ЛОГИСТИКА – БИЗНЕСПЕН ЕГIЗ ҰҒЫМ
ЛОГИСТИКА – БИЗНЕСПЕН ЕГIЗ ҰҒЫМ
Бүкiл әлемдi өзiмен санастырған логистика iлiмi – қазақ қоғамы мен отандық iскерлер әлемiне таңсық ұғым: жарнама жетiспейдi. Әзiрге, әрине. Өйткенi, логистикасыз кез келген кәсiпкердiң тасы өрге домалай қоюы екiталай.
“Логистика” француз тiлiнде (“loger”) “орналастыру” деген ұғымды бiлдiредi. Ал грек тiлiндегi “логос” алғаш рет византиялықтар қоғамында қолданылған. Сол кездерде императорлар сарайында түскен салықтарды басқарып әрi жүйелi түрде бөлiп отыру мiндетi жүктелген логистиктер қызмет атқарыпты. Кейбiр дерек көздерi басқару мен жоспарлаудың осы тиiмдi тәсiлiн Наполеон да өз әскерiне логистика iлiмiне қатысты қағидаларды қолданғанын көлденең тартады. Кәсiпорындардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметiн зерттеудiң мұндай тәсiлi Батыста ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында пайда болған. Уақыт өте келе логистика ғылыми-тәжiрибелiк қызметтiң дербес бағыты ретiнде қалыптасқан. Бүгiнгi таңда “логистика” ұғымы – iскерлер қауымы жиi қолданатын сөз. Өйткенi, логистика шикiзат, материал, өндiрiс, еңбек, дайын өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға дейiн жеткiзудегi қозғалыстың теориясы мен тәжiрибесiн айқындайды. Басқаша айтқанда, логистика – түрлi саладағы материалдық, ақпараттық және қаржы қорын жоспарлау, басқару және бақылау iлiмi. Аталған ұғым 1974 жылы Берлинде өткен алғашқы Логистика туралы Еуропалық Конгресте ресми түрде бекiтiлген.
2009 жылдың 26 мамырында Алматы қаласында “Amanat Invest Group” холдингiнiң “DAMU” индустриалды логистикалық орталығының ұйымдастыруымен, “Заманауи логистикалық стандарттар – шағын және орта кәсiпкерлiктiң сыртқы экономикалық қызметiн жақсарту жолындағы тиiмдi шара” тақырыбына дөңгелек үстел өткiзiлдi. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маркетинг және коммерция кафедрасының меңгерушiсi Айгүл Төлембаева жүргiзген бұл басқосуда отандық логистика саласымен бiрге шағын және орта кәсiпкерлiкке тән түйiндi түйткiлдер талқыға салынған. Отандық экономиканың бүгiнгi ахуалына қысқаша тоқталған Айгүл Нұрәлиқызы Үкiмет тарапынан жүргiзiлiп жатқан экономиканы сауықтыру шараларының басым бөлiгi кешендi түрде жүргiзiлмейтiндiгiне қынжылды: “Дәрiгер адам ағзасының қай жерi сыр берсе, сол жердi емдеуге көңiл бөледi. Ал психолог үшiн ағзаның әр бөлiгi емес, адамның жалпы жағдайы, мiнез-құлқы мен әрекетi маңызды. Менiңше, Үкiмет экономиканың ойдағыдай жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету барысында белгiлi бiр салаларын жақсартуға ден қойғаннан гөрi кешендi жұмыстарды қолға алғаны жөн”. Профессор ханым билiктiң сырттан тасымалданатын ет және сүт өнiмдерiне салынатын баж салығын өсiруге қатысты әрекетiн сынға алады. Оның айтуынша, белгiлi бiр салаға ғана көңiл бөлу дұрыс емес. Оның үстiне, сүт пен еттiң соңына ала өзге де тұтынушылық тауарлардың, ақылы қызмет көрсетудiң және коммуналдық төлемдердiң қымбаттайтыны белгiлi. Сонымен қатар Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өту мәселесiнде де түйiндi мәселелер жетерлiк. Мысалы, ДСҰ-да ауыл шаруашылығына жеңiлдiктер қарастырылмайды, ал өндiрiстiк қарымы қауқарсыз Қазақстанда ауыл шаруашылығы дотациясыз өмiр сүре алмасы анық. Тағы бiр мәселе, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасында құрылған бiртұтас кедендiк жүйе iске қосылатыны белгiлi. Түсiнiксiзi, аталған халықаралық ұйымға мүше болу талаптарын Қазақстан бөлек, Ресей бөлек жүргiзуде. Ал Беларусь жағы ДСҰ туралы тiптi, жақ ашқан емес. Сонда кедендiк одақ шеңберiндегi бiртұтас жүйедегi берекесiздiк пен қарама-қайшылықтан қайтiп сақтанған жөн? Дөңгелек үстел басына жиналғандарды толғандырған тағы бiр сауал – осы.
“Елдегi сыртқы экономикалық қызметтiң бүгiнгi ахуалы: статистика, болжамдар мен келешегi” тақырыбына баяндама жасаған “Amanat Invest Group” холдингiнiң сарапшысы Эльмира Жанғабылованың айтуынша, бүгiнгi таңда отандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң халi мүшкiл. Елдегi жұмыссыздық деңгейiне қатысты көрсеткiштердiң 50 пайызы шағын және орта кәсiпкерлiктiң үлесiнде. Өйткенi, кәсiпорындардың тең жартысы сауда-саттыққа негiзделген. Дағдарыстың кесiрiнен тығырыққа тiрелген әлемдiк экономиканың ауыртпалығы қазақстандық экономикаға да керi әсер етiп отырғаны анық. “Жығылғанға – жұдырық”, кластерлiк жүйе бойынша тауар өндiрiп, iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруда отандық өндiрушiлердiң дәрменсiз, көмiрсутегiлерден түсетiн кiрiске “кiндiгi” байлаулы бiздiң экономика экспортқа емес, импортқа негiзделген.
Әлемдiк тәжiрибеге сүйенсек, қазiр халықаралық деңгейдегi құрлықаралық жүк тасымалын дамытуда теңiз транспорты маңызды рөл атқарады. Алайда, бүгiнде Орталық Азия елдерiнiң Қытай және Ресеймен құрлық арқылы серiктестiк орнатудың балама жолдары табылмай отыр. Осы себептi, аталған елдер арасында көлiк дәлiздерi бөлiсiнде бәсекенiң қызуы тегiн емес. Эльмира Жанғабылованың айтуынша, тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары қарқыны бәсең жүк тасымалы 2002-2008 жылдар аралығында 6 млн. тоннадан 10 млн. тоннаға дейiн өскен көрiнедi. Бiрақ көрсеткiштердiң жоғарылығына қарамастан, құрлық арқылы Қытай мен Еуропалық Одаққа мүше елдермен арадағы сауда айналымының көлемi небары 3 пайыздың төңiрегiмен шектелген. Үкiмет iске асырғалы отырған Батыс Қытай – Батыс Еуропа жобасының құрамына кiретiн көлiк жолдары жұмыс iстей бастаса, мемлекеттiк бюджетке миллиардтаған қаржы көлiменде кiрiс кiрмек. Бүгiнде Ресей мен өзге де көршiлес елдердiң өкiлдерi жүк тасымалының көлемiн арттыруда Қазақстанның болашағы зор деген ұстанымда. Демек, мақсатты түрде жүзеге асырылатын шаралар көп күттiрмей-ақ, өз жемiсiн берерi айқын.
Басқосу барысында шекара бекеттерiндегi бiртұтас кедендiк бақылау мен бiр терезе қағидасының енгiзiлуiн оң бағалаған Қазақстандағы Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясының вице-президентi Тимур Назханов кедендiк заңды жетiлдiрудi көлiктiк инфрақұрылымды жақсартумен астастыра қарау қажет деген пiкiр айтты. Ескеретiн жайт, Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясына 2300-ден астам кәсiпорын мүше. Оның 1600-ға жуығы – Алматыда, қалғандары аймақтарда орналасқан. Демек, ассоциацияға мүше кәсiпкерлердiң талап-тiлегi отандық орта және шағын кәсiпкерлiктi дамытуда маңызды рөл атқарары анық.
“USAID/RTLC жобасының халықаралық сауда талаптарын жеңiлдету мақсатындағы қызметi” тақырыбына баяндама жасаған USAID-тың логистика жөнiндегi халықаралық сарапшысы Олег Самухин Қазақстанның бизнес жүргiзу мен халықаралық сауда жасаудағы үлес салмағын таразылады. RTLC жобасының транспорттық және логистикалық даму бағыты бiрнешеге бөлiнедi: импорттық-экспорттық құжаттарды дайындау процесiн жеңiлдету; транзиттi жеңiлдету; көлiк дәлiздерi мен тексеру бөлiмшелерiндегi жұмыс жайлы мониторинг жасау; көлiктiк ассоциацияларды дамыту; халықаралық келiсiмдердiң орындалуына ықпал ету; логистиканы көпшiлiкке түсiндiру мақсатындағы мақалалар жариялау және ағартушылық шараларын өткiзу; аймақтық көлiк дәлiздерi мен логистиканы дамытуға жағдай жасау т.б. осы орайда, USAID әсiресе, Ауғанстанның солтүтстiк бөлiгiне тиесiлi бағытты дамытуға мүдделi. Бұл жобадан Өзбекстан сырт қалғанмен, есесiне, Қазақстан, Тәжiкстан, Қырғызстан қамтылмақ. Олег Самухин мырза баяндама барысында Дүниежүзiлiк банк сарапшылары жүргiзген сауалнама нәтижесiнде Қазақстан кәсiпкерлiктi жүргiзу деңгейi (Doing Business-2009) жағынан алғанда, 70-орынды иемденгенiн көлденең тартты. Италияның өзiн басып озған бұл көрсеткiш жаман емес, бiрақ Қазақстанның халықаралық сауда деңгейi ақсап қалған: 180-орын. Алайда, дәл осы мәселеде дөңгелек үстелге қатысушылар арасынан қарсы пiкiр айтқандар табылды. Мәселен, Айгүл Төлембаева ханым Қазақстанда кәсiпорынды тiркету оңай болғанмен, халықаралық сауда деңгейiнiң төмен болуы себептi, кәсiпкерлерге жұмыс жүргiзу қиын екендiгiн көлденең тарта келе, таблица құруда абай болу керектiгiн ескерттi. Тiркелу демекшi, шағын және орта кәсiпкерлiк нысанын тiркеуде кездесетiн қиындықтар жеткiлiктi. Мысалы, тиiстi орындар заң жүзiнде кез келген шағын және орта кәсiпкерлiк нысанын 3 күн iшiнде тiркеуге мiндеттi. Бiрақ, Тимур Назханов елiмiзге Қытай мен Ресейден тауар таситын ағайынның кеденде көп кедергiге кезедсетiнiн көлденең тартты: “Кейде кәсiпкерлер 3 күн iшiнде емес, 3 айда әрең тiркеледi. Заң бойынша баж салығы өте аз көлемде болғанмен, бейресми төленетiн ақы, яғни, берiлетiн пара көлемi әлдеқайда жоғары”.
Сырттан тауар тасумен күнелтетiн кәсiпкер үшiн тасымалдау мәселесi өзектi. Өйткенi, сауда жасаудағы басты талаптардың бiрi – шалт қимылдау. Ит арқасы қияннан тасымалданатын тауарлар өндiрушiден тұтынушыға тез жеткiзiлуi тиiс. Мұндайда “Amanat Invest Group” холдингi сияқты арнайы мекемелердiң маңызы зор. Холдингтiң тағы бiр сарапшысы Дiнмұхаммед Құсайыновтың айтуынша, “Amanat Invest Group” холдингi жанынан құрылған “DAMU” индустриалды логистикалық орталығы тәулiк сайын 3 мыңнан астам көлiкке қызмет көрсетедi. Мұнда кәсiпкерлерге кешендi түрде қызмет көрсетiледi: жүктерiн уақытша қоймаларға сақтайды, кедендiк бекетте декларация толтырады, тауарларын Қазақстанның басқа аумақтарына темiр жол арқылы жөнелтедi. Ескеретiн жайт, кәсiпкерлер қауымы бiр терезе қағидасы бойынша әрекет ету барысында уақыттарын үнемдейдi. Өкiнiшке қарай, жүк көлiктерi ағынын басқару елiмiзде кенжелеп қалған салалардың қатарында. Әлемдiк интеграция экономикаға да қатысты. Соңғы 2-3 жыл көлемiнде республикамызға бағытталған импорт ағыны әсiресе, Қытай, Ресей, Түркия, Еуропалық Одаққа мүше елдер мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi тарапынан аса белсендi. Өкiнiшке қарай, логистиканың мәнi мен маңызын жете түсiнiп үлгермеген кей отандас ақшасын үнемдеймiн деп жүрiп, кейде шығынға батып жатады екен.
Тағы бiр маңызды мәселе, бүгiнгi таңда ұзақ қашықтыққа жүк таситын жүргiзушiлер ұзын жолдың бойында көп қиындықтарға кездеседi. Мысалы, жүргiзушiлер беймезгiл немесе қажеттi уақытта демалып, тамақтанатын, көлiк қоятын, сондай-ақ, май құятын жанар-жағармай бекеттерi елiмiздiң тұтынушылық сұраныс деңгейi жоғары оңтүстiк бөлiгiнде жақсы дамығанмен, өзге бөлiктердегi орталықтан шалғай жатқан аймақтарда саусақпен санарлықтай. Сондықтан Үкiмет магистралдық қызмет көрсетудi дамытуға назар аударуы тиiс. Өйткенi, бұл мәселеде бiздiң билiк жиi иек артатын “барлығын нарық өзi реттеп, өзi қалыптастырады” деген қағида дәрменсiз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ