YМБЕТБАЙ УАЙДИН

YМБЕТБАЙ УАЙДИН

YМБЕТБАЙ УАЙДИН
ашық дереккөзі
414

Бiз кiтап оқып өскен, сол тұстағы ақын-жазушылардың кез келген шығармаларынан тiптi жатқа оқып, санамызға түйiп, өзiмiздi-өзiмiз сол өмiрден алынған шынайы дүниелердегi кейiпкерлерге қарап тәрбиеленген ұрпақ екенiмiздi мақтан етуге толық құқылымыз. Қазiргiндей ақпараттық технологияның әбден жетiлген заманында ой-жүйемiздi, санамызды жаһанданудың шектеуiне жеңдiрген, мәдениет пен әдебиеттiң шежiрелi бiр топ өкiлдерiнiң бүгiнгi момақан тiрлiгi үнемi ойдан да, көңiлден де кетпейдi. Сондықтан да, жылдың басынан берi газетiмiзде “Ардагер” айдарымен қоғамның әр саласындағы, оның iшiнде мәдениет пен әдебиетке ерiнбей тер төккен, шығармашылықтың азабы мен шыжығына шыжғырылған қайраткерлер жайлы ай сайын үзбей берiп келемiз.

Шығармашылығында әдептiлiкке баулып, тәрбиелiк тәлiм қалыптастырып, мораль-адамгершiлiк жайлы, әсiресе әдеп әлемiн кеңiнен насихаттайттын белгiлi қаламгер-ұстаз, сатирик-жазушы Үмбетбай Уайдинмен болған әңгiме де осы бағытта болмақ.

—Үмбетбай аға, әңгiмемiздi бүгiнгi әдебиет, мәдениет жайынан бастасақ… Тәуелсiздiк алғалы да жиырма жылға жуықтапты, осы жылдар iшiнде тәуелсiз елдiң тәуелсiз әдебиетi туралы ойыңыз?

— Бұл сауал-сұраққа, бұл қаратпа сөзге мен оқта-текте қайырылып кетiп жүрмiн. Тағы да алдымнан шықты. Өзiмдi де, өзгенi де қайталамай, дұрысы бұрынғы айтқан, жазғандарымды толықтырайын. Барды көрмейтiн, барды бағаламайтын, “жоқты” жоқтауға айналдырып, зарлай беретiн бiр жаман әдет тауып алған сияқтымыз. Олай деуiме себеп, қазiр көптеген ауыз: “жоққа” толып кеттi. “Сатира жоқ”, “сын жоқ”, “драматург жоқ”, “драматургия жоқ”… Солай ма? Бұған жұрт не дейдi, баспасөз не дейдi?

Бұл не қараң қалған әдебиет, мәдениет сонда? Бар мен жоқтың дәлелi қайда? Дүниенi елең еткiзетiндей, жалт қарататындай әдебиет, мәдениет өнiмi жоқ десек бiр сәрi, тып-типыл ету не сұмдық!

Мәдениет! Сiздердiң газетте Жанұзақ Әкiмнiң “Қазiргi қазақ мәдениетi қандай?”(16.07.2009) деп аталатын көлемдi мақаласын сүйсiнiп оқыдым. Мақалада мәдениет жайы теориялық тұрғыдан жақсы талданған. Көп мәселе қамтылған. Жаңағы “тып-типылға” жап-жақсы жауап берген. Ой-көзқарасымызда ұқсастық байқалды. Қайталамау үшiн мақаланың кiшкене практикалық жағынан келейiн.

Мәдениет – екiбастан, жалпы есiм. Оның ең кiшкентай әнгiмесi – әр жағдайда аузымыздан жиi шығатын кәдiмгi театрдағы “киiм iлгiш”. Ең үлкен әңгiмесi – “Мәдени мұра” бағдарламасы. Бұл бағдарламаны Уақыт, Тәуелсiздiк алып келдi. Айта берсек, ауа жайылып кетемiз, бiрер дерекке кiдiрейiн. Уақыттың қолымен, адамның қолымен бабаларымыздың қаншама мазар-кесенелерi бүлiншiлiкке ұшырады. Естуiмiзше, адамдар мазар-кесенелердi бұзып, кесегiнен монша салыпты, құлыптастарды құлатып алып диiрмен жасапты. Әне, сондай заман болған. Самолет қонатын алаңқай жасау үшiн қорымның үстiмен трактор, бульдозер жүргiзгендi 1985 жылы көзiмiзбен көрдiк. Тәуелсiздiк немесе “Мәдени мұра” бағдарламасы сол сұмдықтарды түзетiп жатыр. Бұл бардың әңгiмесi ме, жоқтың әңгiмесi ме?

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Жаңақұрылыс елдi мекенiнде “Жаныс тамы” деп аталатын мавзолей бар (Бұл елдi мекен қазiр “Жаныс би ауылы” деп аталады). Мавзолей Х1Х ғасырдың белгiсi. “Қабырғасының төменгi бөлiгi 8 қырлы, жоғары бөлiгi сағанаға ұқсас. 8 және 41 қырлы барабан шеңберi түрiнде қаланған. Күмбезi пирамида тәрiздес сатылап қаланып аяқталған” (“Ақтөбе энциклопедиясы”). Сол мавзолей құлаудың аз-ақ алдында. Оны қалпына келтiру жайында әңгiме болғалы қай заман?! Одан берi қаншама уақыт өттi. Менiң өзiм де баспасөз бетiнде бiрнеше рет сөйледiм. Дегенмен, ақыр түбi қайыр, биыл қолға алына бастады. Тәуелсiздiктiң арқасы. Бардың әңгiмесi.

Мәдениет! Жүрiс-тұрыс мәдениетi, сөз мәдениетi, дастарқан мәдениетi, айта берсек әлi қаншама? Сөз мәдениетi демекшi, той дастарқаны басындағы сөз боранын еске түсiрiп көрейiкшi.. “Екi жас бақытты болсын!”, “Ата-анасына мейiрiмдi болсын!”, “Дендерi сау болып, еңбекте табысты, жора-жолдастарының арасында абыройлы болсын!”. Осылай кете бередi, кете бередi. Шын қуаныштың сөзi, шын қуаныштың көз жасы қайда? Бақыт үлкен сөз. “Бақытты болыңдар!” — жақсы тiлек. Алайда, бақыт-бақыт деп айта бергеннен адам бақытты бола қала ма? Балалар мен жастардың тiлек сөздерi де жаттанды: “Ашық аспан, мөлдiр махаббат, зор денсаулық тiлеймiн!”.

Кешiрiм сұрай бiлемiз бе? Аяққа жығылу дегендi қалай түсiнемiз? Сәлем ете бiлемiз бе? Сәлем демекшi, екi жастың үйлену тойындағы жаңа түскен келiнге сәлем еткiзу ерсiлiктерi де барған сайын өршiп барады. Жақында ауылдық жерде болған бiр үйлену тойына қатыстық, Той басқарушы жас келiнге аруақтардан бастап, бесiктегi балаға шейiн сәлем еткiздi. Сәлем сайын кемi екi жүз, бес жүз теңгеден ақша. Үзiлiс кезiнде той басқарушыға:

— Iнiм, сәлемнен құр қалған тағы кiм бар? деп едiм. Ол қып-қызыл боп кеттi.

— Ой, аға, осы қиын болды. Той иелерi тiзiм бередi. Бiреуi ұмыт қалса болды, шаң-шұң дауыс, қап-қара өкпе.

— Түсiндiм, айналайын..

Мәдениетке байланысты “бар” мен “жоқтың” бiр әңгiмесi осы.

Мәдениет — әдеп атаулының жиынтығы. Өткен жылы “Ана тiлi” баспасынан менiң “Әдеп әлемi” деп аталатын кiтабым жарық көрдi. Әдебиет, мәдениеттегi “бар” мен “жоқты” шама-шарқымша сол еңбегiмде бiршама қамтыған болдым. Және әдеп әлемiн сана, парасат, iзет, тәрбие, инабат, Отаншылдық сезiм, намыс тұрғысынан дәлелдеуге тырыстым.

— Сiздi сонау Кеңес дәуiрiнiң өзiнден қазақ тiлi, өз ана тiлi үшiн аз ғана белсендi топтың бел ортасында жүрiп, қазақ мектептерiнiң тағдырына да атсалысқаныңыз бүгiнде аңызға, тарихқа айналғандай…

— Тiл, ана тiлi әр ұлт өкiлiнiң жанды жерi. Бұл мәселе қазақ халқының перзентi — менiң де жанды жерiм. “Мұндай қоғамды қорғамай, мұндай қоғамды қолдамай болмайды” деп, кезiнде өткен қоғамды мақтап өшiргеннiң бiрi өзiм. Өйткенi, ол қоғамда да жақсы сөз,жақсы заң, жақсы идеялар болды. Ал, ендi ана тiлi жайына келсем, халыққа, халықтың тiлiне адалдық принципiн ұстандым. Балаларым қазақ мектебiнде оқыды. Немерелерiм де қазақ мектебiне барды. Әрине, балаларды қазақша оқыту мақтаныш емес, парыз! Өткен қоғамда да қазақ тiлiн қорғадым, сөйледiм, жаздым. Оқта-текте Шона ағамыздың қасынан табылдым. Онда тұрған пәлендей аңыз ештеме жоқ. “Iз” деп аталатын кiтапта (Көпен Әмiр-Бек) менiң “Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан мұра” деп аталатын мақалама орын берiлген. Кеңес қоғамы тұсында сол мақала баспа бетiнде көп шырғалаңмен жарық көрдi. Шыбын жан шыңғырды.

Бұл мәселеге келгенде қазiрде де үрейлi үрейiм жоқ емес. Бас тақырыбы татар ғұламасы Шагабуддин Маржанидың сөзiмен басталатын мақала ( “Өзiңнiң ана тiлiн ұқпай барып, орыс тiлiн үйренген адамдардан жақсылық күтiп пе едiңiздер? Жақсылық күтпеңiздер”) өмiрдегi түрлi жағдайлардан туған үрейiм жайында едi. Соны айтайын.

“Самал” мөлтекаудандарын қақ жарып, әл-Фараби даңғылын кесiп өтiп, Қажымұқан атындағы көшеге барып тiрелетiн бiр рахат көше бар. Адамдардың тынығып, жүрiп-тұруына онда жақсы жағдай жасалған. Кейде жалғыз, кейде үй-iшiммен мен де, көбiне кешке қарай сол маңда демаламын. Құданың құдiретi, сонда аңғарғаным, олай-былай қаншама қазақтар өтедi — iлу де бiреуi болмаса, барлығы дерлiк орысша сөйлеп бара жатады. Бала-шағаларымен жүрген, бесiк-арба итергендердiң ауыздарынан құлағымызға тиетiн сөздерi: “аташка”, “Даулет”, “дедуля”, “бабуля”, “маа-а-мм”, Анара, Жанара, Айдоса, Муратик, Булатик, Мариаша, Саулеша, айналашка т.б. Қарап отырып күйiнесiң, құлазисың, күбiрлейсiң: “бұ не боп кеткенбiз?”, “бұ қайда барамыз?”

Қала мектептерiнiң аулаларында да шүлдiр-шүлдiр… Бұл сауал-сұрақтар аяғында үрейге барып тiреледi.

Тiл дегенiмiз — ұлт, ұлт дегенiмiз — тiл. Тiлге қауiп, екiбастан, ұлтқа қауiп қой. Ендеше, бiздiң ұлтымыздың жойылып кетуiне қауiп бар ма? Жаңағы шүлдiр-шүлдiр асқына берсе, әрине, бар! Дәлелiмiз:

“… 1926 жылы халық санағы бойынша Кеңестер одағында 194 ұлт болса, соңғы санақта тек 101-i қалғаны белгiлi. Басқаша айтқанда жыл сайын 1-2 ұлттың көзi жойылып, аты өшiп отырған” ( Ғарай Сағымбай: “Қазақтың тiлi нелiктен құлдырап барады?”. “Түркiстан”, 14-20 шiлде, 1999 ж.).

Глобализация келе жатыр. Тiлдiң бiр тажалы сол дегендей де әңгiме бар. Ғалым Сапарғалиевтiң жазуына, айтуына қарағанда, қазiргi уақытта дүниежүзiнде 4 мың тiл бар көрiнедi. Ал, әр екi жылда 4 тiл жоғалып отыратынға ұқсайды. Сарапшылардың болжамына сенсек, осы ғасырда 5-ақ тiл қалады екен. Ал, керек болса! Үрей-қауiпiмiзге негiз бар ма? Бар! Бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Мәжбүрлiк! Халықты демократия аясында мәжбүрлiкке даярлау. Халықтың бойын, ой-санасын бiрте-бiрте мәжбүрлiкке үйрету. Кеңес қоғамы тұсында орысша бiлмесең, орысша оқымасаң нан тауып жей алмайсың дегеннен орысша оқуға мәжбүрлiк туындады. Әдемi сөз, қызыл сөз насихатынан нәтиже шамалы, көбiсi жалған. Қазақ тiлiн қорғайтын немесе глобализацияны iшке көп өткiзбейтiн бiзде бiр “қытай қақпасы” бар. Ол бiздiң Ұлы даламыз, ауыл, ұлттың саны! Соңғы кезде ауылға көңiл бөлiнiп жатқанға ұқсайды. Иншалла, ұзағынан болғай!

— Бүгiнде зиялы қауымды “зиянды қауым” санайтындар, жалпы сын айтушылар көбейдi. Ақын-жазушыларды пiр тұтқан халық едiк, әсiресе бүгiнгi әдебиетшi-жастар, оқырман болсын Кеңес дәуiрiне шошына, сыни көзқарас қалыптасқан. Бұл пiкiрге қалай қарайсыз?

— Әлгiнде кiшкене кiдiрдiм ғой: Кеңес қоғамына байланысты бiр жақты пiкiрге немесе бәрiне қап-қара күйе жағуға қосылмаймын. Ол қоғамда да тәуiр үйде, жаман үйде тұрдық. Ол қоғамда да болмашы нәрсеге мәз болып қуандық, күлдiк, күрсiндiк, жыладық. Ол қоғамда да ән салдық. Еңбек бағаланды, әдебиет бағаланды, бағаланбады. Ашаршылық, жаппай қуғын-сүргiн (репрессия) сол қоғамда болған апат, қасiрет. Ана тiлi тағдырына да осы апат тұрғысынан қараған әдiлдiк болар. Шошынса шошынатындай сұмдықтар. Бүгiнгi әдебиетшi-жастар, жас оқырман ол қоғамда өмiр сүрген жоқ. Мойындарына қызыл галстук тағып октябрят, пионер болған жоқ. Комсомолға, партияға өткен жоқ. “Әкемiз де — Ленин, анамыз да — Ленин” деп тақылдап өлең айтқан жоқ. Сондықтан өткен қоғамға осқырынып қарайтын, барлық сұмдықтарға сендер кiнәлiсiңдер дегендей зиялы қауымға “зиянды қауым” деп келемеждейтiндерге бiр жағынан бiлместiк деп түсiнiстiкпен қарасақ, екiншi жағынан уәж айтатын да реттер бар.

Бетке айту бар да, бет жырту, сақалдан алу бар. Айтпағымыз, айта бiлейiк, әдептен озбайық деген ғана. Әйтпесе, бұл ауаға тез тарайтын құс тұмауы, шошқа тұмауынан да қауiптi вирус! Зиялы демекшi, зиялы сөзi не мағына бередi, зиялы адам қандай адам? Бұл мәселелер қазiр көп айтылып, жазылып та жүр. Зиялылар жоқ дейтiндер де бар. Болмай қайда кетсiн?!

— Салт-дәстүрдiң өзiн тәрбие тәрiздi отбасы-ошақ қасынан бастаған жөн-ау…

— Солай, не нәрсе де әуелi әркiмнiң өзiнен, өз отбасынан. Отбасы ойраны ше, ол да.

Бiздiң халқымызда бұрын ерлi-зайыптылар ажырасу, неке бұзу дегендi бiлген бе? Бүгiнде екiнiң бiрi… Екiнiң бiрi болмаса да қазiр ажырасу тым көбейiп кеттi. “Аяқтанды ма, тұрмысқа шықты ма?” деп бала-шағасын сұрай бастасақ, қазiр бiраз жора-жолдастың назары төмен. Ол үшiн оларды кiнәлауға, әңгiме қылуға, айыптауға болмайды. Ондай жағдайда басты себеп ұлттық-халықтық салт-дәстүр заңының әлсiреуiнен “Дүниеде не жаман?” деген сауал-сұраққа халық даналығы қалай жауап берген? “Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман”! Демек, дәстүр заңы қыздың төркiнiне қайтып келуiн өлiм санаған. Қазiр ол өкiнiшке орай үйреншiктi жағдайға айналып кеттi. Ерсi болмай қалды.

Ұрпақ тәрбиесiне, әсiресе қыз бала тәрбиесiне бұрын халқымыз, екiбастан аса қатты мән берген. “Қызға қырық үйден –тыю, бiр үйден – жыю” десе, бұл ұлтттық-халықтық салт-дәстүр мен тәлiм-тәрбие ережесiнiң iшiнде қыз бала тәрбиесiне деген қаншалықты жауапкершiлiктiң мықтылығын ұстанғандық! Үрдiс-өнеге! Қыз ұзатыларда: “барған жерiңе сыйлы бол, не көрсең де құдай қосқан қосағыңмен, жан-жарыңмен, жан-жағыңмен бiрге көр. Тастай бат, судай сiң!” деп баянды өмiр сүрудi қатты ескертiп, қадап айтса мұның арғы жағында не жатыр? Намыс, төркiн жұрттың намысы!

Ерлi-зайыптылардың ажырасуы, некенiң бұзылуы немесе талақ ету бұрында да болған. Бiрақ, ол некен-саяқ, сирек кездесетiн-дi. Қазiргi отбасы ойранының себебi көп. Бiр себебi, мiнез қайшылығынан, әркiм өздерiнiкiн дәлелдеп, бiрiнiң бiлместiгiн бiрi кешiрмей ерегiсiп, өрши түседi. Дулат Исабековше айтқанда “жұп құрғанға дейiнгi екi жастың әңгiмелерi: “я тебя люблю!” Жұп құрғаннан кейiнгi әңгiмелерi: “я тебя убью!” Одан қала берсе, “мои родители”, немесе “твои родители…”

Кеңес қоғамы әйелдердiң мәртебесiн көтердi. Сол мәртебенiң екiншi жағы: партия ұйымының жиналыстарында, бюрода әйел хатшылар енгезердей ер азаматтарды қақшитып түрегелтiп қойып, сұқ саусағын шошайтып мәселесiн қарады. Ал, қай заманда қай әйел ер азаматтың мәселесiн қараған? Мейлi ол кiм болса да, әйел қашанда ер-азаматының ар-намысын өзiнен биiк ұстауға тырысқан, ұстаған да. Қазiргi кейбiр отбасы ойранының бiр себебiн де осыдан iздеу қажет-ақ. Ұлттық-халықтық дәстүр заңының моралi қалай дейдi? “Әйел- әйбат, әке-айбат”. Ұлттық психологиялық, салт-дәстүр заңы тұрғысынан ата-ана бала үшiн идеал! Қазiр ше? Бала әкеден қаймықпайды. Әкесiнен темекi сұрап тартқан баланы да көрдiк! Сондықтан да, бүгiнгi жастар тәрбиесi, әсiресе қыз-бала тәрбиесi ұшығып, жарасы алынуға жақын тұрған мәселе. Ол кез келген пендеңiздiң жанды жүрегiне тиетiн, үнемi, күнделiктi көңiл аударып отыратын ұшықты мәселе.

Ұлттың тiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн бiз тiлiмiздi сақтап қалумен ғана шектеп жатамыз, ал сол тiлiмiздiң, ана тiлiмiздiң болашағы, тағдыры бiздiң қаракөз қыз- қарындастарымызға тiкелей байланысты екенiн сезiнуiмiз керек. Бүгiнгi аш-жалаңаш қоғамда иманды, ибалы әйел-аналардың тағдыры ұлттың келешегiне кесiрi мол батпан екенiн, ол сордан айырылу тiптi қиынға соғарын әлi де жан-дүниемiзбен сезiне алмай келе жатырмыз ба деген де қорқыныш жоқ емес…

— Әдебиеттегi, өнердегi “жиендiкпен” (плагиаттық) жүздескен кезiңiз болды ма? Бүгiнде сатиралық әзiлкеш отаулар көбейдi, анайы қалжыңбастар саны да артып тұрған мынау “ұятсыздау” қоғамдағы сатираға көңiлiңiз тола ма?

— Адам адамды, халық халықты қайталайды. Қайталау атаулының бәрiн ұрлық (плагиат) санау — қате пiкiр. “Ит үредi, керуен көшедi” яғни “Собака лает, караван идет”. Қазақта да бар, орыста да бар. Ананы да, мынаны да ұрлықшы санап, кейде бiреулер бiреулердiң обалына қалып жатады.

Ұрлық, ұрлықшы жоқ емес, бар. Өзiме келсем, тоналған кездерiм де бар. Ұстап бергендер де болды. Өттi. Кеттi. Олардың аты-жөндерiн айтуды ыңғайсыз санаймын. Бiр жаныма бататыны бiрлi-жарым өлең жолдарымды, афоризмдерiмдi бiрнеше жерде бiраз адамның аузынан құлағым шалды. Авторы қасында отыр, айтпайды. Бiр басылымда “Терминнiң бәрi — сөз, сөздiң бәрi — термин емес” деген тақырыпқа көзiм түстi. Менiкi! Ондайда “менiкi” деуiм де дұрыс емес шығар деп қаласың, өйткенi әңгiменiң басында айтқанымыздай, адамды адам қайталайды ғой.

Ал, сатира — тәрбие құралы. Сатирада, әсiресе, сахналық сатирада сiз айтқан ұятсыз сөздер жиi ұшырасады. Менiң хатпен сөйлесетiн әдетiм бар. Құлаққа ерсi, тұрпайы естiлетiн сөздерден тазару жайын бiрер сахнагер iнi-қарындастарыма хатпен ескертiп қоямын. Рахмет, бәрi де бас изедi. Бiр сахнагер сахнада “ кәрi қыз”, “отырып қалған қыздар” деп тұрып алды. Қатты ашуым келдi. “Екеу болу бақытын күткен қыздарымыз, аруларымыз” десе болмай ма? Әркiмнiң жұқа жерi бар. “Кәрi қыз”, отырып қалған қыз” да олардың жұқа жерi емес пе? Тағдыры! Халық, “отырған қыз орнын табар” деп жұмсартпай ма, неге ойланбай сөйлеймiз? Екеу болу, жұп құру бақытын алдан күткен аруларымызды сайқымазаққа айналдыруға қандай қақымыз бар? “Ұятсыз күлкiден” шығып кеттi ғой, сондықтан да орнымен айтылған әзiл-қалжың тек қана көңiл көтеру емес, жан сергiтетiн ем-шара болса игi!

— Әдебиетте қай сала, қай тақырып кемшiн жазылады деп ойлайсыз?

— Қазiргi заман, қазiргi уақыт мiнезiн, проблемаларын көтерген, ел тамсанып айтып жүретiндей кесек туындыларды еске түсiре алмаймын. Қателессем қаламдас-әрiптестерiмнен кешiрiм сұраймын. Фантастика көзге аз түседi. Журналистикада очерк, фельетон, памфлет жанрлары “почти” көрiнбей кеттi.

— Өзiнiз ойлаған, Құдай қуат берсе осы жағынан ой толғасам, қалам тербесем деген дүниелер бар ма? Алдағы шығармашылық жоспарыңыз жайлы бiрер ауыз әңгiмелесеңiз?

— Том-том болмаса да кiтаптарым там-тұмдап шығып жатыр. Шығармашылық ой-жоспар баршылық. Сатирасы, ғылымы, басқасы бар — уақытын, сәтiн күтiп үйде бiраз қолжазба үюлi тұр. Жан-дүниесi таза, адамға адал, көп қитұрқыны бiлмейтiн, бiрақ жалғандыққа, өтiрiк сөзге, өтiрiк күлкiге шыдамайтын, бет-аузын бұзып, барған жерiн кейде астан-кестен етiп қайтатын бiр сатиралық образды қашағаныма көп уақыт болды. Көлденең көп шаруа киiп-жарып кетiп, соны ұзатып алдым.

— Аға, сөз соңында демократияға қатысты бiрер ауыз ой қозғай кетсеңiз. Жалпы, бүгiнгi қазақ мемлекетi, қазақ қоғамы туралы көзқарасыңыз?

— Авторының аты-жөнi жадымда қалмады: адамзат ойлап тапқан бiр құндылық — демократия, бiрақ оның өзi шала дегенге ұқсас жолдар бiр әдебиеттен көзiме түсiп едi. Осы пiкiрдiң жағындамын. Демократияны жоғары билiкпен ғана шектей беремiз. Демократияны бостандық, еркiндiк мағынасында түсiнсек, бетiмен кету, ауа жайылып кету, ауызға келгендi аталау демократия ма? Елдi қазiр сектанттар жайлап, басқа шығып барады. Бұл не? Демократия! “Құдықтың сыртындағының бәрi ақылды”. Бұл да демократияның әңгiмесi.

Қазақ мемлекетi, қазақ қоғамы жайлы әңгiме де, айналып келгенде, халқымыздың салт-дәстүр, тәлiм-тәрбие, тiлi мен дiнiнен айналып кете алмайтын түйiнi жоқ ұзақ-сонар әңгiме болса керек. Бүгiнгi әңгiмеде оның бәрiн қамти алдық, алмадық оны бiр түйiндеп қойсақ. Оқырманға айтарымыз да, жеткiзерлерiңiз де көп болсын.

Иә, қай заманда, қай қоғамда болсын, ұлттың жоғын жоқтап, барын жұртшылыққа жария ететiн қолына қалам ұстағандар екенiн мойындар болсақ, онда бұл тақырыптың нүктесi қойылмасы ақиқат. Халқымыздың тағдыры, болашағы бей-жай қалдырмайтын, үнемi жазғандарынан өз туған халқының жазу мәдениетi ғана емес, сөйлеу мәдениетiне аса көңiл бөлiп, әдептен әдемi иiрiм iздеп жүретiн бүгiнгi әңгiменiң кейiпкерi Умбетбай ағаға қарап, шын мәнiндегi аса мәдениеттi қазақты тағы бiр көргендей шаттандық. Кәрiге де, жасқа да аса iзетпен қарайтын, сабырлы-байыпты жүрiс-тұрысының өзi үлгi ұстаздың бойынан қазақи тәрбиенiң тәлiмi аңқып тұрғандай. Көптеген жылдар бойы ғылым мен жазушылықты қатар алып келе жатқан ұлағатты ұстаздың журналистикаға бейiмi бар қабiлеттi жастарды тәрбиелеу жолында шығармашылық табыс тiлей отырып, қоштастық…

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары