АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАУ

АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАУ

АБАЙДЫ  ҰЛЫҚТАУ
ашық дереккөзі
246

Тамыздың 10-ы күнi Алматыдағы Абай ескерткiшiнiң жанында дәстүрлi “Абай оқулары” өттi. Ұлы Абайдың, хакiм Абайдың туғанына 164 жыл толуына орай, ұлықталып отырған кештi Алматы қалалық Тiлдер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған екен.

Абай — қазақтың бары да, нары да, жалғызы да. Абай — ақын, Абай — философ, Абай — ойшыл, Абай — дара. Абайы бар халықтың бағы да, рухы да асқақ. Абай оқулары тек Алматыда ғана емес, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде ұйымдастырылды. Абайды ұлықтауға елiмiздiң барша тұрғыны атсалысты.

Әрине, Абай ескерткiшiнiң маңына жиналғандардың қарасы тым көп емес. Ауыз толтырып айтарлықтай, кеуденi керiп мақтанарлықтай адам жиналған жоқ. 200-ге жуық адамның көбi — шығармашылық өкiлдерi болды. Дегенмен, осының өзiне шүкiршiлiк еттiк.

Абай оқулары 1995 жылдан, Абайдың туғанына 150 жыл толған күннен бастап дәстүрге айналып келедi. Жыл сайын Абайдың о дүниеге аттанған күнi мен жарық дүние есiгiн ашқан күнi Абай ескерткiшiнiң маңына жиналып, рухына тағзым ететiн болдық. Абай жырлаған қазақ мұңы, қазақ азабы, қазақ мәселесi бүгiн де толғақты, бүгiн де маңызды. Қазақ болмысы Абай жырлаған ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан қаншалықты өзгердi, қаншалықты реформаға ұшырады. Абай заманында жұрттың бәрi қазақ едi. Бүгiнде сол Абайдың ұрпағы Абай мұраларына мұрнын шүйiрiп, қазақ болып туғанына намыстанатын дәрежеде. “Мен — қазақпын!” деп жар салатын намысқой қазақтың азайып бара жатқаны. Рухтың өршеленгеннiң орнына, құлдырап құлдилап бара жатқаны жанға батады.

Абай ескерткiшiнiң басына өлең оқып, оның жырлары мен әндерiн орындауға жиналған жұрттың бәрiнiң басында осы болды дей алмаспын. Дегенмен, Абай рухын, Абайдың соңғы жұртына қалдырып кеткен мұрасын ежiктеп оқып, зердеге тоқуды өзiне мiндет, ар санайтын жаңа бiр ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын көрiп сүйсiндiк, тәуба дедiк. Әсiресе, буыны қатпаған, жасөспiрiм өскелең ұрпақтың Абай даналығынан сусындауға талпынуы да қуантты. Абайды ұлықтаушылардың қарасы аз болса да, бар екендiгiне бас идiк.

Бiр айта кетерлiгi Абай оқуларын ұйымдастырған Тiлдер басқармасы концерттiк бағдарламаларды жүргiзушiлердi орыс ұлтының өкiлдерiнен таңдапты. Ал, Абайдың өлеңдерi мен Қара сөздерiн жатқа оқыған, әндерiн орындаған өзге этностың өкiлдерi де көп екен. Абайдың тiлiнде мүдiрмей, қиналмай өз ойларын ортаға салып тұрған бұл жастарды көргенде, мұнда да үлкен саясаттың жатқандығын түйсiндiк. Ол — өз тiлiнен, өз қағынан жерiген қандастарымыздың көкейiне өзгелер арқылы намыс отын жағу, өзгелер арқылы көкiрек көзiн ояту, өзге ұлт өкiлдерiн Абай тiлiмен, Абай жырымен сусындату арқылы, ортақ Отанымыздың — мемлекеттiк тiлiн төрге оздыру мақсатынан туындағаны анық. Өз тiлiн, өз мемлекетiнiң тiлiн үйренуге құлықсыз бүгiнгi жастар, өздерiнен озып кеткен өзге ұлт өкiлдерiн көргенде тағы бiр ойланар.

Абайдың туған күнiне орай “Қазақстан” телеарнасы Светлана Махметованың “Мәкен апай” атты Абайдың немересi Мәкен Тұрағұлқызы туралы деректi фильмiн ұсынды. Сонда Мәкен апай осы бiр жайды қинала еске алады. “О, тәйiрi, бүгiнгi ұрпаққа, бүгiнгi менiң балаларыма Абайдың жыры мен ойы бес тиын. Абайдың оларға қажетi жоқ. Абайдың өзi айтқанындай:

Атымды Абай қойған соң,

Қайтып надан болайын.

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын” деп күйiнедi.

Мәкен апайдың өмiрден озғанына 10 жылдың жүзi. Бiрақ, қазақ қоғамының сол 10 жылда бет-бейнесi өзгердi ме? Сол күңiрену, сол жылаумен келемiз. Абай заманынан бергi күңiренiс. Бiрақ, оның емi не екенiн ешкiм айтып бере алмайды. Абаймен мақтанып, Абаймен шаттанамыз, алайда, Абайдың қалдырған өсиетiне мойынсұна қойған жоқпыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары