БАТЫСШЫЛДЫҚ БҮТIН ЕЛДIГIМIЗГЕ ҚАТЕР ТӨНДIРУДЕ

БАТЫСШЫЛДЫҚ БҮТIН ЕЛДIГIМIЗГЕ ҚАТЕР ТӨНДIРУДЕ

БАТЫСШЫЛДЫҚ БҮТIН ЕЛДIГIМIЗГЕ ҚАТЕР ТӨНДIРУДЕ
ашық дереккөзі
374

Қырқасына қарай құланын, жырасына қарай жыланын, заманына қарай ұланын танырсың деп ауыр салмақ тастап тұрған мына заманда салт-санамыз бен мәдениетiмiз қайда бағыт алып барады?!

Расында, ел iшiне өзге бiр жат өзгерiстер дендеп кеткендей, тiптi батыстың салт-санасы жаулап алғандай көрiнедi кей күнi көзiмiзге.

Осындай жайлардың етек алып жатқаны Қазақстандағы телевидениенiң керi әсерi емес пе екен деген ой мазалайтыны да анық. Неге?

Мәселен, теледидардың барлық жанрын батыстың салт-санасы, яғни шетел фильмдерi мен әуендерi жаппай жаулады. Сырасы мен шылымына дейiн жарнамаланып келедi. Бұны тұтынған жұрт әрқашан солай дағдыланарына күмән жоқ.

Қазiр не көп? Шетел фильмдерi, одан қалса телесериалдар. Атыс-шабыс, жалаңаш қыздар мен қанiшерлер бейнеленген таусылмайтын мың бiр түн. Мұның бәрi талай айтылған жайт. Бiрақ, елiмiздегi телеарналар батысшылдығынан бас тартар емес. Тiптi, қоғамдық пiкiрге қарсы ерегiсе түсетiндей. Бiрiнiң әйелiн бiрi алған еркектер, бiрiнiң күйеуiне бiрi жабысып жатқан әйел, енесiне ғашық күйеу, зинаһорлық, адамдыққа қастандық пен алауыздық, қулық пен сұмдық, нашақорлық сияқты көрсетiлiмдерден бұл күнде көз ашпаймыз.

Дүйсенбiден жұмаға дейiнгi аралықта қамтып жатқан сыпайы басталып, адамды бiрден баурап әкете баратын телехикаялар бұл күнде телеарналардың барлығын қамтыған десе де болады. Бiреуi бiтсе жарыса екiншiсi басталып, алма кезек бiздiң жұрттың көңiлiн тауып жатады, әйтеуiр.

Жұмыста, үйде, тiптi автобус iшiнде әңгiме сол сериалдар, сол сериалдарға асыққан жұрт. Мұндай телехикаяларды күнделiктi дағдыға айналдырған жұрт қай уақытта, қай арналардан берiлетiнiн де жатқа бiледi. “Сұм өмiр”, “Өртенген ұя”, “Атлантида”, “Ғашық агент”, “Дом-2”-сы тағы бар. Осындай толып жатқан сериалдар мен шоулардан көз тынады. Жақында НТК арнасынан “Части тела” атты телехикая берiле бастады. Бозбала түгiл, самайын бозқырау шалғандардың да зәре-иманын ұшыратын нағыз пәлекет. Өрiмтал жастарды азғындыққа тәрбиелеудiң төте жолы осы ма дейсiң.

Иә, бұл бiр ғана мысал.

Ал күнделiктi үйреншiктi дағдыға айналған телехикаяларды көруден бiздiң жұрт жалығар емес. Айықпас құмарымызға айналғандай. Мұны көрген қыз оңа ма, ұл оңа ма?

Қазiр ажырасқан отбасы, қайта келген қыз, некесiз туған бала, шылым тiстеп, сыраға әуес, казинолар мен түнгi клубтарды төңiректеген жеңiл жүрiстi аруларымыз, кәмелетке толмай қылмыс жасап жатқан жастарды дайындап берiп жатқан телевидениенiң керi әсерi емес деп кiм айтар?! Ой санасы жаңа жетiлiп келе жатқан, елiктеуге бейiм тұрған мүлдем жас буын жүгенсiз кетсе обалын телеарналардан сұраймыз ба ?!

Ұлтымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзгенiң жұлым-жұрнағын жинап, өзге бiр елдiң тулағын төрге сүйреп жүргендер ертеңгi күнге ойланып қарай ма?! Бiздiң де ата жолымыз, ұстанар дiнiмiз, сөйлейтiн тiлiмiз артық болмаса ешкiмнен кем емес. Қазақ деген атымыз, атымызға сай затымыз, киiнер киiмiмiз, iшер асымыз, салт-дәстүрiмiз баршадан биiк. Бiрақ осы қасиеттерiмiздi телевидение толық бағалап жатқан жоқ.

Бұл күнде тәлiм-тәрбиенi жанұядан емес, өзге бiр елдiң сериалдарынан алып жатқанымыз аян. Батыстың әуенiмен масайрап, Африканың пiшпей тiккен матасына жерiгiмiз әлi басылар емес.

Осындай көңiлге кiрбiң ұялататын жайларды көргенде, кешегi қазақ деген атына лайықты қанға сiңген қадiр-қасиетiнен бүгiнгi қазақ мүлдем айырылып қалғандай өзектi от өртейдi. Ақыл айтатын ұлағатты әке, Құдай жолындағы ақсақал, инабатты қыз, ибалы келiн, iзгi ана бейнесi бұл күнде телевидениедегi батысшылардың көлеңкесiнде қалып қойды. Ұлы мәдениетiмiздiң бастауларынан бiртiндеп алыстап барамыз.

Бүйтiп отырсақ ертең мiнер аттан да, киер бөрiктен де, күй шертiп, шер тарқатар қара домбырадан да айырылып, жер сипап қалатын шығармыз.

Талайлардың қанымен, талайлардың жанымен, талайлардың биiк арымен қазақ деген ел болғанымызды ұмытпайық, жаны жайсаң ағайын. Телевидениеге жүктелген саясатымызды түбегейлi өзгертпей бүтiн ел бола алмаспыз…

Тимур ТҰМАРҚОЖА

Серіктес жаңалықтары