Жақын да болса жолы “кептелiс”. Сондықтан да алыс. Аспанда ұшқан ұшақ түгiлi әуелеп ұшқан құс та қонбай ұшпайды, он алты жарым миллион халық бар, яғни, мұқым Қазақстан жұрты Еуразияның осынау бiр бұғазды, теңiздi қолқасына ұйлыға орналасқан. Қаптаған төбелердiң арасын бiр-бiрiне тастан қиылып жалғастырған ғимараттардың қиыннан қиысқаны сондай, кейде бiр қабатты жатаған үйдiң iргетасын бойлап, қырық қабатты үйдiң шекесiнен шертiп өтесiң. Сәулет өнерiнiң мың жылдық үлгiлерi үйлескен мұндай шаһар әлемде жоқ шығар. Демек, Станболға тән күрделi мәселелер де өзге қалаларға ұқсамайды. Бұл – Шанхай, Чикаго, Токио, Санкт-Петербург сияқты бiрбеткей қала емес, күрделi шаһар. Сырттай түрiк ұлты тұтас көрiнгенiмен, олардың өз iшiндегi сана, таным, тектiк түйткiлдердi ғимараттар мен үйлер, орамдар, маһаллалар үнсiз айтып тұрғандай. Солардың iшiнде ең қауiптiлерi Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Орхан Памук сияқты дөлмалар (қырықбуындылар) көрiнедi. Ғалия апайдың түрiк күйеу баласы Махмұдпен болған әдебиет туралы түнгi қысқа әңгiмеде сол байқалып қалды. Памуктiң мүслими түрiк дүниесiнде туған рухани яһудилiк тамплиер екенiн сезгендей оның “Менiң атым – Қырмызы” романын оқығанда-ақ iшiм мұздап кетiп едi. Әлемдi мойындатқан тұлғаның өз елiне сүйкiмi жоқ екен. Бiзден де сондайлар шыға бастағаны өкiнiштi. Түркi дүниесiнiң түпкi күбiрткiсi осылар. Ескiшаһарға арқамызды сүйеп, Мәрмәрдiң толқынына қарап тұрып осындай мазалы ойға қалдым.
Азиялық Станболға мәрмәр теңiзiнiң бұғазы арқылы пароммен өттiк. Осы екi жағалауды теңiз асты арқылы жалғастыратын жол салынып жатыр екен. Бұрын шаһарды араласам да дәл Рамазан таныстырғандай оның тынысын сезiнбеппiн. Арасын өзен емес – теңiз бөлген, екi құрлықтағы сәулетi екi түрлi әсер ететiн Жаңашаһар – азиялық Станбол Басыбиiк, Тазтөбе, Тастөбе, Малтөбе… боп түрiктенiп кете бередi. Бiрiнiң қолтығын, бiрiнiң белiн, бiрiнiң басын шалып, шатқал қуалап, құлдилай өрлеп Мәрмәр теңiзiнiң жағалауындағы биiк қияға орналасқан Малтөбе университетiне мөлшерлi уақытта жеттiк. Азан-қазаннан оңаша, алшынды, шыршалы, қарағайлы, үйеңкелi, оқудан басқаға алаңдатпайтын аңғарлы тешеге орналасқан университеттiң тұрған жерi бiзге қатты ұнады. Заманның заманында пәленбей миллиондық шаһардың мал базары болған сияқты. Алғашқы жарты сағатқа дейiн Станбол туралы ойдан арыла алмадым. Бүкiл Қазақстан – бiр қала. Онда сенiң туыстарың да тұрады. Антика … Зевс… Геракл … Троя… Бизан… Византия… Скиф … Атей патша… Анақарыс… Күрiш… Есекендiр Зұлқарнайын… Санжар… Османлы… Бейбарыс… Қарамандар … Ақсақ Темiр… Мамай… Есенбұға… Құнанбай… Шәкәрiм… Мұстафа… Мiне, ендi бiз. Айтпақшы, құба қыпшақтар ауған орта ғасыр, Мамайдың қосыны қосылған тұс… Едiлдiң елшiлiгiн билеген түрiктер… Ноғай ауған кейiнгi ғасыр оқиғалары бар. Шiркiн, ойың өстiп ашылып тұрғанда дәл қазiр отыра қалып қағазға түсiрiп, сол оқиғалар өткен кезеңдi Османлы мұрағатына барып iздестiрер ме едi! Ондай ерiктi кiм берсiн бiзге?
Мiне, бiзге бейтаныс Гүлжанат Құрманғалиева қарындасымыз да келдi. Iлтипатты, iскер, биязыдан өжет, өжеттен биязы мiнездi, әркiмдi орнына қоя бiлетiн ибалы қарындас екен. Жиырма алты елден келген ғалымдардың iшiндегi көзге ыстығы да, жанашырымыз да Гүлжанат болды. Түрiктiң келiнi екен. Әйтеуiр Малтөбе университетiнiң башқандарына өзi де, сөзi де өтiмдi көрiндi. Ғылыми конференция он минуттан кейiн Станбол залында басталды. Ерiксiз сергiп, бұл күннiң үшiншi ырыздығын көруге бет алдым.
Малтөбе университетiнiң Жапон университеттерiмен бiрiгiп өткiзген, Америка, Франция, Бельгия, Россия, Болгария, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль, Иран, Индия, Ауғанстан, Жапония қатарлы 24 елдiң ғалымдарының басы қосылған “Орталық Азияның зерттелу мәселелерi: өткенi, бүгiнi, ертеңi” атты халықаралық ғылыми конференциядағы баяндамалар ағылшын, түрiк тiлдерiнде жасалды. Бағдарлама бойынша мәжiлiс екi күнге созылмақ. Менiң кезегiм ертең екiнтiде екен. Ендi қатысатын секцияларды таңдадым. Мен тақырыбы өзiме таныс әрi ғылыми мүддемiз ортақ қырғыз, өзбек, татар, Ресей ғалымдары баяндама жасайтын секцияларға кезектесiп баруды жоспарладым. Қазақтардан тарих институтының директоры Саттар Мәжитов, тарихшы Клара Мақашева, содан кейiн Еуразия университетiнен тарихшылар Мара Ғұбайдуллина, Тайса Мармонтова және адамға жұғымсыздау бiр сыйдам магистрант болды. Олардың тақырыбы қазiргi саясат екен… Саясатта тұрақты ғылыми тұжырым болмайтындықтан да, құбылмалы қитұрқыны қаламайтын ем. Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы, профессор Асқар ағамыз өзiнiң әкесi туралы баяндама жасау үшiн келiптi. Танысып, ағаласып-бауырласып кеттiк. Ағамызды әлпештей күтетiн Әлмира жеңгемiз бiздi де қамқорлығында алып, екi күн қатарынан “ыстық, қызыл, қою шәй” мәселесiне алаңдатқызбады. Күлкiлi көрiнгенiмен, “ыстық, қою, қызыл шәй” Қазақстаннан басқа шет елдiң бәрiнде басты зәрулiк болып есептеледi. Түрiкшеден ағылшыншаға, ағылшыншадан түрiкшеге аударылып-қотарылған және бәрi де акцентпен сөйлеген баяндаманы түсiну үшiн жиырылып-жазылып он сағат отырғаннан кейiн әңкi-тәңкiсi шыққан миыңыздың құрыс-тырысын “қызыл, қою, ыстық шай” ғана жаза алады, шөлiңдi де басады. Демек… күлетiн түгi де жоқ. Оны Асқар ағамыз да бiлген… Ол шәй болмаса осыншама ұзақ сөздер күнделiкке де түспес едi. Студенттi – өренжi – өркен, компьютердi – бiлгiсаяр деп бiз де қолдансақ жарасып-ақ кететiн түрi бар екен.
Ғылыми конференцияның бiрiншi күнгi мәжiлiсiнен (жиыны 74 баяндама) түйгенiм: көтерiлген мәселердiң барлығы бiзге де мәлiм түйткiлдер. Тек Кавказ жұрты, соның iшiнде грузиндердiң сөзi қышқылтым да, қызуы жоғары, мысқылы аралас шықты. В.Кикнадзе: “Менi орыс тiлiнде сөйлеп тұр деп есептемеулерiңдi өтiнемiн”, – деп сөзiн бастайды екен. Ол түсiнiктi де. Ресейдiң бодандығына ерiксiз мойынсалық байқалады. Соған қарағанда Қап тауы ешқашанда аюдың тырнағынан босамайтын шығар. Жапон ғалымы Комацу ислам дiнi туралы сөйледi. Орталық Азияның iшкi-сыртқы қауiпсiздiгi, ислам ықпалы сондай биязылықпен баяндалды. Неге мұны таңдады? Сөйтсек, исламдық қозғалыстар әлемдi заманақырға жетелей ме деген алаңы бар екен. Бұрынғы кеңестiк мұсылман мемлекеттерiнде жүргiзiлген орыстандыру саясаты және тiл мәселесi жөнiнде баяндама жасаған Израильдан келген профессор Якуп Ландау үнемi алаңдап, әркiмге бiр сыбырласып жүрдi. Сөйтсек қарт оқымысты бәрiнен: “Мен яһудимiн. Израильдан келдiм. Маған ешкiм тиiспей ме?”, – деп сұрайды екен. Лифтiнiң iшiнде бұл сұрақ бiзге де қойылды. Түсiнiп тұрсам да: “Нәу инглишен” – деп құтылдым. Аңғал оқымысты шынымен алаңдап жүр ме, жоқ, жорта сынағаны ма? Мен соңғысы ма деп дүдәмалданып қалдым. Өйткенi жаңағы сұрақты қойғанда екi көзi менiң өңменiмнен өтiп кеттi. Бұл дегенiңiз 24 мемлекеттiң, яғни, ұлттың қас-қабағын бiлу. Ал саясаткер оқымысты үшiн бұдан артық қоғамдық барлау жүргiзудiң оңтайлы әдiсi болмаса керек. Әйтеуiр жымиып-жылмиған сүйкiмдi шал. Станбол – яхуди түгiл Бен Ладеннiң өзi келсе де сiңiп кететiн, адам жатсынатын шаһар емес. Өйткенi ол мыңдаған жылдан бергi дүние қақпасы. Ал түрiктердi сыртқы қауiп емес, өз iшiндегi дөлмалар қатты алаңдататын сияқты.
Бұл конференцияда профессор Әнуарбек Мөкеев бастаған қырғыздарың еңсесi биiк жүрдi, алымды да шалымды, емiн-еркiн сөйледi. Фильм көрсеттi. Орталық Азия хандықтарының Османлы империясымен байланысы туралы Бұқара, Самарқанд, Хиуа кiтапханаларындағы қолжазба деректерге сүйенген өзбек ғалымдары Зумырад Рахманқұлованың, Гүлшаһра Сұлтанованың, Санобар Шадманованың, Баһадүр Расиловтiң, Қаһарман Ражабовтың ағылшын, түрiк тiлiндегi баяндамаларының мазмұны басым көрiндi. Шетелге шыққан өзбек ағайындар қазақтарды кiрдiң суымен “тазалап кететiн әдетi” бар едi. Шамсиддин Камолиддин акамыз: “Тарихшы Vasilos Vattatzis картасындағы Орталық Азия” деген баяндамасында: “Мұнда Өзбекстанды картаға түсiрiптi. Өзге мемлекеттер жоқ”, – дегенi. Мен шақырылған қонақ болғандықтан да ұйымдастыру мәселесiнен сырттап жүрдiм. Шiркiн, тұлғаның керектiгi осындайда екен-ау! 1730 жылы Жоңғар шапқыншылығы тұсында сызылған ол карта бiзге де таныс едi. Шыдамсызданып: “Қазақстан картаға түспеп пе екен?”, – деген сұрағымызға: “Ондай дерек жоқ. Мүмкiн Қарақалпақстанның iшiнде шығар”, – дегенi. Мұндай мақаупес маңғаздыққа не дерсiң? Дауыстап: “Ака! Аққалпақтың (қырғыздардың) iшiне де, Қарақалпақтың iшiне де, ала тақияның iшiне де тымақ симайды. Ислам аканың емес, исламның жолымен жүрген дұрыс шығар”, – деп дауыстадым. Ол үндемедi. Түрiктер күлдi. Жүргiзушi қырғыз профессоры Әнуарбек Мөкеев түсiндi, түсiне тұрып елеусiз қалдырды. Үзiлiсте; “Тайке! “Манастың” тең жартысы қазақ туралы. Сол қазақты тақияның iшiне емес, ең болмаса ақ қалпақтың iшiне сиғызбадыңыз ба?”, – деп емеуiрiндете әзiлдедiм. Қалыптасқан қалмақы күлкiмен: “Шолай! Шолай!”, – дей бердi. Өзбек ағайындардың қазiргi санасы әсiреираншылдықпен, сартшылықпен уланған. Оларға түркi дүниесi мен тарихы жат. Христиан, иууда, кейiн мұсылман дiнiнен қашып қоныс аударған, отқа табынушы маздақтар – көшпелi яһудилердiң тұқымы, хазар қағанатын құлатқандарды қазақтар – сарт деп атаған. Ал тегi түркiлер ғана таза өзбектер. Оларда мiндеттi түрде руы болуы керек. Сондықтан да аталған өзбек ғалымдарына: “Сiз өзбексiз бе, жоқ сартсыз ба?”, – деп мәймөңкелемей ашық сұрадым. Мысырда, Иранда алдымызды орап, “сыбаға тартып кеткен” өзбек ағайынымыздан көрген құқайымыз жалғыз бұл емес болатын. Бәрi де өз руларын айтты. Тiптi Санобар Өкiреш атамыздың тұқымы, оның “қырық” деген тарауынан екен. Зумырад қана: “Руымды бiлемiн. Бiрақ айтпаймын. Бiзде бөлiнбейдi”, – дедi. Жақсы ғалым, өзi қыз бала. Е, үкiметтiк қысыммен бөлiп тұрып, бөлiнбеймiн деген Ислам акамның саясаты өтiп кеткен екен! Әлде сыбыршыдан қорқа ма? – деген оймен қазбаламадым. Сол руы құрғырға мен де қарсымын. Тек өз ұлтын өзiнен жиiркендiрiп жатқан саясатқа ызам келедi. Жақсы күннiң жанға батқан бiр тiкенi осы болды.
Бұл саясаттың көрiнiсi исi түркi жұртының өнер иелерi жиналып қойған наурыз кешiнде де байқалды. Өзбекстан мен Түркменстаннан өнерпаздар келмептi. Бiр тәулiктiң iшiндегi төртiншi құбылыс және жолды ұзартқан жоралғы осында басталды. Ақшамға қарай жоғарыдағыдай көңiл-күйде қонақүйдiң дәлiзiнде ошарылып тұрғанымда қазақтың оюлы киiмдерiн киген қыздар көзiме оттай басылды. Жiгiттер де көрiндi. Iле таңдайымызға көк бауырдай жабысқан орыс тiлiнде сөйлеген неше түрлi ұлттың өнерпаздары үйiрiле қалды. Олардың кiм екенiн сұрамай-ақ, татар, гагагуыз, әзiрбайжан, алтайлық, хахас, тоба екенiн бiрден аңғардық. Бұларды кiм бастап жүр дейсiз бе? Әрине, жетпiсiншi жылғы әлем оркестрiнiң бас скрипкашысы, дүние тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған, бұрынғы мәдениет министрi, қазiргi “Түрксойдың” бас директоры өзiмiздiң Дүйсен Қасейiнов! Көрiскенде құшағымыз айқаса кетушi едi. Сол дәстүрмен төс қағыстырдық: “Мен сен бар дегенде қуанып қалдым. Жұмысым бар. Көрiспегелi көп болды, бiрге болайық! Бар тiлегiңдi орындаймын”, – дедi де бұрылып жүре бердi. Концерт бұрынғы кеңес өкiметi тұсындағы өнер онкүндiгiн еске түсiрдi. Бiрақ мазмұны да, түрi де ұлттық, иә, иә, түркiлiк! Хакакс-алтайлықтардың:”Ұмай, Ұмай, алтын қубай (бесiк). Жiберме тасқынға, ұрпақты ойлай!” – деген әуенi ойымды билеп алды. Татарлар әншi әкелмегенiне таң қалдым. Ал қырымшақтардың биi, әсiресе, аққудың көгiлдiрiне ұқсаған қыздың саусақтары сөйлеп-ақ тұр. Қанша айтқанмен Бақшасарайда гарем ұстаған ел емес пе. Олардың биiнiң мазмұны мен ишаратынан әйели бегiмдiк танылады. Қырғыз “Манасымен”, қазақ домбырасымен және “Аққу” биiмен қатысты. Денi би. Кеш – бимен ашылып, бимен жалғасып, бимен жабылды.
Ақшамғы тiкбақай (түрегеп тұрып тамақтанатын) дастарханда түркi дүниесiн емiн-еркiн билеген, бәрiн бас идiрiп жүрген Дүйсекең дүйiм жұртты жағалай жарылқай келiп: “Сенен өтiнiшiм, мына он төрт ұлттан келген өнерпаздардың атынан ғылым және мәдениет министрлерiнiң алдында, Сенат төрағасының қабылдауында сөз сөйлеп бер. Жөн бiлетiн жөндемi сен Түркияда жүр дегенде қуанғанымның өтеуiн сөйтiп бiр қайыр. Ертең Анкараға жүремiз. Одан Алтай ауылы мен Салихлыға барамыз. Бұдан бас тартпа. Жолың, жүрiс-тұрысың тегiн. Қалғанын Асқар бiтiредi”, – дедi. Асқар Тұрғамбаев – Дүйсекеңнiң мәдениет саласы жөнiндегi Бас кеңесшiсi. Докторлықтың пайдасы – диссертация қорғаған адам – ары кетсе ағайының, берi жүрсе – шәкiрттiң, немесе шәкiртiңнiң шәкiртi, тым болмағанда, кеңесте дауыс берген болып шығасың. Асқар “Шора” батыр дастанынан қорғаған. Рахаңның шәкiртi. Ал Рахаңның барлық шәкiрттерi түрiкшiл және кiшiпейiл келедi. Осы жерлердi түбiнде бiр аралармын-ау деп аңсап жүргем. Ертең баяндамам бар. Оның үстiне, тегiн нәрсенi қанша жақсы көргенiммен де, қалай да осы жолдың себепкерi, “тегiн дүниенiң” қормалы Хасен ағамыздың алдынан өтуiм тиiс. Шүкiрәли мен Рамазан таңертең келедi. Оның үстiне Ғалия апай Станболдың қазақтарын түгел үйiме шақырып, барша жұртқа қонақасы беремiн – деп көпшiлiкке жар шашып қойғаны бар. Деген алаңмен Асқар аға екеумiз Әлмира жеңгемiздiң қою, қызыл, әлсiн әлi дәлiзден демдеп әкелiп берген шайын iшiп, мен үшiн 29 сағатқа, төрт сәскелiкке бөлiнген осынау ұзақ күнде көргенiмдi “Күнделiкке” түсiруге отырдым.
Терезеден жетi қарақшы көрiнедi, Малтөбенiң ұшарынан Басыбиiкке қарай, яғни, таңға қарай жамбастап барады екен.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ