ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: РЕСЕЙ КӨЗДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: РЕСЕЙ КӨЗДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: РЕСЕЙ КӨЗДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
214

Өткен аптаның соңында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының бейресми саммитiнде Ресей өз дiттегенiне жетiп тынды. Бiрiншiден Қырғызстанның Манас әуежайында әскери базасын енгiзуге қол жеткiзсе, бұған дейiн ерiн бауырына алып тулап келген Белоруссияны Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмiнiң Жедел қимылдайтын ұжымдық күш құруға келiсуге көндiрдi. Сөйтiп, Ресейдiң ұпайы түгел.

Әрине, Құрманбек Бакиевтi Манастағы АҚШ әскери базасын шығаруды мәжбүрлеген Ресейдiң негiзгi көздегенi де осы болатын. Бұл үшiн Ресей Қырғызстанға 2 миллиард доллар қарыз беруге келiстi. Грузия болмаса, Ресей ендi аймақтағы бақылауды толықтай өз қолына алды деген сөз. Оның үстiне жедел қимылдайтын ұжымдық күш осы тамыз айында Қазақстанда алғашқы оқуларын өткiзiп, қыркүйекте Белоруссияда “Запад – 2009” әскери оқу-жаттығуларын өткiзетiн болады. Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарты ұйымына Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан және Өзбекстан енедi. Бұл саммитке аталған 7 елдiң басшысы да келдi. Сондай-ақ, сиясы кеппеген Қырғыз сайлауына нүкте қойып, Құрманбек Бакиевтiң инаугурациясына атынан өкiл ретiнде тек Қазақстан президентi Назарбаев қатысты. Қалғандары елдерiнде күйiп тұрған маңызды iстер барын айтып, жолға түстi.

Бiр айта кетерлiгi, бұған дейiн Қырғыз территориясына Ресей әскерилерiнiң келуiне Өзбекстан табанды қарсылық көрсетiп келген болатын. Шолпан-Атадағы бейресми саммитте ойға алғандарын жүзеге асыруға Белоруссия мен Өзбекстан президенттерi қарсы болады деген үреймен келген Ресей тарапы бұл жолы бөркiн аспанға атып қайтты. Әрине, Ресей баспасөзiнiң жазуына қарағанда, Қырғыз территориясына әскери базасының екiншi легiн енгiзiп, оны 49 жылға жалға алу келiсiмiне қол жеткiзiп, қажеттiлiк туса тағы 25 жылға созатын мүмкiндiкке жеттi. Олар бұны Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарты елдерiнiң әскери базасы болады деп шегеледi. Өзбекстан мен Белоруссияны өз еркiне қалай көндiргенiн кiм бiлсiн, бұл жайында баспасөздердегi мәлiметтер сараң.

Бiрақ, кейбiр баспасөздегi мәлметтерге қарағанда, Лукашенко Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының тiзгiнiн қолға алудан бас тартқан. Ал, Өзбекстан Ресей әскери базасының өз шекарасына жақын маңнан ашылуын қаламаған. Тәжiкстан мен Ресей арасында да өзара келiспеушiлiктер бар көрiнедi. Бiрақ соған қарамастан, Ұжымдық жедел қимылдау күшiн құруға және Қырғызстан аумағына әскери батальон әкелуге мүмкiндiк алған. Саммитте қол жеткiзiлген мәселелердiң барлығы Ресей мүддесi тұрғысынан алғанда сәттi болды. Бiрақ, Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарты елдерiне оның қаншалықты тиiмдi болатынын айту қиын.

Ұжымдық жедел қимылдау күшi Кеңес одағы кезiндегi Варшава шартын еске түсiредi. Бүгiнде ТМД-ының тең жартысынан айрылған Ресей қалғандарын уысынан шығармауға тырысып бағуда. Бұл күш аймаққа қандай да бiр қауiп төнген жағдайда бiрлесiп қимылдау үшiн құрылуда. Демек, Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шартына мүше елдердiң сыртқы саясатта өзiндiк пiкiр айтуға мүмкiндiгi қалмай отыр. Әрине, Өзбекстан, Армения және Өзбекстан ұжымдық жедел қимылдау шартына қатысу үшiн өз шарттарын ұсынды. Бұл шарттардың негiзi – егерде кез-келген iс шара ұлттық мемлекеттiң ұлттық мүддесiне қайшы келетiн болса, олар оған қатысудан бас тартады. Ал, Қазақстан Ресей не десе де бас шұлғып, келiсе беретiн сыңайлы. Демек, бiздiң сыртқы саясатымыз да бүгiнде Ресейге тәуелдi болған секiлдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары