ҚАТЫГЕЗ ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ

ҚАТЫГЕЗ ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ

ҚАТЫГЕЗ ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ
ашық дереккөзі
196

Кейiнгi кездерi Ресейде жиi-жиi сөз болып, Кремльде айтарлықтай салмағы бар “қырғи” саясаткерлердiң табанды қарсылығын туғызып отырған әскери реформа – РФ Қарулы күштерiндегi жаппай қысқарту жәй ғана сөз, iске аспаған ниет болып қала беретiн сұры бар.

Дмитрий Медведевтiң әлемдiк аренада, әсiресе, соңғы уақта жиi қырын келiп қала беретiн Батыс елдерi алдында ұпай жинауға ұмтылған әрекетi емес, шешiмдi, бейбiтшiлiктi қолдайтын саясаты ретiнде қызығушылық туғызғанымен, көп ұзамай-ақ мұның орындалмайтын ниет екенi бiржола айқындалып отыр. Қазiргi әлемдiк экономикалық, қаржы дағдарысының аса күрделi, қиын кезеңiнде, әсiресе, осыған дейiн Ресейдегi аса зор көлемдегi Тұрақтандыру қорында жинақталған қомақты қаржы келер жылдың алғашқы айларында мүлдем таусылады деп бiлiктi экономистер мен бiрқатар зерттеушiлер дабыл қағып отырған шақта мұндай ауқымды реформаның жүзеге асырыла қоюы күмәндi. Орынды ниеттiң орындалуы неғайбыл.

Тiптi, 2009 жылдың алғашқы маусымында – қаңтар-наурыз айларында Ресейге шеттен келетiн инвестицияның үш есеге шейiн қысқарып, небары 12 млрд.долларды ғана құрауы ел экономикасының ауыр күндердi бастан кешiп отырғандығының айқын белгiсiндей. Осындай жағдайда аса қымбатқа түсетiн әскери реформаны жүргiзу мүмкiн емес. Әлбетте, қарапайым адамдар миллиондаған әскердi – ештеңе өндiрмейтiн, онсыз да күйреу алдында тұрған экономикаға аса ауыр салмақ түсiретiн және шығыннан басқа ештеңе әкелмейтiн құрылымды қысқарту нелiктен соншалық қымбатқа түспекшi деп саяз ойлауы ықтимал. Дегенмен, Ресейде бұл орасан зор шығын жұмсауды қажет ететiн, сондай-ақ адамдардың психологиясы, өмiрлiк ұстанымдарына айтарлықтай әсерiн тигiзетiн қадам болатындығына тарихи дәлелдер жетерлiк.

Ең әуелi, ғасырлар бойы Ресейде орасан зор психологиялық әсерге ие болған ежелгi иланымды – Қарулы күштерге деген шексiз сенiмдi, тiптi, жаппай табынуды жою мүмкiн емес. Кремль сандаған ғасырлардан берi “Егер өз әскерiңдi асырағың келмесе, өзге елдiң әскерiн асырайсың” дегенге еш күмән келтiрiп көрген емес. Билiк тiзгiнiн ұстағандар ғана емес, қарапайым орыстар үшiн де мылтық асынған адам ең сүйкiмдi бейне, танкiлер мен ұшақтардың қуатты мотор гүрiлi ең жағымды музыка. Әрине, бұл өрескелдiк, айтарлықтай кемшiлiк емес, олар осылай тәрбиеленген, мәңгi осылай болып қала беретiнiне де еш шүбә келтiрiлмейдi. Тiптi, мамыр айында Мәскеуде өткен Евровидение музыкалық конкурсының ашылу салтанатында Калашников автоматын асынған жүздеген кәсiби бишiлердiң қарумен өнер көрсетуi осының айқын белгiсi екенi сөзсiз.

Екiншiден, күнделiктi қарапайым өмiрден сырт қалған, бұйрық беру және бұйрықты орындаудан басқа қолынан айтарлықтай ештеңе келмейтiн, бiрақ белсендi әрi аса ұйымшыл жүздеген мың жас адамдардың қысқа уақыт iшiнде үйреншiктi өмiрден тыс қалуы қоғамда елеулi әлеуметтiк қиындықтар туғызатыны сөзсiз. Көпшiлiгi белгiлi бiр мамандық иесi болып саналмайтын әскерилердiң борттан тыс қалдырылуы қоғамда қалыптасқан ауыр ахуалды одан әрi күрделендiрiп, титығына жеткен алып елдегi жағдай одан әрмен ушыға түспейтiндiгiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Жүздеген мың адамды бiр мезгiлде тұрақты баспанамен, нақты жұмыспен қамтамасыз ету орындалмас ниет екенi сөзсiз, әсiресе, оларға қомақты өтемақы берудi Ресей экономикасы дәп қазiр көтере алмасы да бесенеден белгiлi.

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы ауыр сабақты ұмыту да оңай емес. Ресей демократияны, нарықты экономиканы басты бағдаршам еткен осы бiр ауыр кезеңде жалпы ел бойынша, әсiресе, Мәскеу қаласында ауыр қылмыс жаппай орын алғаны белгiлi. Осы жылдарда жиырма-жиырма екi жас аралығындағы спортшы жiгiттердiң Орехово-Зуевода ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, адамдарды қатыгездiкпен өлтiргенi, тонағаны, рэкетпен айналысқаны қазiр қорқынышты аңызға айналып отыр. “Сильвестр” деген лақап есiмi бар марқұм Сергей Тимофеев басқарған бұл топ ерекше қаталдығымен аты жайылып, ондаған адамды өлтiрген. 1994 жылы аталмыш қылмыстық топ бiржола талқандалды. Мамандардың айтуынша, өзi де дұшпандарының қолынан қаза тапқан Сильвестр тобындағылардың елуден астам мүшесi кiсi қолынан ажал құшқан. Ең өрескелдiгi сол, таяуда “Мир” телеарнасынан берлiген “Черная метка Сильвестра” деген хабарда сол топқа мүше болған он сегiз жасар бозым жiгiттiң өз топтарын басқарғандардың бiрi ажал құшып, бейiтке жерленгеннен кейiн: “Шiркiн, менiң де жаназамды осылай шығарып, осылайша жерлесе ғой”, – деп армандағанын әлгi хабарға қатысушылардың бiрi айтқан болатын. Мiне, он сегiз жасар орыс жiгiтi өмiр туралы емес, алтын жазулы мәрмәр құлыптастың астында жатуды ғана ойлайды. Ой өресi осыған ғана жетедi. Әдетте адам өмiрiн аса құндылық деп санай қоймайтын әскерилердiң қаншасының осылай ойлайтыны әлi белгiсiз. Расында, алып елде жетi рет өлшеп, бiр рет кесетiн қиын жағдай қалыптасып отыр.

Көптеген халықаралық сарапшылар мен әскери зерттеушiлердiң ортақ пiкiрiне қарағанда ел президентi Д.Медведев Ресейдiң болашақ тағдырына түбегейлi өзгерiс әкелетiн мұндай ауқымды, өмiрлiк реформаны жүзеге асыруға батылы жете қоймайтын секiлдi. Әрине, мұны жүзеге асыруға қажеттi тетiктер жетерлiк, бiрақ оның ұстанымына қарсылардың қолындағы көзiрлер де осал емес. Тiптi, олардың көпшiлiгi Канаданың Vancouver Sun газетiнiң тiлшiсi Джонатан Мэнтроп жариялаған пiкiрмен ешқашан келiспейтiндiктерiн алға тартуда. Әлгi жарияланымда “Дмитрий Медведев үй итiнiң мiндетiн атқарып қана бiр жылды құр өткiздi” делiнген. Канаданың белгiлi журналисi Джонатан Мэнтроп мұнымен де тоқталып қалмайды, ол одан әрмен үстемелеп: “Билiк туралы айтпай-ақ қоялық, Медведевтiң өзiндiк ықпалы бар дегендi ойлауға да еш себеп жоқ” десе керек. “Кремльде президенттi Путиннiң сыбайластары иiнтiресе қоршап, еш қайғы-мұңсыз өз iстерiмен әуре болып жүр, Медведевке түк те назар аудармайды және өздерiнiң шын қожайындарының қайтып оралуын шыдамсыздана тосуда”, “Егер Медведев шын мәнiнде нағыз президент болса, ол премьер-министр Путиндi қызметiнен тез босатып, оның орнын басқа бiреуге әперер едi”, – деп жазған әлгi Джонатан Мэнтроп Ресей билiгiнiң сойылын соғушылардың сансыз армиясының қатты ашу-ызасын туғызған көрiнедi. “Новая газетаның” хабарлауынша, осы мақаланы аударып жариялаған Петрозаводск қаласының “Искра” газетiн Карелияның губернаторы Сергей Катанандов мырза қуғынға ұшыратып отырса керек.

Әрине, мемлекеттiк қызметкер Сергей Катанандов мырзаның мұндай әрекет жасауын адам ретiнде түсiнуге де болады. Егемендi елдiң басшысы туралы осындай өрескел сөздер айту адамға, әсiресе, журналистiк этикаға жат нәрсе. Мұндайда түсiнбестiк туындауы да ықтимал, бiрақ бадырайып тұрған шындықтан бас тарту оңай емес. Сондықтан да Ресей журналистерiне, тарихшыларына, жалпы өрелi жандарына қазiр соңғы ескерту берiлiп отыр. Бұдан былай Ресей атына орынсыз сын айтқандар, Ресей билiгi қабылдаған ресми тарихи фактiлерге күмән келтiрушiлер мен “бұрмалағандар” қылмыскер деп танылып, алдағы жаз ортасынан бастап 3-5 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкiн. Әрбiр зерттеушi, бiлiмге ұмтылушының иек сүйеген деректерi мен дәйектерi Кремль бекiткен ресми тарихқа сай келетiнiн немесе бұрмалау болып табылатынын 28 адамнан құралған арнайы комиссия талқылауға салып, өз үкiмiн шығарады. Комиссия үкiмiне кереғар жайттарды жазған кез келген Ресей азаматы, тiптен осы елдегi шетел азаматтары да ауыр жазадан құтылып кете алмақ емес. Яғни, Ресей БАҚ-тарында 1931-33 жылдардағы Ұлы аштық коммунистердiң қазақ және украин халықтарына қарсы қолдан ұйымдастырған геноцидi деп жазған кез келген қазақ немесе украин журналисi, қарапайым азаматы қамауға алынып, Сiбiр тайгаларындағы болмаса Магадандағы каторгаға айдалуы мүмкiн.

Өйткенi, ресми Кремль Қазақстан мен Украинада адамдар жаппай қырылған аштық болғанын әлi күнге ресми мойындай қойған жоқ. Ал Балтық теңiзi жағалауындағы елдерi азаматтарының басына түсуi мүмкiн қайғы-қасiреттi айтпаса да болады. Өйткенi, бұл елдердi фашистiк Германиямен арада жасалған құпия келiсiмнiң нәтижесiнде КСРО 1940 жылы күшпен басып алғандығын, жүздеген мың патриоттары, зиялы адамдарын Сiбiрге жер аударғандарын, құпия жағдайда атып өлтiрiлгенiн Кремль ешқашан ресми түрде мойындайды деген үмiт жоқ. Осы орайда бiр қағидат ұмтылмауға тиiс. Ел тарихын, мемлекет тарихын патриоттық сезiмдерге сүйенген өтiрiкпен жазуға, жалған жолмен жасауға болмайды және сондай өтiрiкке күмән келтiрушiлердi кейiн айыптауға да болмайды. Тiптi, Чешенстандағы екi соғыстың шынайы себептерi, онда жол берiлген жауыздықтар толық айтылмай отырған қазiргi күнде де Кремльдiң шындыққа құштарлығына күмән келтiрушiлердiң қатары сиремейтiнi сөзсiз.

ХIХ ғасырдың екiншi жартысында антилибералдығымен ерекше көзге түскен публицист, бiрнеше ортанқол романдардың авторы князь Владимир Мещерский: “Есть нечто на Руси в виде бесспорной истины, сознаваемой народом. Это сознание нужды розг… Куда ни пойдешь, везде в народе один вопль: секите, секите, а в ответ на это власть имущие в России говорят: все, кроме розг. И в результате этого противоречия распущенность, разрушение авторитета отца в семье, пьянство, преступления и т.д.”, – деп жазғаны қазiр керiсiнше келiп отыр. Бүгiнгi Кремль билiгi адамдардың арқасынан дойырды кетiргiсi келмейдi. Көлгiрсу мен жалғандықтың қатыгездiкпен суарылған қамшысы күнделiктi ауқымы тар өткiр мәселелердi шұғыл шешуге аса қолайлы-ақ. 3-маусым күнi Ленинград облысына ат басын тiреген Ресейдiң премьер-министрi В.Путиннiң келуiне орай осындағы Пикалев қаласындағы глинозем зауытының жұмысшылары “Новая Ладога – Вологда” федералдық трассасын жауып, өздерiнiң еңбек ақыларын мерзiмiнде берудi талап еттi. В.Путиннiң “Базэл” компаниясының басшысы белгiлi олигарх Олег Дерипаска мен аталған кемшiлiкке жол бергендерге: “…Мыңдаған адамдарды өздерiнiң амбициясы, кәсiби бiлiксiздiгi, тiптен, бәлкiм қарапайым тойымсыздықтарының құрбандықтары етiп отыр. Бұған мүлдем жол беруге болмайды”, – деп зiркiлдегенiн Ресей БАҚ-тары жаппай насихаттап жүр. Пикалев жұмысшыларына бiр күннiң iшiнде 41 млн. 242 мың рубльдiң табылғанын Ресей премьер-министрiнiң үлкен жеңiсi мен шешiмдiлiгi, iстi шұғыл шешетiн батылдығы ретiнде көрсетiп әуре. Ал жалпы Ресей бойынша мұндай жүздеген мың кәсiпорындарда қалыптасқан ауыр жағдайды қалай шешуге болады? Алып державаның түпкiр-түпкiрiнен осы аймаққа ақша аударып, түнiмен көз iлмеген Сбербанк қызметкерлерi еңбегiнiң өтемi қандай? Тiптi, О.Дерипасканың кәсiпорындарында 95 мың адамның еңбек ететiнiн ескерсек, әрбiр жағдайда осындай әрекет жасау түптiң-түбiнде өзiн ақтай ма? Яғни, стратегиялық мiндеттер түбегейлi шешiлмей осы секiлдi пиар-әрекеттерiмен Ресей, тiптен басқа да кез келген мемлекеттегi қиын мiндеттердi түбегейлi шешу мүмкiн емес. Миллиондаған Ресей жұмысшыларының қиын тағдырын атты әскердiң қылышын жалаңдата атойлаған шабуылынан аумайтын әрекетпен жеңiлдету оңайға түспесе керек. Ресейдiң Қарулы күштерiн реформалау, оларды қысқарту жөнiндегi ниетте әу баста толықтай жоспарланған әрекет емес сияқты.

Оның олай емес екендiгiне дәлелдер жетерлiк. Ресей таяу жылдарда өзiнiң стратегиялық мақсаттағы ракеталық әскерлерiнiң (РВСН) санын одан әрi ұлғайтпақшы. Жаңа ракеталық кешендермен жарақтандырылған қазiргi заман талаптарына сай арнайы полктердiң санын көбейте түсуде. Сонымен қатар стратегиялық бомбалаушы авиацияның саны да анағұрлым көбейтiлмек. Ол ол ма, теңiз жаяу әскерлерiнiң жалпы саны да қысқартылуға жатпайды, керiсiнше ұлғайтыла түседi.

Маусым айының басында кезiнде Чешенстанды қанға бөктiрген генерал-лейтенант Владимир Шаманов Ресей десант әскерлерiнiң Бас қолбасшысы болып тағайындалды. Әскери сарапшылардың ортақ пiкiрiне қарағанда, бұл жаңа тағайындау арқылы Кремль десант әскерлерiнiң де қысқартылмайтынын меңзеп отырғаны кәмiл.

Чешенстандағы соғыс жылдарында қатыгездiгiмен аты шулы болған Ресейдiң Батыры Владимир Шаманов қазiр 52 жаста. Ал генерал-лейтенант шенiндегiлер 55 жаста зейнетке шығатыны аян. Бiрақ ВДВ Бас қолбасшысының шенi генерал-полковник болуға тиiс. Яғни, Шаманов әлi 8 жыл бойына, 60 жасқа дейiн әскер қатарында қала беруi мүмкiн. Қазiр Ресейде десант әскерлерiне ерекше маңыз берiлiп отырғаны да құпия емес, тiптен олардың саны ұлғайтылу үстiнде. Мәскеу әскери округiнде жаңадан Соғыс десант әскерлерiнiң (ВДВ) жаңа құрамасы пайда болмақшы, сондай-ақ Ленинград әскери округiнде жаңа десанттық полк құрылуда. Ресей Қарулы күштерi жаңа құрылымдық жүйеге (бригада, батальон) көшiрiлiп жатқанына қарамастан, десант әскерлерiнде бұрынғыдай көп санды дивизиялар мен полктер қала бередi.

“Более того, ВДВ усилили одним из самых консервативных боевых генералов “чеченской волны”, за которым прочно закрепилась недобрая слава. Шаманов никогда не жалел ни своих, ни врагов”, – деп жазады “Новая газета” (№21, 2009 ж.).

1996 жылы Шатой елдi мекенiнiң түбiнде генерал Владимир Шаманов пен чешен командирi Таус Багураев кездесiп, 245-полктiң тұтқынға алынған 30-дан астам ресейлiк әскерилердi ауыстыруға осы жерде қол жеткiзiлмек болған-ды. Генерал Шаманов кездесуге келгенiмен, ең соңғы сәтте өз өмiрi үшiн қауiптенiп, бронетранспортердан басын шығармай қояды да, келiсiм жүзеге аспай қалған. Кейiнiрек әлгi тұтқындардың көпшiлiгi чешендердiң қолынан қаза тапты.

Сол 1996 жылдың 26 мамырында Ресейдiң президентi Б.Н.Ельцин Чешенстанға арнайы келiп, соғыс өртi лаулаған республикада бейбiтшiлiк жариялады. Алайда, осыған қарамастан соғыс әрекеттерi одан әрi жалғаса бердi. Шаманов қолбасшылық ететiн 58-армияға бағынышты 19-дивизияның екi полкi Борзой түбiндегi бекiнiске үздiксiз шабуылдаумен болғаны белгiлi. Ресей әскерлерi аса ауыр шығындарға ұшырап, Гехи және Макхеты селендерiне басып кiрдi. Ондаған бейбiт тұрғындар ажал құшты, есесiне бар болғаны бiр ғана далалық командир – Доку Махаев ғана қаза тапты.

Әсiресе, 2000 жылы ақпан айында бүлiкшiлерге iштартады деген айыппен Катыр-Юрт елдi мекенiндегi 160 бейбiт адамның өлтiрiлуi әлi күнге әлем халықтарының тұла бойын тiтiрентедi. Бұл операцияға Владимир Шаманов тiкелей басшылық жасағаны белгiлi.

Осындай генерал тұтас әскерлердiң, Қарулы күштердегi ең қуатты, аса жоғары деңгейде жабдықталған құрамаларға қолбасшы болып тағайындалуы Ресейде әскерлердiң саны қысқартылады дегеннiң құр аңыз екенiн ғана бiлдiретiнi сөзсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары