YЙСIЗ YЛЕСКЕРГЕ – YКIМЕТТЕН КӨМЕК

YЙСIЗ YЛЕСКЕРГЕ – YКIМЕТТЕН КӨМЕК

YЙСIЗ YЛЕСКЕРГЕ – YКIМЕТТЕН КӨМЕК
ашық дереккөзі
275

Үлескерлер проблемасын шешуге ден қойған Үкiмет мемлекеттiк қордан қыруар қаржы бөлдi. Билiк 2010 жылға қарай баспанасыз босып жүрген үлескерлер саны едәуiр азаяды деп сендiрiп отыр. Бiр өкiнiштiсi, адал ақы, маңдай термен тапқан қаржысының тағдырына алаңдаған үлескерлер саны саусақпен санарлықтай.

Қазiр қазақ қоғамында күн тәртiбiне шыққан басты қиындықтардың бiрi – үлескерлер мәселесi. Бiрi құрылыс компаниясына алданып қалған, ендi бiрi қаржылық дағдарыстың құрбанына айналған, кейбiрi экономикалық қиындықтардан туындаған қаражат тапшылығының кесiрiнен баспанасыз босып жүр… Осылайша тiзiлiп кете баратын үлескерлер проблемасын Үкiмет қолға алып, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы екiншi деңгейлi банктердiң қатысуымен ипотекалық мәселенi, яғни, үлескерлердiң басты “бас ауруын” шешiп берудi қолға алғаны белгiлi. Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев 2010 жылдың 1 қаңтары күнi республикамыздың ең iрi екi қаласында құрылысы аяқталмаған 54 нысан қалатынын мәлiмдедi: Алматыда – 24, Астанада – 30. Вице-премьердiң айтуынша, үлескерлер мәселесi осылайша бiртiндеп шешiмiн табады: “Еркiн нарықтағы тұтынушылық сұраныс деңгейi өсiп келедi. Нарық тетiктер жүйелi түрде iске қосылысымен, нарықтық қатынастарға керi әсер етпес үшiн мемлекеттiк бағдарламаны тоқтатамыз” дей келе, апта сайын мониторинг жүргiзiп отыратын әрбiр нысанға жауапты адамдардың бекiтiлгенiн, коммуникацияға қатысты шешiлмеген бiрқатар мәселелердiң барын және құрылысы тоқтап қалған нысандардың үлескерлердiң баспанаға қол жеткiзу жолдарын қарастыру керектiгiн айтты: “Бүгiнде құрылыстары тоқырап, терезелерi үңiрейiп тұрған нысан жоқ. Бiз алдымен оларды аяқтап алуымыз керек. Содан кейiн ғана оларды бөлу немесе сату жолдарын қарастырамыз”. Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Должниковтың айтуына қарағанда, жылжымайтын мүлiк нарығындағы жағдай мен баға саясаты тұрақтана бастады, көпшiлiк көңiлiндегi “пәтерлер құны тым төмендеп, баспана күрт арзандап кетедi” деген үмiт ақталмайды. Қазiргi таңда Алматы қаласында пайдалануға берiлетiн 8 жаңа нысанда құрылыс қарқынды жүруде. Әсiресе, әр шаршы метрi 1500-1700 АҚШ долларына бағаланатын үш бөлмелi пәтерлерге деген сұраныс өскен көрiнедi.

Экс-астанадағы үлескерлiк құрылыстың “бас ауруына” айналған жоба – “Қуат” корпорациясына тиесiлi 2800-ден астам үлескерi бар “Мега Сайран” және “Үш төбе” тұрғын үй кешендерi пайдалануға берiлетiн болды. “Самұрық-Қазына” қорының басқарма мүшесi және атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов құрылысы аяқталмаған нысандардың Global Building компаниясына өткiзiлетiнiн мәлiмдедi. “Самұрық-Қазына” магистралдық инженерлiк жолдардың құрылысы мен кейбiр жобаларды жүзеге асыруға арналған 3 млрд. теңге көлемiндегi бiрiншi транш мәселесiн талқыға салуда. Үш мыңға жуық үлескердi мезi еткен “Мега Сайран” мен “Үш төбе” кешендерiне бағалау жұмыстары жүргiзiлiп, Алматы қаласы әкiмдiгi мен “Казкоммерцбанкiмен” келiсiмдер жасалған. Әйтекеновтiң айтуынша, тамыз айының ортасына қарай барлық активтер – жер мен жерасты құрылыстарына қатысты құжаттарды қабылдап алу-өткiзу шаралары аяқталуы тиiс. Яғни, көп кешiкпей, құрылыс алаңдарындағы жұмыс қайта қызбақ. Бiр өкiнiштiсi, үлескерлер тарапынан белсендiлiк танытылмай отырған көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары