ЕСIМНЕН КЕТПЕС БIР КЕЗДЕСУ
ЕСIМНЕН КЕТПЕС БIР КЕЗДЕСУ
Балалық шағымды ойласам ең алдымен жазушы Бердiбек Соқпақбаев ағамыздың “Менiң атым Қожа” атты кiтабын алғаш рет қалай оқығаным ойыма келедi. Есiмде жақсы сақталғаны, кiтаптың басты кейiпкерi Қожаның “Қазақстан пионерi” газетiн қалай оқитыны. Ол сүйiктi газетiн соңғы беттен бастап оқиды екен. Осыны бiлгенде мен тура өзiм туралы оқығандай қуанғанмын. Олай дейтiнiм, мен де “Қазақстан пионерi” газетiн соңғы бетiнен бастап оқитынмын. Себебi ең қызық мақалалар соңғы бетте басылады ғой. Сол күннен бастап бүгiнге дейiн “Менiң атым Қожа” — менiң ең жақсы көретiн кiтабым, ал кейiн “Менiң атым Қожа” фильмi ең — сүйiп қөретiн көркем фильмiм болды. Өзiмнiң есiмiмнiң де жазушы ағаның атына ұқсастығын iштей мақтан тұтатынмын.
Сол бiр балалық кезде Алматыда тұрсам, Бердiбек Соқпақбаев және басқа да ақын-жазушы, суретшi, артист ағалар мен апайларды күнiге көрсем деп армандайтынмын. 1980 жылы Алматыға бардым, әкем ғалым Әсiлхан Оспанұлының қаламдас iнiсi, жазушы Қалдарбек Найманбайұлы ағамыз салған суреттерiмдi жаратып, өзi басқарып отырған баспаға суретшiлiк қызметке қабылдайтын болды. Бiрақ ол кезде Алматыда тұру үшiн “тiркелу” керек болатын, бiрақ менде ондай мүмкiндiк болмады. Содан бiр адамдардың “400 сом тапсаң паспортыңды қалада тұрады деп тiркетiп беремiз” дегенiнен бас тартып, (себебi ондай сома бiздiң жанұямыз үшiн өте көп ақша болғандықтан) Шымкентке қайттым.
Есейе келе Бердiбек Соқпақбаевтың басқа да шығармаларын қызыға оқыдым. Әсiресе, “Өлгендер қайтып келмейдi” романы менiң тағы бiр сүйiктi кiтабыма, әрi досыма айналды.
Кейбiрде Бердiбек ағамен бiр кездесiп, әңгiмелессем деген ой келетiн. 1978 жылы “Қазақстан жазушылары” атты кiтап жарық көрдi. Кiтапта ақын-жазушылар туралы қысқаша мәлiмет және мекен-жайы мен үйiнiң телефон сандары басылған екен. Бұл маған бiр ой салды. Сексенiншi жылдардың басында салған суреттерiмдi Республикалық сурет көрмелерiне апарып жүрдiм. Сол кездерi жазушы ағамен хабарлассам деген ой келдi. Бiр күнi Жазушылар одағында бiр жиылыс болды. Халық залға лық толы. Сол жерде Бердiбек Соқпақбаевты көрдiм. Тура кiтаптарында басылып жүрген суреттерiнен еш айырмасы жоқ. Күлiмсiреп отыр екен. Жақындап барып амандастым да: «Ағай, мен Шымкенттен келiп едiм, Сiзбен бiр сөйлессем деп едiм», — дедiм. «Мақұл, хабарлас», — дедi. Сөйлеу мақамы сондай жылы, менi көптен берi бiлетiндей, өзiмнiң жақын көкелерiм сияқты жауап бердi. Iшiм бiртүрлi жылы болып кеттi. Бұл менiң сүйiктi жазушыммен алғаш рет тiл қатысуым едi.
Бiраз уақыт өткен соң 1985 жылы Алматыға тағы бiр жолым түсiп барғанымда жазушы ағама телефон шалдым. Сәтiн салғанда телефон тұтқасын ағаның өзi көтердi.
— Сәламәтсыз ба, Бердiбек аға, мен Шымкенттен келген iнiңiзбiн. Сiзбен жолықсам деп едiм. — дедiм. Бердiбек аға: — Иә, есiмде. Өкiмет үйiнiң алдындағы гүлзарға кел, мен сол жерде түстен кейiн қыдырамын, — деп дәл уақытын белгiледi.
Айтқан уақытында бардым. Ол кiсi менен бұрын келiптi. Қазiр ол гүлзардың ортасында қазақ халқының батыр қыздары Әлия мен Мәншүкке орнатылған ескерткiш бар. Ағамен сол жерде кездестiм. Маған бiрден жылы шырай танытып амандасты. Жақын жердегi сәкiге отырдық. Түрлi тақырыпта сөйлестiк. Менi жассың демей, тең сөйлестi. Сонда да әдеп сақтап, аз сөйлеуге тырысып, кейбiрде ғана сұрақ қойып отырдым.
Бала кезiн бiраз еске алды. Менi таң қалдырғаны ешқашан естiмеген мынадай әңгiме айтты: «Бiз шекараға жақын жерде тұрдық. Ашаршылық жылдары көптеген адам, жасы бар, кемпiр-шалы бар, бiздiң ауылға келдi. Қайбiр келгiсi келдi дейсiң, аштықтан қашқандар ғой. Мен ол кезде кiшкентаймын, ненiң не екенiн кейiн түсiндiм ғой. Сонымен ол байғұстар Қытай аспақ, ал қызыләскерлер жiбермейдi. Сол келгендер тура бiздiң қоржын тамдарымыздың алдында жататын. Әлдерi әбден құрыған, әрең-әрең дауысын шығарып су сұрайды. Сол жерде жатып көбiсi аштан өлдi ғой. Ал, бiздер, балалар ертесiне солардың арасында: “ана шал өлiп қапты, мына кемпiр өлiп қапты” деп асыр салып жүгiрiп, ойнап жүретiнбiз».
Ағаның жантүршiгерлiк әңгiмесiн есiме түсiрсем әлi күнге дейiн ағаштан жасалынған биiк мұнарада мылтығын кезеп, қарны аш, шаршап-шалдыққан адамдарды шекарадан өткiзбей тұрған әскерлер көз алдыма елестейдi.
Бердiбек аға өзiнiң өсе келе оқуға түсiп студент болған жылдарын да есiне алып отырды. Аға сол кезден жазуға жақын болған екен. Қабырға газеттерiн шығаруға да араласыпты. Ептеп күнделiк те жазып жүрiптi. Оны жатақхана бөлмесiндегi керуетiнiң астында тұрған кiшкентай шабаданына салып қояды екен. Бiр күнi әдеттегiдей бiрдеме жазайын деп шабаданды ашса, күнделiгi жоқ! «Сөйтсем, арамызда сондайлар болады екен», дедi Бердiбек аға.
Қалай жазушы болғаны туралы айтқан кезде, «Басты кейiпкер өзiңiзсiз бе?» деп сұрадым. Сонда: “Көбi өз өмiрiмнен алынды ғой” деп, жауап бергенi есiмде. “Менiң атым Қожа” шығармасындағы – Қожа да, “Өлгендер қайтып келмейдi” романындағы басты кейiпкер – Еркiн де, өз өмiрiнен алынғандығын айтты. “Өлгендер қайтып келмейдi” романында түрменiң жағдайы суреттелетiнi туралы айта келiп: — Абақтыда отырғандардың тiршiлiгi туралы жазғанымның жартысынан көбi менiң келiсiмiмсiз қысқартылды — дедi. Бұны аса бiр қиналып, қимастықпен айтты.
Жазушылық туралы әңгiмелегенде екi жыл Мәскеудегi Максим Горький атындағы әдебиет институтында оқығанын да еске алғаны есiмде. — Сол екi жыл, — дедi Бердiбек ағам, — маған ештеңе берген жоқ, уақытым бекер кеттi. Бұндай оқу орындары бiлiмiңдi шыңдайды, бiрақ жазушы болу-болмауыңа әсерi шамалы.
Әңгiмесiне қарағанда Бердiбек аға ол жаққа оқуға жазушы болып қалыптасқан кезде барса керек.
Бiр күнi Қырғызстаннан бiр жас жiгiт келiптi. “Менiң атым Қожаны” қырғыз тiлiне аударған екен. Ендi соны баспадағы басшылар жеке кiтап етiп шығармай жатыр, соған көмектессеңiз деп көмек сұрай келiптi. “Менiң атым Қожа” кiтабының қырғызшаға аударылмағанын естiгенде таң қалғаным соншалық: — Сiз не дедiңiз? — деп сөзiн бөлiп жiбердiм. «Маған бәрiбiр, басса бассын, баспаса баспасын!» деп қолын бiр-ақ сiлтептi жазушы ағамыз. Ең жақын, қандас бауырлары кiтабын, әрi кiтап болғанда қандай десеңiзшi, баспаса Бердiбек ағадай жазушы не деуi керек ендi?!
Бәрiнен де бiлгiм келгенi жазушы ағаның қандай кiтапты оқитыны едi. Бердiбек аға бұл сұрағыма кiдiрместен бiрден жауап бердi: — Абайды қолымнан тастамаймын. Көбiнесе “Абай жолын” оқимын. Мұхтар Әуезовтiң “Абай жолы” шыққан кезде халыққа сол кезде театр да, теледидар да, кино да, цирк те болды. Бұл кiтап арқылы Мұхтар Әуезов қазақты әлемге танытты деймiз, ол пiкiр дұрыс әрине. Дегенмен, бұл шығармасы арқылы ұлы жазушы ағамыз қазақты қазақтың өзiмен таныстырды. Қазақты қазаққа танытты. Абайдың өмiрiн жаза отырып Мұхтар Әуезов қазақтың тұрмыс-тiршiлiгiн барлық қырларынан көрсеттi. “Абай жолы” кiтабын “Қазақ жолы” деп атаса да болатын едi, себебi кiтапта шынында да қазақ деген халықтың жақсы өмiрге, жарқын болашаққа жетсем деген талпынысы көрсетiлген. «Қазақ қандай халық?» деп сұрақ қойған адамға, “Абай жолын” оқыңыз деймiн. Бiр сөзбен айтқанда “Абай жолы” – қазақ халқының өмiрбаяны.
Бердiбек ағаның әңгiмесi мен көңiл-күйiнен байқағаным, ол кiсiнi сол кездегi қоғамның жағдайы өте алаңдатады екен. Әдебиет, қаламдастары туралы не жақсы не жаман деп тiс жармады. Тек Олжас Сүлейменов туралы айта келiп: «Олжасқа барып сөйлеспекпiн, қазiргi оның қарсыластары бiр қақпаға доп соғып жатыр ғой», — деп ақын бауырына жанашырлық танытты.
Әңгiме арасында өзiнiң еңбек өтеуi жөнiнде, «кiтаптар басылып жатыр ғой, соның қаламақысы жетедi» дегендi де айтты.
Қолтаңба жазбастан бұрын атымды тағы бiр рет сұрады. Бердалы, — дедiм. Бердiбек ағам: — Бердәлi шығар, — дедi де, “Бердәлi iнiм! Мақсатыңа жет!” деп қолын қойып бердi.
Қоштасарда: «Басың бар қазақ екенсiң» дедi. Ағаның маған бұлай деп баға бергенiне әлi күнге дейiн қуанамын. Кейбiрде, аға солай деп едi ғой, сол жауапкершiлiктi дұрыс сезiнбедiм, не бiтiрдiм деп ойланамын.
Бiраз уақыт өткен соң сол кездесу қай күнi болған едi, қап, неге күнiн жазып алмадым деп уайымдап жүрдiм. Осындай бiр күнi ағамның қолжазбасына бiр қарайыншы деп кiтапты ашсам қолтаңбаның астында “15/IV-1985” деген жазу бар екен. Қайран Бердiбек ағам, бәрiн бiлген екен ғой!
Алматыға барсам қалайда Бердiбек ағамен кездескен гүлзарға әдейi бұрылып барамын. Сол бiр кездесу күнi кеше болғандай. Ағаның кiтаптарын жиi қайталап оқимын, “Менiң атым Қожа” фильмiн 1993 жылы дүниеге келген ұлым Бектас-Әлiбек екеумiз бiрге тамашалағанды ұнатамыз.
Бердалы ОСПАН, Оңтүстiк Қазақстан облыстық Саяси-қуғын сүргiн құрбандары мұражайының бас қор сақтаушысы