ҚАЗАҚТЫ ДАҒДАРЫСТАН ПАТРИОТИЗМ ҚҰТҚАРАДЫ

ҚАЗАҚТЫ ДАҒДАРЫСТАН ПАТРИОТИЗМ ҚҰТҚАРАДЫ

ҚАЗАҚТЫ ДАҒДАРЫСТАН ПАТРИОТИЗМ ҚҰТҚАРАДЫ
ашық дереккөзі
192

Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан ауыр ахуалды жан-жақты зерделей келе дағдарыстан шығудың ең негiзгi кiлтi – патриотизм деп айтуға толықтай негiз бар.

Патриотизм әлеуметтiк-саяси құбылыс ретiнде адамзат өркениетiнiң барлық кезеңдерiнде көрiнiс бередi. Ежелгi Грецияның және Римнiң антикалық полистерiнде еркiн азаматтар өздерiн туған елiнiң, мемлекетiнiң патриоты деп санады. Тарихи ретроспективада патриотизмдi “ежелгi саяси феномен” ретiнде қарастыруға болады. Әлемдiк тәжiрибе бойынша, патриоттық идеал ретiнде ұлттық абырой, туған жерiне, елiне деген махаббат, салт-дәстүр жолын қуушы, мемлекет мүдделерiн жақтайтын, ал керек кезде оны қолына қару алып қорғайтындар жатады.

Патриоттық тәрбиеге әлемнiң түкпiр- түкпiрiнде әртүрлi басымдық қойылған. Мысалы, АҚШ – та азаматтардың жауапкершiлiгiн демократиялық қоғамның тағдырына жауапкершiлiк арқылы қалыптастыруға бағыттайды. Онда ең алдыңғы кезекте гүлдену, американдық өмiр салты, индивидуализм мен кәсiпкерлiктi қояды. Еуропада адамдардың құқығына оқыту негiзгi мұрат. Ол европалық ғылым мен өркениетте бiрлесе отырып өмiр сүрiп, ұжымдық идеяны қорғаудың ошағы болып табылады. Ислам әлемiнде патриоттық тәрбиенiң негiзi ретiнде дiнге көңiл аударылып, дiни – мемлекеттiк бiлiм түрлi салт -дәстүрлерге негiзделген.

Кеңес қоғамының саяси саласында патриотизм мәселесi өте маңызды орынға ие болған. Ол коммунистiк сананың бөлiнбейтiн құрамдас бөлшегi болып саналды.

Қазақстан Республикасы тәуелсiздiкке қол жеткiзген соң, азаматтардың жаңаша тәрбиеленуiне, патриоттық сезiмiнiң қалыптасуына жаңа талаптар туындауына әкелдi. Ал бүгiнгi таңда патриотизм әлемдiк дағдарыс кезеңiнде мемлекеттi нығайтушы рухани-саяси фактор ретiнде қарастырылуы керек. Патриотизмнiң сонда ғана саяси мәртебесi арта түспек.

Қазақстандық патриотизм саяси құбылыс ретiнде бiр мезгiлде пайда бола салған жоқ. Ол халықтың дамуының және тұрақтануының логикалық нәтижесi болып саналады. Сонымен бiрге, ол қоғам күшiнiң және өсуiнiң критерийi ретiнде қалыптасты. Патриотизм күшейген сайын Қазақстан да нығая түсуде. Бұл деген патриотизмнiң жасанды түсiнiк еместiгiн дәлелдейдi. Ол қоғамдағы этноәлеуметтiк ақиқатының өнiмi ретiнде болады және патриотизм мемлекеттiң мақсатты идеологиялық iс-әрекетiнiң арқасында қалыптасып тәрбиеленедi. Бұл жұмысқа әр жанұя, бала-бақша, орта мектептер, колледждер, унверситеттер, әрбiр еңбек ұжымдары тартылуы керек.

Бiздiң пiкiрiмiз бойынша, тәрбие жұмысы гуманизм идеясына, адалдыққа, әдiлдiкке, жеке тұлғаның еркiндiгiне, құқықтық қоғам мен демократияға негiзделiп құрылуы керек. Сонда ғана патриотизм осы идеяларға сүйене отырып адамдарды тәрбиелеу барысында қоғамды, бiрiктiретiн және нығайтатын рухани факторға айналады. Нәтижесiнде кез келген дағдарыстан аса қиналмай шыға аламыз. Қоғамымыз өте күрделi этнодемографиялық және этносаяси бiрлестiк болғанына қарамастан, азаматтардың патриоттығының арқасында он сегiз жыл тәуелсiздiгiмiз, республикамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкiлдерi арасындағы достастығымыз нығая түстi. Осы достығымызға ешқандай да дағдарыс керi әсерiн тигiзе алмайды. Ол туралы Президент Н.Ә. Назарбаев осы жылғы Жолдауында былай деген болатын: “Жерiмiз кең, елiмiз бай, iстеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетiп жатыр. Бел шеше кiрiсiп, бiлек сыбанып жұмыс iстейтiн кез келдi. Бiр-бiрiмiзге қарайсалатын, көмектесетiн, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез”.

Кез келген мемлекетте халықтардың бiрiгуiне және ол бiрлiктiң нығаюына жету аса күрделi мәселе. Бұл мәселе бiзде де ең өзектi мәселелердiң бiрi. Бұл өркениеттердiң бiр-бiрiне ұқсас еместiгiне байланысты. Мысалы славян халықтары Ресей мен Батысқа жақын болуға тырысады, түрiк халықтары мұсылмандық Шығысқа жақын болуға ұмтылса, ал кавказ халықтарының өздерiне тән жеке менталитетi мен психологиясы бар, корейлер буддизмге қарай ден қоюға тырысады.

Полиэтнизм мен поликонфессионализм адамдарды дiнге және ұлтқа бөледi, бұл соңында кейбiр түсiнбеушiлiкке әкелуi мүмкiн. Көптеген елдерде мемлекеттiң құлдырауына әкелдi және шекаралық, этникалық, саяси шиеленiске себеп болды. Бұған Таяу Шығыстағы, Югославиядағы, Солтүстiк Ирландиядағы, Ауғанстандағы, Қытайдағы-ұйғырлардың, Түркиядағы курдтардың оқиғалары куә. Қоғамның бөлiнуi полиэтникалық мемлекеттерге тән.

Бұрынғы Кеңестер Одағы бүгiнде бiрнеше тәуелсiз мемлекеттерге бөлiнген. Көбiсi полиэтникалық болып табылады. Олардың алдында мемлекет тәуелсiздiгiн нығайту туралы өзектi мәселе тұр. Тәуелсiздiктi нығайтудың негiзгi жолы дағдарысты еңсеруде барлық қазақстандықтардың басын бiрiктiретiн қазақстандық патриотизмге негiзделген жан-жақты саралаған этносаясат қажет.

Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу жай бiр қатардағы iс емес. Ол бiр рет жасалатын шаралардың қатарына жатпайды. Патриотизмнiң қалыптасу процесiнде жеке идеологиясы және өз мақсатын көздеген жүйесi болуы қажет. Мектепке дейiнгi мекемелерде, бастауыш және орта мектептерде, балалардың патриоттық тәрбиесi, Қазақстанның әйгiлi, ұлы адамдардың өмiрлiк iс-әрекеттерiн үлгi етуден басталуы тиiс. Өмiрде үлгi тұтарлық осындай азаматтар елiмiзде өте көп. Олар өз өмiрiн қазақ жерiнiң тұтастығын сақтап қалу үшiн құрбан еткен халқымыздың ұлы батырлары болатын. Олардың қазақ жерiн сақтап қалу үшiн iстеген ерлiгi болашақ жастарға үлгi, сабақ болуы керек. Жастарға патриоттық тәрбие беруде бiздiң халқымызда үлкен потенциал бар. Осындай ұлы қазақ батырларына арналған ғылыми зерттеулер, жалпыға түсiнiктi кiтаптар, көркем және мультипликациялық фильмдер патриоттық идеологияны жастар арасына таратуға және дамытуға ықпалын тигiзерi сөзсiз.

Қазiргi кезде жастар арасында патриоттық сезiмдi орнықтырып тәрбиелеуге тәуелсiздiк идеясының әсерi жоғары болмақ. Қазақ жыраулары мен ақындарының мұрасы, патриоттық күшi адамдардың патриот болып тәрбиеленуiне және идеологиясының қалыптасуына белгiлi үлес қосады. Осы туралы: “Сенiмдiлiк, жеке белсендiлiк, төзiмдiлiк, патриотизм, Отанға деген сүйiспеншiлiк секiлдi көңiл-күйлердi орнықтыратын материалды жиi беру керек” – деген пiкiрдi Н.Ә. Назарбаев “Нұр Отан” партиясының ХII съезiнде ашық айтты.

Қазақстан Республикасының Президентi өзiнiң биылғы жылғы Жолдауында “Белгiлеген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн бiздiң халқымыздың топтасқандығы қажет. Сондықтан да барша қазақстандықтарға аталған шараларды жүзеге асыруға кiрiсуге, еңбекқорлық пен табандылық танытуға, ұғынықты болуға, жақындарына, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге және қамқорлық жасауға шақырамын… “, – дегенде ол қазақстандық патриотизмдi меңзегенiн байқау қиын емес.

Тәуелсiздiктi иелену және оны нығайту – бұл қазақстандық мемлекеттiктiң тек бастапқы кезеңi. Бүгiнгi таңдағы басты мәселе – дағдарыстан шығу болып табылады. Елiмiздi әлемдiк өркениетке келтiру үшiн жаңа бiрiктiрушi идея патриотизмнiң маңайында болуы қажет.

А. Байтұрсынов: “Атадан балаға мирас болып екi-ақ нәрсе қалады, бiрiншi – бай тiлi, екiншi – байтақ жерi”, – деп жазған. Патриотизмнiң маңызды өлшемдерiнiң бiрi – тiл. Қазақ зиялылары, әсiресе Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлiнiң отансүйгiштiкке тәрбиелеудегi рөлiне ерекше мән берген. Оның пiкiрiнше тiл-адамның, ұлттың ерекше белгiсi, қоғамдық өмiрдегi қарым-қатынаста қолданатын ұтымды қаруының бiрi.

Белгiлi қоғам қайраткерi А. Айталының “Ұлттану” оқу құралында: “Ұлтжандылық – халық рухы және материалдық игiлiктерiн көбейтуге арналған жiгерi, қайраты. Ұлтжанды деп еңбекқор, iскер, талапты, ойшыл, iзденгiш, ұлттық мұраттар жолындағы абзал iстiң иесiн айтамыз. Ұлы ұлттар осындай ұлтжандылығымен мықты” делiнген.

Қазақ халқы елi мен жерiн жауға бермей, ұрпақтарына аманаттауы ұлттық рухтың биiк шыңы деп айтуға болады. Қазақ халқының тарихында ұлттық рухтың биiктеу шыңы тарихи оқиғалардан көрiнiс бередi. Ол түркi халқының ерлiк дәстүрi, Алтын Орда тұсындағы және 16-18 ғасырлардағы қазақ халқының басына түскен қиыншылыққа төтеп беруi, 19 ғасырдағы патшалық Ресейдiң отарлау саясатына қарсы күресi, екiншi дүниежүзiлiк соғыс, Желтоқсан оқиғасы, елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi тарихи оқиғалар, сонымен қатар, бүгiнгi таңдағы әлемдiк дағдарыстың сынына төтеп беру т.б.

“Қазақ” деген терминнiң өзi ер, ер жүрек деген мағынадан туындағандықтан, ұлттың бойындағы қасиеттер де ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра iспеттес. Патриотизм ұғымының қазақ елi саяси тарихынан алар орны жөнiндегi мәселелердi төмендегiдей кезеңдерге бөлiп қарастыруға болады.

Қазақстандық патриотизмнiң ел Тәуелсiздiгi жылдарындағы тарихи алғашқы кезеңi: 1991-1994 жылдар аралығы. Бұл жылдар көлемiнде Тәуелсiздiк идеясын ұлықтау жылдары деп аталмақ. Ол ұлттық рухтың оянуы, өрлеу үрдiсiмен сипатталмақ.

Екiншi кезең: 1994-1998 жылдар аралығы. Бұл кезең мемлекеттiң нарықты экономика заңдылықтарына өту кезеңiмен, кей тұстары халықтың жекелеген әлеуметтiк топтарын торығушылыққа, дағдарысқа алып келген сәттерiмен сиптталады.

Үшiншi кезең: 1999-2001 жылдар аралығы. Бұл кезең қазақстандық патриотизм ұғымы шын мәнiнде ел iшiндегi бiрлiктiң, қоғамдық келiсiмнiң, тұрақты саяси ахуалдың кепiлiне айнағандығымен сипатталады.

Төртiншi кезең: 2002-2008 жылдар аралығы. Бұл кезең қазақстандық патриотизмдi мемлекет тарапынан қолға алып, нақты шаралар арқылы жүзеге асырудың бастамасы болып табылады.

Бесiншi кезең: 2008 жылдан басталатын жаңа кезең белгiлi бiр дәрежеде жемiсiн беруге тиiс. Ол жалпы әлемдiк дағдарысқа төтеп бере алатын негiзгi құралдың бiрiне айналуымен ерекшеленбек.

Тарих тағылымы көрсетiп отырғандай, патриоттық сана мемлекеттiк саясат пен идеологияның жемiсi ретiнде қарастырылуы тиiс. Осы тұрғыдан келгенде, қазақстандық патриотизм – республикадағы қоғамдық келiсiмдi жүзеге асыратын саяси фактор. Өйткенi оның бүкiл мән-мағынасы имандылық пен демократияның, әлеуметтiк әдiлдiк пен тарихи шыншылдық принциптерiне негiзделген. Себебi, Қазақстанның саяси тарихында өрлеу, құлдырау кезеңдерiнде халықтар тағдырын тәлкекке салған қателiктер, асыра сiлтеулер аз болған жоқ. Соның әрқайсысынан сабақ алу, оның қайталануына жол бермеу саяси сергектiктi талап етедi және патриотизмдi жан-жақты пiсiп жетiлдiрмек.

Әлеуметтiк әдiлетсiздiк, принципсiздiк орын алған жерде халықтың патриоттық сезiмiн оятатын факторлар жойылады. Ал, ондай сезiмi, отаншылдық рухы сөнген елдiң болашағы да бұлыңғыр болатыны белгiлi. Сондықтан, бiздiң ойымызша, қазақстандық патриотизмнiң дәстүршiлдiк және жаңашылдық сипатына әлемдiк дағдарыс кезеңiнде айрықша назар аударып отырған абзал.

Дағдарыс қытай иероглифiнде екi түрлi мағына берсе керек. Бiрiншiсiнде құлдырау, қирау дегендi бiлдiрсе, екiншiсiнде жаңадан берiлетiн мүмкiндiк дегендi бiлдiредi. Сондықтан да бiздер қазақстандық патриотизмнiң негiзiнде жаңадан берiлген мүмкiндiктердi тиiмдi пайдаланып, дамыған елу елдiң қатарынан табылатынымызға еш күмән болмауы тиiс.

ЖОМАРТ СИМТИКОВ

саяси ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары